Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





ББК 84 Қаз 7-44 21 страница



Келініне күбірлеп дем салып, шашынан сипаған кемпірдің де жанары шыланып еді.

аюдың ішін жарып, өтін алған Ерік жонарқасына тығыз біткен майын да далаға тастағысы келмеді. Сан етінен де кесіп алып, тұздап, самырсынның бұтағына ілді. Бұдан соң қалған мүшелерін қонжыққа қоса сүйреп ағаш арасына апарды да, жер қазып көмді. Осы қарекетті бейне соғым сойғандай аса бір ықыласты ниет өте пысықтықпен атқарған соң, қолының қанын


жуып, үсті-басын тазалады. Қандай іс болмасын тиянақты істейтін Ерікке ерген адам ешқашанда ерігіп, жұмыссыз қалмайтұғын. Нанын жеп, жалықпай жасар еңбектің игілігін көріп, өзінше рақат дәнін де тастап көрген жоқ. Әйтеуір, бір ұшы-қиыры жоқ, көзің жұмылғанша таусылмас шаруаның қойторысына міндің екен, өзің секіріп түсіп қалмасаң... мөңкіп жығып кетпесі тағы хақ. Ерік ең әуелі өз тірлігінің, өз мақсатының (егер мақсат десек) құлы еді. Дүниедегі ең азап та сол – біздіңше, өзіңді-өзің құл ретінде пайдалану. ал оның қаншалықты пайдалы іс екенін сана сарабына салмаудан озған жетесіздік жоғы және рас. менің кейіпкерім өзін ешқашанда

«қателестім» деп есептеген емес және «осының қате емес пе» деген адаммен тап жауындай алысады. алайда айнала шашырай қоныстаған біраз көршілестерімен тек осы пиғылдың атбайларына келгенде айырылысты, көрместей болып кетісіп тынды. Бұған батыра айтатын, бетіне баса айтатын шешесі ғана еді, соңғы кезде ол кісінің гөй-гөй ақылын да қаша тыңдайтын құлаққашты мінезге мінген. Үйге көп аялдамай, нендей де амал тауып, көбінесе түзде жүретіні де сондықтан ба екен... Бойда қуаты мол, тірі жанға жалынышты емес, ісі түспейтін емін-еркін жігіт әрқашан да өзімшіл келеді ғой. Соңғы он бес жылдың жүзінде көпшілік, ел-жұрт дегенді білмей, саяқ кеткен Ерік желді күнгі қара қарғадай шулаған топырлақтардың топтап баққан қойдан айырмасы шамалы, әрі біреу бақпаса, айғайлап қайырмаса, бет-бетімен ит-құсқа таланып кетер берекесіздерге балап мойындаған емес. Өзін қыран құсша сезінетін. ал қырандар әмісе жалғыз. Өзін алтайдың аюына теңейтін. Ол да топтанып жайылмайды. Тіпті табиғатта мықты нәрсенің бәр-бәрі жалғыз-жалғыздан... Жалғыздық – күштілік! амал не, адамдардың әмісе бақыты, әрі соры да сол... сол... сол... – күш ертең алдында не күтіп тұрғандығын білмей білімситіні еді...

менің кейіпкерімнің алабөтен әдеті бар еді. Қабағат жұмыстан қатты шаршаған сәтте, шалқасынан түсіп, екі аяғын шалжайта жатып дем алатын. Бұл шақта оны трактормен сүйреп тұрғыза алмайсың әрі маңына жолап мазасын алған адам үшін аса қауіпті де, қауып жіберуі мүмкін. Әуелі аспанға, не төбеге телмірген күйі үнсіз жататын да, біраздан соң жанары жабылып, шүр ете түсер еді. Қандай себептен қырынан, жоқ болмаса етпетінен емес, шалқасынан жату сырын тірі жан, тіпті өзі де


білмейді. Қазір де үйге барса, тыныштық бермейтін болған соң, қойма сарайға кіріп, «қонағына» арнаған нарға ұзынынан сұлай жатты. Тақтай төбеге тесілді. Ең әуелі ойына Таған оралған. «Шалмен ауыз жаласайын деген екен, араларына от жақпаса болмас... бірігіп алып, өзіме шабуыл жасары ғажап емес, олардан күтуге болады. Коллектив құрып, құқай көрсетпесіне кім кепіл, сол итті бекер, бекер-ақ ертіп келген екенмін... Онсыз да өзімнен артылар қабағат жұмыс жоқ еді ғой. Шешем де, байқаймын, әйелім де сол сорлының ыңғайында секілді. Өп- өтірік жаны ашығансиды... Сенбеймін... Біреуге біреудің шын жаны ашырына иланбаймын. Көлгірсиді. Жақсы атанғысы келеді. Жо-жоқ, ондай өлі мен тірінің ортасында аяққа оралғы боп жүретіндерді өлтіріп тастау керек. Құдай-ау, әлжуаздан құтылу, көзін құрту, сөйтіп, тазару – табиғаттың барлық жан- жануар, орман-тоғайына тән емес пе. Шіріген ағашты да жел соғып құлатып кетпей ме, қойдың да ақсағын қасқыр жемей ме? Ендеше, осы жаратылыстың заңдылығын адамзат неге мойындамайды, неге қолданбайды? БІЗДЕрден өткен эгоист жоқ жарық дүниеде; маған салса... анау алжыған шалды алқаш Тағанға қосақтап байлап, Қатын суына ағызып жіберер едім... Иә, бұл өмірде ағызып жіберетін керексіз адамдар көп, тым көп... Көп болған соң да білінбей ме? Осы «көп» деген сөзден қорқатыным-ай... Бәлкім, өмір дегеніміздің өзі – көп пен ЖалғыЗДыҚТыҢ мәңгі бітіспес майданы шығар...» Есінеді. Көзіне ұйқы тығылды. маужырады. Ойы үзіліп-үзіліп, басы бірікпей ірімтіктене бастады. «Құрысыншы бәрі. Денім сау болса, көрсетермін әлі... НЕГЕ БІЗ ОСы? Сайтан алғыр, Тағанның былшылы қайдан түсті есіме, құрысыншы бәрі»... Ұйықтап кетті.

Ол ойлағандай, дүниенің бәрі құрыған, тіршілік қуарған, су суалған жоқ еді. Өмір өз бетінше, жекелеген адамдардың өкпе-наз, нала-мұңымен санаспай-ақ, ағысын ағыл-тегіл жалғастырды-ай! Өмір өзекті жанға бір өлім екенін қанша рет дәлелдесе де, осы пәлсәпаның мәнін түсіне тұрып, өр серпитіндерді мазақ еткісі келгендей қасақана дамитын, өсіп- өркендейтін, барған сайын аласапыран қызығын, алдамшы қызылын алға тартып, үміт жібімен байлап-матап, дуалап, тастар еді. Өмір – ол да бір апиын іспетті еркіңнен айырып, есірік күй кештіретін. Табиғаттың ең ақылды да саналы түлегі


болып есептелетін аДам, ең бір аңқау да ақымағы еді. БІЗДІҢ ақымақтығымызды жаратқанның басқа-басқа мүшелері – жанды, жансыз күн-күн, жыл-жыл, ғасыр-ғасыр сайын көзге шұқып көрсетіп жатса да, жанкешті айқас пен айға шабар арынымыздан арылған емеспіз. Түп атамыз Түркіден бермен түсінде, үнін де өзгертпей, мәңгіліктің қыл қобызы секілді алтайды күйге бөлеген Қатын өзені-ақ БІЗДІҢ бейшара тірлігіміздің мазақшысы емес пе. Енді... енді сол қаһарлы Қатынға қыл бұрау түсіп, дәл бауыздауынан бөгеп ГрЭС салмақ. Бұл хабардан осы өңірдің өр кеудесін жайлаған қазақ- тар хабарсыз еді. Өйткені, жоспаршылар жойқын құрылыс саларда, жергілікті халықпен ешқашан санасқан, ақылдасып, кеңескен емес. Есептемейді де, есептесе есептен жаңылады. алтайдың қос бұрымы бар десек, бірі мынау Қатын суы болса, екіншісі Бұқтырма болатын. Сол жарықтық Бұқтырманы бұрқытып бөгерде де сөйткен, тұрғылықты жұртшылықтан рұқсат сұраған емес, ал енді сол бөгесіннен пайда болған жасанды теңіздің астында не қалмады: атамекен, бабалардың бейіті, екі ауданның егістік жері қалды. Тәңірім-ау, толайым тарихымыз су астында қалды! Кәне осы сорақылықтан дүниенің қылшығы қисайғаны?! Әне, Қатынға да қауіп төнді. асыл Қатын бұғауланбақ.

Шалдың үйінен ертелетіп шығып, өзеңді жағалаған Тағанға мұндай ой келді ме, келмеді ме, білмеймін, әйтеуір, табиғаттың қазіргі сұлулығын қызықтай құлдаған-ды. Газет оқып, радио тыңдамағалы не заман... Жүз жыл өтіп кеткендей-ау. Жан тыныштығы үшін оқымаудан озған ештеңе жоқ. Жүйкең жіңішкермейді еш нәрсені ойлап алаңдамайсың, төрткүл дүниеде болып жатқанынан бейхабар даланың аңындай далбаса күй кешесің. Бәлкім, мұның өзі – Ерік секілді еркін өмір сүрудің таптырмас тәсілі шығар. Әсіресе, денсаулыққа пайдалы ма деп қалды...

Әлі есінде, алтай тарихына қатысты, яғни онда мекендеген уранхайлықтар туралы бір кітапты оқып отырып, көзі қарауытып басы айналып кеткені. Қан қысымы көтерілді ме, неге екені белгісіз көпке дейін ес-ақылын жия алмады. «В 1862 году десять семейств уйманских раскольников (река  Уйман

– один из двух истоков – реки Катунь. Долина ее издавна заселена была раскольниками) вышли в Улукемскую  степь


и обосновались на р. Урон...» деген сөйлемдерден солтүстік алтайдың, яғни россия құрамындағы алтайдың тарихын танығандай болған. ары қарай құмарта оқып келе жатып: «В дело русской колонизации Криссанского края, роль искали

«Беловодья» имели выдающееся значение» деген тұсқа кел- генде, өз ауданындағы ақсу – Беловодья аталар ауыл есіне түскен. Сол жерді қоныстанған кержақтар тарихын танып, түп-төркініне үңілгендей болған. ал енді «Вся история россии представляет из себя картину постепенного продвижения славянского племени на восток и ассимиляции им менее культурных народностей...»дегенін қалай түсінуге болады? Совет өкіметі орнаған тұста жазылған, басылған бұл кітаптың әр ұлттың өз ерекшелігі мен тілін,ділін, генетикасын сақтау керекке саятын лениндік методологияға қайшы емес пе? Оны былай қойғанда, «Земля тому – кто ее отрабатываеттың» кері емес пе. Ой айтудағы концептуальдық қателік әрқашанда ұлт наразылығын тудырарын ескере бермеуіміз, әлбетте, өз нәтижесін, қайғылы нәтижесін бермей қоймайды. міне, Тағанның қан қысымын көтерген де осынау тұжырымдар еді. Ендеше, тарихты терең білген сайын, денсаулықтан айырыласың...

Иә, Таған екінші рет жазған ғылыми жұмысына «алтайды мекендеген ұлттардың тарихын» тақырып етіп алғанына және өкінген. Өкініші сол – мұны «ұлтшылсың» деген жалғыз сөзбен басқа ұрып қызыл табан қылып қаңғыртып жіберген. Таған болса... «мен ұлтшыл емеспін, ұлтжандымын, екі ұғымның арасы жер мен көктей» деп шырылдап бармаған жері, ашпаған есігі жоқ. Бір күні КГБ-ның жігіттері шақырып алып, қысып- қысып жіберген соң ғана, байырқалап, аш құлақтан тыныш құлақ, басы ауған жаққа безіп еді... Өлердей ішіп еді... таз кепешін қайта киіп еді.

«Қызық, өткен өмірімнің барлығы біртіндеп орала бас- тағаны қалай» деп таңданды Таған. Қолындағы балқарағай жаңғағының қабығын аршып, дәнін суырып шағып, аузы тыным таппағанмен, ойы баяғысын баяндайды.

ағалар-ау, мен осы диссертациямдағы мысалдардың бірде-біреуін өз жанымнан шығарғаным жоқ, түгелдей орыс ғалымдарының еңбектері ішінен «история русской коло- низационного движения» деген сөйлем алсам, ол да сол


қалпында орысша текстен көшірілген және менің айтып отырғаным – Советтік емес, патшалық россияның саясаты ғой».

«Өйтіп көлгірсіме. Өз бидайын өздеріне қуырып бергің келеді ғой. Не айтпақ екеніңді білеміз. Тапқан екенсің ақы- мақты», − деп зекіді.

«Ұлт мәселесі жөніндегі лениннің еңбектерін қайда қоямыз?»

«лениннің айтқандарының барлығы бірдей заман талабына сай келе бермейді» деген сөзді өзі құдайдай табынып жүрген, ғұлама тарихшыға балап жүрген ағасының аузынан естігенде, талып қала жаздаған... Дүние біткен екен деп ойлады... Сол күні «русская водканың» бір шөлмегін бір өзі ішіп алып, партия мектебінің маңдайына ілінген Брежневтің дәу суретіне жабыса ұйықтап қалыпты... Он бес күн жатып шықты... Он бес күн арақтан аузы босап дем алып шықты... мас болғаны үшін емес, әрине, ұлы қайраткердің суретінің дәл түбіне құсып қойып, «саяси хулигандық» жасағаны үшін. «мен үлкен кісіні жақсы көргендіктен, құша сүйіп түбіне түнеп шығып едім» деп жалтармаса, сотталып кетуі ғажап емес еді.

Сыртылдатып балқарағай шағып келе жатқан Таған өз-өзінен жымиып күлді. «Сол бір емес-ау, екі рет жазған диссертациям қайда қалды екен?» Есіне түсіре алмады. Енді керексіз деп ұйғарды. Тазарған өмірінің ендігі мақсатын айқындау керек, тек тезек теріп кетсе де, ғылыми жұмыспен айналыспайды. Ол алғаш рет: «Шалдың мемлекетіне кіріп, екі баласына білім берсем қайтеді?» деп ойлады да, оқыс шешіміне мәре-сәре қуанды.

рас, Шалдың «мемлекетіне» подданство алу керек...

Тихой өзеншесін белуардан кешіп өте шыққанда, алдынан аламойнақ көлденеңдей еркелеп қарсы алды. Үй жақ жым- жырт. Әншейінде көйлегі көлеңдеп есік алдында тыным таппай жүретін айнаның да төбесі көрінбейді. Осын-о-а-ау қазақтың ит өлген жер деп алыссынатын алтайдың ұры қойнауын мекендеген жалғыз үйдің бар тіршілігін үрлеп жағып отырған айна екеніне Тағанның көзі жетіп, көңілі сене түсті. Қазір сол осы өңірге өң беріп жүретін әйел көрінбеген соң, маңайдың барлығы жансызданып, иесінен айырылған иен үйдей тым- тырыс, өлі күй кешкендей тым жүдеу, тым сұрықсыз да сұсты.


Жетімсіреген. Ошақ оты сөнген. ылғи есік алдында буы бұрқырап, екі иінінен будақ-будақ дем алатын самаурын да жоқ, әне, төрт тұяғы аспанға қарап, қазық басында төңкерулі тұр. аламойнақ қанша ырбаңдаса да, адамсыз өмірдің ажарын аша алмады. «апыр-ай, айна ауырып қалған жоқ па екен...» деп ойлады Таған. Жүрісін шапшаңдата түсті.

асығып-үсігіп үйге кіргенде, енесінің төсіне басын қойып, бір қырындай, тар төсекте таласқандай болып жатқан айнаны көріп, көңілі орнына түсті.

− Тү-үу, зәрем қалмады ғой. Есік алды жым-жырт...

Есенсіздер ме?

− Шайды өздерің қойып ішпесеңдер, келіннің шамасы жоқ, шошынып ауырып жатыр,− деді қабағы салыңқы Нүрке кемпір.

− Неден?!

− Оны досыңнан сұра. Әй, еркектер-ай, есер қылықтарың ғой әйел затын зәтте қылатын.

Бұдан әрі делдиіп тұра берудің ешбір реті жоғын сезген Таған ептеп басып шығып кетті. Нүрке кемпірдің де таңғы оразасын ашпағанын білді. Тоңқайып тұрған самаурынды алып, су құйды. Жерошаққа от жақты. Осы шақта оның көзіне қашада жаюлы тұрған аюдың терісі шалынды. Әуестікпен ұстап, әсіресе, екі қонжықтың терісіне жаны аши қараған.

«Дегеніне жеткен екен,− деп ойлады.− Өлтіріп тыныпты».

Өзінің үйреншікті сарайына салдыр-гүлдір кіргенде, нардың үстінде шалқасынан кәперсіз жатқан Ерік атып тұрды. Оқыс оянған ол тыныштығын бұзған Тағанға жауыға қарады.

− Қайда жүрсің? – деді өгей баласына ұрысқан әкедей зекіп.

− аңшы Шалға барып қайттым.

− Өзім де сезіп едім. ақыры су ішкен құдыққа түкірген екенсің ғой.

− Түсінбедім...

− Жыланның жусағанын білетін білімің қарапайым нәстені түсінуіңе жетпей қалады екен. Шал – менің ата жауым. ал сен менің дәмімді аттап, сол «жаумен» ауыз жаласасың. Осы есіргенің, осы семіргенің жетер, есің барда еліңді тап.

− Бұл бопсаңа тағы да түсінбедім. Қыс жақындағанда, тамаққа ортақ қылмай, ұядан айдап шығатын еркек ара болғаным ба?


− Бұл – бопса емес. Бұйрық. Қар жаумай тұрып қайқай.

− мен үшін қиын шаруа емес, соңғы бұйрығың орындалады,

− деп есікті сарт жауып шығып кетті.

− Қайта ашар есігіңді қатты жаппа! − деп соңынан айқай- лады Ерік. – Жаман айғырға жал бітейін деген екен. Көзіне көк шыбын үймелетермін әлі. Бәлем тоқтай тұр. – Ендігі жатыстың мазасы болмасын сезіп, өзі де тысқа шықты. Омартасын аралады. аралар күннің қызуын күтіп әлі де тым-тырыс жатыр еді. Ұяның қақпағын ашып, раманың бірін суырып балын тексерді. Балауызданған раманың өн бойына жабысқан аралар жыбыр-жыбыр қыбырлап, уақсыз уақта тыныштығын бұзған адамға лағнет айтқандай. «Енді бір аптадан соң балын шайқау керек екен», − деп ойлады Ерік.

Біздің кейіпкеріміздің көп замандастарында бола бермей- тін қасиеті дейміз бе, ерекшелігі дейміз бе, әйтеуір, өз жұлын- жүйкесін жұқартпас тағы да бір тамаша ғадеті бар еді. Қанша тұлан-тұтып ашуланып кетіссе де, миын шаршатпайтын. Болған дүрдараздықты пышақ кескендей тез ұмытып, басын ауыртып тереңдеп ойламайтын. Еш нәрсе болмағандай, мүлдем басқа- басқа нәрсенің қамына көшіп, өзегін күйдірген уайымды өзге дүниемен ауыстыра салатын.

міне, қазір де, ара деп аталар бағып-қағу арқылы байып отырған «малының» қамын күйттеуге кірісті. Санасында – тек ара. Сыртқы болмыстың бүкіл тыныс-қимылын тұла бойымен сезетін аралардың ала жаздай арпалысқан шаруасының шалғайы жинақталып қалғанға ұқсайды. Еркек аралардан кәдір, расында да, кеткен секілді, бүрсиіп-бүрсиіп босағада жабысып отыр; кейбірі өлген, кейбірі тырмысып ұяның ішіне кірмек болады да, ар жағынан теперіш көреді білем, сүйретіліп кері шығады. «Еркек жазғанның көрер күні осы,

− деп ойлады Ерік, − тіршілікті жалғастырушы ұлы күш бола тұра, құрбандыққа шалынасың немесе қадіріңнен айырылып керексіз болып қалмақсың. Қарашы енді... әлгі Таған сұмпайы айтпақшы, қыстай тамаққа ортақтасады деп, тепкілеп шығарып тастағанын. Енді біраз күнде үсіп қатып өледі де, жел айдап ұшырып әкетеді бұл бейшараларды. Иә, еркек ара... обал-ақ... Өзім де жетісіп жүргем жоқ».

Қаз-қатар тізілген ағаш жәшіктерді әлдекім ұрлап әкет- педі ме дегендей, қақпағын ашып түгендеп шықты да, кері


оралды. Үйге кіруге зауқы болмады. аспанға қарап еді, қошқыл бұлт батыста жатыр екен. Шығыс жақ көкжиек ашық, көп ұзамай шығар күннің шапағы байқалады. Таңғы шық тұтасқан күйінде жатыр. Жүрегі сазып, өз-өзінен жүдеу тартты. алғаш рет жалғызсырағандай болды. Жіңішке сағынышпен ауылдағы көңілдесі Бекзатты көкседі. Әсіресе, асап қоярдай қомағай- лана өліп-өшіп аймалайтын қылығы мен мезі қылмас төсек ләззатының рақатын аңсады-ай... Осы өмірдің қожасы өзі бола тұра, жалғыз артық адам өзі секілді ыңғайсыз күйден жеріді ме, қашада жаюлы тұрған кірекей мен қонжықтың терісін керіңкіреп жайып, баяғы бір үйреншікті жолына – жасырын махаббат соқпағына түсіп, Қатын суын жағалай құлдаған. ақ боз атқа мінген көк көйлекті Қызбен бейне бір уағдаласып қойғандай-ақ, дәметкіш көңілдің жетегінде кеткен. Жалпақ жаһандағы жалғыз көз қуанышы, жапа шеккен, жалыққан жанының қалтасында қалған ендігі жұбанышы да осы – сол еді...

Таған Қатын өзенінің жиегінде бүктетіле аққан толқынға қарап ойланып отыр. Оның да шұрық-шұрық тесілген көңілі көлеңкеленіп, енді-енді ғана қарақотырлана бастаған жарасы қайта сыздап, уайымның уысында тыпыршығандай сүліңкі хәлде. адамның жаны – сірне. Тағдыр табанына салып, уақыт- тың оты қанша шыжғырғанмен, майын ерітіп тауыса алмайды екен. адамның жаны топырақтағы өсімдіктің дәні іспетті, қанша рет тілгіле, айғыздап жырт; бетін өрт шалып, көк сіреу мұз бассын – айналайын күннің сәулесі бойына жылу таратып, аспаннан таңдайына тамшы тамып, тыныштықтың заманы туа қалғанда, тереңде қалған дән қайта қаулап, желпілдеп көк шығады. Тек дән өлмесін, дән аман болсын, жоғалмасын. Ендеше, Таған тауқымет тасын жарып, қайта көктер дәнге шүкіршілік айтып, дәнекер күтер еді... Дегенмен, жасына жетпей жасық тартуынан ғана күдіктенеді. Табиғат сыйға тартқан талантын таптатып алғаны да, күрескерлік рухының әлсіздігінен емес пе еді... мұртынан айырылған ара іспетті күн кешіп жүрген сандалбай шағы артта қалып, азапты күндерден арылдым-ақ деген сәтінде Еріктің есігін торып күй кешу, әрине, азаматтың намысын найзалады-ақ, амал не, ат құйрығын кесісіп ауылға – Үлкен Жерге аттанып кетуге тәуекелі жетпеген. Тәуекелі – бұл үйден алыс кетуге жеткенімен, бұл өмірмен


өкпелесуге жетпеген. Қиналса да қимады. Неге? Не үшін? Өзі де саналай алмады. Бәлкім... көзінде үнемі бір мұң жасырынып жататын айнаны қимайтын шығар. Ол – күнә. Оның аюдай ақырған күйеуі бар. Олай болса, махаббат атты әркімнің илеуіне көне берер көне де мәңгі сезімді желеу етіп, адамгершіліктен шығандауға болмайды ғой... Ол тектілік емес, әрқашанда себеп-салдары сай тұрар тентектік қана. Тіпті айна үшін қыздай қосылған қосағынан айырылу – ақырзаман орнағандай ақирет екені де әлемге аян. Ерік – айнаның ақтық махаббаты, күйеуі емес... Тек қойным құр жатпасын дер күйге ғана баласа, осына тағы таудың қойнауында байласаң тұрмасы тағы да аян. Не істеу керек сонда? аңшы шалдың посольствосына барып, сол мемлекеттің азаматтығын қабылдау... Осы ойды тұжырымдаған Таған, дегенмен, әлі де екі-үш күн, егер Ерік басы-көзге сабалап, бағанағыдай абалап қуаламаса, алғашқы қар түскенше, аялдай тұруға тиянақтатты ойын.

Күн шықты. Қызусыз. Еш нәрсе өзгерте алған жоқ. Тұмса өмірдің туырлығы тұтас күйінде. Суықсыраған денесі енді қайтып – келер көктемге дейін мазаламасын сезгендей, салқын сазарады. Сары ала күзден сән кетіп, әшекейі мен айшығы біртіндеп оңып, өзенді қуалай өскен тал-қайыңның жапырағы ақырғы әнін айтып қалғысы келгендей, сумақылау желдің өтінде дәрменсіз дірілдейді. «ағаш жапырағы азайып қалған екен-ау»деп ойлады Таған. Біртіндеп мінтеліп, тоналып бара жатқан табиғат көркі адам сезімін де ойлы жадаулыққа жетелер еді... Өз-өзінен сезіктеніп артына жалт қараған Таған күйеуінің шолақ қара тонын жамылып, үнсіз тұрған айнаны көрді. Әншейінде мәңгілікке ұялғандай, бүкіл жер бетіндегі әйел атаулы үшін жалғыз өзі ұялғандай қызарып тұрар бетінің ұшынан қан қашқан, жұқалаң ерні де көгіс тартқан, тікесінен тұр демесең, әлдеқашан өліп қалғандай – көзге жат, көңілге салқын. Құлындай құлпырып жүретін ай сипатты келіншек айналдырған аз уақытта бар ажарынан айырылып, күзгі ормандай қуаң да сидам тартуы жымысқылана тақап қалған елестей, үндемей тиісер үрейдей... алтайдың қырмызы гүлін- дей көздің жауын алар сұлулық су сорған салынды дерсің... жалғыз-ақ күнде солған, үнемі жанып тұрар тостағандай көзі- нің аясы одан ары ауқымдана бақырайып тұнжырағаны бол- маса, нұры сөнген. Орашолақ мүсінші асығыс оя салғандай,



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.