Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Психологияның салалары 



                                 5. Психологияның салалары 

   Қазіргі кезде психология ғылымы психологияның ғылыми білімдер жүйесіндегі негізгі мағынасы, ғылым білімнің нәтижелерін анықтай отырып Б.Ф.Ломовтың айтуы бойынша психологиялық зерттеулердің негізгі обьектісі адам болғандықтан, ол барлық ғылыми пәндердің интеграторы болып саналады деуі. Орыстың атақты ғалымы Б.Г.Ананьев өзінің еңбектерінде адам туралы мәліметтерді нақты ғылыми білім деңгейінде талдау керектігін көрсете отырып, осы мәселені зерттеуді қолға алды.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында адамның жан дүниесінің сыр-сипатын терең зерттеген Л.С.Выготский адам психикасының «мәдени-тарихи» дамуы және «бала психикасының жақын арадағы даму аймағы» деп аталатын теориялық тұжырымдарында айрықша атап көрсетті.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап психология ғылымы өз алдына жеке ғылым болуына сол кездегі ғылыми білімдердің бірлесуінің В.Вундтың тұңғыш лабораториясы мен Г.Фехнердің эксперименттік әдісті енгізулері психологияның ары қарай дамуына жол ашты. Психикалық құбылыстардың табиғи ғылыми теориясының негiзiн рефлекторлық тұрғыдан М.И.Сеченовтiң (1829-1905 жж.) рефлекстер жөнiндегi пiкiрлерi мен И.П.Павловтың (1849-1936 жж.) жоғары нерв қызметi туралы iлiмiнiң маңызыдылығы мен физиологиялық тұрғыдан атақты ғалымдардың еңбектері: А.А.Ухтомский, П.К.Анохин, Л.А.Орбели, К.М.Быков, Н.И.Красногорский, Н.А.Бернштейн және тағы басқа ғалымдар зор үлес қосты /7, 8/.

Қазіргі кезде психологияның негізгі мәселелерін дамытуда Ч.Дарвиннің эволюциялық идеялары үлкен ықпал етуде. Тіршілік иелерінің өмір сүру барысында ортаның өзгеру жағдайына бейімделуі, психиканың рөлін анықтауға, психикалық әрекеттің бір түрден екінші түрге ауысуының мағынасын түсінуге мүмкіндік береді. Психология физиологиямен соның ішінде жоғары нерв қызметінің физиологиясымен тығыз байланыста болуы маңызды, себебі физиология ағзаның қызметін жүзеге асыратын механизм, ол ағзаның қоршаған ортамен теңесуін қамтамасыз ететін нерв жүйесі жұмысының механизмдерін реттейді.

  Қазіргі кезде адамның даму механизмдерінің динамикасы мен өзгерістерін психологиялық теориялар негізінде кешенді жүйемен зерттеп, анықтау психологияның өзекті мәселелерінің біріне айналуда. Психология сан салалы ғылым оның отыздан астам салалары бар, оларды тудырған қоғамның нақтылы талап-тiлектерi, өмiрiмiзде болып жатқан ғылыми-техникалық, экономикалық прогресcтiң, дамудың әсерi.

Психологияның кейбiр салалары еңбек әрекеті кезінде адам санасының қалай қалыптасатындығын зерттейдi.

Психолгия, педагогикалық психология, медициналық, әскери, инженерлiк және тағы басқа болып бiрнеше салаларға бөлiнедi. Психологиялық ғылымдардың келесi бiр топқа енуiне даму принципi басты негiз болды. Бұларға: мектепке дейiнгi балалар психологиясы, жас өспiрiм жастағы психология, балаң жас психологиясы, кемел жас психологиясы, егде жастағылар психологиясы, патологиялық психология, психикасында кемiстігі бар адамдарды зерттейтiн психология, салыстырмалы психология, зоопсихология, этнологиялық психология және тағы басқа психологияның салалары кiредi. Қоғам мен жеке адамның қарым-қатынасын зерттейтiн әлеуметтiк психология, тұрмыс пен биологиялық факторлардың балалар психикасына әсерiн зерттейтін балалар психологиясы, жануарлар мен адамдардың психикасының ұқсастықтары мен айырмашылықтарын қарастыратын салыстырмалы психология және қоғамдағы әлеуметтік ортадағы қажеттілікке байланысты спорт психологиясы, космос психологиясы, кiтапхана психологиясы, сауда психологиясы, өнер психологиясы, басқа да өмiр салаларына байланысты түрлерi де бар, олар: математика, биология, эстетика, социология және тағы басқа ғылымдардың соңғы жаңалықтары психологияға кеңiнен енiп, оның жан-жақты дамуына жан-жақты әсер етiп отыр. Психология мен этиканың арасында да тығыз байланыс бар. Психология сондай-ақ; жаратылыстану биология, физиология, неврология, педагогика, пән методикасы ғылымдарымен де тығыз байланысып жатыр. Кейінгі жылдары психология ғылымына көптеген мiндеттер жүктелген: олар, қазiргi Қазақстан жастарының бойына тамаша қасиеттердi қалыптастыру жолдары, ғылыми-техникалық дамудың адам психикасына қалай әсер етіп отырғандығы, оқу-тәрбие процесiнде болып жатқан түрлi жаңалықтарды психологиялық тұрғыдан зерттеу осы ғылымның басты мiндеттерi болып табылады.

Бұл салалар мен тармақтардың дамуы мен қалыптасуы жағынан адамның түрлі тәжірибелік іс-әрекеттерін қамтитын әр түрлі сатыда тұрғандығын, оларды топтастырып, жеке-жеке ажырату, жіктеу -классификация деп аталады. Енді осы мәселенің сырын ашу қолға алынуда, біз психиканың дамуын жіктегенде, ең бірінші, осы пәннің зерттейтін объектісін, екінші адамның іс-әрекет түрлерінің негізгі мақсатын, үшінші, адамның өзінің дамуы мен іс-әрекет иесі деп санап оның әлеуметтік ортаға деген қарым- қатынасын қарастырамыз және адамның нақты іс-әрекетіне сүйене отырып оның психикасының дамуын төмендегіше жіктейміз:

Жалпы психология: Қалыпты ересек адамның психикалық қызметінің жалпы заңдылықтарын зерттейді. Сондай-ақ ғылымның негізгі принциптері, оның зерттеу әдістері, психологияның әр саласында өткізілген зерттеулер негізінде талданып қорытындыланған және абстракцияланған ұғымдар жүйесі де жалпы психологияның мазмұны болып табылады. 

  Жас ерекшелік психологиясы: Адамның психикалық даму заңдылықтарын, әр түрлі психикалық процестердің; естің, ойлаудың, қиялдың, сезімнің қалыптасу процесін және жеке адамның психикалық қасиеттерін зерттейді. Жас ерекшелік психологиясының міндеті жастық ерекшеліктерді, жасқа қатысты шақтардың біріншісінен екіншісіне өтудің заңдылықтарын зерттейтін ғылым.

  Педагогикалық психология: Білім беру мен тәрбиелеудің психологиялық негіздерін зерттейді және жас ерекшелік психологиясымен тығыз байланысты, өйткені білім беру мен тәрбиелеудің психологиялық заңдылықтарын оқитындардың жас шамасын және индивидуалдық ерекшеліктерін ескермейінше, керекті психикалық процестерді ашу мүмкін емес. Педагогикалық психология саласындағы зерттеулер білім беру мен тәрбиелеу жұмыстарының мәнін дұрысырақ түсінуге, оқулықтар мен оқу құралдарына қойылатын әр түрлі талаптарды анықтауға, оқушылардың ақыл-ой қызметі мен мінез-құлқын басқара отырып, олардың дамуын қамтамасыз ететін білім беру және тәрбиелеудің тиімді тәсілдерін тауып негіздеуге, мүмкіндік береді. Сондай-ақ, педагогикалық психология мұғалімдер мен оқушылардың арасындағы өзара қарым-қатынас мәселелерін, мұғалімнің жеке басына қойылатын талаптарды зерттейді, педагогикалық қабілеттер мазмұны мен қалыптасу процесін ашып береді. Педагогикалық психологияда кәсіптік-техникалық училищелерде, жоғары мектепте, білім беру, ересек адамдарды оқытумен және тағы басқалармен байланысты мәселелер ерекше орын алады.

Тәлім-тәрбие психологиясы: Бұл пәннің зерттейтін мәселесі баланы (адамды) оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі психологиялық заңдылықтар. Ол оқушылардың ақыл-ойы мен ойлау жүйесін, дағдыларын қалыптастырудың, олардың тиісті оқу материалдарын меңгеру мен ұстаз бен шәкірт арасындағы өзара қарым-қатынастырды реттеудің түйінді мәселелерін қарастырады. Сөйтіп, оқушылар ұжымдағы өзара қатынастармен, олардың психологиялық даралық ерекшеліктерімен санасып отырудың мүмкіндіктерін іздестіреді. Оқу-тәрбие жұмыстарын және балалардың психологиялық ерекшеліктерін қарастырып, бірқалыпты даму заңдылықтарынан ауытқыған балалармен тәлім-тәрбие жұмысын жүргізу әдіс-тәсілдерінің психологиясын зерттейді. Сондай-ақ, ересек адамдармен жұмыс істеудің ерекшеліктерімен және оларды калай оқыту мәселелерімен де шұғылданады. Тәлім-тәрбие психологиясының мына сияқты тармақтары бар:

а. Оқыту психологиясын, дидактиканың психологиялық негіздерін, оқыту мен білім берудің жекелеген әдістеме мәселелерін, бағдарлап оқыту мен балалардың ақыл-ойын қалыптастыру сияқты өзгеде мәселелермен шұғылданады.

ә. Тәрбие психологиясы гуманистік және әлеуметтік тәрбие мәселелерінің психологиясын зерттеп, оқушылар ұжымының, еңбекпен түзету педагогикасының психологиялық негіздеріне қатысты мәселелерді де қарастырады. Бұлар басқа мұғалімдер психологиясы мен кемтар балаларды, ересектерді де оқытып тәрбиелеу мәселелерін қамтиды.

Жас кезеңдер психологиясы: Әр түрлі психикалық процестердің табиғи негізі мен үнемі дамып отырған азамматтық қасиеттерін, психологиялық сапаларын зерттейтін бұл сала мынандай тармақтардан тұрады: балалар психологиясы, жеткіншектер психологиясы, қарт адамдар психологиясы. Бұл салада оқыту мен ақыл-ойдың дамуын және олардың өзара байланысы мен негізгі мәселелерін зерттеп, оқыту ісіндегі адамның ақыл-ойын, сана-сезімін жетілдірудің тиімді жолдарын қандай әдістер арқылы өрістетуге болады деген мәселелерді қарастырады.

Даму психологиясы: Психология ғылымдарының бір саласы ретінде тұлғаның өмір сүру барысында психикалық даму процесінің динамикасын және жас ерекшеліктерін анықтауға бағытталған. Даму психологиясының пәні психикалық дамудың әр бір кезеңінде адамдар арасындағы даралық ерекшеліктерді зерттейді. Онтогенездің әр түрлі сатыларындағы психикалық даму мәселелері бойынша негізгі теорияларын және тұжырымдамаларын, практикалық бөлімінің бір бөлігі ретінде, онтогенездегі адамның тұлғалық психологиялық ерекшеліктерін тереңдетіп меңгерулеріне мүмкіндік береді. Жалпы даму психологиясы келесі салалардан тұрады: нәрестелік жас психологиясы, ерте сәбилік шақ психологиясы, мектепке дейінгі кезең психологиясы, бастауыш мектептегі даму психологиясы, жеткіншектер психологиясы, жасөспірімдер психологиясы, ерте жастық шақ психологиясы, кемел жас психологиясы, қарттық кезең- геронтология психологиясы. Бұл сала оқыту мен ақыл-ойдың дамуын және олардың өзара байланысы мен іргелі мәселелерін зерттеп, оқыту ісіндегі адамның ақыл-ойын, сана-сезімін жетілдірудің тиімді жолдарын психологияның түрлі әдістері арқылы дамытуға, жетілдіруге болады деген мәселелерді қарастырады.  

  Арнайы психология: Бұл адам дамуының бірқалыпты даму жолынан ауытқуын, ми ауруына ұшырағандардың психикалық күйзелістері мен осы саладағы әр түрлі аурулардың себептерін қарастырады. Арнайы психологияның мына тармақтары, атап айтқанда: олигофренопсихология - ми зақымы ауруымен туған адам психологиясының дамуы, сурдопсихология- саңырау не керең болып туған балалар психикасын, тифлопсихология - нашар көретіңдер мен соқырлардың психологиялық дамуын зерттейді.                      

  Еңбек психологиясы: Адамның іс-әрекет түрлерінің психологиясын, еңбекті ғылыми негізге сүйене отырып ұйымдастыру мәселелерін қарастырады. Еңбек психологиясының мақсаты, әр түрлі еңбектегі мамандық ерекшеліктерін, еңбек дағдыларының қалыптасуын, өндірістік кәсіптік жағдайдың адамға тигізетін әсерін, құрал-аспаптардың құрылысы мен орналасуын, хабар жүйелерінің қажетті заттарын қарастыру. Бұл салалардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерімен қатар бірімен-бірі байланысты болып келетін мынандай тармақтары бар: өндіріспен адам арасында қатынас орнатудың түйінді мәселелері болып саналатын еңбек әрекетіндегі адамның өнімді ісі, оның психологиялық ерекшеліктері, жүйке жүйесінің қызметі мен еңбек гигиенасы, адамның өнім өндірудегі жетекші рөлі, техникалық құрал жабдықтар, эстетикасы және ароматтанған тетіктер теориясына қатысты мәселелер қарастырылып, олардың басқа да қырлары зерттелінеді.

   Инженерлік психология: Бұл негізінен, автоматтандырылған жүйелерді басқару мен әр түрлі операторлардың жұмысын зерттейді. Инженерлік психологияда ең өзекті мәселе эргономика деп аталады. Бұл термин гректің «ергон» жұмыс, «номос» заң деген екі сөзінің бірігу нәтижесінде пайда болған. Осы орайда, өндіріспен адам арасында қарым-қатынас ортатудың түйінді мәселелері болып саналатын еңбек әрекетіндегі адамның өнімді ісі, оның психологиялық ерекшеліктері, жүйке жүйесінің қызметі мен еңбек гигиенасы, адамның өнім өндірудегі жетекші рөлі, техникалық құрал жабдықтар, эстетикасы және ароматтанған тетіктер теориясына қатысты мәселелер қарастырылып, олардың сыр сипаты зерттеледі. Эргономика, негізінен «адам машина» жүйесінде зерттеуші адамның дүниетанымдық сана сезіміне байланысты. Ал, психологиялық заңдылықтар, жеке тұлғаның психикалық қасиеттері, психикалық құбылыстары мен психикалық үрдістерінің даму, қалыптасу себептерін, орта еңбектену жағдайын қарастыра отырып, олардың неғұрлым өнімді болуы мен нәтижелерін жүйелі түрде үйлестіруді басты міндет етіп кояды.

Авияциялық психология: Ұшқыштарды оқыту мен ұшу кезінде орындалатын істердің жай жапсарын, жалпы, адам психикасының әуе кеңістігіне бейімделудегі ерекшеліктерін зерттеп, жоғары дәрежеде ысылған мамандар мен кадрларды даярлап шығару мақсаттарын көздейді.

Ғарышкерлік психология: Адамның салмақсыздық пен әлем кеңістігінің айдынында бағдарсыз жағдайда жұмыс істеу сәтіндегі аса қиыншылық жағдайлардағы психологиясын оның шектен тыс әсерден кейінгі кейпін, көңіл-күйі мен төзімділік көрсету шараларын зерттейді. Еңбек психологиясында арнайы зерттелуге тиісті күрделі тармақтар да бар, олар: ауыл шаруашылығындағы шопандар мен малшыларға, диқандар мен егіншілерге қатысты болып келеді.

Медициналық психология: Дәрігерлердің қызметі мен аурулардың мінез-құлқын зерттейді. Бұл сала бірнеше тармаққа бөлінеді, әрбір тармақтың адам психикасын зерттеуге қатысты мақсат, міндеттері бар.

Нейропсихология психикалық құбылыстар мен жоғары жүйке құрылысының физиологиясын және олардың өзара қатынасын зерттейді;

Психофармаксология дәрі - дәрмектердің адам психикасына әсері мен күшін қарастырады;

Психотерапия ауру адамға психикалық әдіс айла және емдік тәсілдер қолдану мәселелерін қарастырады;

Психопрофилактика және гигиена адамның денсаулығы мен оны нығайтуға арналған шараларды жүзеге асыру жүйесін, оның әдіс-тәсілдерін айқындаумен шұғылданады.

Патологиялық психология: потопсихология туа пайда болған ауру адамдар психологиясын зерттейтін ғылым потопсихология деп аталады. Бұл сөз грек тілінде «патос» зардап шегу, ауру деген мағынаны білдіреді. Потопсихология медицина ғылымы мен оқу-тәрбие істерін зерттейтін пән педагогика мен психикасын қарастыратын психология ғылымының түйіскен торабына жатады. Адамдардың нормальды психикалық қызметінің бұзылуының әр түрлі формаларын, нормальды психикалық дамудың әр түрлі аумақтарын зерттейді. Психологияның бұл саласында бірнеше бағыт: олигофренопсихология-психикалық дамудың мидың туа біткен ақауларына байланысты патологиялық жағдайларын тексереді, тифлопсихология- соқыр немесе нашар көретін адамдардың психологиясын зерттейді, сурдопсихология- есту қабілетінің бұзылуымен байланысты психологиялық ерекшеліктерді зерттейді.

Әскери психология:Бұл ғылымның ең басты міндеті, азаматты ел-жұрты мен Отанын қорғайтын қорған болуға психологиялық тұрғыдан даярлау. Мұнда жауынгерлердің мінез-құлқы мен отаншылдық қасиетін тәрбиелеп қалыптастыру жағдайлары, бастықтар мен бағынушылар арасындағы қарым-қатынастар, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, дұшпанға деген өшпенділік сезімдерінің оянып, оған қарсы барлау істерін ұйымдастыру және соғыс техникасын меңгеру мен басқару әдістерін зерттейді.

Әлеуметтік психология: Әр түрлі әлеуметтік ортадағы топтардың, ұжымдардың психикалық көріністерін, көңіл-күйлерін қоғамдық пікірін, топтар мен ұжым арасындағы адамдардың өзара қарым-қатынасын және

қоғам арасындағы қарым-қатынасты зерттейді. Бұл салада адамдардың белгілі бір ұйымдасқан топтар мен кездейсоқ топтар арасындағы өзара қарым-қатынастары мен психологиялық құбылыстары, ұжымдағы белсенділігі мен ерекшеліктері, адамдық қасиеттері маңызды.

Спорт психологиясы: Спортшыларды спортқа баулып, тәрбиелеуде психологиялық іс-әрекеттеріңдегі психологиялық ерекшеліктерін зерттеп дайындайды. Спорт жетекшілері, спортқа дайындалушылардың спортқа деген дағдыларын, шеберліктерін, бейімділігін бақылап қалыптастыру заңдылықтарын меңгерулерін зерттейді. Жарыс кезінде спортшының жарысқа дайындығын, сана көріністерін тексеріп, олардың өзара қарым-қатынасын, оларды даярлаудың жағдайын, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін, психологиялық даярлығын және күш-қуатын жинақтау деңгейін, жарыстарды ұйымдастыру, өткізу мәселелерінің психологиялық факторларын зерттейді. Әрбір ел мен халықтың спорт өнеріндегі ерекшеліктерін де ескере отырып, оларды жаттықтыру міндеттері де анықталады.

Сауда психологиясы: Қазіргі кезде кеңінен дамып отырған сала, бұл сала бойынша әрбір елдің саяси-экономикалық және мәдени-материалдық қажеттіліктерін өтеу мақсаттарына қарай дамыту шаралары белгіленеді. Сонымен қатар, әсіресе жарнамалардың психологиялық ықпалы, елдегі адамдардың жас ерекшеліктері, сатып алушылардың мұқтаждығы, оларға қызмет көрсетудің факторлары қарастырылады.

Ғылыми шығармашылық психологиясы: Соңғы кездерде зерттеле бастаған сала, бұл сала шығармашылық пен айналысатын адамның жасампаздық қызметі, өзіндік ерекшеліктері, белсенділігі айқын көрініп, ғылыми жаңалықтарды ашудағы интуициясы, сезімдік рөлі тағы басқа сипаттары зерттеледі. Осы бағыттағы ерекше маңызды заңдылық эвристика тәсілі.

Көркем-өнер, әдебиет пен шығармашылыққа қатысты психология: Бұл сала бойынша қарастырылатын мәселелер әсемділікті қабылдау және оның адам жан дүниесін байытуға ықпал ету факторлары. Бұл саланың өзекті мәселелері әлі күнге дейін жүйелі түрде өз дәрежесінде зерттеле қойған жоқ.

Салыстырмалы психология: Психиканың филогенетикалық түрлерін қарастырады. Мұнда адам мен хайуанаттар психикасын салыстыра отырып зерттейді. Олардың психикасындағы айырмашылықтары мен ерекшеліктері ажыратылады. Бұл саланың жануарлар психологиясын зерттейтін тармағы әрбір түр мен тектің, олардың тобындағы жан-жануарлардың, жәндіктердің құлқын, әрқилы механизмдерін қарастырады. Мысалы, өрмекші, құмырсқа, ара, ит, құс, жылқы және маймылдың психикасы едәуір деңгейде зерттелген. Қазіргі кезде бұл тармаққа биология мен психологияның тоғысқан жеріне этология деп аталатын тармақ қосылып отыр. Бұл орайда, киттер сияқты дельфиндердің де қылықтары бақылауға алынып, хайуанаттар құлқындағы туа пайда болатын механизмдер зерттелуде.

Заң психологиясы: Құқыққа қатысты мәселерлерді реттеу және оларды тәжірбие жүзінде қолданудың психологиялық мәселелерін зерттейді. Бұл сала сот психологиясы, қылсым психологиясы, еңбекпен түзету психологиясы деп аталатын тармақтардан тұрады. Сот психологиясы - сот, айыптаушылары, куәлар, сот тергеуін жүргізу, олардан жауап алу тәрізді т.б. процестердің психологиялық астарларын қарастырады. Қылмыс психологиясы,- қылмыскерлердің жеке басы мен оның зиянды әрекеттерін ашады. Еңбекпен түзету психологиясы – тұтқында отырған адамдарды сендіру немесе күшпен істету арқылы қайта тәрбиелеудің жолдарын қарастырады..

     Басқару психологиясы: Адамдардың іс- әрекеттерін тиімді түрде ұйымдастыру, оларға басшылық ету ретінде қарастырылып, ұйымдастырудың белгілі бір мақсатын шешуге бағытталған. Сонымен қатар, басқару қызметінің және оған қойылатын талап-тілектерін ескеру, басшы қызметкердің тұлғалық қасиеттері мен басқару тәсілін дұрыс жолға қою мәселелерін қарастырады. /1, 2, 3, 4,5,6,7,8/

 

           Пысықтау сұрақтары:

1. психология ғылымы нені зерттейді? Қысқаша анықтама беріңіз.

2. Психикалық құбылыстарды қалай жіктеп топтастыруға болады?

Түсініктеме беріңіз.

3. Психологияның негізгі салаларын атаңыз? Әрқайсысына қысқаша

сипаттама беріңіз.

4. Психологияның зерттеу әдістері дегеніміз не?

  Әрбір психологиялық әдістерді түсіндіріңіз.

5. Бейнелеу теориясы деген не? Нақты анықтама беріңіз.

6. Психология ғылымының алдында қандай міндеттер тұр.

   

         Әдебиеттер тізімі:

 

1. Аймауытов Ж. Психология. Алматы. 1995

2. Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. 3-5т. Алматы, 1998

3. Аристотель. О душе. Э.Никомахова. Соч.: 4 т. М., 1975, Т. 1 .

4. Ломов Б.Ф. Психология в системе научного знания. ВКН: «Наука», 1984

5. Ананьев Б.Г. Избранные психологические труды. М.: Педагогика, 1980

6. Рубинштейн С.Л. Основы Общей психологии. - СПБ. «Питер», 2005

7. Леонтьев А.Н. Проблемы развития психики. Изд-во. 3-ое. МГУ, 1972

8. Выготский Л.С. Собрание сочнений. М., 1983

10. Асылханова М.А. Психология: «Ұлағат», Абай атындағы ҚазҰПУ.

Алматы, 2015

 

 

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.