Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





ББК 84 Қаз 7-44 1 страница



ISBN 978-601-7317-50-8                                        © Исақанова Ғ., 2013

ISBN 978-601-7317-46-1                                       © «Ел-шежіре» ҚҚ., 2013


 

Бірінші бөлім

 

 

y

 

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫ


 

 

БАСТАУ

Ойлап отырсам, күні бүгінге дейін, демек, ат жалын тар- тып мініп, қолыма қалам, қағаз алып, жазу өнерін қуғаннан бермен, елден ұзап шыққан жиырма жылдың ішінде кезек- ті еңбек демалысымды бірде-бір рет бөтен жұрт, өзге жерде өткізбеген екенмін-ау. Кейде «биыл көдедей көп демалыс үйлеріне барайыншы-ақ» деп қамданамын, амал не, жеме- жемге келгенде, «қайдасың, ауылым» деп аңырата тартамын- ай, туған жер, өскен елге. Бұл не? Ала бөтен махаббат па, жоқ болмаса қолдан жем жеген құстың алысқа ұшпайтыны сынды үйкүшіктік пе, ол жағын əлі күнге жігін аша түсін- ген емеспін, əйтеуір, қолым босаса болды, аңсарым ауылға ауады да тұрады. Содан соң жан жарым Айманды ертемін де ауылға тартамын.

Мен ауылға барған сайын, сол бір... беттері күнге то- тыққан, тіпті қалай болса солай киіне салатын шаруа бақ- қан жерлестерімді көремін. Қол беріп амандасамыз. Баяғы- ны еске аламыз. Той-томалағы болғандарға құтты болсын, ал өлім-жітімі барларға көңіл айтамын. Қаладан көлеңкеде өскен шөптей сарғыш тартып оралатын мен, өз замандаста- рымнан əлдеқайда жас кеспіріме қарап, ақ саусақ, қара таяқ пошымымнан ұяламын да. Ұялғаныма көрінсін, кейінгі жыл- дары əкемнің ескі-құсқы киімдерін киіп алып, «қарапайым»


көрінгенсіп те жүрмін. Сонда ауылдастарымның тайға таң- ба басқандай артықшылығын да сезінуші едім. Олардың өңі қартайғанымен, мінез-құлқы сол қалпында қалғанына қайран қалатынмын. Ал біз ше, заманның ағысы, уақыттың ығына қарай əманда өзгеріп отыратын «модалы» мінез та- уып алған жоқпыз ба осы?.. Қайдан білейін... Ендеше, өзім- нің анық білетінім, өмір бақида өз болмысын сақтап қалатын ауылдастарым жайлы əңгімемді бастайыншы.

 

 



 

 

АПАМНЫҢ АСТАУЫ

Ол кезде мен бала едім, Апам жастау еді. Əке-шешеміз қиыр жайлап, шет қонып мал соңында жүретін де, айында- жылында ғана болмаса, бет-жүзін үнемі көре бермейтінбіз. Соғыстан кейінгі жылдарда есін жиып, езілген еңсесі көте- ріле бастаған елдің берекелі де бейбіт тірлігі жар жағасын- да отырған жалғыз үй – əрине, бізге де ортақ. Қос бөлмелі шатырланбаған тоқал ағаш тамның маңайы қысы-жазы жы- бырлаған, айғайлап-шулаған балалардың базарына айнала- тын. Біздің үйден тас лақтырым жерден арқырап ағып жатар ағыны қатты Бұқтырма – жаз шыға суға шомылған, қыста сырғанақ тепкен баланың жер-көкті шарқ ұрып шарласа таба алмас қызыққа толы мекені еді. Тоң боп қатқан пимасын, сүңгілесе су болған көйлек-дамбалын біздің үйге келіп кеп- тіретін. Сонда Апам менің ғана емес, мұқым ауыл балалары- ның абзал анасы сықылданатын.

Он бес жасыма дейін Апамның қойнына жаттым; он бес жасыма дейін əкенің, шешенің кім екенін білмей, сол айна- лайын Апамның тəрбиесінде өстім; он бес жасыма дейін Апамның етегіне жабысып, соңынан қалмай бүлкектеп құ- лындай еріп ер жеттім. Сол кісімен жүрсем, мал сойған үйдің құлағы, тəттісі мен дəмдісі менің аузыма тиетін. Мен ол кез- де Апамның өмір тарихын, тіпті кім екенін білмей, алаңсыз шуақты күндерге марқайып маңар едім. Бүгінде көз алдым- да: арық ашаң кемпір, тарамысты мықты саусақтар, ерні мен иегін күйік шалып тыртықтанған əдемі ажар, кимешегінен


дудырап шығыңқырап жүретін ақ шалмаған қара бұйра шаш қана... менің көз алдымда: қандауырын қайрап, басының қаны тасыған еркек-ұрғашының кеудесіне мініп, арам қанын ағызып тұрған; немесе тері илеп, көн тігіп отырған; жүн тү- тіп, арқан ескен, жіп иіріп, алаша тоқып, оюлап сырмақ тігіп отырған Апам; ертеректе қазақ əйелі не істеу керек болса, түгел қолынан келетін Апам; қазақ əйелінің ғана емес, ер- азамат атқарар істі қара нардай қасқая көтерер Апам.

Жаз шыға, бəріміз (əпкелерімді айтамын) Апам есіп бер- ген жіпті алып, тоғайға отынға аттанатынбыз. Бір-бір арқа отын көтеріп ең алда Апам, содан кейін құндыздай шулаған біздер, күліп-ойнап келе жатар едік. Ол шақта қыстық шөпті де ала жаздай арқалап тасып, қораны маяға толтырып қоя- тынбыз. Қысқы соғым мен ұн ғана əке-шешеміздің мойнын- да. Огород, шұрқыраған қаз-тауық, екі сиыр мен ұсақ малы- мыз бар, ол кісілерге зиянымызды көп тигізбейтін едік. Шы- нымды айтсам, бізді, тіпті бізді ғана емес, ертеректе əкеміз- ді, оның іні-қарындастарын асыраған – Апамның теректен ойып жасаған келісі мен ескі астауы еді. Осы келі мен астау тіпті əкемнен де үлкен, Апам Алтайдың арғы беті – төркіні- нен ала келген аса қымбат заттары болатын. Апамның біздің атамыз Дос марқұмға ұзатылуы да қызық. Кейде, əсіресе, қа- зіргідей қараша туа, темір пешке отты маздатып жағып тас- тап, пештің жыртығынан саулаған жарық түсіп, ала көлеңке- ленген қоңыр үйде отырып Апамның əңгімесін тыңдайтын- быз. Тегінде, ол кісі əңгімеге сараң, көп сөйлемейтін, тек өз ісімен ғана жүретін, қақ-соғы жоқ, инабатты, жуас адам еді. Дүниеде өсек-аяң, қулық-сұмдықты білмейтін, не болмаса тірі пенденің бетіне «əй, сен сондайсың» деп қарамаған не- месе тірі пендеге тілі тимеген, жарықтық ораза-намазы бұ-


зылмаған, таза да тəкаппар əйел еді. Бала кезімізде байыбы- на барып бағамдадық па, бізді қойып бүкіл ауыл-аймақ, тіпті қазақ елі ең соңғы қасиетті əйел, тұрмыстық-салттық өмір- дің этикалық, этнографиялық, тіпті археологиялық байлығы- нан айырылғанын білді ме? Қазір ойлаймын, егер қазақтың əйелдері атқарар бүкіл ісмерліктің қолөнер институтын не- месе фабрикасын ашып, менің апамды бастық сайласа, тұтас бір он саусағы өнер ұрпақ дайындап шығарар еді. Иə, ол кісі тірі кезінде ешкім елеп-ескермеген, алтын қолды құдіретті əйел еді. Қазақта осыншалық мықты, осыншалық ақылды ұлы əйелдер болғаны қандай жақсы. Бірақ біздер, жиырма- сыншы ғасырдың азаматтары, көп ретте осындай асылымыз- ды байқамай айналып өтер едік. Айырылып қалған соң ғана айы өтіп, сан соға өкінер едік. Өзгені қойып, мықтымсып жүрген мына менің өзім сол Апамнан тірі кезінде неге ғана бəр-бəрін: киіз басып, үй тігуді, арқан есуді, тері илеп, өң- деп киім тігуді, алаша тоқып, өрнектеп сырмақ тігуді, саба, сүйретпе, торсық істеуді тəптіштеп жазып алмадым. Енді, міне... қолымызды мезгілінен кеш сермеп отырғанымыз. Енді, міне, бұзауы өлген сиырдай тұлыпқа мөңіреп, жыртық астаудан Апамның алақанын, Апамның қауыздаған талқан- тарысын іздеп тамсанып отырғанымыз. Білем, жер-көкті шарлаған Қорқыт та ажалдан қашып құтыла алмаған; білем, мың жасаған Лұқпан Хакім де өлмеудің, өлтірмеудің амалын таба алмаған; адамзат – өлу үшін туарын... бəр-бəрін білем. Құдай-ау, мəңгілік тіршіліктің жоғын сезе тұрып, Апам сын- ды адамдарды жер басып жүрген кезінде неге ардақтама- дық, неге бағаламадық? Хан көтеріп, пір тұтудың орнына, шікірейіп жүріп, өлтіріп алдық; егер олар ортамызда жүр- ген шағында ардақтап, əр сөз, əр ісін жоқ дегенде үйре-


ніп үлгерсек – өлмегені ғой, өлтірмегеніміз ғой, ал біз тірі кезінде-ақ өлтіріп аламыз... Қазір Апам жоқ! Қара жер қой- нына алған. Былтыр мен кигізген атлас көйлекті ала кеткен жоқ, арулаған адамдар киіп жүр. Сексен жыл жолдас болған жыртық астау да қаңсып қалды, əне... қаңсып итаяқ болып қалды, əне... Апам ала кеткен жоқ.

Иə, сонымен қараша туа от маздатып, қарағайдың шəйі- рін жалмаң-жалмаң шайнап, екі бүйірі, жон арқасы нарттай қызарып кеткен темір пешке шырт-шырт түкіріп, шыжыл- датып отырған тамам баланың ортасында қарқарадай қасқа- йып отырар Апам менің қап-қара болып тілім-тілімі шыға жарылған аяғыма қаймақ жағатын. Қаймақ тиіп удай ашы- ғанда, шыбын жаным шырқыраушы еді. Қаздың балапанын- дай алқақотан жайғасқан немерелерін айналып-толғанған əжемнің тек қарашада, қылаулап алғашқы қар жауғанда ғана айтар əңгімесі ағып-тегіл. Оның ақылы жүздеген ұстаз, мың сан мектептен артық, тəрбие деген ұғымның асқаралы тап- тырмас үлгісі екенін қайдан білейік. Дүние жүзінде Апам- ның қойнынан аңқып шығар əжелік иістен жағымды не бар екен жалғанда. Бұл жалғанда картопты тіліп-тіліп жіберіп, қызара бөрткен темір пешке қарып жегеннен дəмді не бар- ау. Бұл жалғанда қас қарая малды жайғап келіп, Апамның айналасында тырайып жатып əңгімесін тыңдағаннан қымбат сəттер табыла ма, қайта айналып келер ме?

Апам – Алтайдың арғы бетіндегі Керей елінің қызы. Əке- сі аса бай болған, текті тұқымның тұяғы. Апам еркелеп өс- кен жалғыз қызы, он беске толған соң, іргелес байдың ұлы- на жасауын беріп сыңсыта ұзатқан екен. Өз заманының аса көрікті қызы, əрі он саусағы өнер Апам босаға көрген бірер жылында-ақ маңғаз, инабатты, пысық келін атанады. Со-


дан, бір күні екі кештің арасында, басқа ауылдан сый қо- нақтар келіп, тай сойып, тайқазан ет асып жатқан шақта, жер ошақтағы отты үрлей берем дегенде, Апамның шылау- ышына шала тиіп, лап етіп жанады. Тыртыстыра тар киген, екі жақтауы зерленген кимешек-шылауыш шешілмей, бет- аузы түгел күйіп қалған екен. Күйеуі де ізгілікті жақсы жі- гіт болған. Алты ай емдетіп, шыбын жанын аман алып қа- лыпты. Келіншегім жарымжан болып қалды деп кезептен- бей, тату-тəтті өмір сүріпті. Алайда, бір жылдан соң өзі дү- ниеден қайтып, жесір қалған Апам төркініне оралған. Осы шақта Алтайдың теріскей бетіндегі Əбдікерім болыстың биі атанған жақ жоқ шешен жігіт – біздің атамыз Достың қаты- ны өліп, қыз таңдап бұлаңдап, қыр қыдырып, жер сыдырып жүрген. Əрі сері, əрі атақты, салт басты, сабау қамшылы жі- гітке тиеміз деп бүкіл Қаратай елі қыздары қырылып қала жаздапты. Бірақ біздің атамыз бірде-біреуін менсінбеген. Сол менсінбеген қалпы, «Ауылдағының аузы сасық» дегендейін, Алтайдан асып арғы беттегі Керейден жар таңдайды. Күйеуі өліп, бет-аузын күйік шалған Апамды көріп, атының артына мінгестіріп бір-ақ түнде алып қашып кеткен. «Дос келіншек əкеле жатыр, қырмызыдай құлпырған бізді көзіне ілмеп еді, Керейден алған қызы ай мен күндей сұлу шығар, көрелік», – деп алдынан шықса, ерні салпиған, тыртық біреу екен, тамам қыз бетін шымшып күліпті. Сонда атамыз айтыпты:

«Ей, Қаратайдың қатын-қыздары, неменеге жетісіп кү- лесіңдер, менің келіншегім «Еліңнің қыздары мынау ма?» – деп сендерге ернін шығарып отыр» – деп, сөз тауып кеткен екен марқұм.

Темір пеште маздай жанған отқа талтая қыздырынып, ала көлеңке ағаш үйде Апамның тізесіне басымызды қойып,


мұрнымыз пысылдап ұйықтап қалушы едік. Қашан өзіміз оянғанша, тырп етпей ұйқымызды күзетіп отыра берер еді жарықтық.

Апамның қайсыбір мықтылығын айтып тауысайын. Де- генмен, бір-екеуін сіздерге əңгімелеп бермекпін.

Əкем Ынтымақ колхозының сиыр фермасында бастық болатын. Ауылдан он шақырым Қаражер деп аталатын фер- мада тұрады. Шешем сиыр сауады. Бұл – қыс мекендері, ал жаз шыға жайлауға көшіп кететін. Жаздың жаймашуақ бір күнінде үйге сиыршы шал – Жүніс келеді. Тауға көшкенде, аяғы құрттап, жүре алмай қалған қара бас қойды қозысымен жұртқа қалдырып кетіпті, бір лажын тауып соны жеткізіп ал- сын, содан соң Қаражерге егілген картошканың арам шөбін жұлып, суарып, қопсытып түптесін деген хабар айтыпты. Таңертең Апам екеуміз жаяу жолға шықтық. Күн ала бұлт- ты болғанмен, қапырық ыстық еді. Біз Қаражердегі шілікке салған картошка алқабына жеткенде, күн түске айналған. Бағанағы шайдай ашық аспанды қара құрым бұлт торлап, əп-сəтте күннің көзі көрінбей қалды. Мен шөбін отап, Апам түптеп, лезде бітіріп тастадық. Біздің осы жұмысты аяқтауы- мызды күтіп тұрғандай, əлгінде ғана тас төбеге ілінген қара бұлттан бауырсақтай-бауырсақтай бұршақ төпелей жөнелді. Апам ұстарамен күні кеше ғана жалтыратып алып тастаған тақыр басымды ұрғылағанда, тулаққа тиген сабаудай тарсыл- дақ үн шығады. Апам желеткесін шешіп басыма жапты. Ала жаздай сиыр фермасының күзетіне қалатын Қашыбай деген шал отыратын қыстаққа қарай безектеп келеміз. Жалғыз үйлі шалдың өмір тарихы жеке бір кітаптың жүгі. Жарты ғасыр тоғыз жолдың торабында жылжымай мекен етіп келе жатқан ақсақалдың бар ермегі – ары өткен, бері өткен жүргіншінің


пикет жайы болу, үйіне түнетіп, жол нұсқау болатын. Апам екеуміз осы үйдің табалдырығынан аттай бергенде, əзірде ғана төбеден төпелеп тұрған бұршақ сап болды да, шығысқа қарай қара құрым көшіп бара жатқан.

Қашыбай төр алдында дамбалшаң, ерігіңкіреп, бəйбішесі Мəмəтəйді түрткілеп ойнап отыр екен. Біз кіргенде, кəдім- гідей қутыңдап, қуанып қалды. Зерігеді білем, жетпіске жа- қындап қалса да дені сау, қапшағай шапшаң, саңқылдап сөй- лейтін қағілез адам екен.

– Кеспіріңнен айналдым, кеспіріңнен, – деді Апама. – Су- дан шыққан су тышқан секілдісің ғой, төрлет, төрлет. Сақа- лы тұштаңдап, өзі төмен ысырыла берді.

– Мені қойшы, сен екеуміз тоқпақтаса да өлеміз бе? Ба- лам тоңып кетті, – деді Апам менің басыма жапқан желетке- сінің суын сығып.

– Ұлыңды мен ақ киізге орап тастайын. Шешесінің құр- сағында жатқандай рақаттанып бусансын, – деп Қашыбай отырған орнынан қарғып тұрып, ірге тұста керіскедей жина- лып тұрған жүктен аппақ киізді суырып алды: – Кел, балам, орап тастайын, шеш үстіңдегі қомшаңды.

Мені тыр жалаңаш шешіндіріп, киізге тұмшалап бөлеп тастады. Əрі-бері мұрныма қой жүнінің шуашы келіп мау- жырап, көзім бақырайып жаттым да, бойым жылынған соң, ұйықтап кетіппін.

Оянғанымда, апамдар шай ішіп отыр екен.

Қашыбай бізге ат-арбасын бермеді. Тақыс шал: «тоғайда жиып қойған отыным бар еді, соған асығып барам» деген соң, Апам шындап ренжіді білем, кішкентай қозыны маған көтертті де, өзі тобан аяқ болып баса алмай жатқан зіңгіттей саулықты арқасына бір-ақ салды. Алдыңғы екі сирағынан


ұстап жас балаша арқалап алды да: – Кеттік, ұлым, – деді маған. Мен ол кісінің артынан қозымды құшақтап бүлкек- бүлкек еріп келемін. Он шақырым қашықтықтағы ауылға апам бес-алты-ақ рет дем алып жетіп-ақ келді. Сонда ме- нің көз алдымда қалғаны: Апамның көкжайсаң шалғынды қақ жарып, менің алдымда батар күнді бетке алып қасқая тартып бара жатқаны; қасқая тартып бара жатып, арқасын- дағы саулықты былқ еткізіп тастай беріп, тоғай ішіндегі Қа- расуға барып дəрет алғаны, содан соң батар күнге бет беріп намаз оқығаны, намаз оқып көкшалғынға бір жығылып, бір тұрып, қып-қызыл күн нұрымен шағылысқан қайран Апам осы қалпында қара жерге – туған жерге табынғандай еді; енесіне тартқан қара бас қозыны құшақтап отырып мен, апамның дүние жүзіндегі ең күшті адам екеніне күмəнім қалмаған.

Біз үйге жеткенде (жолда ешкілерді айдай келдік), екі сиырды бұзауы еміп тұр екен, ал ағаш үйдің есігі шалқасы- нан ашық, маса буып толып алған, əпкелерім тұлыпқа ора- нып ұйықтап жатыр. Апам оларға ұрысқан да, тіпті ұйқы- сын бұзып оятқан да жоқ. Бүкіл шаруаны өзі тындырып, тек кешкі асқа ғана шақырды.

Апам менің...

Жаз өтіп, қылышын сүйретіп қыс келді. Орман-тоғай, тау-тас аппақ. Алтай өңірінің əрі жүдеу, əрі көңілді шағы туды. Апам етегін дөңгеленте белін қынап тігіп берген, қа- рағайдың қабығына бояған қызыл тонымды, тері қолғабым- ды, елтірі тұмағымды, табандатқан ақ пимамды киіп, қол шанамды (оны да қайыңнан иіп шабақ салып, апам істеп берген) сүйреп ойнауға шығамын. Сонда Шəгіштайдың өзім секілді бар баласы маған қызыға да қызғана қарайтынын


сезетінмін. Жағымсып менімен дос болуға, менімен ойнауға құштар екендерін біліп танауымды шүйіремін.

Кеше əкем келіп кеткен. Астында биік, таудай ақ боз аты бар.

– Жеңеше, – деді Апама (неге жеңеше дейтінін білмей- тінмін, өйткені шешем де солай атайтын) – ертең таңертең сиыршы шал Жүністі жіберем, соғымды сойып береді.

Осыдан бір апта бұрын сол Жүніс шал ту сиыр жетелеп келіп, «қыстай осыны жеп шығасыңдар» деп еді, енді сол сиырды сойып, мүшелеп бермек.

Жүніс келеді деген күні Апам су жылытып, пышағын, сиырды жығатын арқанды даярлап көп тосты. Келмеді. Шы- дамы əбден таусылған соң:

– Жүр, ұлым, өзіміз-ақ сойып аламыз, – деп қоңыр сиыр- ды бас жібінен жетелеп қорадан шығарды. Бұдан соң тұм- сығына шалып, мүйізінен діңгекке тас қылып байлады; қыл арқанмен сиырдың аяғын іліп-іліп алды да, діңгекке бір рет орап, бар күшімен тартып қалғанда, еңгезердей қоңыр сиыр гүрс етіп құлап түсті. Апам діңгектен шандып алған арқанды сусыта тартып тұяғын серпуге келтірмей буып-ақ тастағаны. Сиыр шоршып болмаған соң, құйымшағынан жабысып едім, сонандай жерге ыршыта лақтырып жіберді.

– Жолама, мертіктіреді! – деді апам. Ал өзі соншалықты көз ілеспес шапшаң қимылмен сиырдың төрт аяғын қазық- баулап байлап жүр. Содан кейін тұмсықтан оралған жіпті соза тартып, сиырдың тамағын керіп тастады да, жез мойын мүйіз сап пышақты маған ұстатты. Шошып кеттім.

– Қорықпа, ұлым, – деді Апам. – Əйел адам мал бауызда- майды. Сен – азаматсың! Кəне, мықтап ұста.

Қолым дір-дір етеді. Апам менің кіп-кішкене жұдыры- ғымның сыртынан өзі қарулы тарамыстанған саусақтарымен


қапсыра ұстады да, бұлқынуға дəрмені келмей теңкиіп пы- сылдаған сиырдың тамағынан орып-орып жіберді. Қып-қы- зыл қан атқылады-ай.

– Енді былай тұр, бір жеріңе қан тиеді, – деді де, мүйіз сап пышақты жалаңдатып қоңыр сиырдың быт-шытын шы- ғарды. Əп-сəтте терісін сыпырып, бұзып мүшеледі; тұздап, салмаға жайып тастап, астына түтін салды.

Мен өкпе-бауырдан қуырдақ қуырып əлекпін. Содан бар шаруаны бітіріп, сиырдың терісіне тұз сеуіп жайып, қар бе- тіне тамған қан-жынды тазалап, шайға отырғанда, сабақтан жүгіріп əпкелерім, фермадан тепеңдеп Жүніс шал келді. Со- ғым сойып беруге əкем жіберген сиыршы буы бұрқыраған ыстық қуырдаққа кекіре тойып алды да, аманында ауылына қайтты.

Апам менің...

Үлкен əпкем Шолпан қоңыр сиырды соғымға сойған жылы қыста күйеуге қашып кетті. Қашып кеткенде де бас- қаға емес, жуықта əскерден оралып, ауылда шофер болып жүрген баяғы бекетші шал Қашыбайдың көп ұлының бірі – бадырақ көз, төртпақ Əутəліп алып қашып кетіпті. Əкем мен шешем алғашында оң жақтағы тұла бойы тұңғыш қызынан айырылып қалғанына намыстанып қатты ашуланғанмен, артынан «кетер қыз кетті» деп, жасау-жабдығына кіріскен. Əрине, жасау дегенде сырмақ, алаша, көрпе-жастық секілді үй жиһазының ол-пұлы ол кезде тек қана қолдан тоқылып, тігілетіні белгілі. Апам Шолпанның мұқым тең-тең жасау- ын бір айдың ішінде дайын етті де, шанаға тиеп, маған ат- тың делбесін ұстатып, құдаларға аттанды. Шырмауық салып балмен ашытқан сары сыраға қызара бөртіп алған құда- мыз – Қашыбай шал ат байлары мықты, тəуір жердің қы-


зын келін қылып түсіргеніне қатты риза болды. Өткен жылы жазда ақсақ қойды апама жаяу арқалатып жібергеніне, ат- арбасын бекер бермегеніне өкінді. Өзі қутыңдап, қарқ-қарқ күліп қояды. Апама торқадан көйлек кигізіп, менің қолыма он сом ақша (қазірше бір сом) ұстатты. Мен мəз болдым. Өзім-өз болып қолыма ақша тигені сол еді, ышқырымда- ғы асық салатын қалтаға жымқырып жүгіртіп жібердім де, үйге Апамды тастап жаяу қашып кеттім. Апам кештетіп өзі келді. Сол күні түнде мен Апамнан мүлде бөлініп шы- ғып, қойнына жатпай, шалбарымды жамбасыма басып, жеке ұйықтадым. Ондағы жымсыма ойым – Апам құдалар берген он сом ақшаны сұрап алып қояды деген қауіп. Сонда маған

«Əпкеңді үйге қайтарамыз, он сом ақшаны бер» десе, азар да безер қарсы болар едім-ау; сонда мен əпкемді он сомға сатып жібергендей едім. Апам лəм деген жоқ. Қойныма жат деп айтпады да, он сом ақшаны тақуалап сұрамады да. Сол күннен бастап қулық сауып ер жеткенімді білдім. Сол он сом ақша Апам екеуміздің арамызды аша түскендей болды. Мен бөлек жатып жүрдім. Бір ай жамбасыма басып сақтаған қағаз ақша сары тап болып тозуға айналғанда, жоғалтып-ақ алғаным. Əрине, Апамнан көрдім. Не деген бекершілдік, не деген пендешілік десеңізші.

Апам менің... Ержеттік.

Білім алып, қызмет-атақ қудық.

Ауылдан ұзап, Апамнан алыстап астанаға аттандым. Апам Жеңісхан деген ұлының қолында тұрып жатты.

Анда-санда ауылға барғанымда, өз үйіме түсіп, Апам өзі келіп амандаспаса, шіреніп жатып алатын едім. Мен сон- да ауылға келіп-кетіп жүріп, əкемдердің аузынан Апамның


тіпті де менің əжем емес, шалы Дос марқұм болғаннан ке- йін ғана, біздің үйімізде бірге тұрғанын, əкеме шеше орны- на шеше болып кеткен жеңгесі екенін білдім. Ал Доспенен менің əкемнің əкесі Исақан бірге туысады екен. Мен сонда апамның соншалықты алыс, тым-тым алыс екеніне көзім жеткенімен, иланбай, жүрегім бəрібір баяғы кезді, Апамның жылы қойны, аялы алақанын аңсаймын.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.