Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





ық бұзушылық және заңды жауапкершілік.



Құқық бұзушылық және заңды жауапкершілік.

  1. Құқықбұзушылық ұғымы мен түрлері.
  2. Құқыққа сай мінез-құлық.
  3. Құқықбұзушылықтың құрамы.
  4. Заңды жауапкершілік, заңды жауапкершіліктен босатудың мән-жайлары.

 

   Бұрын айтылғандай, құқық субъектілерінің мінез-құлқы (тәртібі) құқыққа сай және құқыққа қарсы болып келеді. Құқыққа сай дегеніміз мінез-құлықтың құқық нормаларының талабына сәйкестігі. Олай дегеніміз, айталық, заңды міндеттер орындалады (мысалы, пәтер иесінің пәтер ақысын төлеу), субъективтік құқықтар пайдаланылады (мысалы азаматтардың мәжіліс депутаттарын сайлауға қатысуы), ал құқықтық тыйым салынуы сақталынады, бұзылмайды (мысалы, ұрлық жасалынбайды). Құқыққа сай мінез-құқық қоғамның мүддесін көздейтін қажеттілік болып табылады.

  Құқыққа қарсы мінез-құлық дегеніміз құқық нормаларымен, оның талаптарына қайшы келетін іс-әрекет (әрекетсіздік). Құқыққа қарсы іс-әрекет жеке адамның немесе қоғамның мүддесіне зиян келтіреді. Міне осылардың барлығы құқықбұзушылық деп аталады. Сөйтіп, құқықбұзушылық дегеніміз қоғамға қауіпті, заң жауапкершілігін тудыратын, деликтоқабілеттілігі бар кінәлі адамның құқыққа қайшы іс-әрекеті (әрекетсіздігі).

    Заң әдебиеттерінде құқықбұзушылықтың мынадай 4 белгілері туралы сөз етіледі:

1). құқыққа қарсылығы

2). кінәлілігі

3). Қоғамдық қауіптілігі

4). Жазаланатындығы.

  Құқықбұзушылықтың ең көп тараған түрлері: қылмыс пен теріс қылық. Қылмыс – бұл қылмыстық заңдарда жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты қоғамдық қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік. Қылмыс ең маңызды қоғамдық қатынастарды қамтиды, аса көлемді зиян келтіреді. Теріс қылықтың қоғамдық қауіптілігі – қылмысқа қарағанда өте қауіпті еместігі. Барлық теріс қылықты мынадай түрлерге бөлуге болады: құқық салаларына қарай - әкімшілік, азаматтық, еңбектік т.б. 

Қоғамдық қауіптіліктің дәрежесін анықтаудың белгілеріне жататындар:

  1. құқықпен реттелетін құқықбұзушылықтың объектісі болып саналатын қоғамдық қатынастардың маңыздылығы.
  2. келтірілген залалдың (зиянның) мөлшері.

Құқықбұзушылықтың заңдық құрамы - бұл мынадай 4 элементтердің жиынтығы: құқықбұзушылықтың объективтік жағы, құқықбұзушылықтың субъективтік жағы, құқықбұзушылықтың субъектісі, құқықбұзушылықтың объектісі. Осы элементтердің біреуі болмаса, онда құқықбұзушылықтың толық заңдық құрамы жоқ деп есептелінеді.

  Құқықбұзушылықтың объективтік жағы – бұл іс-әрекет не әрекетсіздік көрінісінің сыртқы нысаны, яғни, белгілі бір құқықбұзушылықты сипаттайтын сыртқы белгілерінің жиынтығы (мысалы, салық төлеуші салық инспекциясына қажетті құжаттарды тапсырмаған). Құқықбұзушылықтың объективтік жағының элементі болып табылатындар:

1) негізгі элементтер - әрекет немесе әрекетсіздік; іс-әрекеттің құқыққа қарсылығы; қоғамға зиянды зардаптар; іс-әрекет пен зардаптардың арасындағы себепті байланыс;

2)  факультативті элементтер – уақыт; орны; тәсілі; жағдай.

  Құқықбұзушылықтың субъективтік жағы – жасалған құқықбұзушылыққа адамның психикалық күйін (кінәсін) сипаттайды. Дәлірек айтсақ, адамның өзінің іс-әрекетіне, оның зардаптарына және кінәсіна саналы көзқарасын сипаттайтын ішкі белгілерінің жиынтығы. Оның міндетті негізгі белгісі – кінә, ал факультативті белгісі – мақсат және мотив.

   Кінәнің екі негізгі нысаны бар: қасақана және абайсыздық (немқұрайлылық пен менмендікпен).

    Құқықбұзушылықтың субъектісі болып тек деликтоқабілеттілігі бар тұлға ғана табылады. Деликтоқабілеттілік – бұл мемлекет белгілеген заң жауапкершілігін атқара алатын қабілеттілік. Сондықтан субъектілерге мынадай тиісті талаптар қойылады. Олар заңда нақтыланған жасқа жетуі тиіс. Жастан басқа да субъектілердің есі дұрыс болуы қажет, яғни ондай адамдар өз істеріне жауап бере алатын және құқықбұзушылық жасаған кезде өз іс-әрекеттерін басқара алатын болуы тиіс.

    Құқықбұзушылықтың объектісі – құқықтың қорғалуында болатын қоғамдық қатынастар, оған жататындар: зиян келтірілген материалдық және материалдық емес игіліктер, мүдделер. Осы игіліктер мен мүдделер құқықбұзушылықтың тікелей объектісі болып табылады (адам өмірі, денсаулығы, қадір-қасиеті, мүлкі т.б.).  

    Құқықбұзушылық кінәлі адамның заң жауапкершілігін тудырады.Олар құқық нормаларының санкцияларында көзделінген. Заң жауапкершілігі дегеніміз – құқықбұзушылықты жасаған адамға заңда көзделген мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын белгілі іс жүргізу тәртібімен қолдану. Заң жауапкершілігінің басты мақсаты: құқықтық тәртіпті қорғау, азаматтары құқықты құрметтеуге тәрбиелеу, әлеуметтік әділетсіздікті қалпына келтіру, жаңадан құқықбұзушылықты болдыртпаудың алдын алу болып табылады. Ол белгілі бір принциптер негізінде іске асуы мүмкін. Оған:

  1. заңдылық принципі – құқық субъектісінің жауапкершілігі тек олардың кінәлі іс-әрекет үшін қана қолданылады.
  2. әділеттілік принципі - әділ жазаның тағайындалуы.
  3. мақсатқа сәйкес – құқықбұзушылық жасаған әрі кінәлі деп танылған адамның жазадан толық не ішінара босатылуы немесе жауаптылығы мен жазасын жеңілдетуі мүмкін, егерде ол келтірілген мүліктік залал мен моральдық зиянның орнын өз еркімен толтырса, не зиянды жоюға бағытталған өзге де іс-әрекеттерді жасаса, шын жүректен өкініп, айыбын мойындап келсе, сөйтіп, өзінің іс-әрекетімен түзелгендігін білдіртсе, онда оны жазалау орынды болмас еді.
  4. ізгілік принципі
  5. заң жауапкершіліктің болмай қоймайтындығы.
  6. жылдамдылық принципі – құқықбұзушылық үшін қолданылатын жауапкершілік дер кезінде өз уақытында қолданылуы тиіс.

Қылмыс жасады деп танылған адамдарға негізгі жаза мынадай:

  1. айыппұл салу;
  2. белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру;
  3. қоғамдық жұмыстарға тарту;
  4. түзеу жұмыстары;
  5. әскери қызмет бойынша шектеу;
  6. бас бостандығын шектеу;
  7. қамау;
  8. тәртіптік әскери бөлімде ұстау;
  9. бас бостандығынан айыру;
  10. өлім жазасы қолданылуы мүмкін.

Бұдан басқа сотталғандарға мынадай қосымша жазалар:

  1. арнаулы әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру;
  2. мүлік тәркілеу қолданылуы мүмкін.

   Қылмыстық жазаны тағайындауды жалғыз – сот атқарады , өйткені ол өзінің айыптау үкімінде қылмыстық жазаның мөлшерін анықтайды. 

   Әкімшілік жауапкершілік - әкімшілік теріс қылық жасағаны үшін қолданылатын шаралардын (айыппұл салу, арнаулы құқықтан айыру) басталады. Әкімшілік жауапкершіліктің ерекшелігі - мұнда лауазымды адам ғана шараларды қолдана алады.

    Азаматтық жауапкершілік – шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін және азаматтық заңдарда сәйкес мүліктік зиян келтіргені үшін қолданылатын шаралардың бірі. Бұл жауапкершіліктің түрі құқықты қалпына келтіру санкциясын жиі қолдану негізінде мүліктік нұқсанды өтеуді көздейді. Мұнымен қоса кінәлі адамға міндеттемелік шарттарды орындамағаны үшін айып төлеу шарасын қолданылуы мүмкін.

     Тәртіптік жауапкершілік – бұл еңбек шартын бұзғаны үшін, яғни қызметкердің кінәсінен оған жүктелген еңбек міндеттерінің орындалмағаны немесе тиісінше орындалмағаны үшін жұмыс берушінің тәртіптік жазаларды қолданылуы. Ондайларға: ескерту, сөгіс, жеке еңбек шартын бұзу.

   Материалдық жауапкершілік – жұмысшылардың, қызметшілердің өздерінің міндеттерін орындаған кезде мекемеге келтірілген зиянды өтеуі.

    Заң жауапкершілігі ұғымының мазмұны толық болуы үшін одан босатылатын және жауапқа тартылуға тиіс емес мән-жайлар болды. Жауапқа тартылуды болдыртпайтын мән-жайлардың ішінде:

  1. заңда көрсетілген жауаптылық басталатын жас шамасына толмағандар.
  2. есі дұрыс еместік, яғни өзінің іс-әрекетінің іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ұғына алмаған немесе оған ие бола алмаған адамдар.
  3. қажетті қорғану, яғни қорғанушының немесе өзге бір адамның жеке басын, тұрғын үйін, меншігін, жер учаскесін және басқа да құқықтарын, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамға қауіпті қол сұғушылықтан қол сұғушыға зиян келтіру жолымен қорғау кезінде, егер бұл орайда қажетті қорғану шегінен асып кетушілікке жол берілмеген болса.
  4. аса қажеттілік – Қылмыстық кодексте қорғалатын мүдделерге аса қажет болған жағдайларда зиян келтіру, яғни белгілі бір адамның немесе өзге де адамдардың өміріне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің мүдделеріне тікелей қатер төндіретін қауіпті жою үшін зиян келтіру, егер бұл қауіпті басқа адамдармен жою мүмкін болмаса және бұл орайда аса қажеттілік шегінен шығып кетушілікке жол берілмесе.
  5. қылмыс жасаған адамды ұстау кезінде зиян келтіру, егер мұндай адамды өзге адамдармен ұстау мүмкін болмаса және бұл орайда қажетті шаралар шегінен шығуға жол берілмесе.
  6. орынды тәуекел ету.
  7. күштеу немесе психикалық мәжбүрлеу, яғни адам өзінің іс-әрекетіне ие бола алмаса, күштеп мәжбүрлеудің нәтижесінде заңмен қорғалатын мүдделерге зиян келтіру.
  8. бұйрықты немесе өкімді орындау, яғни өзі үшін міндетті бұйрықты немесе үкімді орындау жөнінде іс-әрекет жасаған адамның заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтіру. Мұндай зиян келтірген заңсыз бұйрық немесе өкім берген адам жауаптылыққа тартылады.

Жауаптылықтан және жазадан босатудың негіздері болып мыналар табылады.

  1. шын өкінуіне байланысты, яғни бірінші рет кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адам, егер ол қылмыс жасағаннан кейін айыбын мойындап өз еркімен келсе немесе қылмысты ашуға жәрдемдессе немесе қылмыс келтірілген зиянды өзгеше түрде қалпына келтірсе.
  2. қажетті қорғау шегінен асқан кезде, сот істің мән-жайын ескере отырып, жауаптылықтан босатуы мүмкін.
  3. жәбірленушімен татуласуына байланысты.
  4. жағдайдың өзгеруіне байланысты, яғни істі сот қараған кезде ол жасаған әрекет қоғамға қауіпті емес деп танылса.
  5. ескіру мерзімінің өтуіне байланысты, яғни қылмыс жасаған күннен бастап мынадай мерзімдер өтсе:

а). кішігірім қылмыс жасағаннан кейін екі жыл;

б). орташа ауырлықта қылмыс жасағаннан кейін бес жыл өтсе;

в). ауыр қылмыс жасағаннан кейін он жыл өтсе;

г). Аса ауыр қылмыс жасағаннан кейін он бес жыл.

Ескіру мерзімі қылмыс жасаған күннен бастап және сот үкімі заңды күшіне енген кеге дейін есептелінеді.

  1. айыптау үкімінің ескіру мерзімі өтуіне байланысты, яғни қылмысы үшін сотталған адам, егер айыптау ікімі оның заңды күшіне енген күнінен бастап есептегенде, мынандай мерзімдерде орындалмаған болса, жазаны өтеуден босатылады:

а). кішігірім ауырлықтағы қылмысы үшін сотталғанда – үш жыл.

б). орташа ауырлықтағы қылмысы үшін – алты жыл.

в). ауыр қылмысы үшін – он жыл.

г). Аса ауыр қылмысы үшін – оны бес жыл.

  1. рақымшылық немесе кешірім жасау актісі негізінде.
  2. ол адам құқықбұзушылық жасағаннан кейінгі мүлтіксіз мінез-құлқына байланысты іс сотта қаралған уақытта ол қоғамға қауіпті деп есептеле алмайтындығы белгіленсе.

 

 ҚР Конституциялық құқық негіздері.

1. Конституциялық құқық түсінігі – қазіргі конституциялық құқықты, өкімет, басқару, өзін-өзі басқару органдарының жүйесін оқытатын юридикалық жетекші пәндерінің бірі ретінде.

2. Конституциялық-құқықтық нормалар және олардың түрлері.

3. Мемлекеттің және қоғамның негізгі Заңы ретіндегі Қазақстан Республикасының Конституциясының түсінігі және мәні.

4. Жеке тұлғаның құқықтық мәртебесінің жалпы қағидалары. Адам мен азаматтың құқықтары мен еркіндіктерінің экономикалық, саяси, юридикалық және әлеуметтік кепілдіктері.

5. Азаматтылықтың жалпы сұрақтары. Қазақстан Республикасының азаматтығының қағидалары: жалпы және арнайы. Азаматтықты алу және тоқтату. Қазақстан Республикасындағы шетел азаматтарының құқықтық жағдайы.

6. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымының түсінігі. Қазақстан Республикасы – егеменді, демократиялық , құқықтық , зайырлы және әлеуметтік мемлекет.

7. Басқарудың республикалық нысаны. Мемлекеттің басшысы және лауазымды тұлғасы ретіндегі Қазақстан Республикасы Президенттінің конституциялық-құқықтық мәртебесі. Оның мемлекеттік билік жүйесіндегі орны және ролі.

8. Қазақстан Республикасының Парламентінің заң шығару функциясын жүзеге асыратын жоғары орган ретіндегі конституциялық-құқықтық мәртебесі.

9. Қазақстан Республикасының конституциялық Кеңесі конституциялық бақылау органы ретінде. Қазақстан Республикасының конституциялық Кеңесінің уәкілеттілігінің құқықтық негіздері.

10. Қазақстан Республикасының сот билігінің конституциялық-құқықтық негіздері. Қазақстан Республикасының сот билігі: билік бөлінісіндегі түсінігі, мәні, орны.

11. Жергілікті мемлекеттік басқару және мемлекеттік өзін-өзі басқарудың конституциялық-құқықтық негіздері.

 

Әдебиеттер

  1. Ғ. Сапарғалиев. ҚР Конституциялық құқығы. - Алматы, 2004.
  2. ҚР Конституциясы. 30 тамыз 1995 жыл. (21 мамыр 2007ж. өзгертулер мен толықтырулар). – Алматы, 2007.
  3. ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасы Президенті туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңы күші бар Жарлығы.
  4. ҚР-ның «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы Конституциялық Заңы.
  5. ҚР-ның «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Конституциялық Заңы.
    1. ҚР-ның «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Конституциялық Заңы.

     

          Конституция ұғымы ерте заманда Грецияда Аристотель қалыптастырған «Конституция» деген сөз «саяси құрылыс» ұғымын білдірген. «Конституция» сөзі латынның costitution – бекіту, орнату деген сөзі. Рим империясы заңдарында императорлардың құқық көздеріне айналған түрлі нұсқаулары мен жарлықтарын білдірді.

    Ең бірінші Конституция 1787 жылы қабылданды және ол осы күнге дейін қолданылып келе жатқан АҚШ-тың Конституциясы. Одан соң 1789 жылы Францияда, 1791 жылы Польшада қабылданды.

      Қазақстан Республикасының Конституциясы республикалық құрылыстың негiзiн, мемлекеттiк билiк жүйесiн және Қазақстан мемлекетi мен азаматының қатынасын белгiлейдi. Адам және оның өмiрiн, құқықтары мен бостандықтарын Конституция мемлекеттiң ең қымбат қазынасы деп танып, мемлекеттiң сол үшiн қызмет етуi тиiстiгiн атап көрсетедi.

    Конституциялық құқық – ҚР құқық жүйесі салаларының бірі. Ол өзінің ішкі тұтастығымен сипатталатын құқықтық нормалар жүйесін білдіреді және басқа құқық жүйесінің нормаларынан ерекшеленеді. Конституциялық құқық нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар мемлекет және қоғам құрылымының негізін құрайды және мемлекеттік биліктің жүзеге асуымен тікелей байланысты жүргізіледі.

    Конституциялық құқық нормаларымен реттелетін қатынастар аясы мейлінше кең. Ол мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларын: саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және басқа салаларды қамтиды.

    Конституциялық құқық, тұтас алғанда, құқықтық реттеу әдістері деп аталатын белгілі бір тәсілдер мен әдістердің көмегімен мемлекеттік және қоғамдық қатынастарды реттейді. Конституциялық құқықтық қатынастарды реттеу үшін төмендегідей: 1) міндеттеу әдісі; 2) тыйым салу әдісі; 3) рұқсат ету әдісі; 4) тану әдісі қолданылады.

    Конституциялық құқықтық нормаларға құқықтық нормалардың барлық белгілері тән. Оларды мемлекеттік органдар қабылдайды. Олар қоғамдық қатынастарды ретке келтіретін құрал болып табылады. Олар басқа заң нормалары сияқты, екі: реттеушілік және қорғаушылық қызметті атқарады. Реттеуші нормаларға құқықтық қатынас мүшелеріне субъективтік құқық беру және оларға заңдық міндеттеме жүктеу жолымен тәртіптің белгілі бір нұсқасын белгілейтін конституциялық –құқықтық нормалар жатады. Құқық қорғаушы нормаларға субъектілер тәртібін, олар тәртіпті бұзған жағдайда, мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын белгілеу жолымен анықтайтын конституциялық-құқықтық нормалар жатады.

    Конституциялық құқықтың нормаларын түсіну үшін конституциялық реттеуші нормаларды өкілеттік беруші, тыйым салушы, міндеттеуші нормаларға бөлудің айтарлықтай мәні бар.

    Өкілеттік беруші конституциялық құқықтық нормалар субъективтік құқықты жағымды мазмұнда белгілейді. Басқаша айтқанда субъектіге (мемлекеттік органға, қоғамдық бірлестікке, азаматтарға) қандай да бір жағымды әрекет жасауға құқық береді. Құқық беруші нормаларға ҚР Президентінің, Парламентінің, Үкіметінің, Конституциялық Кеңесінің конституциялық өкілеттігін анықтайтын нормалар жатады.  

    Конституциялық заңдарда тыйым салатын нормалар да бар. Олар адамдардың белгілі бір қасиеттегі әректтеріне ұстанымдылық жауапкершілігін білдіреді. Айталық, Конституция діни негізде саяси партиялар құруға, заңсыз қарулы құрамалар ұйымдаструға тыйым салады. Тыйым салушы конституциялық нормалар мемлекеттің конституциялық негіздерін, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қорғауды көздейді (ҚР Конституциясының 5-бап, 3-тармағы).

    Міндеттеуші конституциялық нормалар адамдардың, қоғамдық бірлестіктердің, мемлекеттік органдардың белгілі бір жағымды әрекеттер жасау жауапкершілігін белгілейді. Конституция Парламент Палаталары Төрағаларына бірқатар жауапкершілік жүктейді.

    Конституция мемлекеттік және қоғамдық құрылысты, оның болашаққа бағытталған ұйымдастырылуы мен қызметі принциптерін белгілейді. Конституция барлық құқық салаларының қайнар көзі болып табылады. Сондықтан оған басқа нормативтік құқықтық актілерде кездеспейтін сипаттар тән, олар: Конституцияны Қазақстан халқы қабылдады. Қазақстан халқы Конституцияны қабылдайтын бірден-бір субъект деп танудан оның құрылтайшылық сипаты туындайды. Бір жағынан, мемлекеттің, екінші жағынан, қоғамның негізгі заңы ретінде қолданылуы Конституцияның маңызды ерекшелігі болып табылады.

    Конституция қоғамдық қатынастардың базалық, түпкі негіздерін реттей отырып, қоғам өмірінің барлық салаларын қамтымайды.

    Адам құқығы саласында ҚР Конституциясының толықтай халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормаларынан бастау алады. ҚР Конституциясы адам мен азамат құқының негіздеріне оларды нығайтатын және олардың құқықтық мәртебесінің жүзеге асырылуына ықпал ететіндей негіз боларлық принциптерді жинақтайды. Мұндай принциптердің қатарына мыналар жатады:

    1. Адам құқы мен бостандығының айнымастығы.

    2. Конституция құқықтар мен бостандықтарды теріс пайдалануға  тиім салынады.

    3. Конституциялық құқық пен бостандықтың заңсыз шектелуіне тиім салады.

    4. Олардың тең құқылығы адам мен азаматтың қызмет өмірінің барлық салаларына орай орнықтырылады.

    5. Құқықтың, бостандықтың және міндеттіліктің бірлігі, бөлінбестігі адам мен азаматтың құқықтық мәртебесінің басты принципі.

       Конституцияның 12-шi бабына сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi. Республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтары Қазақстан мемлекетi мойындайтын әрi кепiлдiк беретiн өз азаматтарының белгiлi мiнез-құлқының заңдық мүмкiндiктерiн бiлдiредi. Осының нәтижесiнде өркениеттi мемлекеттердегi адам мен азаматтардың негiзгi құқықтары мен бостандықтары толық көлемде Республика Конституциясында бекiтiлген. Конституция бойынша оларды жеке, саяси, экономикалық,және әлеуметтiк топтарға бөлуге болады.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.