Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





II.Әдебиеттерге шолу



II.Әдебиеттерге шолу

Гиподерматоз – бөгелек балаңқұрттары тудыратын, жалпы организмнің улануымен, малдың азып-тозуымен және оқыра орналасқан терінің қабынып, өзгеруімен сипатталатын ірі қара малының созылмалы ауруы. Қоздырғышы ірі қараның тері астын мекендейтін Hypoderma туысына жататын бөгелектер.

Гиподерматозбен негізінен ірі қара мал (оның ішінде қодас, өркешті бұқалар, буйволдар) ауырады. Паразит жылқыларға да жұғып, сирек жағдайда ауру қоздыра алады.

Бөгелек – қос қанаттылар отрядына жататын жоғары сатыда дамыған жәндіктер. Олардың бір жұп қанаты болады, жақсы ұшады. Қанатында ұзынынан және көлденең орналасқан жүйкелері бар, басы жақсы қозғалады. Ересек бөгелектің ұзындығы 8 – 20 мм. Түсі сарғыш қоңыр, сарғыш бурыл болып келеді. Ересек бөгелек өз бетінше қоректенбейді, олар дернәсіл сатысында жинаған қорек қорын пайдаланып, жануарлардың терісіне немесе ауыз айналасына жұмыртқа салады. Дернәсілдері үш даму сатысынан өтеді, пішіні құрт тәріздес. Сүтқоректілердің терісі мен ішкі органдарында тіршілік етеді. Бөгелектің 100-ге жуық түрлері дүние жүзінің барлық жерінде таралған. Олардың ішінде тері бөгелегі (Нypodermatіdae) және американдық бөгелек (Сaterebrіdae) тұяқты жануарлар мен кемірушілердің терісінде, қарын бөгелегі (Gasterophіlіdae) жылқының ас қорыту жүйесінде, танау-жұтқыншақ бөгелегі (Oestrіdae) тұяқты және ет тұмсықты жануарлардың кеңсірігі мен жұтқыншағында тіршілік етеді. Қазақстанда көп таралған түрлері – қой мен ешкінің, сиырдың терісінде болатын бөгелектер (оқыра) мен жылқының қарын бөгелегі. Бөгелектер тудыратын аурулар мал шаруашылығына үлкен зиян келтіреді. Мал арықтайды, олардың терісі жарамсыз болады. Сиырдың сүті азаяды. Бөгелектерден мал басын қорғау үшін Қазақстанның оңтүстік аймақтарында 2 рет (жазда, күзде), солтүстікте бір рет (күзде) инсектицидтермен дәрілейді.

Ірі қара малының оқырасын Hypoderma bovis – кәдімгі тері асты бөгелегінің балаңқұрттары және Hypoderma lineatum – оңтүстік тері асты бөгелегі (өңештік) қоздырады.

 Hypoderma bovis бүкіл Қазақстанда, ал Hypoderma lineatum Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймақтарында кездеседі, сондықтан оны оңтүстік бөгелегі деп те атайды.

Hypoderma bovis – бөгелегі имагосының дене тұрқы 13-15мм. Денесі түкті, басындағы түгі сары түсті, күрделі екі көзі мен төбесіндегі нүкте тәрізді 3 қарапайым көздері және екі қысқа мұртшалары бар. Ауыз мүшелері толық жетілмеген. Кеудесінің алдыңғы және артқы жақтары ашық сары түсті, ал ортасы бал арасына ұқсас.

Hypoderma lineatum – дене тұрқы сәл кішірек -11мм. Оның құрсақ жағының алды сары түсті, арты – қызғылт сары түсті, ал қанаттары қоңыр түсті. Кеудесі 3 буылтықтан, ал құрсақ жағы 5 буылтықтан құралған. Оның 3жұп аяқтары, қос қанаты бар. Жетілмеген екінші жұп қанаттары ызылдауық үн шығарады.[1](Сабаншиев 2011).

Табиғи жағдайда жайылымда болған малдардың 3жасқа дейінгілерінің барлығында ауруға шалдығу деңгейі өте жоғары. Күзден қысқа дейін туған бұзауларда гиподерматоз байқалмайды. Аурудың таралуына әдетте шеттен келген ветеринариялық мамандардың қадағалауынсыз әкелінген және жергілікті жердегі ауру мал себеп болады. Негізінен жануарларға жайылымдардан жұғады.

В.А.Поляковтың дерегі бойынша, жылқының гиподерматозы – сирек кездесетін ауру. Кқбінесе бұл ауру ірі қарамен бірге бағылған жылқыларда кездеседі. Ірі қарадағы сияқты, жылқыларда да бөлек-бөлек бұлтықтар пайда болуы мүмкін.

Сонымен қатар, қойда да бұл ауру бөгелектердің ұшу кезеңінде ірі қара мен қойды бірге баққанда кездесуі мүмкін. Бұл инвазияның клиникалық белгісі арық, әлсіз қойларда кездесуі мүмкін.

Гиподерматозбен ауырған малдың сүті, салмағы кемиді. Бөгелек дернәсілі мал терісін тесіп, жарақаттайтындықтан, терісінің сапасы 30-50%-ға дейін төмендейді.

Гиподерматоз балаңқұрттарының өсіп-өнуі. Оқыра бөгелектерінің өсіп-өнуі бір-біріне ұқсас. Олардың ұрғашылары маусым-шілде айларында ұрықтанған соң 1-2 сағаттан кейін ірі қараның шабына, аяқтарына көптеген жұмыртқа салады. H.bovis ызыңдап ұшып жүріп, малдың түгіне жұмыртқаларын желімдеп кетеді, ал H.lineatum ешбір дыбыссыз, жатқан малға жасырын келіп, жұмыртқаларын жабыстырып кетеді.

Бір бөгелектің ұрғашысы 800-ге жуық жұмыртқа салады. Қолайлы жағдайда бөгелек жұмыртқаларынан I сатыдағы балаңқұрттар тұмсығымен теріні тесіп, ет пен терінің арасына өтеді. Сонан соң H.bovis балаңқұрттары ірі қан мен жүйке тамырларын бойлап, малдың жотасына қарай жылжиды. Мал жотасына жеткен соң омыртқа аралық ұлпаға еніп, жұлынның майлы қабатына орын тебеді. Ал, тері астына енген H.lineatum балаңқұрттары өңешке жылжып, өңештің кілегейлі қабатының астына барып орнығады.

Өңеш пен жұлында балаңқұрттар 5-6 айдай мекендейді. Сонан соң, олар ірі қараның жотасы мен бел тұсына қарай жылжып орын ауыстырады. Тері астына жеткен I балаңқұрттың маңына дәнекер ұлпадан қабықша түзіледі. Балаңқұрттардың одан әрі дамуына оттегі керек. Сол себептен де олар теріні тесіп, 1-8 тәуліктен соң түлеп, II сатыдағы балаңқұртқа айналады. Балаңқұрттар тұрған жер ісінеді, жұқарып, тесік пайда болады. Бірнеше тәуліктен соң III сатыдағы балаңқұрттар түзіледі. Бұл сатыдағы балаңқұрттар терідегі тесік арқылы жерге түсіп, 1-2 тәулік ішінде топыраққа еніп, қуыршақ сатысына айналады. Қуыршақтан 20-40 тәулікте бөгелектің ересектері дамып, қанаттары кепкен соң ұша бастайды.

Т.Сайдулдиннің мәліметі бойынша, гиподерматозға төмен деңгейде шалдығу негізінен жабық үлгідегі ірі қара мал кешендерінде тіркелген. Сонымен қатар, гиподерманың мал басын көп қамтуы індетке қарсы арнайы шараларды уақытылы немесе сапасыз жүргізілген, қолданылған препараттың сақталу мен қолдану дозасының ережесін ескермегеннен болады. Ересек бөгелектің жаппай ұшуы желсіз, тынық жылы және ашық күндері малды мазалауымен байқалады. Бұл кезде мал қатты тынышсызданып, құйрығын көтере бас сауғалап, көлеңкелі ағаш немесе суға тығылады. Үлкен тері асты бөгелегі әр қылшыққа біреуден, ал кіші түрі екеу-үшеуден жұмыртқа салады. Жылына 1 генерация ұрпақ береді. Жазы ыстық, құрғақшылық жылдары инвазия жиілігі артады.

Гиподерматоз Қазақстанның барлық аймақтарында кездеседі. Кейбір жеке шаруашылықтар оқыраға қарсы тиісті шараларды жүргізбейді, осының кесірінен келесі жылдары оқыра жаппай таралуы мүмкін. Оқыра бөгелегі өте өсімтал. Бір ұрғашы бөгелек 2-3 аптада 800-ге дейін жұмыртқа шашып, 30-40 малды ауруға шалдықтыра алады.

 

Гиподерматоз ауруының сыртқы белгілері. Ұшып жүрген бөгелектің ызыңынан қорыққан мал тынышсызданып, жөнді жайылмай мазасызданады, қораға, көлеңкелі орманға, орман-су сағалап қашады немесе суға түсіп тұрады. Осының әсерінен мал арықтайды, сауын сиырларының сүті кемиді. Бірақ бөгелектің ұрғашылары малды қуып жүріп немесе олардың жайылымда жатқан жерінде терінің түгіне жұмыртқаларын жапсырып кетеді. 3-7 тәуліктен кейін жұмыртқалардан шыққан балаңқұрттар теріге ену кезеңінде мал қатты ауырсынады.

Терінің шелі ісінеді, балаңқұрттар жұлынға немесе өңешке жеткенде, ал кейін арқа тері астына шыққанда оқыраның клиникалық белгілері айқын білінеді. Жұлынға барған балаңқұрттар шонданай жүйкесін жартылай салдандырады. Сондықтан, жатқан мал орнынан әрең тұрады, жүргенде арт жағы шайқалаңдайды. Ал, өңеші зақымдалып, эзофагитке ұшыраған мал жем-шөпті әрең жұтады, кейде өңеш тығындалып қалуы мүмкін. Аурудың кейінгі сатысында малдың жотасы мен белінде кішірек түйіндер пайда болады. Сонан соң олар үлкейіп, ортасында тесігі бар төмпешікке айналады. Балаңқұрттар өскен сайын төмпешік ішінен жалқаяқ шығып, маңындағы түкті желімдеп тастайды.

Жалқаяқтың әсерінен малдың арқасы жасыл сары түске боялады. Төмпешік қолға қап-қатты, аздап ыстығы бар, басып көргенде мал ауырсынады. Бір малдың арқасында орта есеппен 50-150 балаңқұрттар болуы мүмкін. III сатыдағы балаңқұрттар жерге түскен соң, арқадағы төмпешік бірте-бірте дәнекер ұлпамен бітеліп, жазылып кетеді. Бірақ мұндай терінің сапасы өте төмен болады. Себебі теріні өңдегенде төмпешік тесігін толтырған дәнекер ұлпа тығын тәрізді шығып кетеді.

Гиподерматоз ауруын анықтау әдістері. Қыстың аяғында гиподерматозға шалдыққан малды қарап зерттейді, арқа жотасының екі жағын алақанмен сипап немесе саусақтарымен басып көреді.

Мал жотасының екі жағын, шоқтықтан бастап құйымшаққа дейінгі аумақты сипайды. Мұндайда II немесе III сатыдағы балаңқұрттарды түгел санап шығуға болады. Бір малдан табылған балаңқұрттардың саны инвазияның интенсивтілігі (ИИ) болып табылады. Табындағы ауру мал санының пайыздық көрсеткіші инвазияның экстенсивтілігі (ИЭ) деп көрсетіледі. III сатыдағы балаңқұрттарының түрін ажырату үшін олардың перитремасын зерттеу қажет.

Гиподерматоз ауруының емі, алдын алу, сақтандыру шаралары. Оқыраға қарсы күресті оның балаңқұрттарының I сатысына қарсы бағыттау тиімді. Ол үшін жүйкелік әсер ететін фосфорорганикалық инсектицидтер: гиподермин-хлорофос, амидофос, сульфидофос, гиподермацид және тағы басқалары қолданылады. Қазіргі кезде ивермектиндер – ивомек, ивермек; цидектин, фасковерм және аверсектер де қолданылып жүр. Күзде химиопрофилактиканы бөгелектің ұшу мерзімі аяқталған соң арасына 30 күн салып екі рет өңдеу (егу, бүрку) жүргізіледі. Көктемде малды жайылымға шығарар алдында лажсыз өңдеу жүргізуге болады.

Жаздың ыстық күндерінде ірі қараны оқырадан қорғау үшін, күндіз қорада ұстап, түнде жайған жөн.

Гиподерматоздың алдын алу және жою мақсатында ауру қоздырушысының биологиясын, эпизоотиялық ерекшеліктерін, жергілікті табиғат жағдайын және мал өсіру технологиясын ескере отырып, ветеринариялық-санитариялық және емдеу шараларын кешенді түрле жүргізеді.

Гиподерматозбен күрес шараларын жүргізу ерекшелігі Қазақстанның әр регионында бөгелектің сыртқы ортада даму, ұшу және доғарылу мерзімін ескере отырып орындалады. Сондықтан, гиподерматозбен күрес шаралары негізінен екі жолмен жүргізіледі. I-ші сатыдағы личинка организмге миграциялау кезінде алғашқы химиотерапия, ол күзде бөгелектің ұшу мерзімі аяқталысымен арасына 30 күн салып инсектицидтермен домдау арқылы жүргізіледі. Ал көктемде барлық ірі қараны клиникалық тексеруден өткізу кезінде ауру деп танылған малдарды жоғарыда көрсетілген жүйелі әсер білдіретін инсектицидтермен өңдеу қайталанылады. Жаз айларында бөгелек ұша бастағанда малдың тері жамылғысын инсектицидтердің бірімен ай сайын бүрку арқылы инвазия инсектицидтерін азайту келесі жылғы жайылымда гиподерматоздың таралу деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

 

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.