2.4. 12 жылдыққа көшу жағдайында эксперимент барысында бастауыш сыныпта информатика пәнін оқытудың үлгілері
Соңғы кезде информатика пәнінің қай сыныптан бастап оқытылуы қажеттілігі туралы түрлі пікірлер туындауда. Осының негізінде оқытуды төменгі сыныпқа көшіру тиімділігі практика жүзінде дәлелденген. Себебі кез келген мектеп жасына дейінгі баланың танып - білуге, оқуға қатысты қызығушылығының өте жоғары болатыны белгілі. Ал психологтардың айтуы бойынша, баланың негізгі логикалық ойлауы 5-11 жаста қалыптасады екен. Сондықтан балаларды ақпараттық қоғамда өмір сүруге дайындау үшін бастауыш сыныптан-ақ оларды логикалық ойлауға, талдау жасай білуге, ақпараттық технологиялардың негізіне, ақпараттық сауаттылық пен мәдениеттілікке тәрбиелеу қажет.
12 жылдық білім беруге көшу жағдайында информатика пәнін бастауыш сыныптан енгізген білім стандарты бар. Онда былай делінген:
Бастауыш мектепте информатиканы оқыту келесі мақсаттарға жетуге бағытталған:
- ақпараттық мәдениеттілігін, сауаттылығын, алгоритмдік ойлауын қалыптастыру;
- интеллектуалды тұлғалық және эмоциялық - жігерлік сапаларын, қабылдау түрлерін және есте сақтауын дамыту;
- оқушыны азаматтыққа және дүниетанығыштыққа тәрбиелеу.
Сондай-ақ негізгі білім бағдарламасы мазмұнының міндетті минимумы «Логика және алгоритм бағыты» және де «Компьютер және ақпараттық технологиялар бағыты» деген мазмұндық бағытта берілген. Осы минимумға орай қазіргі кездегі информатика пәнін оқытудың әдістерінің күн сайын жаңарып отыруына қарамастан бастауыш сыныптарда информатика курсын оқытудың мақсатын төмендегідей түрде сараптауға болады:
- Компьютерлік сауат ашудың бастау негізі;
- Ойды логикалық түрде дамыту;
- Алгоритмдік білімді жетілдіру мен мақсатты шешудегі жүйелілік;
- Компьютерді үйренудің оңай жолдарын іздеу.
Жоғары сыныпта информатиканы оқыту жеке бағдарламамен жүзеге асуда. Ал бастауышта бұл жеке пән ретінде ғана емес, басқа негізгі пәндерді қолдаушы пән ретінде жүргені тиімді. Өйткені, компьютерді үйрену кезіндегі мәтін теру, қате түзету, сурет салу, есептің немесе әрекеттің алгоритмін құру сияқты практикалық жұмыстар мен тапсырмалар қазақ тілі, орыс тілі бейнелеу және математика пәндерімен сабақтастырылады.
Теориялық зерттеулер мен практикалық эксперимент нәтижелері бүгінгі таңда мектептегі информатика пәнін бірнеше кезеңге бөліп оқыту жөн екенін дәлелдеп отыр.
12 жылдық орта білім мазмұнының ең алғашқы бастамасы бастауыш буында жүзеге асатыны белгілі. Себебі, бастауыш буында жоғары сыныптарда оқылатын бүкіл пәннің іргетасы қаланып қана қоймайды, сонымен қатар білім алуға талпынушылық, яғни балалардың оқу әрекеті, танымдық белсенділік, жеке бастың адами қасиеттерінің негізі осы кезеңде қаланады. Сонымен қатар, осы кезеңде баланың белсенділігі, оның рухани және дене күші де дами бастайды. Осы жасқа лайықты мазмұн мен оны оқытудың әдісін саралау, бала жанына жақын қарым-қатынас арқылы оларды дамыту мәселесін ғылыми жолға қою оңай мәселе емес.
Осыны ескере отырып, 12 жылдық мектептің бастауыш буын бағдарламасында әр пән бойынша дайындық кезеңі жеке қарастырылып, оған арнаулы сағат бөлініп, ерекше көрсетілді. Мұндағы мақсат – психологиялық тұрғыдан мектепке жаңа келген алты жасар баланың ойын әрекетін жалғастыра отырып, біртіндеп оқу әрекетіне көшуін қамтамасыз ететін әдістерді қарастыру. Алты жасар бала үшін жаңа рөл - оқушы, жаңа әрекет - оқу болса, осы мәселелерге олардың шаршамай, жалықпай, қызығушылықпен араласып кетуіне, маңайы мен қарым-қатынасының күшеюіне жағдай жасау мұғалімнің шеберлігін және осы жастағы оқушының психологиялық ерекшелігін жете білуін керек етеді.
Қазір еліміздегі жалпы білім беретін 155 мектептің бастауыш сыныптары сынақ-тәжірибеден өтуде. Білім мазмұнын жаңартудағы бұл үрдіс барша педагог қауымға, сондай-ақ ата-анаға да үлкен жауапкершілік жүктейді.
12 жылдық мектепке көшу жағдайында оның құрылымы туралы, мектепте білім берудің кезеңдері туралы мәселе туындайды. Қазақсатнның жағдайында жалпы орта білім берудің ең қолайлы және оңтайлы құрылымы 4+6+2 болып табылады.
Мынадай жастық даму кезеңдері ғылыми негізделген:
- балалық кезең-6-10 жас;
- жасөспірімдік кезең-11-16 жас;
- бозбалалық кезең-17-18 жас.
Ұсынылып отырған жалпы орта білім берудің 4+6+2 құрылымы көрсетілген жастық даму кезеңдеріне толығымен сәйкес келеді. [8]
Білім берудің мазмұны мен құрылымы тұжырымдамасының негізінде 12 жылдық мектепте базистік оқу жоспары, жекелеген білім салаларының тұжырымдамалары, оқу бағдарламалары және пән оқулықтары жасалады. Білім берудің мазмұнын қалыптастырудың негізгі үш деңгейін бөліп алуға болады, олар: жалпы теориялық, түсінік деңгейі, оқу материалының деңгейі. Жалпы орта білім беру жүйесінде оқу жоспарларының бірнеше түрі: базистік,типтік және мектептің оқу жоспары орындалады. Базистік оқу жоспары - бұл негізгі мемлекеттік нормативтік құжат, білім берудің осы саласындағы мемлекеттік стандарттың құрамдас бөлігі болып табылады. Ол типтік және жұмыстық оқу жоспарларының негізгі және мектепті қаржыландырудың басты құжаты ретінде қызмет етеді. Типтік оқу жоспарлары ұсынымдық сипатқа ие. Мектептің оқу жоспарының екі түрі болады:
1. Мектептің өз оқу жоспары, ол мемлекеттік базистік оқу жоспарының негізінде ұзақ мерзімге жасалады да, нақты бір мектептің ерекшеліктерін көрсетеді.
2. Жұмыстық оқу жоспары, ағымдағы жайларды ескере отырып жасалынады да, жыл сайын мектептің педагогикалық кеңесінің шешімімен бекітіледі.
|
© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.
|
|