Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Оралхан Бөкей 14 страница



 

* * *

 

Ол Марқаның жонын асып түскенше мелшиіп жұмбақты күйде келген. Бағанағы айқаста қозған жыны əп-сəтте сап


болып, жүні жығыла қалған. Жігіттер де лəм дей алмай, өз оспадарлықтарына іштей қиналыңқы, ту ит арқасы қияннан ат арытып келгенде, саусақты мұрынға тығып құр қол қай- ту арқаларына аяздай батпайды дейсің бе? Дегенмен, үлкен бір орашолақ əбестік жасағандарына қиналыстан гөрі, Са- дақбайдан қаймығу, ұялу басым секілді. Жолбасшыларының бұлайша сыздана, жағының кірісін ашпастан қаһарлы жүрі- сінен қамшысымен бір тартқаны жеңілдеу ме еді. Бірақ осы- лар сол бір сілтенген қамшыдан қала қояр ма?..

Сыпыра ылди бітіп, қалың қарағайлы жүндес жоталар ба- сталды. Сайлауға келгенде Садақбай ат басын тежеді. Жапа- тармағай түсті де, аттарды бірінің құйрығына бірін шылбы- рынан байлап дөңгелентіп қойды.

Садақбай əлі үнсіз отыр. Сырт киімдерін аспай-саспай шешіп былайырақ қойды. Сонсоң талып, салбырап қалған қарын алақанымен мыжғылап, қолын ары-бері сілкілеп, қа- йыңның безіндей беріш бұлшық еттерін бұлтың-бұлтың ой- натқан. Түртпектеп жүріп жерден ағаш тауып алды. Қарма- нып пышағын іздеп еді, қыны бос екен.

– Тфу, атаңа нəлет! Пышағым ет жеген жерімде қалып қо- йыпты, – деді бұлқан-талқан ашуланып.

– Садаға, менікін алыңыз... – деп, алтауы бірдей шошаң қағысып пышақтарын ұсынып еді, қай бұрынын алып, қо- лындағы жаңқаны үшкілдеп ұштады. Тісінің арасын шұқы- ды. Тілге жаңа келді.

– Сендер мені осы жерден күтесіңдер.

– Сіз қайда барасыз?!

– Керейден тігерге тұяқ алмай кері оралу – туасымда жоқ ырым.


– Біз де барамыз. «Аузы күйген үріп ішер» деген. Енді берік болармыз, Садаға, – деп əлденеден құр қалатындай жа- мырасты жігіттер.

– Жоқ. Үйірімен жылқы алдырмайды олар. Сақ отыр. Мен күзетшінің шідердегі атын ұрлаймын, – деді тісін шұ- қыған күйі.

– Апыр-ай, Садаға. Біз де ерсек қайтеді, – деп үздіге та- қымдаған жігіттерге:

– Қауқарларың қатындарыңа жетпейтіні бар, құйрықта- рыңды қыспаймысыңдар. Қайта шабу не теңіміз, – деп қатты қайырып тастады. Өзі атқа қонды.

Күзгі аспан сынаптай толықсып, аумалы-төкпелі боп тұ- рады. Əлгінде ғана балық көз бұлт жоқ əуе əп-сəтте-ақ тұлан тұтып, түнере қалған. Құбыладан жел тұрды. Қарағай басы сусылдап, дүние əлем-тапырық күйге көшті. Жел тулатқан айнакөлдің толқыны жағалауды былш-былш ұрғылайды, бі- рін-бірі қуып жарысады.

Садақбай баранды қарағай түбіне байлап, шідеріде тұр- ған аттың қарасын көздей сақ аяңдап келеді. Тың тыңдап еді, құлаққа ешбір дыбыс шалынбаған. Толқынның шолпы- лы, желдің ызыңы ғана меңзеп тұр. Ат қайыру бермей, бір- талайға дейін бөксесін тақап, қиястанып əбігерін шығарды. Бұлайша қашанғы байырқалауын күтіп жүргенде, уақыттан ұтылатынын сезген соң, атты қыл құйрығынан шап беріп ұс- тай алды да, тұқыртып баса қойды... Ат теппек боп құйым- шағын бұлғаңдатып шыжбалақтағанымен, бөксесін көтере алмады. Шідерін асығыс ағытып, жайдақ міне берген. Міне бергенде, мұның жауырына басқа біреу қона берген. Қайдан сап ете қалғаны белгісіз. Садақбай басын оқыс бұрды. Адам. Адам екеніне көзі жетті білем, оң жақ қолын қайырып əкеп


ту сыртындағы пендені қапсыра қысып, арқасына таңған күйі атқа қонды. Əлгі бейбақ тырп ете алмай, көкжалдың са- уырындағы тоқты-торымдай-ақ салақтап кете барды. Былай ұзап шыққан соң, арқасындағы олжасын жұлқа тартып, жай- дақ аттың шоқтығына əкеп сұлатты.

– Еліңе айта бар. Садақбай деген қамшыгер мен бола- мын. Уай, зəу-затыңды!.. Мұншама лақтай салмағың жоқ, жылбысқы жетесіз болармысың! – Сілкіп тастады сонадай жерге. Өзі қосағында аты бар, сыпыра құба жонмен сыдыр- тып барады түн жарып...

 

* * *

 

Олар қара обаның кезеңіне ілінгенде, қар аралас жаңбыр жауды. Əмбесінде көзге түртсе көрінбейтін тас қараңғы. Оң мен солдан тандырып сарсаңға салған түн алпауыты сарын- сыз, сандалбайға салатын бұлыңғыр; бұлтартпайтын меңі- реу мекиен. Қар аралас жаңбырдың аяғы жаяу борасынға ұласты. Қарсыдан соққан өкпекке қасқая тартып, омыраулай алмай, ықтай береді аттары. Өңменнен соққан ызғырық қо- йынға кіріп, етек-жеңді емін-еркін қуалап, жағаны жұлқиды. Жол қиындай түсті. Жол дейміз-ау, бағыт-бағдарсыз, осы маңда-ау деп топшыланған жүріс мандымайды. Ең алда бір атты мініп, бір атты жетелеп алған Садақбай барады. Садақ- байдың далдасымен ұшып-жығылып алты азамат ереді. Іш- тей қыпылдап, мынау жөн-жосықсыз сапарларына иланба- ғандай. Сүрлеудің сорабынан бағана айрылып қалған. Ендігі жүрістерінің нəшіні не? Сенбейді. Сезбейді. Шыдаспады білем:


– Садаға, бұл қай бағыт?! Адасып өлетін болдық қой, –

деп дауыстады.

– Шатастық. Ермейміз бұдан əрі!

Ұлардай шуласып ошарылып қалған жігіттерге Садақбай:

– Ендеше, Керейдің иті жесін! – деп, жорта тақымды бір қысып, алға қарай тарта берген. Қолдан келер қайраты жоқ жігіттер қайта салпаңдасты. Боран үдеп салды. Бет қарат- пайды. Ақ тұман қапасқа айналды. Ет пісірім мезгіл жүрген соң ат басын ірікті Садақбай. Ат басын ірікті де:

– Уай, бірің бері келші. Мына жерде менің пышағым бар ма екен, – деді. Жігіттердің бірі аттан домалап түсіп, Са- дақбай құрығымен түртіп тұрған жерді сипалап еді, пышақ сабы қолына ілікті. Бұл – бері келе жатқанда төстік қақтап жеген Түйетастың иығы еді. Адаспағандарына көзі əбден жеткен дірдектеген топ қамшыгердің піріне мінəжат етіп, айқұлақтана шапты ілгері. Бірақ алда тік құз барын сезген олар Садақбайды тағы да ілгері оздырып жіберіп, артынан ерген.

Қамшыгер қалың ойда келеді. Жан дүниесі көкпар тар- тып жатқандай ию-қию; жан дүниесінде ит ұлып, ел көшіп бара жатқандай – ырымы жаман. Алты сан алаштың алдын- да бас имеген қажыр-қайраты өзгеше бір тəлімді пайдаға емес, қара қазанның қамы үшін ғана сарп етіліп, бор кемік- теніп құрып, өз-өзінен мүжіліп жатқанын ойлаған. Жортып өткен жылдарын зерде таразысына сап салмақтаса, толағай бастың көргені көбік шашқан көрікті һəм ерікті күйлі жыл- дар емес-ті: бір өңкей жарау құрсақ, тас түйін, жоқ-жұтаң күндер екен. Бəрі де бүгінгі суішеліктің, ертеңгі көрер таң- ның қалжауланған қалтыраңқы қам-қарекеттері де. Сылаң қаққан мынау қамшының бүлдіргесі жаңарып тағылған са-


йын, соқталы шайқастан сəттілік сағаты үзіліп, ұтылыс тап- са, анау бүртік өрімдей сандаған адамдардың бас-арқасынан судай боп қан аққан.

Ал енді өйтпесе – шекіспесе, талшығынан айырылып қалмай ма? Бірақ Садақбай күні бүгінге дейін нағыз қаскөй жаудың кім екенін ажыратқан жоқ, көрген де емес.

Мүмкін, мынау қазақтың салқар сахарасында зіл-зала- сыз торалғы тартыстар болғанымен, жау-дұшпан дегендер кезікпейтін шығар...

Ол ат үстінде əлі де қалғығандай мүлгіп келеді.

Бұдан былай тозақтың қыл көпіріндей жалғыз аяқ жол басталады. Төменінде Түйетастың құзары – Суықшат. Бұ- лар аттан түсіп, жетекке алды. Боранның арыны əлі де қай- та қоймаған-ды. Аса бір сұңғыла сақтықпен дəлдеп баспа- са, бұлт ете қаласың. Бұлт ете қалсаң, қия тастан домалап, сонада – Шарықтыбұлақтың суында жатарсың. Осы өңірдің тұрғындары Түйетастың қабырғасын жырып салған сүрлеу- ді «Қыл көпір» деп атасатын. Егер жазатайым құлап кетуші- лер болса, «күнəһар екен» деп жоритыны бар.

Алда терте бойы озық келе жатқан Садақбай жолдың сілемінен жаңылып, оқта-текте қамшысымен түрткілеп алады. Бопсаланған күпсе қарды дəу табанымен басып қалғанда, күрт омырылып тайқи жөнелді. Садақбайды іле кетті...

– Байқаңдар, жігіттер! – деген жалғыз үнді Алтайдың заңғарлары ғана үздік-создық қайталаған. Сонсоң бұл пəни- ді тыныштық басты... «Қыл көпірден» арттағы алты бейбақ қана аман-есен өтіп шықты-ау...


* * *

 

Садақбайдың жарасы ауыр болса да, өз көңіл күйі сергек- тін. Жарқаштана жарылған басын ырғайлы жібіттіріп құр- саулап тастады. Бес-алты қабат шыттың сыртынан буылса да, шекесін қысып, шыбын жанын шырқырататын. Самай тамыры оқтаудай боп, білеуленіп, көгеріп шыға келген. Қам- шыгер бас жарасын сезбес те еді, сол жақ ортан жілігі быт- шыты шығып, жəнеки оңбай мертіккен-ді. Сынықшы ша- қырттырмады. «Пайдасыз болар, олардың қолынан келе қояр шаруа емес», – деген. Жаңа сойған тоқтының шелілі терісі арасына қанжапырақ салып орап, құр жіп түгесілгенше, тыр- тыстырып шандып тастаған. Ауыл арасын алыс демей, аға- йын-туғандары, Қаратайдың ат аяғы жетер жердегі ақсақал, қарасақалдары мен жорық дəмін бірге татқан көңілдес жігіт- тер түгелдей кеп көңіл сұраған. Түйетастың енді мекен бола алмайтындығын, жапан тауда жалғыз жата бермей, есі барда елін тауып, іргеге көшіп баруын сабақ еткен. Туасы бір бет- кей, тағы боп өскен қамшыгер азғырындыға оң ықыласын бермеді. Намысына басып:

– Өлсем орным – Түйетас болсын, – деп, бөтен қыр аң- ғартқан соң, сырқат апшысын тарылтпайын деп, шолақ қа- йырысты бұл əңгімені.

Садақбайдың тəні жаралы болса да, көкірегі сайрап жа- тыр. Жас шамасы өзінен үлкен ақсақалдар келсе, басын кө- теріп, сынған аяғын бұлғаңдатып əкеп, малдас құрып оты- ратын. Малдас құрып мəжіліске көшкенде, сынған санын бармағымен қысып-қысып:

– Атаңның аузын ұрайын. Өзі уақ боп сынған-ау, мыжы- сам күтір-күтір етеді, – деп қарқ-қарқ күлетін. Ауырсынып


отырғанын қаншама білдірмейін, сездірмейін деп сүйекке қарысса да, жазық маңдайына шағаланың қанатындай сы- зат түсіп, тері бұршақ-бұршақ сорғалайтын. Шалдар есіктен шыға бере, ес-түссіз талып қалушы еді-ау. Қамыққан Қамқа- ның көзінде таңғы шықтай мөлдіреген жас, ал керегеде ілулі жетім қамшы тұратын мұңайып. Өмір мен өлім арасындағы асқаралы күрестің куəгері – осылар ғана.

Қамшыгер ит қорлығын тартып ұзақ жатты.

Садақбайдың көңілін арғы беттегі Керей азаматтары да сұрап қайтқан.

Біреулер қуанған. Біреулер мұңайған.

 

* * *

 

Ымырт жамылғанда, сусын жұтты. Қамқаның ұзын қара шашын сипалады. Еркелетті. Қош көңілмен балаша ерігіп, жоқтан басқаны айтып, Қамқаны күлкіге батырды:

«Сені тастап, Керейден қыз ұрлайын деп жүргенімде, мертігіп қалдым».

Қалжың айтқан. Сонсоң, мызғып кəдімгідей түшіркеніп ұйықтап кетті. Қамқаның ақ құба бетіне қан жүгіріп, торыны арқандауға тысқа шықты. Жұлдыздың аққанына, меңірей- ген сақау тауға қарайды, əлденендей жақсы үміттің сəулесі жүрегін кезді, торының кекілін тарамдап: «Құтпаным!» – деп, мойнына оралды...

 

* * *

 

«...Керегеде ілулі тұрған он екі таспа қамшының ұшынан бір жылы су ағып тұр. Қамшыгердің көзіне тырс-тырс тама-


ды. Нұрлы қаяттың суындай мөлдір өзі. Кеберсіген ернін өзі тосты қамшыға. Ындыны құрып қомағайлана жұтып-жұтып жіберіп еді. Тым-тым удай ащы, кермек татиды. Көздің жасы екен...».

Садақбай кіресілі-шығасылы есін жиды. Өңі емес, түсі болғанына қуанған жоқ. Қамықты. Күлге аунаған қотыр бу- радай халді басынан кешіріп жатқанына алғаш рет налыды. Мұрны пысылдап, Қамқа да көз шырымын алған екен. Сыб- дырын білдірместен ұмтылып барып маңдайынан иіскеді; ұмтылып барып бас жағындағы қамшыны алды. Бөстектің шеті ашылып қалып, қоң еті күлімсі сасып, қолқаны қапты. Бетін тыржита аз-кем жиіркеніп біраз отырды. Біраз отыр- ған соң, қамшысын таянып жүреледі. Тағы да тынысы лақат- та қалғандай тарылып, деміге берді. Кеудесі сырылдайды. Қамқа тəтті ұйқыда.

Садақбай керегені сықырлатып сау аяғына тұрды. Ақ- саңдай басып шығар есікке беттеді. Бар қуатын жиып, жар- ма есікті ашып қалғанда, қарашаның салқын ауасы төрге ұмтылды. Киіз үйдің белдеуінен ұстаған күйі, сынық жам- басын бұлғаңдатып, ауырғанына қарамастан, əр жерде ша- шылып жатқан өгіздің терісін жиды. Бір жылда ғана барым- талап əкеп пышаққа іліндірген өгіздің қатып-семіп қалған тулақ-терісін аса ықтияттықпен бірінің үстіне бірін қаттады. Үстіне əнейімен отыра кеткен. Жаралы санын шешіп, ала- қанымен қысып қалғанда, илеген қамырдай былп етіп, бе- тіне саусақтарының ойдым-ойдым табы түсті. Басын шай- қап жымиды. Атына қарады. Баран иесіне қарады. «И... и... жануар-ай!». Ендігі сəтте ол жылан шағып алғандай атып тұрған. Əйтеуір, бір тылсым дүлей күш мұны жерден көте- ріп алып, құлатпастан демеген, дем берген-ді. Тісін шақыр-


шұқыр от шығара қайрап жіберді. Сонсоң білемдей ұстаған қамшысымен қабат-қабат өгіз терісін пəрменімен тартып жіберді. Терілердің қамшы тиген тұсы балтамен шапқан- дай кесіліп қалған. Садақбай теңселген күйі əлі тұр. Əлі тұр теңселіп. Алысқа, тым-тым алысқа, марқажонданған адыр- ларға, құба жондарға қарайды. Бір төбенің шаңын бір төбеге қосқан наркескен жылдарын есіне алғаны ма, екі ауылдың арасын қиқулатып, бұғалықсыз асауды құр-құрлатқан жи- ырма бесім, қайдасың деді ме, тіршіліктің мынау қолында- ғы қамшының сабындай келте, сабындай жылпылдақтығын əрі ермен шөптей ащылығын ойлады ма, құйрық-жалсыз жалғыздығын енді ғана сезді ме... Ол ішек-қарны ақтары- ла, қатты... аса қысастықпен еңкілдеп жылап жіберді. Жы- лап тұр. Сыңар аяғына ғана сүйеніп еңіреп тұр... Еңіреп тұр. Сонсоң дауыл қопарған бəйтеректей гүрс етіп сұлап түсті. Бұл не деген ит өлім. Не деген бұл ит өлім. Қамшыгер енді жоқ...

Машырықтан сарғайып таң атып келеді... Ол – Садақбайдан өзгелердің таңы...

 

* * *

 

Садақбайдың қарысып қалған күрзідей жұдырығын Қа- ратайдың мұқым жігіті болып аша алмаған. Қамшысын бі- лемдеп ұстаған күйі, көкпеңбек болып қатып жатыр. Жұ- мылған жұдырықтың түбіне тақалған тұсынан кесіп, қам- шының былайғы жағын алайық деп еді, Қамқа рұқсатын берген жоқ.

– Артында қалған баласы бар ма, қамшы ұстау қатынның ісі емес. Жан досы ғой, бірге əкетсін өзімен, – деді.


Шариғаттың заңы бұзылып, Садақбайдың қамшысы ақи- ретке өзімен бірге оралды.

 

* * *

 

Ай астында: Қан жылап жетімсіреген қараша үй қалды; қара жамылған жесір əйелдің мұңдықты басы қалды.

Ай астында: Марғауланып ер мен елдің осыншама ерке- лігін, осыншама қайғы мен қасіретін мамырстан кеудесіне сыйғызып, қазақтың күреңселі даласы жатты.

Бірақ осы аңғал-саңғал Алтай тауында өткен уақиғаның бəрі-бəрі де баяғының садағасы еді...


 

 

БУРА



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.