|
|||
Р Президентінің жолдауындағы қазіргі қазақстанның экономикалық модернизациясы 2 страницаболды. Жұмыспен қамтылған халықтың саны 700 мыңнан астам адамға өсіп, 8,4 миллион адамға жетті. Халықтың елеулі бөлігі 90-шы жылдары «мәжбүрлі жұмыссыздық мектебінен өтті». Көптеген адамдар еңбекті өз бетімен ұйымдастыруға, еңбек біліктілігін өз бетімен алмастыруға қабілеттілік көрсетіп, бизнесмендерге айналды. Әрине, олардың арасында мемлекет тарапынан мақсатты түрдегі қолдау құралдарын пайдалана білушілер де болды. Бүгінгі күні біз индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру үстіндеміз. Бұл - ел болашағы үшін нөмірі бірінші мәселе. Жаңа жұмыс орындары құрылуда. Бірақ біз жұмыссыздардың барлығы бірдей жұмыс істеуге ұмтылмайтындығын да көріп отырмыз. Өкінішке қарай, адамдар арасында жаңа біліктілікті меңгеруден гөрі базарда «такси» қызметін атқаруды қалайтын психология сақталып отыр. Егер біз бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келетіндігі рас болса, бұл психологиядан арылу қажет! Жаңа біліктілікті меңгеру және зауытқа, өндіріске бару керек. Жас та және ересек те қазақстандық бос отырып, бәрін де сынай бермей жұмыс бар жерге, НӘ-ПА-ҚА табатын жерге қарай ұмтылулары керек! Басқа елдерде адамдар жұмыс үшін алыстағы шет мемлекеттерге барып, ешбір кепілдіксіз еңбек етуде. Ал біз өз елімізде жұмыс орындарын құрудамыз, жаңа өндірістер салудамыз. Сондықтан, жұмыс бар жерге бару керек. Біз былай да жинақы, көшіп-қонуды көп бастан кешкен халық емеспіз бе! Жұмысы бар халықтың үштен бір бөлігін «өзін өзі еңбекпен қамтығандар» дейтін топтар құрайды. Алайда олардың санын анықтау тәсілі шартты ғана. Бұл санаттағылардың арасында мал ұстайтын жеке аула иелері (былайша айтқанда, ұсақ фермерлер), өз автокөліктерімен жеке тасымал жасаушылар, бірнеше пәтер ұстап, соларды жалға берушілер бар. Өзін өзі жұмыспен қамтығандардың елеулі бөлігін тұрақты жұмысы жоқ еңбекке қабілетті адамдар құрайды. Сондықтан бүгінгі күні өзін өзі еңбекпен қамтыған халықты нақты экономикаға қосуға бағытталған шараларды жүзеге асырудың маңызы зор. Бұл шараларда инфрақұрылымдарды, Индустрияландыру картасындағы нысандарды дамыту перспективалары есепке алынуы тиіс. Үкіметке индустриялық және инновациялық экономикалардың жаңа нысандарын өзін өзі жұмыспен қамтыған халық неғұрлым көп шоғырланған өңірлерде құру туралы мәселені шешу керек. 4-ші ТАПСЫРМА ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін: - өзін өзі еңбекпен қамтығандар тобындағы еңбекке қабілетті халықты нақты жағдайларды және жұмыспен қамту саласының перспективасын ескере отырып, жұмыспен қамтуға қарай ойыстырудың әдістемесін әзірлесін; - өзін өзі еңбекпен қамтыған халықты айқындау жөніндегі жаңа әдістемені ескере отырып, жұмыссыздық деңгейін айқындаудың әдістемесін жетілдірсін. Әлеуметтік-еңбектік қатынастардың барлық субъектілерінің құқықтық сауаттылығын арттыру - жұмыспен қамту саласындағы қатынастарды жетілдіру жөніндегі жұмыстың маңызды бөлігі. Мен мынаны атап көрсеткім келеді: еңбек адамы құқықтық мәселелерден тысқары қалуы тиіс емес. Жұмысқа орналаса отырып, олардың барлығы өздері қол қоятын әрбір қағазға мән беріп, олардың маңызын түсінулері керек. 2007 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі жұмыспен қамтудың барлық салаларын құқықтық қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болды. Алайда көптеген сарапшылар кодекстің қызметкерлердің барлығы бірдей түсінулері үшін күрделі екендігін атап көрсетуде. Бұл проблеманы шешу үшін, біріншіден, жалдамалы жұмысшыларды құқықтық оқытуларды ұйымдастыру қажет. Бәлкім, мұны жұмыс берушілер есебінен жүргізуге болар. Екіншіден, кең көлемдегі үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізу, еңбек заңдарының негіздерін түсінікті түрде баяндайтын түсіндіру материалдарын жариялау керек. 5-ші ТАПСЫРМА ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі: - 2013 жылдан бастап қызметкерлерді Қазақстан Республикасының еңбек заңдарының негіздеріне оқыту жүйесін ұйымдастыру туралы мәселені 2012 жылдың 1 желтоқсанына дейін әзірлесін; - Еңбек кодексінің негізгі ережелері және еңбек қатынастарын реттейтін басқа да құқықтық актілер жөніндегі жалпыұлттық анықтамалықтардың бірыңғай серияларын шығару мен таратудың, соның ішінде интернет пен мемлекеттік органдардың ресми сайттары-ның мүмкіндіктерін пайдаланудың жобасын әзірлесін b) Кәсіптік біліктіліктің ұлттық жүйесі. Әрбір адам, соның ішінде, әсіресе, жастар белгілі бір кәсіптік саладан өз болашағын көргісі келетіндігін мойындау қажет. Бұл - өте қалыпты жағдай. Өйткені, адам өзінің қайда бет алғандығын анық көрген кезде ғана биікке қарай күш-жігермен ұмтылады. Сондықтан біліктіліктің ұлттық жүйесін (БҰЖ) құру жөніндегі барлық жұмыстарға барынша екпін берілуі қажет. Олар тек нормативтік маңызға ие болып қана қоймай, сонымен қатар, әрбір кәсіп үшін «жол картасы» да болуы қажет. БҰЖ әрбір мамандық бойынша кәсіпқойлық лифтіні «құрудың» мүмкіндігін береді. Оның үстіне білікті жұмысшылар ұлттық жүйеге енгізілуі тиіс. БҰЖ-ды құру үшін нормативтік базаның негіздері Еңбек кодексіне 2010 жылы енгізілген қосымшаларда қалыптастырылған. Алайда бұл үдерісті жеделдету керек. Қалыптастырылатын біліктіліктің ұлттық жүйесінің ең басты мәселесі мынада: БҰЖ аясында әзірленген кәсіпқойлық үлгі-қалыптары оқу орындарында мамандар даярлау кезінде қабылданатын білім үлгі-қалыптары үшін бағдар болуы тиіс. Кәсіпқойлық және білім беру үлгі-қалыптарының арасында алшақтық болмауы керек. Еңбек ресурстарының жалпы рыногын құруды көздейтін Бірыңғай экономикалық кеңістік жағдайында үш елде біліктіліктің ұлттық жүйесін құру жұмыстарын үйлестіру қызметінің маңызы зор. 6-шы ТАПСЫРМА ҚР Үкіметі 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін: - 2020 жылға дейінгі біліктіліктің ұлттық жүйесін кезең-кезеңімен әзірлеу Жоспарын дайындап, қабылдасын; - ЖОО-лар мен колледждер түлектері үшін біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру жөніндегі жұмыстарды белсендірек жүргізсін с) Еңбек дауларының алдын алу, ескеру және реттеу Бүгінгі күні Қазақстанда еңбек даулары мен жанжалдарын реттеу, ескеру және алдын алу тетіктері жақсы дами алмай отыр. Әрине, мүлдем кикілжіңсіз қоғам болмайды, бірақ біз мұндай тәуекелдерді барынша азайтуға ұмтылуға міндеттіміз. Біріншіден, бүгінде өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бақылау жұмыстарын күшейту қажет. Еңбек жөніндегі мемлекеттік инспекция заңға сәйкес жұмыс берушіге бір ай бұрын ескерте отырып, жұмысшының шағымы немесе жасалған жоспар бойынша бақылауды жүзеге асыра алады. Мұндай тексеру жағдайында оның өткірлігі мен күтілмегендік мәні төмендейді. Әдетте, жұмыс беруші еңбек шарттарын сақтап отырған секілді әрекеттер жасап үлгеріп, тығырықтан шығып кетіп жатады. Мұндай жағдай Қазақстан ратификациялаған ХЕҰ-ның «өнеркәсіп пен саудадағы еңбекті инспекциялау туралы» Конвенциясы талаптарына сәйкес келмейді. Неліктен мен бұл проблема туралы айтып отырмын? Бұл - техникалық қана мәселе емес. Бұл - адамдар өмірі! Өйткені, қауіпсіздік талаптарын бұзу, тәртіптің жоқтығы салдарынан туындайтын бақытсыз оқиғалардан нағыз еңбек жасындағы адамдар зардап шегуде. Ал олардың асырап отырған отбасылары, балалары бар. Сондықтан бұл істе тәртіп орнату керек. Екіншіден, бізде әлеуметтік-еңбек дауларын туындат-қаны үшін құқықтық жауапкершілік жағы жеткіліксіз. Көп жағдайда еңбек шарттарының әдейілеп төмендетілуі, өндірістік үдерістердің тоқтатылуы, еңбекақының кешіктіріліп төленуі және осыған ұқсас басқа да жағдайлар әсерімен мұны еңбек ұжымдарының өздері туындатып жатады. Сонымен қоса, не Еңбек, не Әкімшілік, не Қылмыстық кодекстерде еңбек дауларын туындатқаны үшін жұмыс берушілер, жауапты және басқа да тұлғаларды жауапкершілікке шақыру баптары қарастырылмаған. Жұмысшыға еңбекақыны дер кезінде төлемегендік секілді ереуілге мәжбүрлеу айыбы 10-20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болса, ал ұжымдық шарт бойынша міндеттемені орындамағандығы үшін айып - 200-ден бастап 500 АЕК-ті құрайды. 7-ші ТАПСЫРМА ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін мынандай ұсыныстарды әзірлеп, ұсынсын: - «Мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» Заңға және Еңбек кодексіне кәсіпорындарға тексеру жүргізу бөлігінде ратификацияланған ХЕҰ Конвенциясына сәйкес өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы; - Еңбек, Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге еңбек дауларын әдейілеп туындатқаны үшін жауапкершілік жөніндегі ережені енгізу туралы; - әлеуметтік өштесуді қоздырғандығы, ереуілге мәжбүрлегендігі, еңбекақыны дер кезінде төлемегендігі, ұжымдық шартты орындамағандығы және басқа да құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту туралы. Үшіншіден, еңбек қатынастары саласындағы қарама-қайшылықтарды реттеудің тиімді көп деңгейлі тетіктерін құру қажет. Еңбек дауларының негізгі себептері ретінде екі мәселені атап көрсетуге болады: бірінші - жұмысшылардың кәсіпорынды басқару мәселелерінен шеттетілуі, екінші - даулар мен жанжалдарды соттан тыс реттеу тетіктерінің әлсіздігі. Мұнда кәсіпорындарда өндірістік кеңестер әрекет ететін бірқатар дамыған елдердің тәжірибелерін пайдалану керек. Оларға жұмысшылар мен қызметкерлердің, сондай-ақ кәсіптік одақтардың өкілдері кіреді. Әдетте, оларда еңбек шарттарының жағдайы мен оларды жақсартудың көптеген мәселелері шешімін тауып, жұмысшылардың әртүрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері қаралып жатады. Осы ретте жұмысшыларға кәсіпорындар мен компаниялардың миноритарийлері «халықтық ІРО», сондай-ақ жұ-мысшылар мен қызметкерлердің шеттетілуін еңсеруге де ықпал ететінін атап көр-сеткен жөн. Қазіргі күні «халықтық ІРО-ны» тікелей жүргізу үдерісі басталды, «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясының акциялары сатылуда. Бұл мәселеде ешқандай бір атүстілік болмауы керек. ҚР Үкіметіне «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесе отырып, «халықтық ІРО-ның» бірінші тәжірибесіне кең көлемді талдаулар жүргізу, акционерлендірілетін ұлттық компанияларға алдын ала тұрақты экономикалық және заңгерлік аудит жүргізуді қарастырып, олардың нәтижелерін әлеуетті миноритарийлерге жеткізу мәселесін шешу қажет. Бүгінгі күні медиация құрылымы мен үдерісін, соның ішінде оларды еңбек қатынастары саласында құру және пайдалану жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет. Медиациялар құрылымын ұлттық және ірі жекеменшік компанияларда құрған жөн. АҚШ-та, Австралияда және басқа да елдерде барлық даулардың үштен бір бөлігі соттың араласуына дейін медиация үдерістері аясында реттеледі. Мемлекет тарапынан қазір даулар мен жанжалдарды, соның ішінде әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы даулар мен жанжалдарды соттан тыс шешудің жүйесін енгізуге мүмкіндік беретін бастамашыл қадамдардың болуы маңызды. 8-ші ТАПСЫРМА ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін: - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, акционерлендірілген ұлттық компанияларға жүйелі түрде алдын ала экономикалық және заңгерлік аудит жүргізуді, олардың нәтижелерін әлеуетті миноритарийлерге жеткізуді қаротырып, «халықтық ІРО-ның» тұңғыш тәжірибесіне кең көлемді талдаулар жүргізетін болсын; - медиация институтын дамытуға бағытталған заң аясындағы құқықтық базаның қабылдануын қамтамасыз етсін; - даулар мен жанжалдарды соттан тыс реттеудің осы тетіктерін дамыту мақсатында Медиаторлардың ұлттық конференциясын өткізуге бастамашылық етсін. Төртіншіден, кәсіптік одақтар институттарын жаңғыртуды жүргізу керек. Мемлекеттің еңбек қатынастарын жетілдіру мәселелеріндегі негізгі әріптестерінің бірі - кәсіподақтар. Сонымен бірге ең іргелі кәсіподақ орталығы - Қазақстан кәсіптік одақтар федерациясының (ҚКФ) қазіргі қызмет пішіні уақыт талабына сәйкес келмейді, өйткені ол «кеңестік үлгінің» салалық қағидаты бойынша құрылған. Кәсіптік одақтар туралы тиімділігі төмен заңнама елеулі түйінді мәселе болып табылады. Онда ұжымдық шарттар, тараптардың оларды орындауға жауаптылығы туралы қағидалар онша дәл баян етілмеген. Сондықтан қазір кәсіподақтар қозғалысын, ең алдымен ҚКФ-ны, жаңғырту жөнінде батыл қадамдарға баруға тура келеді. 9-шы ТАПСЫРМА ҚР Үкіметі 2012 жылдың аяғына дейін кәсіптік одақтар туралы заңнаманы кешенді талдаудан өткізсін және оны өзгерту жөніндегі заң жобасын жасасын. 3. Өмір сапасының қазақстандық үлгі-қалыбы Мен Қазақстандағы әлеуметтік жаңғырту бәрінен бұрын барлық қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға, кедейлердің санын азайтуға және әлеуметтік дүбәралыққа жол бермеуге бағытталуы керек деген сенімдемін. 2020 жылға қарай экономиканың өсуі ғана емес, әлеуметтік құрылымның ауқымды өзгеруі орын алатындықтан да бұл өте маңызды. Атап айтқанда, ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызды құрайды. Еңбекпен қамтылу құрылымында білікті мамандардың үлесі де 40 пайызға жетеді. Басқаша сөзбен айтқанда, елде жаппай орта тап қалыптасуда. Бүгінде Қазақстанда өмір сапасының белгілі бір әлеуметтік үлгі-қалыптарын, соның ішінде мемлекет кепілдік ететіндерін де, белгілеу үшін тиісті әлеует те, экономикалық алғышарттар да бар. Бұл орайда мен әрбір қазақстандық өзінен бастауы керек: өзінің үйінен, қаласынан, ауылынан бастауы, өзінің денсаулығы мен өмір сүру салты туралы ойлануы керек екенін баса айтқым келеді. Мұнсыз ешқандай жаңа өмір сапасы орнамақ емес. Әрбір ауыл мен қала тазалықтың, көркею-дің, тәртіптіліктің үлгісіне айналуы керек. Қолда барды сақтап, көбейте беру үшін әрбір қазақстандық еңбекқор әрі құнтты қожайын болуы жөн. Әйтпесе, мысалы, Еуропа неге бай тұрады? Өйткені ондағылар атам заманнан бері құнттылық өнеріне үйренген. Ал бізде болса әйтеуір көз қылып жүре бергілері келеді. Мұндайда құнттылық қайдан болсын! Әлеуметтік дүбәралыққа жол бермеу және өмір сапасын ұдайы арттыру үшін әлеуметтік үлгі-қалыптар мен кепілдіктер туралы тиісті заңнаманы жасау жөн. Мұндай заң ең алдымен өмір сапасының негізделген ең аз түйінді өлшемдері мен көрсеткіштерін қамтуы керек, оған жалақының, зейнетақы мен жәрдемақылардың деңгейі, кепілді медициналық қызметтің ауқымы, әр қазақ-стандыққа шаққандағы төменгі тұтыну кәрзеңкесін қалыптастыру тетігі, тағы басқалары қосылуы жөн. Өмір сапасының қазақстандық үлгі-қалыбы барлық жерде - ірі қалада да, алыстағы ауылда да орындалуға тиіс. Әлеуметтік үлгі-қалыптың өлшемдерін орындау үшін отандық бизнестің ғана емес, Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік бизнестің де жауапкершілігін арттыру керек. Заң шығарушылар бұл үшін тиісті құқықтық шек-шеңбер жасауы қажет. Бизнестің жекеше түрі өзінің «заңдарын» белгілеуге құқық бермейді. Сондықтан да лауазымды тұлғалардың, жұмыс берушілердің бұл үлгі-қалыптарды сақтау үшін жауапкершілік деңгейін заң жүзінде айқындау маңызды. 10-шы ТАПСЫРМА ҚР Үкіметі 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, ең төменгі әлеуметтік үлгі-қалыптар мен кепілдік-терді енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлесін. а) Тұрғын үй жағдайының үлгі-қалыптары: қолжетімділік пен жайлылық. Тұрғын үй, үй, пәтер - әрбір қазақстандық үшін бір дәрежелі мәселе, мұның өзі жеке бастың өмірі мен отбасындағы жақсы ауанның сенімді негізі, бұларсыз әл-ауқат пен өнімді еңбекке атымен қол жетпейді. Сондықтан менің тапсырмам бойынша қазірдің өзінде «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» және «ТКШ-ны жаңғырту» атты жаңа ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жалдамалы тұрғын үй нарығын дамыту мақсатында заңнаманы жетілдіру маңызды. Мемлекеттік тұрғын үй жалдамалық қорын басқару жөніндегі мамандандырылған компаниялар құруды ынталандыру, сондай-ақ бірүлгілі келісімшарттар жасау жолымен ұзақ мерзімді жалгерлердің құқын қамтамасыз ету керек. Жалгерлікке қатысты шарттардың бәрі мөлдір әрі түсінікті болуға тиіс. Жалға берілетін тұрғын үй алуға құжаттар жинау ісін оңтайландыру маңызды. Жеке тұрғын үй құрылысының көлемін әсіресе болашағы бар қалалық агломерациялар, моноқалалар айналасында өсіру үшін жаңа серпін қосар тетіктер қажет. Бұл істе жеке үй салып алғысы келетін және оған шамасы жететін адамдар үшін салықтық жеңілдіктер, несие берудің жеңілдетілген шарттары енгізілуі мүмкін. Тұрғын үй құрылысына үлестік салымдарды сақтандыру жүйесін жасап, барынша дамыту қажетті болып көрінеді. ТКШ-ны жаңғырту аясында коммуналдық сектордың желісі мен нысандарының ахуалы жөніндегі біртұтас жалпыұлттық мәліметтер базасын қалыптастыру маңызды. Әр өңірде коммуналдық желілерді жаңғырту жөніндегі жоспарлар жасау қажет. Әкімдер бұл жұмысты ұдайы бақылауда ұстауға тиіс. Сумен қамтамасыз ету мен су арналарының, электр қуаты мен жылу берудің, сондай-ақ басқа да коммуналдық қызметтердің кепілді үлгі-қалыптарын жасап, енгізу керек. ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасына «тиімді меншік иесін» қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды қосу қажет. Әрбір пәтер иесі үйлерді басқару ісіне нақты қатысып, осы Бағдарламадан пайда көретіндей болуы маңызды. 11-ші ТАПСЫРМА ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін жалдамалы тұрғын үй нарығын одан әрі дамыту және жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру жөніндегі ұсыныстарды талдап-жасасын және енгізсін. b) Білім беру жүйесін жаңғырту жөніндегі бұдан былайғы қадамдар. Білім беру жүйесіне Қазақстан тұрғындарының үштен бір бөлігіндейі тартылған. Мұндағы ең маңыздысы біздің балаларымыздың нақ осы білім беру жүйесінде өсетіні, қалыптасатыны және есейетіні. Бұл әрбір отбасын толғантады. Сондықтан да бүкіл жаңғырту үдерісінің та-бысқа жетуінің түйінді факторы ұлттық білім беру жүйесін жаңартудың табысты өтуі болып табылады. Қазақстандағы білім беру жүйесін жаңғырту үш басты бағыт бойынша жүргені көкейге қонымды: 1. білім беру мекемелерін оңтайландыру; 2. оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту; 3. білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру. Оңтайландыру аясында білім берудің үздіксіз көлбеуін нығайту қажет. «Жасқа қарайғы» білім берудің тұтас лифт сияқты мектепке дейінгі, бастауыш, орта, кәсіптік, жоғары және жоо-дан кейінгі барлық түрлерінің өзара қисынды байланысын қалпына келтіру маңызды. Бұл орайда жеке және мемлекеттік білім беру мекемелері ұсынатын білім беру қызметтерінің арасындағы елеулі алшақтыққа жол беруге болмайды. Білім беру жүйесі жалпыұлттық күйінде қалуға тиіс. Біріншіден, орта білім беру жүйесінде директорлар корпусының сапасын жақсарту жөнінде шаралар атқару қажет. Екіншіден, мемлекеттік білім беру үлгі-қалыптарының жеке мектептерде, колледждер мен жоо-ларда, соның ішінде халықаралық жоо-ларда да сақталуына бақылауды жолға қою қажет. Үшіншіден, жоо-ларды оңтайландыру үдері-сін жүргізу маңызды. Қазақстанда 146 жоғары оқу орны бар. Олардың талайы маман тәрбиелеп шығарудың қажетті сапасын қамтамасыз ете алмайды. Үкімет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, қазақстандық еңбек нарығын Бесжылдық Жалпыұлттық Болжауды талдап-жасауды және жариялауды тәжірибеге енгізуге тиіс. Мұндай құжат мамандық таңдауда қазақстандық мектеп бітірушілер үшін жол көрсеткіш болады. Сондай-ақ қазір жұмыс істеп тұрған барлық жоо-ларды тексерістен өткізіп, қорытындысы бойынша олардың санын біріктіру немесе жекелеген мекемелерді тарату жолымен оңтайландыру керек. Төртіншіден, дуальды кәсіби білім беруді дамыту маңызды. Жаппай мамандықтар кадрларының жетіспеушілігін еңсеруге мүмкіндік беретін осы заманғы қолданбалы біліктілік орта-лықтары қажет. 12-ші ТАПСЫРМА 1. ҚР Үкіметі жоо-лардың санын оңтайландыру және кадрларды сапалы дайындауды қамтамасыз етпейтін білім беру мекемелерінің лицензияларын қайтарып алу жөніндегі жұмысты жалғастырсын. 2. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, 2014 жылдан бастап еңбек нарығын дамытудың бес жылдық болжауларын талдап-жасауды қамтамасыз етсін. Бүгінгі таңда қазақстандық білім беру жүйесінде оқу үдерісінің практикалық жағына жеткілікті көңіл бөлінбейді, оқушылардың жеке ерекшеліктері нашар ескеріледі. Балалардың, жасөспірімдер мен жастарды олардың есеюі мен табысты әлеуметтенуінің дара міндеттерін шешуге бағыттайтын рухани-парасаттылық тәрбиесінің тәсілдері жеткіліксіздігі жөніндегі мәселе күн тәртібінде өткір тұр. Іс жүзінде бүкіл оқу-тәрбие үдерісі ескірген әдістемелерге негізделген. Оқу-тәрбие үдерісінің тарихи білім сынды маңызды ісі жеке тұлғаның, азамат пен патриоттың қалыптасуы міндеттерін шешуге атымен бейімделмеген. Нақтылық мынада, оқушылар Қазақстан тарихы пәнін «зеріктірерлік», «қызықсыз», «бытысқан» пән деп санайды. 2012 жылы «Алтын белгі» медалін алуға үміткерлердің талайы нақ осы отандық тарих жөніндегі «өкінішті» сұрақтардан «омақасқаны» көп жайды аңғартады. Мектеп курстарында көбіне көп кеңестік білім беру жүйесінің сарқыншақтары сынды әскери дайындық, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету негіздері бағдарламалары бар. Сонымен бірге, оқушыларға қазірдің өзінде қажетті инновациялық курстар жоқ. Мысалы, өте көкейкесті болып табылатын «Қазақстан құқығы» (оның болмауы жастардың құқықтық нигилизмі мен сауатсыз-дығына соқтырады), «Өлкетану» (туған жерге махаббат отаншылдықтың негізі ғой), жеке табысқа жетудің, жеке тұлғаның әлеуметтенуінің әдістемесі сынды «Акмеология» сияқты пәндер қайда? Олардың жоқтығы жастардың едәуір бөлігінің әлеуметтік инфантилизміне, ересек өмірге бейімделе алмауына, басқа да келеңсіздіктерге ұрындырады. Жастардың бір бөлігі діни секталардың, экстремистердің, есірткіге құмар және қылмыстық топтардың «оңай олжасына» айналады. Мұның бәрінің басты себебі - әлеуметтік инфантилизм, өзінің өмірі мен өз отбасының әл-ауқаты үшін өзі жауап бере алатын ересек әрі кемел азамат болуға шамасы жетпеушілік. Сондықтан бүгінгі таңда оқу-тәрбие үдерісін түбірінен өзгерту маңызды. Білім беру қызметтерінің қолжетімділігі мәселесі көкейкесті күйінде қалуда. Бұл орайда қосымша білім берудің интерактивті түрлерін дамыту қажет. Алайда, менің интерактивті білім беруді дамыту жөніндегі алға қойған міндетім, өкінішке орай, тар мағынада түсініліп, солай жүзеге асырылуда. Интерактивті тақталарды пайдаланумен интерактивті білім беруге қол жеткізе салмаймыз. Бүгінгі таңдағы онлайн-білім беру ұстаз бен шәкірттердің тікелей Интернет-араласуы режімінде де, арнайы жасалынған интерактивті оқу бағдарламалары мен ойындар түрінде де өтетін факультативтік интерактивті курстарды ұйымдастыруды қамтуға тиіс. «Онлайн-ұрпақтың» Интернетке табиғи ұмтылысын біз, интерактивті олимпиадалар, оқу турнирлерін тағы басқаларды ұйымдастырып, пайдалануға және жағымды арнаға
|
|||
|