|
|||
Жөтелге қарсы дәрілер2. Жөтелге қарсы дәрілер Бұл топтың дәрілеріне жөтел рефлексін басатын препараттар жатады. Жөтел- жоғарғы тыныс жолдарының, бронхтың тітіркенуінен болатын күрделі рефлекторлық акт. Жөтел рефлексі жөтел орталығының қатысуымен пайда болады. Жөтел орталығы сопақша мида орналасқан және тыныс орталығымен тығыз байланысты. Тыныс алу орталығын күйзелтетін дәрілер, мысалы, наркотикалық анальгетиктер, жөтел орталығына да күйзелтетін әсер етеді. Жөтел рефлексі өкпе рецепторларының тітіркенуінен де пайда болады. Жөтелге қарсы дәрілер екі топқа бөлінеді: 1) Орталық әсері бар 2) Шеткері әсері бар Орталық әсері бар жөтелге қарсы дәрілерге: опиум алкалоиды – кодеин және химиялық құрамы ұқсас синтетикалық препарат – этилморфин жатады. Олар сопақша мидың жөтел орталығын күйзелтіп, жөтелді басады. Кодеин (Codeinum). Шығарылатын түрі: ұнтақ; таблетка 0,015. «Кодтерпин» таблеткасының құрамына кіреді. Опиум алкалоиды, химиялық құрылысы морфинге ұқсас. Морфинге қарағанда анальгетикалық әсері әлсіз, тынысты аз күйзелтеді. Жөтелге қарсы әсері күшті. Және седативтік дәрілердің әсерін күшейтеді. Жөтелге қарсы дәрі ретінде таза күйінде және қақырық түсіретін дәрілермен қосып қолданылады. Жағымсыз әсері: ұзақ қолданғанда іш қатпасы және дағдылану пайда болады, кейде дәріге тәуелділік болуы мүмкін. Кодеин фосфаты (Codeini phosphas). Шығарылатын түрі: ұнтақ. Ішке ұнтақ және микстура түрінде қолданылады. Этилморфин гидрохлориді(Aethylmorphini hydrochloridum). Шығарылатын түрі: ұнтақ, таблетка 0,01; 0,015. Әсер етуі кодеинге ұқсас, жөтелге қарсы әсері одан күшті. Кодеин және этилморфин өкпе және жоғарғы тыныс жолдарының ауруларынан болған қатты жөтелде қолданылады. Жағымсыз әсері: кодеинге қарағанда тыныс орталығын күштірек күйзелтеді. Морфинге ұқсас дәрілер болғандықтан кодеин мен этилморфин дәріге тәуелділік туғызады. Сол себебтен бұл дәрілер де өте қатаң тек дәрігердің көрсетілімен қолданылуы қажет. Шеткері әсері бар жөтелге қарсы дәрілер Либексин(Libexin). Шығарылатын түрі: таблетка 0,1. Әсері: тыныс алу жолдарының сезімтал рецепторларын тежейді, және бронхтың тегіс бұлшық етін босатады, сөйтіп жөтелді басады және спазмолитикалық әсері бар. Қолданылуы: Өкпе және жоғарғы тыныс жолдарының ауруларында қаттыжөтелді басу үшін. Тыныс алу орталығына либексин әсер етпейді, дәріге тәуелділік туғызбайды. Ауыз қуысының кілегей қабығын жансыздандыруы мүмкін, сондықтан таблетканы шайнамай бірден жұту керек. Гипотонияда, миокард инфарктісінде қолдануға болмайды. Глауцин гидрохлориді /глаувент/ Glaucini hydrochloridum/. Шығарылатын түрі: таблетка 0, 05г; Негізгі әсері: жөтелге қарсы және әлсіз гипотензивтік әсер етеді. Бронхитта, бронх демікпесінде, бронхопневмонияда және басқа да өкпе ауруларында қолданылады. Либексин сияқты гипотонияда, миокард инфарктісінде қолдануға болмайды. Тусупрекс /Tusuprex/. Шығарылатын түрі: 0.01, 0,02 г; сироп 200 мл: шәй қасықпен 3-4 рет қолданылады. Тыныс жолдарының ауруларында қатты жөтелді басу үшін ішке қолданылады.
|
|||
|