Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Психологияның зерттеу әдістері



4. Психологияның зерттеу әдістері

 

  Қай ғылым болмасын өзін тың фактілермен жаңартып үнемі толықтырып отырмаса, ол ғылым дами алмайды. Соған орай психологияның ғылыми негізделген әдістерін (методтарын) пайдаланғанда ғана ғылым дұрыс дамуы мүмкін. Ғылыми әдістерді, методтарды негіздеу, әдістердің, оларды пайдалану ережелерінің және ғылыми пәннің философиялық, психологиялық ұғымының арасындағы өзара байланысты ашу, сол ғылымның жан-жақты дамып қалыптасуына зор мүмкіндік береді деген сөз. Бiздiң әрқайсысымызға оңай, тiптi таныс сияқты болып көрiнетiн күнделікті психикалық өмiрiмiзге үңілiп қарасақ, өзiне тән заңдылықтары бар аса күрделi қасиет екендігіне көз жеткіземіз. Психикалық өмiрдi де жай көзбен қарап ажырату қиын, адамның психологиялық ерекшелiктерiн бiлу үшiн осы ғылымның зерттеу әдiстерiмен танысуымыз қажет, себебі әр ғылымның өзiндiк ерекшелiктерiне қарай дербес зерттеу әдiстерi болады, осы әдiстер арқылы сол ғылымның сан алуан заңдылықтарын зерттеуге мүмкiндiк тууы заңдыда, егер ғылымда өзiне тән зерттеу әдістері болмаса, ол нағыз ғылым болудан қалады. Басқа ғылымдар сияқты психология ғылымының да өзiне тән зерттеу әдiстерi бар. Бұл әдiстер осы ғылымның көп жылғы даму жолында түрлi тексерулерден өтiп, сұрыпталу арқылы қалыптасқан.  

Психикалық әрекеттi белгiлi мақсатқа байланысты жоспарлап, арнайы белгiленген және мұқият ұйымдастырылған әдiстер арқылы зерттейдi. Зерттелiнетiн адамның көп рет қайталанған iс-әрекеттерi мен қылықтары, сөз саптауы мен мимикалары ғана бiзге оның шын мағынасындағы ойлауы мен сөйлеуiнiң, сезiмi мен еркiнiң, темпераментi мен мiнезiнiң ерекшелiктерiн бiлуге көмектеседi.

Адамның психологиясы, сана-сезiм дәрежесi iс-әрекеттен, оның нәтижесiнен жақсы байқалады. Адам психологиясын нақтылы әрекет үстiнде зерттеу психологияның ең негiзгi принципi. Идеалистiк психологияның өкiлдерi: «адамның психикалық құбылыстарын зерттеуде оның өзi берген мәлiметтер шешушi орын алады, сондықтан да өзiн-өзi байқау «интроспекция» әдiсiнiң деректерiне ерекше көңiл бөлу қажет», бұл дұрыс пiкiр емес. Мұндай жолмен адамның iшкi жан дүниесiн бiлу қиын, өйткенi адам өзi туралы көп жағдайларда қателеседi, оның шынын айтқысы келмеуi де ықтимал, сондай-ақ адам өзiнiң психологиялық ерекшелiктерiн жете бiлмеуi, не оны басқа бiреуге дұрыс жеткiзiп бере алмауы мүмкiн. Өзiн-өзi байқау – адам психикасын зерттеудiң әдiсi болып табылмайды, ол әркiмнiң өз басындағы рухани ерекшелiктерiн аңғара алуын көрсететiн факт. Мұндай жолмен адам психологиясының мәнi, оның қалыптасу жолын түсiндiруге болмайтындықтан, психиканы объективтiк жолмен зерттеуде бiз осы принциптен ешбiр ауытқымауымыз қажет. Психологияда адамның психикалық ерекшелiктерiн зерттейтiн бiрнеше әдiстер бар, олардың бiр тобын негiзгi әдiстер, екiншi бiр тобын қосалқы әдiстер деп атаймыз. Осындай негiзгi әдiстердiң бiрiне байқау әдiсi мен эксперименттік әдіс жатады.

                                             Байқау әдiсi

Белгiлi жоспар бойынша жүйелi түрде бiраз уақыт бойына зерттелушi адамның психикалық ерекшелiктерiн қадағалауды – байқау әдiсi деп атайды. Байқау әдетте, табиғи жағдайда, зерттелушi адамның әрекетiне әдейi араласпай-ақ жүргiзiледi. Осы әдiс арқылы зерттелушiнiң мимикасын (бет құбылысын), сөз реакцияларын, түрлi қозғалыстарын, мiнез-құлқын, жалпы әрекетiн байқауға болады. Сондай-ақ адамның ерiк күшi, сезiм ерекшелiктерiн, темпераментi де байқау әдiсi арқылы ажыратылады. Мысалы, мектептегi оқушының ойлауы мен сөйлеу әрекетiн зерттеу керек болса, ол үшiн зерттеушi оқушының әр сабақ үстiндегi жеке сөздерiн, сөйлемдерiн стенографиялап, күнделiкке түсiредi, кейiн оны тиянақты түрде талқылайды да, тиiстi қорытынды шығарады.

Ғылыми зерттеу жұмыстарының түрлi ерекшелiктерiне қарай байқау әдiсiнде кейде аспаптар да қолданылады. Мәселен, зерттелiнетiн объектiнi суретке түсiру үшiн фотоаппараттар, сөздерiн жазу үшiн магнитофондар қолданылады.

Байқау әдiсiнiң нәтижелi болып шығуы үшiн қажеттi кейбiр шарттар:

  1. Байқаудың ұзақ уақыт бойына жүргiзiлуiн және бiр фактiнiң өзi бiрнеше рет қайталанып зертелiнуiн қамтамсыз ету;
  2. Зерттелiнетiн объектiнi айқын белгiлеу және байқаудың мақсатын түсiне бiлу қажет.
  3. Байқалған фактiлердi сол сәтте жазып отыру, зерттеушiнiң сөз реакцияларын стенографиялап отыру, кейiн оған талдау жасау, басты фактiлердi iрiктеп алу – осы әдiстiң негiзгi талабы.

Мектеп тәжiрибесiнде байқау әдiсi арқылы оқу-тәрбие процесiнiң әр кезеңдерiнде мұғалiм оқушылардың сабақ үлгеруi мен тәртiбiндегi ерекшелiктердi бiлуiне, кейiн оларды жақсарта түсу жөнiнде тиiстi шаралар белгiлей алуына болады. Бұл әдiс адамдардың психологиялық ерекшелiктерiн зерттеуде өте көп қолданылатын әдiстердiң бiрi.

Байқау әдiсiне қарағанда психикалық құбылыстарды эксперименттiк жолмен зерттеудiң бiраз артықшылығы бар.

 

Эксперимент әдісі

  Көптеген ғылымдардағыдай психологияның негізгі әдісі - эксперимент әдіс деп аталады. Оның ең маңызды артықшылығы, зерттеушiнің өзiне керектi психикалық құбылыстың көрініс беруін күтіп отырмай, оны өзі туғызатындығында. Белгілі бір жағдай жасай отырып, зерттеуші, біріншіден, осы жағдайдың тексеріліп отырған психикалық құбылыстарға тигізетін әсерін, екіншіден, бір жағдайды өзгертіп, басқасын өзгертпей сақтауға, сол арқылы белгілі бір психикалық құбылыстардың себептерін ашуға, үшіншіден, тәжірибені қайталауға, сөйтіп зерттеліп отырған психикалық құбылыстардың типтілігі немесе кездейсоқтылығы солардың негізінде анықталатын сандық деректерді жинақтауға мүмкіндік береді. Психологияда эксперимент әдісі екіге бөлінеді. Олар: лабораториялық әдіс және табиғи әдіс болып екiге бөлiнедi.

 

Лабораториялық әдіс

  ХIХ ғасырдың ортасынан бастап, жеке психикалық процестердi зерттеу үшiн эксперимент (тәжiрибе) кең түрде қолданыла бастады. Несім ғалымы В.Вунд (1832-1920) психологияны эксперименттiк жолмен зерттеудiң негiзiн салды, сөйтіп    (1879) жылы тұңғыш лаборатория ашты. Психологтар алғаш рет көру, есту, иіс түйсіктерін зерттеу үшін экспериментті пайдаланды. Кейін олар секундтың 1/100 үлестеріне дейін дәл өлшейтін құралдар ойлап шығарып, кейбір психикалық процестердің пайда болу тездігін өлшеуді ойлап табуына мүмкіндік туды. Сөйтіп, 80-ші жылдары ес құбылыстарын зерттеу лабораторияда тұңғыш рет жүргізіле бастады. Арнаулы әдістер қолдану арқылы жаттап алудың тездігі мен дәлдігі, ұмытудың жылдамдығы тағы басқа процестер зерттелініп өлшеліне бастады. Орыс психологы Н.Ланге (1858-1921) эксперимент әдісімен зейін мен қабылдауға зерттеу жүргізді. Тоқсаныншы жылдары француз психологы А.Бине (1857-1911) алғаш рет ойлау процесіне тәжірибе жасады. Осы зерттеудің нәтижелері психологтардың І- дүние жүзілік конгресінде (Парижде-1889) талқыланды. ХХ ғасырдың басында психология ғылымының қарамағында бірнеше ондаған лабораториялар болды. Осындай жақсы жабдықталған психологиялық лабораториялардың бірін ХХ-ғасырдың басында орыс психологы Г.И.Челпанов (1862-1936) ұйымдастырды. Қазірде СССР Педагогикалық Ғылымдар академиясына қарасты Психология ғылыми-зерттеу институты (Москва) жоғарыда аталған лабораторияның негізінде құрылған. Осы күндері институт лабораториялары ең жоғары техникамен жабдықталған үлкен ғылыми-зерттеу орталығы болып отыр. Киев, Тибилиси қалаларында психология институттарында да осындай лабораториялар бар.

Ғылыми психология психикалық құбылыстардың физиологиялық негіздерін ашуды басты мәселенің бірі деп қарайды. Бұл міндетті академик И.П.Павлов ашқан әйгілі шартты рефлекстер әдісі бойынша шешуге болады. Көптеген физиологиялық және психологиялық лабораторияларда И.П.Павловтың шәкірттері бұл әдістің әр түрлі варианттарымен ойдағыдай жұмыс жүргізуде. Мысалы, осы әдіс арқылы профессор Н.И.Красногорский балалардың жоғары дәрежелі нерв қызметінің даму жолдарын, профессор А.Г.Иванов-Смоленский адамдардың бірінші және екінші сигнал жүйелерінің қызметін зерттеген. Эксперимент жүргізу үшін арнаулы лабораториялық мекемелер қажет болатынын айтты. 

Лабораторияларда психикалық процестердiң пайда болу шапшаңдығын өлшеу үшiн –

 хроноскоп, терi түйсiгiнiң сезгiштiгiн байқау үшiн – эстезиометр, зейiн көлемiн анықтау үшiн – тахистоскоп, естудi өлшеу үшiн – аудиометр, денедегі бұлшық еттердiң жұмысын тiркеп отыру үшiн – эркограф жабдықтары пайданалынды.

Лабораторияларда жүргізілетін эксперименттің нәтижелілігітөмендегі жағдайларға байланысты болады:

1.Байқалатын обьекті жөнінде экспериментатордың алдын-ала болжамы (гипотезасы) болуы керек.

2.Тәжірибе түріне лайықты жұмыс жағдайын жасау, (жазып отыру, инструкциялар т.б., жазу-сызу құралдары мен қамтамасыз ету).

3.Тәжірибені алдын-ала белгілеген жоспар бойынша арнаулы методикаға сай жүргізу.

4.Бір құбылысты бірнеше рет өткізіп, оларға сандық және сапалық жағынан дербес талдау жасау.

5.Алынған мәліметтерге байланысты негізгі жән ебасқа да қорытындылар шығара отырып, эксперимент жүргізуде ашылған кейбір ғылыми деректерді (егер зерттеу жұмысы

мектеп жағдайында жүргізілетін болса) оқу-тәрбие процесінің сапасын жақсарту үшін пайдаланса, бұл эксперименттің негізгі мақсатының орындалғаны болып табылады.

 

Табиғи әдіс

Эксперименттiң екiншi бiр түрi – табиғи эксперимент деп аталады, бұл эксперименттi тұңғыш қолданған орыс психологы А.Ф.Лазурский болатын, бұл әдiстiң байқау әдiсiнен айырмашылығы, мұнда эксперимент жүргiзушi өзiне керек құбылысты табиғи жағдайда тудырып отырады. Табиғи эксперименттің лабораториялық эксперименттен айырмашылығы,-табиғи жағдайдағы эксперименттің барысында қызметтің (ойын, оқу, еңбек) әдеттегі жағдайы сақталады. А.Ф.Лазурский (1874-1917) бұл экспериментті балалардың психикалық ерекшеліктерін зерттеу үшін алғаш рет ашқан болатын. Табиғи жағдайдағы экспериментті жүргізу кезінде алдын ала баланың іс-әрекеттері зерттелінеді және онда қандай психикалық ерекшеліктер айқынырақ көрініс беретіндігі анықталады. Бұдан кейін жаңағы іс-әрекет эксперимент міндетіне сәйкес ұйымдастырылады және оның бала қажетті зерттеуден өтеді. Табиға жағдайдағы эксперименттің артықшылығы оның байқау әдістерінің (методтарының) және эксперименттің жақсы қасиеттерін-біріншісінің табиғилығы мен екіншісінің белсенділігін үйлестіретіндігінде. Табиғи жағдайдағы экспериментті одан әрі дамыту оның мынандай, психологиялық-педагогикалық эксперимент сияқты екінші түрінің тууына әкеледі. Мұның мәні- оқушыны зерттеу тікелей оқыту және тәрбиелеу процесінде, зерттеу обьектісі болып табылатын психикалық ерекшеліктердің белсенді қалыптасу процесінде атқарылатындығында.

Психологияда бұл айтылғандардан басқа да әдiстер бар, оларды қосалқы әдiстер деп атайды. Осындай қосалқы әдiстердiң қатарына – анкета әдісі (жазбаша) сұрақ-жауап әдiсi, интервью (әңгiмелесу), сұқбаттасу әдiсi жатады.

Түрлi психикалық құбылыстардың құрылымын функциялар мен параметрлердi шамамен жорамалдауда, эксперименттiк материялдарды талдауда, модельдiк құрастыруда факторлық талдау деп аталатын математикалық-статистикалық әдiс қолданылады.

 

                            Әңгiмелесу (сұхбаттасу) әдiсi

Әңгімелесу әдісі –жауап берушінің сөзінен обьективтік және субьективтік деректер туралы ақпарат алу. Психологияда қолданылатын әңгімелесу әдісін екі түрге бөлуге болады: 1. «Бетпе - бет» әңгімелесу, арнайы жоспар құру арқылы зерттеушінің , зерттелушіге жүргізетін әдісі.

2.Сырттай әңгімелесу –«Анкета» ол өз бетінше толтырылады. Ауызша әңгімелесу психологиялық зерттеулер үшін дәстүрлі әдіс болып табылады. Оны әртүрлі ғылыми мектептер мен бағыттардың психологтары ертеден бері қолданылып келеді. Психологиялық зерттеулерде әңгімелесуді қолданудың аясы жан-жақты:

Зерттеулердің алғашқы кезеңдерінде бақылау жоспарымен жұмыс істеу үрдісінде тек қана әңгімелесуді пайдаланады. Әңгімелесу мәліметтерінің көмегімен зерттеу проблемесы бойынша өзгерістер анықталады, жұмыс гипотезасы ұсынылады; Әңгімелесу басқа әдістердің көмегімен алынған мәліметтерді анықтау, кеңейту және бақылау үшін қызмет етеді. Әңгімелесудің екі түрі кездеседі: қалыпты және қалыптан тыс.

Қалыпты әңгімелесуде қойылатын сұрақтар және олардың бірізділігі алдын ала анықталып, барлық жауап берушілерге мазмұны бірдей болады. Зерттеушіге кейбір сұрақтардың мазмұнын өзгертуге немесе жаңа сұрақтар енгізуге, сұрақ беру тәртібін өзгертуге болмайды.

Қалыптан тыс әңгімелесудің әдістемесі керісінше, толық, икемді, кейбір өзгерістерді енгізуге болатындығымен сипатталады. Зерттеуші әңгіменің жалпы жоспарын басшылыққа алады, нақты жағдайларға сәйкес сұрақтың атын, сұрақтың қойылу тәртібін өзгертуге құқы бар.

 

                                          Анкета әдісі

Алдын ала арнайы жасалған сұрақтардың көмегімен жаппай материал жинау әдісі. Кейінгі кезде психологияда бұл әдіске ерекше мән беріліп, тез арада респонденттерді жаппай сұрауға мүмкіншілік туды., әдістемесі тиімді және жиналған материалды автоматты түрде өңдеуге мүмкіндік береді.

Анкета әдісінің (сырттай сауал жүргізу) өзіндік ерекшеліктері бар. Сырттай сауал жүргізу кейде адамдардың өткір пікірталасын туғызатын мәселелерге олардың қатынасын анықтау немесе қысқа мерзімнің ішінде көп адамдарға жаппай сұрау жүргізу қажет болғанда ғана анкета әдісі қолданылады. Анкета қалыпты әңгімелесуге көп жағдайда құпиялылығына толықтай кепілдік береді, сондықтан да сұралғандар шын көңілден ешқандай бүкпесіз жауап береді. Бірақ анкетаны белгілі бір жұмыс гипотезасынсыз жүргізуге болмайды.

 

                                     Психологиялық тест әдісі

  «Тест» - ағылшыннан енген сөз, қазақшасы «байқау» немесе «сынақ» деген мағынаны білдіреді. Психологиялық зерттеулердің тәжірибесіне өткен ғасырдың аяғына қарай американдық ғалым Дж.Кеттел енгізген . «Тест» арқылы адамның бойындағы түрлі сапалар мн олардың механизмдерін ашып көрсетуді негізгі мақсат етіп кояды. Психологиялық әдістер тек ғылыми зерттеу жұмысы үшін ғана емес, сонымен бірге сынау мақсаттары үшін де қолданылады. Мәселен, психолог сынау әдісі арқылы адамның бойындағы ерекше қасиеттерін ажыратып, оның ұшқыш не астролог, не өзге мамандықтарды игеруге деген бейімділік қабілетінің қаншалықты екендігін айқындайды. Балалардың ақыл-ойының дамуы мен дарындылық қабілетін анықтау үшін А.Бине мен Т.Симон тест арқылы өздерінің зерттеу жұмыстарының жүйесін жасады. Осы кезден бастап, тест әдісі кең көлемде таралып тәжірибелік мәні арта түсті. Жете тексерілмеген тестік сынау әдісімен жасалған кейбір қорытындыларда қателіктер кетуі мүмкін. Тест әдісі бұл күрделі техникалық бейімделуді қажет етпейтін, стандартқа және алынған мәліметтерді математикалық өңдеуге дайын тұратын қысқа стандартты сынақ. Қазіргі кезде тест әдісі психологияда басқа әдістермен қатар қолданылады. Оның көмегімен белгілі қабілеттілікті, ептілікті, дағдыларды анықтауға қолданылады. Тестің белгілі дәрежеде диагностикалық құндылығы, ғылыми эксперименттің негізгі алынған деңгейі мен психологиялық деректерге байланысты. Тест әдісі күнделікті үлгерімді практикалық тестілеумен білім деңгейін анықтап, оқу материалын меңгерудің сапасын тексереді. Оқушылардың үлгерімін анықтауда, қателіктер кетуі көбінесе кейбір балалардың бойындағы психологиялық үрдістер мен ерекшеліктердің кешігіп барып оянатынына жете мән бермей, асығыс қорытынды жасауға байланысты болады. Мәселен, оқушылардың мамандықты игеруге бейімділігін анықтау үшін сынау негізгі әдіс деп саналса, ал сол оқушының өз қолымен жасап шығарған затын не оқу құралын көмекші әдіс деп атаймыз. Кейбір жағдайда көмекші әдістер негізгі әдіске айналып отыруы да мүмкін. Мәселен, оқушының орындаған жазба жұмысы оның белгілі пәнді меңгеруін анықтауда негізгі әдіс болып саналады. Психологиялық зерттеудегі нақты әдістер, мұндай зерттеу әдістері нақты мәселені шешуге арнайы әдіс ретінде қолданылады.

Психологияда зерттеу әдістерінің мүмкіншіліктері зор, сондай нақты зерттеу әдістерінің біріне ортақ жалпы сипаттама бар. Мәселен, қалыпты дамыған балалар мен ақыл-ойы кем әр түрлі жастағы балалардың зейінін зерттеу мақсатымен жүргізілетін тәжірибе бірнеше сатыдан тұрады: бірінші сатыда даярлық сатысы бақылау жүргізіледі, екінші сатыда қалыпты дамыған балалар мен кемістігі бар балаларды екі тоқа бөліп, берілген тапсырма зерттелінеді, үшінші сатыда тәжірбие нәтижелері матиматикалық құрал арқылы зерттеледі, алынған нәтижелер тиісті жорамал бойынша тексеріледі. Психологиядағы мұндай зерттеу әдістерін анықтауға тиісті мәселенің шындығын көрсетіп, дәлелдеп, түрлі психологиялық зерттеулерде кеңінен қолданылады. Қазақ жұртының сана-сезімі мен салт-дәстүрінде, тіршілігінде талас-тартысты, дау-дамайды, істердің анықтығын айқындап отыру үшін ел-жұртына беделді адамдар, билер мен сыншылар, шешендер мен көреген адамдар әр алуан тәжірбиелер даулы істердің түйінін шешуге қолданып отыратындығы жайында нақты деректер мен аңыз әңгімелер өте көп болған, ақыл-ойы мен өмір тәжірбиесінен жинақталған білім қорын, сана-сезімінің даму деңгейін көрсететін психологиялық қасиеттер екенін дәлелдейді.

 

                                            Социометрия әдісі

  Американдық психолог, әрі социолог Дж.Морено шағын топтағы адамдардың қарым-қатынасын зерттеу үшін социометриялық әдісті ұсынған болатын. Социометрия әдісі де табиғи жағдайдағы эксперименттің ерекше бір түрі. Ол жеке адамдық ерекшеліктер мен коллектив мүшелері арасындағы қарым-қатынасты зерттеуге мүмкіндік береді. Социометрияда қолданылатын негізгі тәсіл-таңдаудың әртүрлі формалары оның барысында сыналатын адам өз пікірін бүкпесіз айтуы, не осы коллектив мүшелері өздерінің қалаған критерилерінің жауабын белгілі мақсатпен жүзеге асыруы тиіс. Бұл әдіс бойынша ұстаздар мен тәрбиешілер , шағын ұжымдардың жетекшілері, өндірістік-кәсіптік мекемелердегі топтардың басшылары қарамағындағылардың өзара қарым-қатынасын анықтай алады. Бұл әдістің негізгі өлшемі әртүрлі критерийлер, басты мақсаты топ ішіндегі адамдардың тілегі мен мүддесін анықтау. Топтағы адамдардың өзара бір-бірімен қарым-қатынастарының үйлесімді болуы, немесе бір-бірін ұнатуы, ұнатпауы олардың сезімдік-эмоциялық күйлеріне байланысты болып отырады.

        



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.