Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





ББК 84 Қаз 7-44 30 страница




– амал не... Ондай анықтағыш құрал ойлап табылған жоқ қой. Сондықтан да сотталасың, – дедім мен күрсініп. Біз қалың ағаштың арасынан барақ жақты тұспалдап жолға шықтық. Жанымда жұдырықтай ғана болып, бүлкек-бүлкек еріп келе жатқан Бураның ертеңгі тағдырын ойладым. «Балалық жасады», – деп кімге айтып, ұқтыра аламын. Өмірде осындай еркелік жасап алып, ғұмыр бойы азап шегетін адал адамдар бар. ал қулығына құрық бойламайтын арамзалар жалғанды жалпағынан басып жүре береді.

– Неге екенін білмеймін, бараққа барғым келмейді, – деді Бура тартыншақтап. – Жүрегім бір түрлі дауаламай келе жат- қаны. Сотталамын-ау деген қорқыныш емес, жо-жоқ жазадан қашпаймын. Басқа... өзім де білмейтін белгісіз үрей бар бойымда.

– Қой енді... қыңырая берме, деп қолынан жетеледім.

– Қоя бер, – деді ол дірілдеп. – Қоя бер. Қаша жөнеледі деп қауіптенесің бе? Сен іздеп келмесең де өзім қайтып барар едім.

Біз сыбдыр-сыбдыр аяңдап үнсіз келеміз. Жатын орынға жақындай бергенде Бура басқа ұрғандай қалт тұра қалды.

– Сен сезесің бе, ақан, – деді үні дірілдеп. – Сен мені өлімге ертіп келе жатқан секілдісің.

– Былжырамашы. Барған соң көрерміз. Бастықтар да адам түсінер.

– Бірақ сен түсінбедің-ау менің қазіргі халімді. Өмірімде бірінші рет үрей биледі мені. Үрей!

алдыма түсті де томпаңдай жөнелді.

Бұл істің ақыры жақсы аяқталды. Бастықтар Бураны соттаған жоқ. Қаршадай немені түрмеге қамап қарқ болмаспыз деді ме, ұрсып-ұрсып, бір ай тегін жұмысқа кесті. мені де   тек қалдырған жоқ, сөгіс берді. Бірақ Бура аман құтылғанына қуанған жоқ, «соттағаны жақсы еді» деп, күн өткен сайын жүдеп, ұнжырғасы түсе жұмбақты жүрді. Үлкен жаңалық ашатындай ләм деместен оңаша отырады да қояды. Әйтеуір, қалқайып тірі жүр дегені болмаса, атам заманда өліп қалғандай, бұл дүниеде бар-жоғы белгісіз.

Сол жоғалып, қайта табылған күннен бастап, жерлесіміз Бураның өз-өзінен жансыздана бастаған тірі өлік бейнесі, оты сөніп, қоламтаға айналған жанары, тілі кесілгендей үн-түнсіз саяқ жүрісі бәрімізді таң қалдырды. Бұлайша азаптанғанша соғысқа аттандырар ма еді деп ойладым.


...Ертеңіне наубайханаға барып, нан пісіру жұмысына кірістім. Тілі жалаңдаған қып-қызыл жалынның ортасына кірдім де кеттім, – алма кемпір әңгімесін одан әрі жалғастырды.

– ауыл адамдарының тайлы-таяғы қалмай шөп науқанында. Көшеде бірлі-жарлым ойнап жүрген жас балалар болмаса, ересек адамнан ешкімді көре алмаймын. Ол шақта кәрі болсын, жас болсын қол қусырып қарап отырған немесе екі қолын қалтасына салып салақтап бос жүрген кісі көрінбейтін еді, зәуде көрінсе, көзге шыққан сүйелдей оғаш сезілетін де, адам өз-өзінен ұят отына өртеніп, кірерге жердің тесігін таба алмаушы еді-ау. Тамыз аяқталуға жақын қалса да аптаптың беті қайтпаған. Сол жылы жазда күн аса ыстық болып еді. Кешелер ғана соқалап жыртып, тас қазып суарған егіндік бас жарып, Күркіреме мен Жаманашының беткейі жайқалып тұр. Қарасаң көз қуантады, көңіл сергітеді. Сергелдеңге түскен ел үшін бұл да болса үлкен мерей, жүдеген жанға медет еді. Жарықтық табиғат екеш табиғат та бейкүнә де бейбіт халыққа көмектескендей мейірімін аяған жоқ. Біз де қу жанымызды аяладық па, таңды таңға ұрып қимылдадық.

Тамақтың ортасында жүр деген аты болмаса, ұн илеп, пісіру де азабы көп жұмыс екен. Таңғы тауық шақыра сүйретіліп орнымнан тұрамын. Жалғыз сиырды қақтап сауамын да, бұзауына қалдырмай сығып алған сүтті пісіремін. Содан соң құстай ұшып наубайханаға асығамын. Кеше түнде жасап кеткен ашытқы көтеріліп, ағаш күбіден аузы-мұрнынан шыға тасып тұрады. Білекті түріп жіберіп қамыр басамын, илеуі әбден қанған соң, қалыпқа салып, жалындаған пештің шаласын алып, шоғын азайтып қамырды салып, көмейіне жүгіртемін. ақ тер, қара терім шыға сүмек болып терлеген қалпым жалынға шыдай алмай сыртқа атып шығар едім де, бетімді суық суға жуар едім. Шырмауық ашытып, ертең пісірер нанның қорын әзірлеймін. міне, осылайша жанталасып жүріп күніне бір центнер нан пісіремін. Пештен шығаратын нанның салмағы – 50 килограмм болу керек, міндет сондай.

айы-күнім жетіп, аяғым ауырлағандықтан ба, жоқ болмаса әбден болдырып шаршағандықтан ба, білмеймін, үнемі шала ұйқы болып, қалжыраған мен пешке нан салып қойып, алуды ұмытып ұйықтап қалыппын. Не қара басқанын бір тәңірім білер, әйтеуір пеш толған нанды жеуге жарамсыздай ғып


күйдіріп алдым. Колхоз бастыққа керегі осы еді, қамшы үйіріп,

«қарабет» деп қатты ұрысты. Елу килограмдай нанды мойныма қойды. Әйтеуір, жұмыстан шығарып тастаған жоқ.

Әлі есімде сонда тоғытып пісіріп, топырлатып жөнелтіп жатқан нанның шетінен бір үзіп жеуге жасқанушы едім. Қарным ашып, көзім қарайып құлайын деп тұрсам да, дәмін де татпастан үйге келіп, енем қарып қойған күйік-күйік қара қарманы қарбыта асаймын. менің бұл ақ жүрек адалдығыма ол кезде, әрине, ешкім сенбеді, тіпті қазір де илана қоюы екіталай. Не десе де имандай шыным осы. Егер істеген ісімнен иненің жасуындай болса да мін тапса, зәредей болса да ұрлығымның үстінен түссе – өзіде шығайын деп тұрған көзді шұқып алғанмен бірдей еді. Бүгін бе, ертең бе босанайын деп отырған сәтте, үйдің іргесінен тапқан жұмысымнан айырылып қалуым оп-оңай. Ендеше, тек жүрсең – тоқ жүресің, ақ көңілдің аты арып, тоны тозбайды деп, бекер айтпаған ғой, нанның арасында аштан өлсем де, сұғанақтық жасамайын деп ойладым.

Дәу пештің жайнаған шоғын сөндіріп алған соң, шелекке салып қоямын да, үйге ала қайтамын. Қарағайдың кесек-кесек көмірі самаурынды тез қайнататын. Нанды пештен шығарып, бетін жауып, наубайхананың құлыбын салып, аяңдап үйге келе жатыр едім, әлдекімнің: – Әй, албасты, тоқта! – деген даусы саңқ ете қалды. Қараңғыда оқыс үннен балам түсердей шошынып қолымдағы шелекті тастай бере «көтек» деп отыра кеттім. Дүрсілдеген жүрегімді әрең басып, көзімді ашсам – алдымда Нартай тұр. аттан түсті де шелекті төңкеріп, ішіндегі көмірін төкті. мен аң-таңмын.

– Не іздейсіз, аға? – дедім даусым қарлыға.

– албасты, ұрлығыңның үстінен шықтым-ақ деп едім, бүгін ұрламапсың, – деді әлі сенбегендей жайрай шашылып жатқан көмірді қамшысымен түрткілеп.

– Неңізді ұрлап едім?

– мүләйімсуін. Сенің семьяң үлкен. Он шақты боқташақты не беріп асырап жүрсің. Әрине, ұн жымқырасың. Көмірдің астына нан, тұз ұрлап салып, күнде үйіне тасиды деген арыз бар. Қане, қаншасын алдың, шыныңды айт. Ұрыспаймын, тек еңбеккүніңнен ұстап қаламын.

– Ой, ағай-ай, кім айтып жүр ондай өсекті? алла сақтасын. Бала-шағамның атынан ант ішейін, бір жапырақ нан ұрласам құдай төбемнен ұрсын, – деп безек қаға қарғандым.


– Әй, бәрібір сенбеймін. Сен албастыдан шығады, – деп ақ боз атына мінді. – Ертең келесі айдың военсалығын төлеңдер.

– Ойбай, ағатай-ау, екі-үш айға бір-ақ төлеп едік қой.

– Ендеше, келесі жылдан құтылыңдар, – деп, астындағы атын солқылдата кеңк-кеңк күлді. Содан соң тебініп қалды да, қара жерді дүрсілдете шаба жөнелді. Тасқа шақыр-шұқыр тиген тағадан от шығара түннің қап-қара қойнына сіңіп жоқ болды.

– Жоқ болғыр. Қараң өшкір. Ерді бермедің деп ерегісіп жүрсің-ау. мә-мә мынаны аласың! – деп, соңынан топырақ шашып, қолымды шығарып долдандым. Қатынның қолынан одан басқа не келуші еді. «ақаным аман-есен оралсын. аяғымды жалатармын айдаһар. ақаным аман-есен келсін...»Үйге жеткенше ботадай боздап жыладым. мен осылайша, ешкім жоқ оңашада көз жасымды ата-енем, бала-шағама көрсетпей төгіп-төгіп алушы едім. Жарықтық жаңбыр жауса жер көгереді ғой, ал көз жасынан соң көңілің сергіп, бойың жеңілдеп қалады екен. Егер соғыс кезінде аққан көздің жасын бір жерге жинар болса, сөз жоқ, айдын шалқар көл болар еді. Иә, біздерді соғыс қартайтқан. Біз, әйелдер, жұмыстан әсте де шаршаған да қажыған емеспіз. Біздерді уайым-қайғы шаршатқан. Енді ойлаймын, әлемдегі ең қажырлы, шыдамы берік, жаны сірне тек қана әйелдер! Біз әрқайсымыз майданда жүрген он азаматтың ауыртпалығын тартып, он азаматтың жұмысын атқардық. рас, еркек бол деді – еркек болдық. Жесірлік пен жетімдіктің зарын біздей тартқан ешкім жоқ. Өзегіміз өртеніп, беліміз талып келіп сұп-суық төсекке қисая саламыз. Түсімізден шошып оянып, «а, құдай ер-азаматты сақта, а, құдай Отанды сақта», деп тәңірге жалбарындық. Жауды жеңген қару ғана ма... жауды жеңген мыңдаған әйелдің тілеуі, мыңдаған әйелдің қарғысы. Жауды жеңген жауынгерлердің қаны ғана ма, жауды жеңген аңыраған ананың, қырмызыдай қыздардың сорғалаған көз жасы. Соғыста жесір қалған әйелдердің көбінің көзі көрмей, жанары суалып қалғаны содан, айналайын.

Бірді айтып, бірге кете бердім-ау. арада он күн өткенде ақанымнан хат келді. Пешке нан салып қойып, жалынның жарығымен ежіктеп оқып шықтық.

ақанның хаты: «...алтайдың асуындай, Бұқтырманың тасуындай, асқар да мөлдір сәлем жолдаушы ақаның. Жалғанда сенен ардақты, сенен асыл кім бар маған. Сондықтан


да алғашқы сұрарым өзіңнің денсаулығың. Қара нардай қасқайып, алысқанмен алысып, айтысқанмен айтысып жүрген шығарсың, жарықтығым. атам-анам, балалардың дені-қарны сау ма, ауыл-аймақ аман ба? Не жаңалық бар? Әскердегі Бағдат пен ақтайлақтан хабар-ошар бар ма? Тірі ме екен өздері? Үйге хат жазса маған адресін салшы. Біз аман-саумыз. Баяғы жер қопару, топырақ тиеу, басқа өзгеріс жоқ. Жағдайымыз жаман емес, тамақ тоқ, уайым жоқ деген секілді... мұндағы бізді қойшы, елдегі сендер, соғыстағы азаматтар аман болсын. Басқа тілек бар ма. Екі ағайыным жаумен алысып жүргенде, көртышқанша жер қазып, бас сауғалап жатқаныма өкінемін де. Қайтейін,тағдырдың жазуы солай болған соң. Таңертең күн шыққан сайын сендерді есіме аламын, өйткені біздің ауыл сол – Күннің астында ғой. Кешке күн батқан сайын Бағдат пен ақтайлақты есіме аламын, өйткені олар күнбатыста қан кешіп жүр ғой. мені уайымдамаңдар. алмажан-ай, бұл зұлпаттың да ақыры болмас деймісің. Жау жеңілер, ысқырып, ән сап біз де елге қайтармыз. ақмет ағамнан қалған ерді атқа ерттеп, баяғыша байсалды ғұмыр кешер күн де келер. Жұрағаттарға, сұраған жанға үш қайтара сәлем айт. айтпақшы, ұмытып барады екенмін-ау. Кеше көзім ілініп кеткен екен, түс көрдім. Қынымда сармойын, мүйіз сап пышақ, астымда аспанға атылған арғымақ уралап батысқа шауып барады екем деймін... Сенің де күнің жақындап қалды-ау... Шүйіншілі хабарға жорыдым. ал хош сау бол! Көп қиналма, көп жылама.

Сәлеммен, ақан».

– Күмісжан-ау, мұндай хаттан соң Қап тауын ас десе де аспаймын ба, – деді алма кемпір жүзіне нұр жүгіріп.

– ал мен ешкімнен хат алып көргем жоқ, – деді Күміс күліп. Орынбай екеуміз ауызша сөйлестік. Ол тіпті әскерге де барған жоқ.

– Әскерге бару арман ба екен, – деді алма кемпір күрсініп.

– маған салса жер бетіндегі мұқым әскер атаулыны таратып жіберер едім.

Сонымен ақанның хаты бойға қуат, жанға жігер берді. адам қуанышты хабар естісе шаршағанын ұмытып, лақтай секіріп, ойнап шыға келмей ме. Күндегідей емес, бүгін нанның бетін күйік шалмай, сарғайып қана әдемі піскен секілді. Күндегідей емес, бүгін үш-төрт салымға жететіндей етіп, ұн елеп тастадым. Көңілім тасып, мұрнымнан ыңылдап ән


айтамын. Тіпті, құрсағымда нәресте жатқанын да ұмытып, қапшағай қимылдаймын. Жұмысты адамның қолы емес, көңілі істейтінін сонда білдім.

маған көмекші болып мағзия деген әйел істеуші еді. Қақ-соғы, үзіп-жұлып кетер сұғанақтығы жоқ, біртоға жуас. маңдайымнан тер сорғалап, шырмауық қайнатып тұрған маған қарап: – алмажан-ай, қатты қимылдамасаңшы, ішіңдегі балаңды түсіріп аласың ғой, – деп жаны ашитын. Сол кезде біз мықты болдық па, жоқ болмаса құрсақтағы сәбиіміз мықты ма, білмеймін, тыным таппай арпалысқанда «алла, белім» демеуші едік. Қазір ғой, босанғанша екі ай, босанған соң бір жыл шырпы басын сындырмай үйінде жатып алады.

Күз туып, егін орағы басталған. Биылғы күздің өзі де аса бір жылы шыраймен келіп еді. мәңгі таусылмайтын шаруаның қамымен жүрген колхозшылар шөп науқанын аяқтап үлгермей- ақ астық бастыруға кірісіп кеткен. Соғыстағы азаматтардың бірсыпырасынан қара қағаз келіп, қара жамылған әйелдердің саны күн өткен сайын көбейе берді. Жылай-жылай көзі қызара домбыққан әйелдер бәрібір қаздай тізіліп қырманға кетіп бара жатар еді. Осындай бір қыркүйектің мамыражай әдемі шағында, қайғы мен мұңнан жер қайысқан күннің бірінде наубайханаға Сақыш келді. Бұрынғыдай емес, жүдеген, үнемі қызыл шырайланып тұратын беті тотыққан. Ұшқынданып, күн түскен айнадай жарқырайтын жанары шүңірейген, ұясына кіріп кеткен. Әлденеден көңілсіз, әлденеден шайлыққан.

– амансың ба, алма, – деп босаға тұстағы бос шелекті төңкеріп отыра кетті. – Түу, жарықтық, нанның иісін-ай!

– Өзің қалайсың. Жағдайың жақсы ма?

– Жағдайдың несін сұрайсың, өлмеген соң сүйретіліп жүрген ғой.

Түйеше он екі ай көтеретін болғансың ба, неге босанбайсың,

– деп езуін жымитып қалжыңдады. – Енді кешіксең, баланың әкесі ақан емесіне жұрт күмәндана бастайды.

– Сен де қызықсың, Сақыш. Уақыты келмесе, жұлып тастайын ба. Тезірек босанайын деп, қаттырақ қимылдаймын, болмай жүр.

– Дегенмен мықты екенсің, – деді бетіме тесіле қарап. Содан соң көкейінде іркіліп тұрған айтсам ба, айтпасам ба дегендей сәл толқып отырды. – Бағана қырман басында қаңқу сөз естідім.


– Е, ол қандай сөз, – деп мен әйелдік әуестікпен ентелей түстім.

– Сен көңіліңе алып қалма. Құмырайдың үйіндегі қара қатын тамам қыз-келіншектерді жинап алып, аузын ашып, көзін жұмып өсекті соғып отыр. Оралдағы күйеуінен келген хатты самбырлап оқып берді. Жағдайлары нашар екен. Ит қорлығын көрсететін көрінеді. Бура трудабойдан қашамын деп, сотталып кете жаздапты. Әйтеуір, Құмырай араласып жүріп әрең алып қалған екен. ал ақан... өз-өзіңе берік бол, алма,

– деп мойнымнан құшақтады.

ақанымыз... Украинадан келген бір қызға үйленіп алыпты дейді...

мен ішек-сілем қатып күлдім. Күлкім келмесе де қасақана сайқымазаққа сала сықылықтадым. Әрине, қанша иланбасам да жүрегім аунап түскендей еді. Жо-жоқ, әйелдік қызғаныш оты тұтанбаған, тіпті, солай болғанның өзінде, ризамын ғой ақаныма, түймедей нәрсені түйедей етіп ел-жұртқа дабырлаған Құмырай мен қатынына ызам келді.

– Немене, жынданып кеттің бе? – деді көзі бақырайған Сақыш.

– мүмкін емес, – дедім сенімді түрде. – мүмкін болған күннің өзінде де ақанды кінәлай алмаймын.

– Сені қайдам, алғаш естігенде менің ішімді қара мысық тырнап алғандай қиналдым.

– ағайындарға таң қаламын, Сақыш. Қан кешіп өлім мен өмірдің екі ортасында жүрсе де өсек айтқанын, өсекке сенгенін қоймайды-ау. Хат ақаннан да келген. мә, оқы, – деп омырауыма жасырған хатты Сақышқа ұсындым. Ол ерні жыбырлап, тез-тез оқып шықты да, шүберектенген жүзі жайнап қоя берді.

– Бәсе, ақанжан осындай жігіт еді ғой. Не деген бақытты әйел едің, алма. мұндай жүрегіңді елжіретер хат жазған азамат он қатын алса да айналмайсың ба. Уһ, көңілім енді ғана көншіді ғой, – деп орнынан тұрды. арманымның жалғасын сен жалғашы, құрбым. – Көзіне мөлтілдеп келіп қалған жасты көрсетпейін дегендей, жалт бұрылып шыға жөнелді. Иә, өмірде осындай да әйелдер болған. Сондықтан да біз жеңдік қой.

Иә, жауды жеңдік... Бірақ өз ішіміздегі өгей мінезді, өсек- аяңды жеңе алмадық. Бар болса көре алмайтын, жоқ болса бере алмайтын ағайынның азабы мені де тек қалдырған емес. Қайсыбірін айтып тауысайын. «ақан орысқа үйленіп


алыпты» деген алыпқашты сөз қаншама сағымды сындырып, жігерімді құм қылғанымен, мен домалақ басты пендемін ғой, қашан анық-қанығына жеткенше жүрегімнің бір бұрышында беріштене қатып, ауық-ауық сыздақтатып, жанымды жегідей жейтін. «Егер рас болса ше» деген суық ой санамда итше үріп, саңқылдап тұрып алғаны. Бұрынғыдай емес, ел көзіне көп көрінбей, өз-өзімнен тұйық тартып, елең-алаңнан тұрамын, түн ортасында қайтамын. менің өміріме кірген осынау өзгеше өзгерісті ата-енем де сезеді білем, тағдырдың тезінен өткен көне көздер ғой, аяйды, аяған сайын құрақ ұшып аялай түседі. «Қойнына бай тоқтамайтын қаралы қатын» деген қаңқу сөзден енді құтылдым-ау, ұмыттым-ау деген кезде! «Е, сайдың тасындай жап-жас ақан, кәрі сіңірді не қылсын, жас қызға үйленіп дұрыс істеген», – деп айызы қанғандар табылды. Бір күні жұмыстан шаршап, салым суға кете үйге қайтқанымда, алдымнан қараң қағып атам шықты. Жарықтық, жақсы адам еді ғой, мені ойлап елегізеді білем.

– ата-ау, неғып жүрсіз қараңғыда? – дедім іштей риза болып.

– Әлгі кемпір, келін, кешікті ғой, алдынан шықшы, – деп түрткілеп қоймағаны.

– Күнде осы уақытта қайтып жүрмін ғой, ата. Несіне әуре болдыңыз.

– Білем, келінжан... білемін. Саған қиын тиіп жүр. Жұмысың ауыр. Қазақтың ең тыныш отырғаны бір кебісті бір кебіске тығып отырады, ел не демейді, сенбе... ақан ақылсыз жігіт емес. рас болған күннің өзінде де бұл шаңырақтың табалдырығын аттатпаймыз.Бізге сен керексің, жарығым. Қартайған шағымда қасіретіңді көрмесем деп едім.

– рақмет, ата. Өсектен өртенер болсам, ендігі күлім де қалмас еді. маған керегі азаматтың амандығы.

атамның сөзі дем берді, отыра қалып ақанға хат жаздым. Бірақ, «Сен туралы осындай өсек бар, рас па?» – деп сұраған жоқпын.

Ертеңінде ақтайлақтан қаралы қағаз келді. ауылдық сәбеттің хатшысы көшеде ойнап жүрген бір балаға апарып бер деген екен, ол қағазда не жазылғанын оқымастан апамның қолына ұстата салған... ал енем болса үлкен қызымыз Шолпанды шақырып:

– Оқышы, мынада не жазылған екен, – дейді. Қаралы қағаз


екенін білген Шолпан ботадай боздап, еңіреп қоя береді. Содан не керек, у да шу. айман деген екінші қызым наубайханада жүрген маған келді: – ақтайлақ ағам өліп қалыпты, – деді ентіге дем алып. – апамдар жылап жатыр.

ақтайлақ ақаннан екі жас үлкендігі болса да, үйленбеген, соғыс басталысымен-ақ алғашқылардың бірі болып майданға аттанған, орта бойлы, ат жақты жігіт еді. мен бұл шаңырақтың табалдырығын аттаған күннен бастап, ылғи да жылқы бағып, жаз жайлауда, қыс тебінде жүрді де, анда-санда кір-қоңын жудыруға ауылға түскенде ғана көретінмін. Тіпті, екеуміз бір-біріміздің бетімізге анықтап қарап тілдескен жан емеспіз. алғаш ахмет өлгенде мені оған емес, ақанға қаратқанына ел- жұрт таң қалатын. ал кезек ақтайлақтыкі еді ғой... Енді міне, түтінін де түтете алмай шейіт болды; бір кіндік кесілді,бір ұрпақ үзілді. атам ауыл ақсақалдарына шай беріп, сыртынан жаназасын шығарды да, кісі бойындай ағашты арулап көмді.

Үйімізге келген алғашқы қайғыны ақанға жазған жоқпын, жүрегін жаралағым келмеді. мені қайран қалдырған, ауыл сәбеттің хатшысы маржанның қылығы еді. алыстағы азаматтың қазасын естірту рәсімін сақтамай, қаралы қағазды ойын баласынан бере салғаны жаныма батты. Бұл қысастықты тағы да Нартайдан көрдім, өйткені кеңес болып жүрген маржан колхоз бастықтың келіні еді. «мұның не, маржан, аруақтан ұялсаң етті», – дегенімде: «Көдедей көп еркектің бірі өлді деп, жоқтау айтайық па. Әлі үш қайның бар. ақан өлсе де байсыз қалмайсың», – дегені. Шашынан ала түспекке оқталдым да, ақылға жеңдірдім. Қол көтерсем болды, сыныққа сылтау іздеп жүрген Нартайдың тұқымы айдатып жіберуі сөзсіз еді. Шыдадым, амал жоқ, шыдадым... Енді ойлаймын, егер сабырдың түбі сары алтын деген сөз рас болса, онда мен бүгінде алтыннан сарай орнатар едім. Олай емес екен... Ұрғызып- ұрғызып саймен жүргенше, ұрып-ұрып қырмен жүргенге не жетсін. Осы оқиғадан кейін не болса да «жауыммен» алысып өлуге бел байладым.

Ел-жұртқа шай беріп, қазаның қамымен бір күн жұмысқа шықпай қалып едім, ертеңінде кеңсеге шақырды. Басқарма мүшелерінің төрт көзі түгелдей жиналған. Барлығы өрт сөндіріп келгендей түнеріңкі «тағы не естіртеді» дегендей зәрем ұша босағада тұрып қалдым. Нартайдың алдында қақ бөлінген нан жатыр.


– мыналарың не? – деді нанның арасынан шоқпыт суырып.

– Ұнның ішіне шүберек салып илеп, пісіргендегі мақсатың не? Нанның салмағы ауырласын дегенің бе, жоқ болмаса колхозшылар қақалып өлсін дегенің бе? Бұл – қастандық. Жауапқа тартыласың!



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.