Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





I. Арысын тосып əлі отыр 1 страница



Аш шашты əйелді көргенің бар ма, Қайғы жұтып қартайған.

Мағрипа күйеуін майданға аттандырған жылы не бары жиырмаға толып еді. Қайғы-қасірет пен тақсірет құрығының не екенін біліп, күннің көзіндей құбылмалы дүниенің күй- діріп те, тоңдырып та жіберетін құдіреті барын тұңғыш рет мойындап, ағыл-тегіл жылаған – шын жылаған жылы да осы. Ол жиырмаға толғанын білмеген де, ел басына күн туған за- уал жылдың таңдайда қалар тəттісінен гөрі ғұмыр бойы құтылмайтын зар арқалатып бергені ғана есінде. Егер бұл ғаламда пенденің: аз жасасын, көп жасасын, əйтеуір бір ең қымбатты қимас шағы болатыны рас болса, керісінше мəңгі бақи ұмыта алмайтын қан жұтқан қасіретті мезеті де болады екен. Мағрипа осының екеуінің де дəмін татты. Жеңсігі бол- маса да тағдыр атты тарантас мінгізіп əкетті үстіне. Тағдыр арбасы кімге жайлы, кімге жайсыз.

Ал Мағрипа үшін...

Мағрипа күйеуін майданға аттандырған жылы жиырмада еді. Қазір қырық сегізге толғалы отыр. Бірақ сол бір сор маң- дай жылдың Мағрипа үшін қаншалық жеңіл-ауыры бүгінгі мамыражай күнде ғана анықталып, бар салмағын енді сал- ған секілді. Мағрипаның есінде сол жылдың күзі тым-тым


сұрқай жаңбырлы болып, қыстың ерте түскені ғана қалған- дай. Жылауық күздің ызғарынан гөрі қайғы-қасірет қаңтар- дың аязынан бетер жан-жарасын жұлқылап мұздатқан, тіпті қара қошқыл аспан да, қара жамылып күрсінген күрең дала да, қарқарадай қасқайып тұратын тəкаппар тау да қайғыдан езіліп, қол-аяғын бауырына алып бүрісіп, қалжырап жат- қандай еді ғой. Мағрипа күйеуін соғысқа аттандырып тұ- рып, алғаш рет күз лебізін сезінген əрі осы салқын да сал- дақы лепте сандалған жұрттың күңіренісі, өзіндей сандаған жесірдің қазіргі немесе бұдан сансыз жылдар соңғы сағы- ныш еспесі барын көкірегіне түйген. Ол сонда тұңғыш рет шын жыластың не екенін біліп, шын қайғырудың, шын сар- ғая сағынудың дəмін татқан, тұңғыш рет өз-өзінің өксіген өмірдегі орнының қандай жəне қай дəрежеде екенін, өзі ғана емес, барша əйелдердің қайғыға мұншама қара нардай берік құдіретін таныған; тұңғыш рет еркек қауымының бір өңкей күйеуі секілді, ары таза азамат қана емес, аш қасқырдай ара- ны кең, арсыз екенін де бағамдаған. Ол өткен өмірін əсте де есіне алып есіркеп, əлдекімге əңгімелеп көрген жоқ. Шерлі жылдардың шешуі əйелдің əрі нəзік, əрі берік жұдырықтай жүрегінде шемендеулі. Асыл қазына болмаса да аласапыран жылдардың сыр сандығы кілтсіз, иесіз.

Жүрек сырының кілтін ол жоғалтып алған жоқ, жастығын да, махаббатын да, өмірінің бар базары мен арманын да май- данға ала кеткен жарына сыр сандығының кілтіне қоса беріп жіберген екен. Сол Мағрипаның жарты ғасырлық ғұмырын бүгін кез келген жесірдің тағдырына балап, оның баз кешкен жылдарын жазуды басқаларға, батылдарға қалдырып, қазіргі халінен хабардар етейік.


* * *

 

...Қара сиыр өрістен əлі қайтқан жоқ. Бағана таудан мал құлап, ауылдың іші азан-қазан болғанда, əне, келеді, міне, келедімен отырып қалған еді Мағрипа. Таласып барып ба- тып бара жатқан күн астындағы Қоңыртөбе күйіп жатқан- дай жалқын түске шомылып, жаз дидарының бар ажарын өз бойына жинақтап, бауырына басып алыпты. Қоңыртөбенің қыр арқасы алтын шұғыланы қиып, күнбатыс көкжиектен анталаған қаятты нұрды арғы қапталына паналатып, бергі бетіне қоңыр салқын ымырт кешін ұялата бастады. Мағрипа осы төбеге күн салып қарап көп тұрды. Малдың бəрі ойға құ- лап сарқылып біткен бе, қыбыр еткен зат болжанбады. Баға- нағыдай емес, ауыл іші тынышталып, намазшам алдындағы қарбаласқа көшкен. Əр үйдің алдындағы бір-бір сиырының борбайына жармасып бір-бір ақ жаулықты əйел отыр. Маса- дан қорғанып салған түтін сыздықтай көтеріліп барып, көк күмбезше мойнын соза-соза, іріп-іріп жоғалады. Ауада отқа салған жас ерменнің бықсыған қоңсысы, сиырдың иісі бар. Тау қойнауының кербез кеші бара-бара іңірге айналып, өзен жақтан майда ғана салқын леп үп етіп қалады... Мағрипа Қо- ңыртөбеге беттеді.

Анда-санда «Ау-хау» деп тауды жаңғырықтыра айғай- лағаны естіліп, біртіндеп ұзап, қыр асып бара жатқанын сездіргендей үзік-созық талып шалынады құлаққа... Мағ- рипа батысқа беттеді. Жылдар бойы көз майын тауысып, сарғайған санамен үміт отын іздеген батысқа қара сиырды іздеп енді өзі шықты. Қара сиырдың өрістен қайтпай қала- тын əдеті жоқ еді. Күн еңкейсе болды, табындағы сиырдың алды болып, аңырап жететін. «Бүгін не қара басты, əлде си-


даға түсіп қалды ма екен... Құдай оның бетін ары қылсын. Ақсыз қалдырса, биылғы қыс бір қырға бізді де таятып тас- тар». Мағрипа жол тосып соғысқа аттанған күйеуін аңса- са, осы Қоңыртөбеге телміретін. Кейде оған дүниедегі бар пəле-жала осы қабақтың арғы бетінде болып жатқандай се- зілетін. Құрбы қатындар сан рет масақ теріп қайтайық деп сүйрегенде: «Көрмегенім Қоңыртөбе болсын», – деп аттап баспайтын. Осы іші кепкен сиырдай теңкиіп жатқан үлкен төбені сонау бір шатқалаң шақта Бозтайлақтың да асып ке- тіп, күні бүгінге дейін қайтпай қалуы, тіпті бұрнағы жылы қыста айналдырған үш ешкісінің бірі асып кетіп, қасқыр жеп кеткені ойына əлденендей сезік ұялатып, секем ал- дырған.

Содан ба, əлде Байжұма молданың: «Бұл шаңыраққа ке- летін зауал – Қоңыртөбенің ар жағында», – деген көріпкел сөзі қамшы бола ма, күнбатысқа ұзақты жылдар бойы құр- дан-құр көз сата қарағаны болмаса, аттап басқан емес.

Бір үйдің бір сиыры жоғалып кетсе, талшық етерінен айырылып, от пен суға қарап қалғаны ғой. Бағана қара сиыр ұшты-күйлі жоғалып алған соң, бар пəле-нала осы төбенің арғы бетінде жатса да, «Бозтайлақтан жаным аяулы ма, не көрмеген қу бас, көріп алдым əуселесін» деп, белін буып, бекем шыққан.

Шылбырдай шұбатылған жалғыз аяқ жол қабақтан асып, арғы күнгей бетіне құлағанда, Мағрипа, шынында да, жүрек- сінейін деді. Ғажап-ау, осы Жаңаүлгі ауылының бес жастағы баласына дейін жасырынбақ ойнап, жидек теріп қаңғылес- теп кететін. Қоңыртөбе қойнауы зіңгіттей əйелдің зəресін алғаны несі? Көрер көз, естіген құлаққа ұят. Қайраты тас қайнататын əйел мынау жалпақ жаратылыста тек осы Қо-


ңыртөбенің арғы бетінен ғана қорқады. Бұл Қажымұқанның тышқаннан қорыққанындай емес, мүлдем басқа... басқа... Оны Мағрипаның өзінен емес, соғыстан іздеу керек секіл- ді. Егер Қоңыртөбе күнбатыста – Бозтайлақ соңғы рет қараң етіп көрініп, қарасы өшкен тұста болмаса, мұншама жанға жат, тəнге салқын үрейлі болып сезілмес пе еді.

Мағрипаның денесі тітіркеніп, тоңази бастады. Ымырт жабылып, көз байланып қалған. Бағанағыдай емес, қарай- ған-құрайған молайып, əр бұта-қараған аюдай айбар көрсете бастады. Біртіндеп жұлдыздар шығып, бейуақтың тымыр- сық дел-сал күйі жайлады өңірді. Қара сиыр жоқ.

«...Қасқыр жегір-ай, қайда ғана қаңғып кеттің екенсің? Алдыңнан шығып айдап келер бала-шағам тұр ма? Қуарған қу бас... Тіршілік-ай, өмір бойы ат ізін салмаған қойнауға жетелеп келдің-ау. Сиыр түгіл, Бозтайлақ жүр десе де, баты- лым барып, аттап баспап едім, келтірдің бе, дегеніңе көндір- дің бе, қу өмір... ау-хау, ау-хау... қасқыр жегір-ай...».

Мағрипа қара сиырды таба алмады сол түні. Ертеңінде бақташы шал Қоңыртөбенің қойнауында у жапырақ жеп, іші кеуіп өліп жатқанын хабарлады.

Осы хабарды естігенде Мағрипа сазарып міз бақпады. Көзіне жас та алған жоқ. Бар айтқаны: «Қайтейін, Қоңыртөбе Бозтайлағымды да алып қалған. «Басқа түссе баспақшыл»... Бірақ... бірақ тоқсанға келген кəрі шешеме қиын болды-ау. Ақ баласынан басқа аузына нəр алмаушы еді...».

– Тəйт əрі! – деді Қанипа,– өлсе өле берсін. Мен де өлем.

– Құдайым-ай, таң неткен ұзақ едің. Бозтайлақ аттанған түні де дəл осылай кірпігім-кірпігіме айқаспай, бақырайып жатып алған едім. Мал ашуы – жан ашуы деген, тегі, рас па едің... уһ!


Кемпір ағаш төсекті сықыр-сықыр еткізіп бері аунап түсті.

– Əй, Мағаш, ұйықта қалқам. Қайтесің жоқтан өзгеге ба- сыңды ауыртып.

– Ой, апа-ай, ұйқы құрғырың қашып алғалы қашан Қы-

рық бірден бері жиырма сегіз жыл.

Ондық шам өлімсірей жанып тұр. Алаша төселген аласа ғана ағаш үйдің іші қара көлеңке. Іргедегі екі төсекте бүк түсіп жатқан қос əйелдің көрпеден дудырай шығып жатқан шашы да аппақ, бір-бірінен айырғысыз.

Бірінің шашы қарттықтан ағарды, бірінің шашы қайғы- дан ағарды...

Үй іші алакөбең тартып тұр еді. Шағын бөлменің əр бұ- рышында орналасқан жұпыны ғана ол-пұлдар жарқылдап көз шағылыстырмай, қоңырқай семьяның қоңыр тірлігінен хабар бергендей еді.

– Апа, – деді Мағрипа жуас үнмен, – торпақ сатып аламыз ба?

– Торпағың өсіп, аузыңды акқа тигізгенше... Өзің біл. Тиын-сиының жетсе Кемпір осы сөздің өзін ауырлаған-

дай сырылдап ұзақ жөтеліп барып, демігіп жатты.

Сосын үзілген əңгімесін жалғап: – Өзің біл. Мағаш. Ма- ған төрт-бес кез ақирет бұйырса да жарар. Ел бар, жұрт бар, аруағымды қор етпей арулап қояр. Əлгі... Уһ, аллай, əлгі...

Сандықтағы сары майдай сақтағаныңды жұмса, менің өлі- мімді тосып қайтесің, – деді аса шаршаспен.

Мағрипа үндеген жоқ. Екі қолын көкірегіне айқастыра салып, ауыр демалып жатқан кемпір сəл үнсіздіктен кейін:

– Қызым, ұйықтап қалдың ба? – деді.

– Жоқ, апа.


– Ұйықтасаңшы енді, ұйықта, жаным.

– Өзің де көз шырымын алсаңшы, апа.

– Ұйықтайтын күн де жақын қалды ғой. Қара шалдың қасына барып...

– Қойшы, апа, қорқыта бермеші!

Ондық шам өлімсірей жанып тұр. Жанып таусылуға да таяу секілді. Мынау кəрілік меңдеген кемпірдің қазіргі ха- ліндей, ол да бірте-бірте мəңгі тыныштық күйге бой ұсынып, өшіп бара жатқан. Күн өткен сайын, ертеңгі су ішкілігінен гөрі ендігі аттанар сапарының қамын көбірек ойлап, сол бір жұмыр басты пенденің қай-қайсысы да құтылып кете алмай- тын мəнзілді көксеп, əйтеуір, алатын жаныңды тезірек ал деп, құдайға құлшылық ете көксеп жатқан. Мағрипа ұйық- тап қалған секілді, бір қалыпты тынышты күйде тыныстап жатыр. Кемпір ағаш төсекті жылата сықырлатып, үш-төрт қозғалып барып іргеге аунап түсті. Тағы да сырылдап, тық- тық жөтеліп, əлденені күбірлеп, əлденендей өкінішті салқын күйде жатты.

«Əй, Мағаш-ай, сонда Қайсаға ти дедім – көнбедің. Өл- мектің артынан өлмек бар ма. Енді міне, қаңыраған үйде қара басың қалмақ. Басқа қатындар үш-төрт байға тиіп жат- қанда, Бозтайлақтың суретін құшақтап шашың ағарды». Ондық шам бағанағыдан ары басылып, болар-болмас сəуле шашып тұр. Қабырғада ілулі тұрған Бозтайлақтың суреті де шам сөнуге айналған сайын, қара барқынданып, құр нобайы болжанады.

Кемпір: «Əй, Мағаш-ай, Қайсаға бекер-ақ тимедің» деп барып, тық-тық жөтеліп қалды. Мағрипа бір қалыпты тыныс алып жатыр. Тыныштық. Мазаң дүниенің бəрі-бəрі де та-


лықсып, мызғып бара жатыр. Заржақ иттер ғана оқта-текте шəу етіп қалады.

«Қайсаға ти дедім». Кемпір сырылдап жатыр.

 

* * *

 

Мағрипа шешесінің өліміне жұмсаймын деп тірнектеп жиған ақшасына торпақ сатып алды. Тамыз басталып, жұрт бірер малына шөп дайындауға кіріскенде, бұл да шалғысын сайлап, бүгін-ертең бұл дүниеден көшем деп жатқан ше- шесін сүйеп отырып шыңдатып алған. Биыл мамыр, шілде айлары құрғақшылық болды да, ойдағы шабындықтың көбі сап-сары боп күйіп қалған. Бұта-қарағанның түбін шауып алайық деген мүшеге совхоз рұқсат бермей отыр. Негізгі шабындықты тамамдаған соң, қол тартпамен совхоз малына шауып үйеміз, сендер таудан тұрғызыңдар бір-бір шөмеле- ні дескен. Астында аты бар азаматтар шалғысын тақымда- рына қысып, əлдеқашан-ақ аттанысып кетіп еді. Аяқ артары болмаған соң, Мағрипа секілді бір үйдегі бір жесір əйелдер ғана лажсыз омалып отыр.

Қанипа кемпір: «Мына өзіміздің Шілікте торпақтың қыс- тайғы азығы боларлық қырықбуын аралас қияқ бар. Денің сау кезіңде, осы ауылдың отымен кіріп, күлімен шықтың емес пе? Ертелі-кеш барып, қыбырлай бер», – деген соң тартпасын арқалап жөнеле беріп еді, қорықшы Қайдар жол- дан қайтарып əкелді. Ертеңінде басқарушыға барды Мағ- рипа. Өтінішін қабылдамады. «Болмайды, апай, болмайды. Совхоз малына шашымызды жұлып бере алмаймыз қыста»,

– деп, Мағрипаның көзінен аққан ағыл-тегіл жасты шыбын


құрлы көрмей шығарып салған. Мағрипа осы күні түнде шалғысының орағын беліне қыстырып, сабын таяқ етіп жол- ға шықты. Бағыты – Шілік. Ай, əлі туған жоқ. Түн жамы- лып ұрланып шыққан жалғыз жаяудың жаулығы ағараңдап, Қоңыртөбені асып бара жатты. Ол бұл жолы Қоңыртөбе- ден сескенген жоқ. Ішін өрт боп жалаған өкініш, ашу-ыза амалдың жоқтығына астасып, өз болмысында болмаған бө- тен қимылға итермелеген. Ол қара сиыр іші кеуіп өлетін ші- лікке келіп, бел шешті. Ауыл енді Қоңыртөбенің күншығыс бетінде қалған. Мағрипаны мазалайтын қорқыныш сол төбе- нің ар жағында, қорықшы келіп қала ма деп елеңдеп əрі-бері отырды да, шалғысын саптап, пішен шабуға кірісті.

Түнгі шыққа жіпсіп жатқан қырықбуын аралас қияқ шал- ғының жүзі тиер-тиместен сырылдап барып мұрттай ұшады. Мағрипа, ай туғанша, едəуір жерді еңсеріп тастады. Қара сү- мек боп терлеп, екі жауырынының ортасы удай ашып кет- кен соң, бел жазып біраз отырды. Анандай жерде Қоңыртөбе əнеугүнгі қара сиырдай теңкиіп жатыр. Ар жағынан Тарба- ғатай тауы қарауытады. Ай туып келеді. Қоңыртөбенің ар жағы ағара бастады. Құлаққа аттың дүбірі шалынғандай бо- лып еді, Мағрипа зəуде бір шошыныспен селк етіп қалып, орнынан атып тұрды. Таудан қайтқан жігіттер болуы керек, шілікті ортағыта шауып өте шықты. Əне, төбеден асып ба- рады. «Құдай-ай, – деді Мағрипа жүрек тоқтатып, – құдай- ай, Қоңыртөбенің ар жақ, бер жағы зəремді алып бітті-ау». Өмір өзгермелі, əрі сынаптай толқымалы. Мағрипа ширек ғасырдан астам бар пəле, қайғы-қасірет, мұң-мұқтаж тек осы Қоңыртөбенің күнбатысында деп ойлап келген. Басындағы бақыт тарағын осылай қарай ала қашқан тағдыр солай ой- латқан да. Өйтіп ойламас еді. Бозтайлақ Қоңыртөбеден асып


кетіп, қайтпай қалды, қыл-аяғы қара сиыр да қорқау төбе- нің ар жағында өліп қалды емес пе. Мағрипаның қара көзін суалтқан да осы күн батар жақ. Бозтайлақ майданға аттанар күні жік-жапар болып жүріп, ағаш тамның есігін күнбатыс- қа шығарып алған. «Бұның не?» деген елге: «Бозтайлақ Қо- ңыртөбеден құлдилап келе жатса, көрмей қалуым мүмкін», – дейтін. Бəрі де алдамшы, бұралаңы көп, бұралқы үміттер, күндердің күні сарсып кететін сағыныштар екен. Бəрі де бір-біріне селбескен жамау-жамау шала-жансар тіршілік, қалжауланған халдер екен. Бозтайлақ аттанарда айтып еді.

«Егер менен тұяқ қалса, жетім-жетпегір деп қарғап-сілеме, боз биенің сүтіне шомылдырып өсірмесең де, бала-шағадан қақпай көрсетпей тəрбиеле. Ал... ол болмаса – еркің білсін, өлімімді аза тұтпай-ақ, бақытыңды басқадан ізде». Боз- тайлақтан бала қалған жоқ. Мағрипа бақытын басқадан да іздемеді.

Ай туып, шіліктің іші жап-жарық болып кетті. Ай сəуле- сіне шағылысқан шалғының жүзі наркескендей жарқырап жатыр. Мағрипаның екі көзі Қоңыртөбенің күнгей жағында. Ендігі қорқынышы да, келетін зауал да бергі беттен ауысып, арғы бетке көшкен. Терең де тұнық ағыстай саябыр тапқан өмірінде еш аламаннан қорқу, үрку дегенді білмейтін, қай- та сол адамдарсыз ғұмыр кешу əлдеқайда бақытсыз екенін зерделеген. Бірақ жалғыздықтан жапа шегіп, əлдекімдерден бірлі-жарым қағажу көрген сайын, адамдарға деген өз сені- мінен қорқатын.

«Егер мен кейбіреулер секілді ұстамсыз немесе тас жүрек болсам, бəлкім бұдан əлдеқайда бақытты болар ма едім», – деген іспетті түңіліске итермелейтін де баз бір қатындар- дың: «Егер мен Мағрипаның орнында болсам, Мағрипа-


дай келбетім болса, əлдеқашан қарағайдай бай тауып алар едім», – деп көпіретін сөздері. Иə, олар Мағрипаның бар ба- қыты – жар деп қосылған Бозтайлағының рухын еңку-еңкеу жылдарда бойтұмардай ардақтап, өмірінің бар базарындай мінажат тұтып өту екенін сезген емес. «Өзекті жанға бір өлім, мүмкін, Бозтайлақ мынау туған жер, тербеген бесігіне ажал бүркіп шапқалы тұрған жауды жастанып өлген шығар» деуі содан.

Ол Қоңыртөбеге қадалып, ай астында ауыр тыныстап маңқиып жатқан даладан өзіне төнер қатерді күтіп көп отыр- ды. Ай қарғалап, таң қылаң беріп келе жатқанда, ауылына қайтты. Мағрипаның бұл түнгі ұрлығын ешкім көрген жоқ. Түс əлетінде ғана басқарушы кеңсеге шақыртып əкеткен.

– Сіз – жесір адамсыз, – деп бастады сөзін басқарушы, – жəне жалғыз сіз ғана емес, сұм соғыс мыңдаған əйелді жесір қалдырды. Сол жесірдің барлығы «менің күйеуім жоқ» деп, мемлекет мүлкін талап-талап əкетсе, не болар еді... Өзіңіз ой жүгіртіп көріңізші, не болар еді?

– ?

– Əне, үндей алмайсыз, үндеуге қақыңыз жоқ. Демек, масқара болар еді деген сөз. Рұқсатсыз совхоз жерінен шап- қан шөпті жиып аламыз. Шапқан жеріңіздің көлемін өлшеп, ақшасын өзіңізге төлейміз.

– Құдай-ау, мал ақша жемейді ғой. Маған пішен керек.

– Күз түскенше, ептеп жиып аларсыз бірер шана шөпті. – Мағрипа түтігіп кетті. Алдында міз бақпай сазарып отыр- ған бастыққа буыршындай шабынып тап берердей, оқталып барып:

– Қоңырсыған дүние-ай, көп көргенің жалғыз бұзау бол- са, оның басын шабармын. Бұл ауылға сенен гөрі менің те-


рім көбірек төгіліп еді, «тұрымтай – тұсында, балапан – ба- сында» деген осы шығар. Ал, бар мүкəмалым сенікі, өткіздім совхозға, ал, жарқыным, ал он жыл бойы өлмелі екі қатын- ның талшық еткені – он саусағым еді – оны да кесіп берейін, ал, жарқыным, ал, мə, ақырғы он сом – мұны да ал, тек түні бойы шапқан шөбімді қайтар өзіме. – Мағрипа жаулығының шетіне түйген он сомдықты басқарушының алдына тастай берді де, зар еңіреп шыға жөнелді.

– Апай, – деді басқарушы қалбалақтап, – шапқан шөбі- ңізді жинатып, үйіңізге жеткізіп берейін, тек мына пəледен құтқарыңызшы.. Ақшаңыз не...

 

* * *

 

– Маған енді Қоңыртөбе қауіпті емес, – деді шешесіне Мағрипа. – Шөпті жеткізіп алдым.

Теріс қарап бүк түсіп жатқан шүйкедей кемпірдің күңкілі естіледі:

– Ендігі қауіп мен шығармын. Бірақ мені тағы бір жыл қыстататын түрің бар. Түсіме əлгі байың кіріп жүр, – деді сонсын, – үстінде сап-сары ала бадана сауыт-сайманы бар екен деймін. Маған қарап ыржияды. Ой, құрып қалғыр, не- менеге жетісесің, қара сиырың іші кеуіп өліп қалған, не ғып сандалып, кімнің бодауымен жүрсің, қайт əрі қаңғырмай, – деймін. Құдайдың құдіреті, ыржия береді. «Жауды жеңген соң, қайтам ғой, апа», – дейді. Қайдағы жау, жиырма сегіз жыл бойы құрымай жүрген. Өзгенің жерін қорғап, жырты- сын жыртқанша, өз ошағыңның отын сөндірмесеңші, жете- сіз неме! – деп ұрсып тастап едім, өкпелеп қалды ма, құлы- ным, сауыт-сайманын асынып, Қоңыртөбені асып кеткені.


– Артына қарады ма? – деді Мағрипа жүрегі лүпілдеп. Шешесінің соңғы кезде сандырақтап, есінен ауық-ауық ауып қалатынын ескермей.

– Қараған жоқ. Бірақ осы жолы, – деді кемпір сырылдап, – осы жолы күнбатысқа емес, шығар күнді бетке алып кетті ғой... Келетін шығар, келеді ғой тірі жүрсе... Əлі-ақ маңдайы жарқырап, Қоңыртөбеден түсіп келе жатады, құлыным.

– Əй, апа-ай, алжиын дегенің осы-ау! – Мағрипа ауыр күрсінді.

– Кет, салдақы! – деді кемпір шаңқ етіп. Үні өте ащы шықты. – Менен сен бұрын алжисың. Жатыры кепкен жал- мауыз. Сонда Қайсаға ти дегенде, тілімді алмап едің, атты қарғысым. Ойнастан болса да бақыр басты бала тапсаң, бүй- тіп талақ қалмас едің. Ертең келер жауыңа қарсы шабар ер- кегің жоқ, қоңыр бұзауыңа мініп өзің аттан, қу қатын.

Мағрипа үн-түнсіз жылап, шығып кетті.

– О несі-ай, Қайсаға ти дедім... – деген кемпірдің күбірі көпке дейін басылған жоқ.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.