Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





САЙТАН КӨПІР 27 страница




кешіп. Әй, өзіме де сол керек, соттасып, үй-мүлікті тең бөлмей, азаматтық жасап нем бар еді. Даудың басы неден өрбіп еді өзі... Е-е, ол айтқан: – Сен пысық емессің, елдің еркегі секілді ойдан орып, қырдан қырып табыс таппайсың деген. айлықтан басқа аларың жоқ деген. Қалада нең бар, одан да шошқа қора мен тауық фермасын салып, мал таппайсың ба, байғұс деген. архитектураны өнер ретінде түсінген емес, тек сызықтар ретінде қабылдаған. Ондай кеще адаммен қатар жатқанды қойып, қатар өмір сүру мүмкін бе? менің ұққаным, ол үшін мәдениет пен ұяттан, ізгілік пен адалдықтан жұрдай, бергеннің қолынан, бермегеннің жолынан алатын жылпос күйеу керек. мен секілді мөңіреп айлыққа қарап отырған ашық ауыздардың түкке қажеті жоқ. Қыз кезінде қандай еді?! Қырдың қызғалдағы сықылды, тал бойында тарыдай міні жоқ, асқан сұлу болатын. Сұңғақ бойлы, бұйра шашты палуан жігітті өзі ұнатып, мен қатысар жарыстың бірде-біреуінен қалмай, жымия күліп гүл ұсынып тұратын ақ сары қыз айналдырған он жылдың ішінде жалғыз көзді жалмауызға айналып шыға келді. Пәтерден пәтер ауыстырып, сандалып жүрген кезімізде қойдай қоңыр еді. Қанша ауыртпалық көріп, басыңа тартсаң аяғыңа, аяғыңа тартсаң басыңа жетпейтін дүниенің келте көрпесін қоса жамылып, қуаныш пен қайғыны бірге бөліскен сүйікті жарым, тұрмысымыз енді түзелді-ау деген шақта бастады. Неге? Демек, адамды сынау үшін қиындықтан гөрі үйіп-төгілген байлық пен бақыттың айдынына жүздіру керек шығар. Сонда ғана ол сыр береді. Біз бір-бірімізді танимыз, баяғыдан білеміз деп ойлаймыз, түптеп келгенде, түк те олай емес, біз ең әуелі өзіміздің кім екенімізді зерттеп алайық та. Бұл жалғанда адам тану ғылымынан қиын әрі күрделі, ер екенінді білейін, соны анықтап алшы...»

Таң атты. Түн бойы иненің үстінде жатқандай кірпік ілмеген жігіт мыж-мыж күйде балконға шыққан. Оның бөлмесі тура шығысқа қараушы еді, дәл қарсы алдындағы толқыған теңіздің астынан отқа ұстаған жез табақтай қызарып, күн көтеріліп келеді екен. Қайран қалды, осы қалпында күннің сәулесі нұрландырған су беті лапылдап жанып жатқан секілді, ал қызыл жалынды толқындары майда ырғалады. аспан мен атыраудың дәнекершісі іспетті алтын күн көк төсіне өрмелеген сайын, су бетіндегі жақұттай жарқыраған сәуле күннің бауырына қарай жылыстап, қашық тарта береді. Жалбыздың жағымсыз


иісі азайып, ауа ептеп тазарған, бой сергітер салқындық бар. Тас анау алаулы көрініске қарап тұрып, кеуде кере дем алды, тарыдай бытырап кеткен ес-ақылы енді ғана жиналғандай- тын.

Қала қыбыр-қыбыр ояна бастапты. Осы тұстан анықтап қараған кісі сонау алыстан, күлгін төбелердің арғы бір жағынан мұнай сорған машиналарды көре алар еді. Бейне бір бойында жаны бар секілді өз-өзінен қимылдап, жантақ жеген түйедей басын жерге бір салып, бір көтереді. Қала теңізге тым жақын орналасқан, ал қонақ үйдің үстіңгі қабатында тұрсаң, теңіз кешкендей әдемі әсерді табар едің. Сол жер мен судың түйісер жағалауын жиектеп... тәңірім-ау, Бота жетелеген қыз кетіп барады. Тас өз көзіне өзі сенбегендей уқалап жіберіп қайта қараған: жойқын цивилизация мен телегей- теңіздің шекарасында үкі қадаған ботасын жетелеп, асықпай аяңдап бара жатқан көгілдір көйлекті қыз бұл тұрған зәулім

«Интерконтиненталь» қонақ үйіне көз қырын да салған жоқ; өзгеше бір кербездік, баяғыда тозыңқырап қалған қазақы нәзік қимылымен ештеңеге назар аудармастан жұмсақ басады. Қап- қара шашын қос өрімдеп арқасын аса тастаған, көгілдір көйлек үстінде жеңіл ырғалады. Ол осы қалпында ботасын ертіп көк айдынды теңізден шыға келген – судың сұлу қызындай еді; тым- тым жоғарыдан қарағандықтан дидары анық болжанбайды. Есі шыға таңырқай үңілген. Тас балконның жақтауынан асып кетердей ұмтылды. Бота жетелеген қыз, әне, көз ұшында бұлдырап, сонау көкжиекке сіңіп барады. Қайдан шықты, қай жаққа бет түзеді, бәрі-бәрі жұмбақ. Енді қайтып көре ала ма, жоқ па. Жігіттің жүрегі сазып, белгісіздеу бір өкінішті сезім биледі. Іргедегі тұрған үйдің балконына ала шапанды, ақ самайлы еркек шығып, ол да қолындағы дүрбісімен көз ұшында кетіп бара жатқан қызды қуалай қарады. Неге екенін өзі де білмейді.

аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Бүгін де әуе айналып жерге түсетін аптап болары сөзсіз. Күн теңіз бетінен арқан бойы көтерілмей-ақ тымырсық ұйып, тынысты тарылтады-ай.

Тас асығыстау жуынды да, қонақ үйдің астынан жеңіл тамақтанды. Содан соң, теңіз жағасына келді. мұнда салқын самал бар. Теңкиіп-теңкиіп жатқан алып жартастардың қуысын қуалап, шапалақтап жатқан толқын, тым жақын отырған адамның бетіне көбік түкіреді. Шалбары мен көйлегін


шешіп тастап, судың дәл жиегіндегі жартастан секірді. Бірер сүңгіп алды да, құлашын сермеп, теңіздің ортасына қарай жүзе жөнелді. Су жып-жылы. Түні бойғы айғай-шудан, азапты ойдан сәтке арылған жігіт рақатқа кенеліп еді. Жүз метрдей малтып барды да кері қайтты.

атыраудың жағасында мәңгі мекендеп қалған жап-жалпақ тастың үстіне шалқалап жатып, түпсіз тұңғиық аспанға қарады. аспан да теңіз секілді, көкпеңбек. Жағаны ұрғылаған толқынның шуылы, денесін сипалаған самал, майда ғана қыздырған күннің сәулесі – осының барлығы болдырған жанына жарылқаушы күш дарытып, болымсыз үмітке бастаған. Өкініші мол өткенін ұмытып, санасына әзірде қонған сандуғаш сайрайды. «Құрысыншы бәрі де» – деп, қолын тарақтап басына жастады. Денесіндегі ұсақ-ұсақ су моншақтар біртіндеп кеуіп, күн нұры өне бойын балқытты. Ұйқы мен ояудың екі арасында маужырап жатқан жігітті ала шапанды еркек дүрбілеп тұр. Осы қаланың сақшысындай-ақ, әр қылт еткен нәрсені қалт жібермей қадағалайды.

Тастың үстінде қыбыр етпей серейіп жатқан жігіттің төбесінде шыр айналып шағалалар ұшып жүр, қанатымен сипап өтердей аласа ұшады.

«Сонымен атыраудың жағасынан салынар жаңа қаланы қалай жобалау керек. ақтаудың құрылысын қайталауға болмайды, бағанағы ойым былжырақ, тек тағанын ғана алу керек те, қалған үйлерді басқаша қалаған жөн. Әр шаһар әр адам секілді, өзіндік түр-сипаты, кескін-келбеті, яғни өзіне тән мінез-құлқы ерекше организм. Қала дегеніміз белгілі бір ортаның немесе кеңістіктегі құрылыстың жиынтығы, жоқ болмаса, қабырғасы қалқайған баспана ғана емес, сонымен қатар ол – сол заманның мәдениетін, рухани байлығын, өмірлік көзқарасы мен психологиясын танытар көркемдік айнамыз. Ендеше, ең алдымен орталықтағы құрылыстың композициялық орындалуы әдемі болғанда ғана эстетикалық талапқа сай сәулет дәрежесіне көтерілмек. ал қаланың кіндігі іспетті әсем архитектуралық үйді қоршаған маңайындағы құрылыстарды ансамбльдей өріп, оның заңды жалғасы секілді стильдік бір бүтіндікті бұзбай дамытса... ленинград, Париж, Вена сияқты тамаша қалаларға ұқсаған мәңгілік туынды жасай аламыз. рас, қаланы бүгін үшін салу ағаттық. Бізге құрылыстағы ой, сана жетіспейді. Сәулет өнері қатып қалған музыка дегенге де дауым


бар. Сәулет өнері – өмір бойы ән шырқап тұратын жүрегі, миы, тілі бар тірі бейне, әр ғасырдың музыкалық аспабы дер едім. алып құрылыстарды тек өзіміз өмір сүріп жүрген кезеңнің тілегін қанағаттандыру үшін ғана салып жүргеніміз қандай ағаттық, тіпті қателік. Сәулет өнері әсте де бүгіннің еншісі емес қой, бүгінгі тұрмыстың игілігіне жаратқанымызбен, болашаққа аманат, хабаршы, рухани қазына. Біз салған үйлердің бір жыл өтпей кетеуі кетіп қалатыны қалай? Осыншама байлықтың ортасында отырып, ғаламат техниканы пайдалансақ та, орта ғасырлық қол күшімен орнатқан архитектураның биігіне көтеріле алмауымыз – ұрпағымыздан ұят емес пе. Дәуір қанша шапшаң дамып, космостық жылдамдықпен зымырағанымен, біздер – сәулетшілер асықпауымыз керек еді-ау. Біреу болса да бірегей салсақ...

Шағалалар шаңқылдай ұшады. Теңізге шүйіліп, нәсібін іздейді. Күннің көзі қыза бастаған. ысылдап ыстық түсті. Оған теңіздің әлі келмейді. Дүрбілі кісі жұмысқа кеткен бе, қайтып бас қылтитпады. Қонақ үйдің балконынан бірлі-жарым адамдар шығып, теңізге телміреді. анау бір, жетінші қабаттан кермаралдай керілген жирен шашты қыз көрінді. Үстіндегі көйлегін сыпырып тастап, күнге қыздырына бастады. Тегінде, дүрбілі еркектің тағы бір ермегі осы қыз сықылды... Киініп, шешінгенін сырттай аңдып, көрер таңды көзімен атқызады білем жазған... Ендігі сәтте етбетінен жатқан жігіт ұйқтап кетсе керек, қыбыр етпеді. Теңіз жағасына адамдар қаптап, қара-құра көбейе түсті. Қала оянған. Әр күн жалғыз әуенмен басталар ақтау тірлігі дүрілдеп, қалыпты ырғағына көшкен. Осылайша тағы бір күн өтеді, келесісін асыға күтеді. адамдар аз ғана ғұмырын тез өткізуге жан ұшыра жүгіріп жүргені. Әр айды, әр жылды неге ғана сағына тосарын бір құдайдың өзі білер, сол ай мен жыл өмірін де есепшотқа салып есептеп, жасын жалмап жатқанын ойламайды-ау. Суға шомылып шулаған балалар ғана бақытты. Қалғандары ертеңгі күнді қалай өткізудің жоспарын жасап, бастары қатып отыр.

Ешқандай ермек табылмаған соң, кешке ресторанға барды. Қайқаң қағып даяшы келді.

– Не ішесіз? – деп қалам-қағазын жалаңдатты.

– алдымен меню әкеліп беріңіз.

– Әлі қараған жоқ па едіңіз... – деді де сынықси басып кетіп қалды. ресторанның іші ығы-жығы, қызын ерткен жігіттер


толастар емес. Тас екі кісілік столды әдейі таңдап еді, әзірше өзінен басқа жалғыз келген жанды көре алмады.

Жастар шыдамсыздық танытып, айқайлап музыканттарды шақыра бастады.

Даяшы келіншек едәуір жоғалып барып қайта айналған.

– Сонымен не ішіп-жейтін болдыңыз?

– Ең алдымен маған меню әкеліп бермейсіз бе? – Қаттырақ айтып жіберді ме, даяшы шарт ете қалды.

– Көршіңізден сұрап алуға ерініп отырсыз ба? – Келесі столда жатқан қатырма қағазды жұлып алып, жігіттің қолына да ұстатпастан, алдына жалп еткізіп тастай салды. «мұныңыз мәдениетсіздік» деп, дүрсе қоя беруге оқталды, бірақ түндегі оқиға есіне оралып, жым болған.

– Жүз грамм коньяк, салат, бифштекс, бір шөлмек су. – Тез- тез жазып алған даяшы қыржың етіп, бұрылып жүре берді.

«Осы қалаға келгелі ұрыс-керістен арылмадым-ау», – деп, кейіңкіреп отыр еді.

– Сіздің жаныңыз бос па?– деген майда үнді естіді. Басын көтермеген қалпы:

– Бос, отыра беріңіз, – деді.

– рақмет, сізден заказ алып кетті ме?

– алды.

– Көп тосып қалатын болдым-ау. – Жігіт дастарқандасының жүзіне осы кезде ғана анықтап қарап еді, уыздай жас қыз екен. Иығына төге салған сап-сары шашы көгілдір көзіне, ақ құба бетіне әдемі жарасады. Бағанағы балконға шығып, күнге қыздырынған қыз, бәлкім, осы шығар.

– менюді бере тұрасыз ба?

– мінекиіңіз.

– рақмет.

Бір шөлмек су, салаты мен коньякты көтеріп даяшы келді.

– менен де заказ алыңызшы, – деді қыз.

– Тұра тұрыңыз, бикеш, әлі ертерек.

– асығыспын. ригадан звонок күтіп отырмын.

– мұнда асықпайтындар ғана келеді. Буфетке барып тамақ- таныңыз.

Қыз даяшымен сөз таластырғысы келмеді ме, жеңіл-желпі тамақтар өтінді, оны әйел көңілсіздеу жазып алды. Қаңылтыр даңғыр ете қалды да, музыканттар өз жұмысына кірісті. Қыз бен жігіт біраз үнсіз отырған. Тас көзінің астымен ұрлана қарап


қояды. Электр шамымен жалтыраған қыздың ақ сары шашы сұмдық әдемі көрінеді екен. Бір столда қарама-қарсы екеу ғана отырып, жақ ашпауды ыңғайсыз санаған, қыз сәл күлімсіреп барып, европалық аштықпен: – Таныспаймыз ба, – деді. Өз кемшілігін жаңа ұққан жігіт: – Кешіріңіз, менің есімім – Тас,

– деді.

– ал, менің атым – Вайра, латвиядағы Елгава деген қаладанмын. Сіз Қазақстаннансыз ғой...

– алматыданмын.

– Әдемі қала деп естимін, бірақ көрген емеспін.

– ригада бір-екі рет болғанмын. Жалпы, Прибалтика қалалары маған өте ұнайды... рига, Вильнюс, Таллин – бәрі- бәрі де өздерінің ескі готикалық архитектурасы мен жаңа типті үйлері толық ансамбль тапқан ерекше сүйкімді қалалар. Әсіресе тазалығын айтсаңызшы.– артық сөйлеп қойдым ба дегендей лағыңқырап кеткен ойын ірке қойды.

– Сіз архитектор емессіз бе?

– Дәл таптыңыз. Сіздің де мамаңдығыңыз осыған жақын-ау.

– Вайра күлді. Бетіне құлаған шашын сілке иығына қайырып тастады.

– Әріптес болдық.

– Ендеше, мен сіздің не мақсатпен келгеніңізді де білемін. ракушишник деп аталатын маңқыстаудың материалына заказ бермексіз.

– Көріпкеліңіз бар-ау деймін.

– мынадан ептеп сізге құйсам, қалай қарайсыз,– деп коньякты ыңғайлай беріп еді, қыз азар-безер қарсы болды.– Сонда мүлдем ішпейсіз бе?

– Неге, шампаннан аздап ұрттайтыным бар.

– Ендеше, соны алдырайық.

Қыздың тамағын әкелген даяшыға: – Бір шөлмек шампан беріңіз, – деп еді. «Қазір-қазір», – деп лып ете қалды.

– Бір шөлмегіңіз көп-ау.

– Ештеңе етпес, бөлісерміз, ал тамаққа кіріселік. – алға- шындағы ыңғайсыздықтың пердесі ашылғандай болған соң, асқа қысылмай еркіндеу кіріскен. Құлақты жарар музыка басталды. Шағын сахнаға қолына шеңгелдеп микрофон ұстап сусылдаған ұзын етек көйлегі бар әнші қыз шықты. Омырауын аңқайта ашып қойған екен, еркектер жағы амалсыз тесіле қарасты. Көз қиығын Тас та жүгіртіп өткен. Даяшы жайраңдай


басып шампан әкелді. Оны еппен ашып, Вайраның алдында- ғы бокалға көпіршіте құйды да: – ал, таныстық үшін алып қоялық,– деді жымиып.

– рақмет.

Екінші тостағанға келгенде, қыздың бетіне қан жүгірген. Би басталды да, анау столда отырған төрт жігіттің бірі кердеңдеп келіп, Вайраны шақырды.

– Кешіріңіз, мен билемеуші едім.

– меселімді қайтарма, достарымнан ұят,– деді жігіт бетпақ- танып.

– Сіз рұқсат етесіз бе?– деді Тасқа қызара қарап.

– мейліңіз.

Би аяқталған соң, әлгі жігіт өз столына бұрылып кетті де, қыз жалғыз қайтты. Тас атып тұрып Вайраның орындығын ұсынған. Оның ілтифаты мен сезімталдығы қыздың назарын еріксіз аударып еді.

– рақмет, сонымен не үшін ішеміз,– деді жанары жана күлімсіреп.

– Сіз үшін.

– Жоқ, одан да архитекторлар үшін алайық.

– Бұл табылған сөз.

Шарап аздап бойға тарады ма, екеуі де балқып, жайлары жарасты. Келесі биге бірге шықты.

– Сіз осы замандық бидің шебері екенсіз. Соған қарағанда, мұндай жерде көп боласыз-ау деймін.

– Енді қартайсақ та, уақыттан қалмау керек қой.

– айып етпеңіз, жасыңыз нешеде?

– Қырыққа жеттік, тіпті асыңқырадық.

– Өңіңіз өте жас, отыздан жаңа асқан секілдісіз.

– рақмет комплиментіңізге. «Кішкентай ит қартайғанша күшік»– деген мәтел бар емес пе орыс халқында.

– Қалжыңдайсыз... Қырық – ер жігіттің ақыл тоқтатқан нағыз іскер шағы.

музыка үзіліп барып қайта ойнағанда бағанағы дудар бас жігіт тағы келді қылқиып. Қыздың онымен билеуге тіпті зауқы соқпап еді, анау қадалып тұрып алды. Тас амалсыз араласты.

– маза беріңізші, жігітім. адам құсап дем алайық.

– Немене, қызғанамысың,– деп гүр етті дудар бас. Содан соң түйіле қарап біраз тұрды да шұғыл бұрылып, орнына барды. Жолдастары мазақтаған болу керек, шу етіп күлген. Жігіт


бұлар жаққа жалтақ-жалтақ қарай береді. «апыр-ай, тағы да шатақ шығып кетпесін»,– деп ойлады Тас ішінен. Вайра сәл көңілсіздеу отырып қалған.

Осы кезде ресторанға кеше түнде ойбайлаған келіншек кірді. Сәндене киініп, жарасымды боянған. Тастың жүрегі зырқ ете қалды, тіпті қолындағы шанышқысын түсіріп ала жаздаған. Қарсысындағы жігіттің боп-боз болып кеткен жүзіне таңырқай қараған қыз да еріксіз есік жаққа бұрылып еді, әлдекімді іздегендей жан-жағына жалтақтаған қара шаш, қара көз әдемі келіншекті көрді.

– Танысыңыз ба? – деп сұрады.

– Жоқ.– Қыз Тастың жауабына қанағаттанбаса да қазба- ламады.

– Уақыт болды. мен қайтайын. ригадан телефон соғу керек

еді.

– асықпаңыз, сәл отырайық. – абырой болғанда, бұлардың

жанынан тық-тық басып өте шыққан әлгі әйел Тасты таныма- ды. «Қайдан көрдім» дегендей әуестікпен батыл қарағаны болмаса, кешегідей жаналқымға жармаспаған. «Сыртынан аса сұлу екен, сайтан», – деп ойлады жігіт.

– Сізге көңілсіз-ау деймін, Тас .– Күліп барып сөзін жал- ғады. – атыңызды айту соншалықты оңай, мағынасы не бұл есімнің?

– Орысша «камень» деген сөз.

– Қызық екен, дегенмен мазмұныңызға сай емес, мінезіңіз жұмсақ.

– Оны қайдан білдіңіз? «Бет перде ғана, шын адам соның ар жағында» демеуші ме еді.

– Түсі игіден түңілме деген де сөз бар. Бет – адам жанының айнасы... айып етпеңіз, менің қайтқым келіп отыр.

– Олай болса, амал не, даяшыны шақырайық, есебін алсын. – Қыз қол дорбасына қол салып еді: – О не дегеніңіз, мен-ақ төлеймін ғой, – деп, шапшаң ұмтылып даяшыны іздеп кетті. Қайтып келсе бағанағы жігіт қыздың жанында тағы да қылжақтап тұр екен. «апыр-ай, пәлеге ұшырамасам жарар еді». мұны көрген Вайра орнынан қуана көтерілді. Осы кезде дудар бас жеңінен тартты:– Сенімен сөйлесетін сөз бар.

– Иә, айта бер.

– Бұл жерде емес.

– Қойыңдар, Тас, жүр кетейік.


– Сіз араласпаңыз, бикеш, – деп кергіді дудар бас шатынап. Тасқа шегінетін жер жоқ, намыс пен сақтықтың қыспағында қалған.

– Олай болса, далаға шығалық,– деді жүрегі алқымына кептеліп.

– Қойыңыз, Тас, байланыспаңыз. Осы қаланың әтештері ғой.

– Тіліңді тарта сөйле, сайқал! – деді жігіт еденге былш еткізіп түкіріп.

– амал не, інішек, жүр кеттік, – деді Тас неге болса да белді бекем буып.

– мен де барам, – деп Вайра қолтығынаи ұстады.

– Сіз бөлмеңізге бара беріңіз. Өзім звондармын.

– Оған шамаң келсе, – деді дудар бас.

Бәрі бейне бір рестораннан бірге қайтқан дос-жарандардай қаз қатар тысқа шықты.

– Теңіздің жағасына баралық, – деді Тас жұрттың көзіне түскісі келмей.– Қыдырған соң дұрыстап дем алайық та.

– Бұл тілегіңіз мені қанағаттандырады.

– мүмкін бітімге келерсіздер, – деді Тасты қолтықтаған қыз. Ол әлгіндегідей емес салмақты, расында да, қыдыруға шыққандай жайбарақат еріп келе жатқан.

– Вайра, сен қалсаң қайтеді, – деп өтінді Тас. – ригамен сөйлесем деп едің ғой.

– Қинамаңыз. мен сізді тастап ешқайда бармаймын.

– міне нағыз қыз деп осыны айт. асылы, маған мынадан гөрі сен керексің, – деп күпінді ата қаздай ырғала басқан дудар бас.

Олар атыраудың жағасына келді. Түнгі теңізде жел бар екен, жиегін көмкерген алып тастарды тепкілеп, тынымсыз жатыр. «Интерконтинентальдің» самаладай шамдары жаға- лықты да жарқырата көрсетеді. Теңізден ескен жел Вайраның шашын желбіретіп, қопсыта көтеріп әкеледі де бет-аузын жауып қалады. Дудар бас жігіт көйлегінің жеңін түріп, соғым соятын қасапшыдай-ақ дайындала бастады, Тастың алғашқы қызуы басылып қалған ба: – Осы жекпе-жекті кейінге қалдырсақ қайтеді, – деп еді, анау басын шайқап, келіспейтін сыңай танытты.

– амал жоқ онда, Вайра, костюмімді ұстай тұршы. – Ол шешіп ұсынған костюмді иығына желбегей жауып алған қыз:


– Тас, бұл жалғыз емес, шайкасы ере келіпті, – деп шыр ете түсті. – милицияға хабарлаймын.

Тұра жүгірген қыздың алдын кес-кестеген сойталдай үш жігіт қапсыра құшақтап жібермеген. Тастың қаны қайнап, жыны қоза бастады.

– Тегінде, байқаусызда мертіктіріп алсам, арыз бере көрме.

Тиіскен өздерің.

Дудар бас шықылықтай ішегін басып өп-өтірік күліп барып, кеудесін оқыс көтере жұдырығын оңдырмай-ақ сілтеп еді, Тасқа тигізе алмады. Тағы сілтеді. Бәрібір тимеді. Қарсы алдында екі қолын екі жағына тарбайта ұстап, каратэнің қорғанысында тұрған Тас қарсыласына бірде-бір жұдырық жұмсаған жоқ- ты. Жігіттің шымбайына батқаны, осы болды. Долданып келіп ұрады – дарымайды. Теуіп те байқады, Тас ақырын қағып қалса, өзі шалқасынан құлайды. Вайра сылқылдап күлді- ай. Жолдасының осыншалық мазаққа ұшырағанына шыдай алмаған еңгезердей үш жігіт лап етіп Тасты қоршай шабуылға шықты. Вайра «аһ» деп барып, көзін баса қойған. Осы кезде оның құлағына мысықтың мияулағаны секілді өте жат үн естілді, не болды деп, алақанын ашып еді, міне қызық, төрт жігіт төрт жерде жайрап жатыр да, Тас аяғымен түрткілеп өлі- тірісін тексеріп жүр. Қуанышы қойнына сыймай: Ура!– деп балаша айқайлап жіберді. Жүгірген бойы Тастың мойнынан қапсыра құшақтап, бетінен сүйіп алды.

– рақмет! – деді Тас жайбарақат қана. Осы сәтте басын тақырлап тұрып қырғызып тастаған атан жілік біреуі орнынан атып тұрып, ұмтылған. Тас қаша шегіне түсіп, жайдың оғындай шапшаңдықпен арыстанша секірді. Іштен тиген екі аяқтың екпіні ананы шалқасынан ұшырып түсірді. ал Тастың өзі құлаған жоқ, циркшілерше шыр көбелек айналып барып, тұрып кеткен. Қыз алақанын шапақтап тағы уралады. Сұлап жатқандардың бетіне алақанымен су әкеліп тамызды, олар ауырсына қыбырлаған.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.