Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Мемлекет нысаны



1.5. Мемлекет нысаны

Мемлекет нысаны - мемлекеттің өмір сүру тәсілі мен ондағы биліктің мазмұнын көрсететін элементтердің жиынтығы. Мемлекет нысаны үш элементтен тұрады:

1) мемлекеттің басқару нысаны;

2) мемлекеттің құрылым нысаны;

3) мемлекеттегі саяси режим.

Мемлекеттің басқару нысаны дегеніміз - мемлекеттегі жоғарғы билікті ұйымдастыру және құру тәсілдерінің жиынтығы. Басқару нысаны мемлекеттегі билік кімнің қолына шоғырланғандығына байланысты монархия және республика болып бөлінеді.

Монархия дегеніміз - мемлекетте бір ғана адам өз қалауынша билік жүргізетін және оған билік мұрагерлік жолмен берілетін мемлекет. Монархия абсолюттік және өкілдік болып екіге бөлінеді. Абсолюттік монархияда монарх билігі ешқандай органмен шектелмейді. Ал өкілдік монархияда монарх билігі өкілді органмен шектеледі. Өкілді монархия сословиелік- өкілдік монархия және конституциялық монархия болып бөлінеді. Сословиелік- өкілдік монархияда монарх билігі әртүрлі сословие өкілдерінен құралған сословиелік-өкілдік органмен шектеледі. Контитуциялық монархияда монарх билігі конституция негізінде құрылған парламент билігімен шектеледі. Конституциялық монархияның дамымай тұрған кезінде дуалистік монархия орын алады. Дуалистік монархияда монарх өз қалауымен үкіметті құрады, министрлерді тағайындайды, абсолютті вето құқығына ие болады және өз қарауы бойынша парламентті тарата алады.

Республика дегеніміз - жоғарғы мемлекеттік билік органдарының нақты бір мерзімге сайлану арқылы билікке келетін басқару нысаны. Республикалық басқару нысаны президенттік және парламенттік болып екіге бөлінеді.

Президенттік республикада сайланған президент бір мезгілде үкіметтің де басшысы болып табылады. Президент қарулы күштердің бас қолбасшысы болады және парламент қабылдаған заңдарды бекітеді. Парламенттік республикада заң шығару билігінің күші басым, ал атқару билігі оған бағынышты болады. Парламент үкіметті құрады және үкімет праламентке есеп береді.

Мемлекеттің құрылым нысаны - мемлекеттегі биліктің әкімшілік-аумақтық ұйымдастырылуы мен орталық және жергілікті органдардардың ара қатынастарының реттелінуі. Мемлекеттің құрылым нысаны унитарлық, федерация және конфедерация болып үшке бөлінеді.

Унитарлық мемлекет - бұл біртұтас, орталықтандырылған, құрамындағы әкімшілік аумақтық құрылымдар дербестікке ие бола алмайтын мемлекет.

Федерация - бір мемлекеттің құрамында толық тәуелсіздікке ие бола алмаған мемлекеттік құрылымдардың болуы. Ондағы егемендік біреу және субъектілердің заңдары орталық заңдарына қайшы келмеуі тиіс.

Конфедерация - тәуелсіз мемлекеттердің белгілі бір мақсатқа жету үшін біріккен одағы.

Мемлекеттегі саяси режим - мемлекеттің өз қолындағы билікті жүзеге асыруының әдіс-тәсілдері. Саяси режим демократиялық және антидемократиялық болып екіге бөлінеді. Демократиялық режимде мемлекеттегі барлық адамдардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беріліп, азаматтар биліктің ұйымдастырылуына қатысып, халық биліктің қайнар көзіне айналады.

Антидемократиялық режимде халық биліктен алшақтатылып, мемлекет қоғамды басқаруда халыққа тиімсіз жолдарды пайдаланады. Антидемократиялық режимдер тоталитарлық, авторитарлық, аристократиялық, фашистік, либералдық болып бірнеше түрге бөлінеді.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.