Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Психикалық құбылыстардың классификациясы



3.Психикалық құбылыстардың классификациясы

 

Психикалық құбылыстардың күрделi ағымын аңғару үшiн алдымен оларды белгiлi топтарға жiктеуiмiз керек. Мұны психикалық құбылыстардың классификациясы деп атайды. Бұл классификация бойынша психика бiр-бiрiмен тығыз байланысты үш топқа бөлiнедi. Олардың бiрi психикалық процестер деп аталса, екiншiлерi психикалық қалып, үшiншiлерi психикалық қасиеттер деп аталады.

Психикалық процестердiң: түйсiк, қабылдау, елес және тағы басқа, сыртқы дүние заттары мен құбылыстарын тiкелей танып, бiлуде көрiнетiн болса, ендi бiреулерi: ойлау, қиял, елес және тағы басқасы бұлардың арасындағы күрделi байланыстарды, дәнекерлi қатынастарды, өзгерiстердi ары қарай дамытуда ерекше орын алады. Адамның сыртқы дүниемен объективтiк шындықпен үздiксiз жасалып отыратын белсендi байланысында оның сезiм, ерiк процестерi шешушi роль атқарады.

Психикалық кейiп, немесе қалып – адамның түрлi көңiл күйiнiң: шабыт, зерiгу, үрейлену, абыржу, сергктiк, белсендiлiк тағы басқа тұрақты компоненттерi болып табылады.

Психикалық құбылыстардың осы екiншi тобы ғылымда әлi де болса толық зерттелген жоқ.

Психикалық қасиеттер – бiр адамды екiншi бiр адамнан ажыратуға негiз болатын ең маңызды, ең қажетті ерекшелiктері: бұған әрбiр адамның мiнезi, темпераментi, қабiлетi, дүние танымы, сенiмi, талғамы, қызығуы жатады. Психикалық қасиеттердiң қалыптасуында адамның өскен ортасы мен қатар, оның кейбiр таптық, ұлттық, жас ерекшеліктері, мамандықтарының айырмашылықтары да бiрсыдырғы орын алады.

Психикалық процестер дегенiмiз – сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының мидағы түрлi бейнелерi. Бұлардың түрлерi көп: аспандағы жұлдыздар жымыңдап, бiр өшiп, бiр жанып тұр, анда-санда оқтын-оқтын самал желдiң ақырын ғана толқып ескен лебi денеге тиедi, шөптің сыбдыры баяу ғана құлаққа шалынады, жас жусанның исi мұрын жарады, көлде әлсiн-әлсiн құрбақа бақылдайды тағы сол сияқты айналадағы нәрселердің бәрі адамның түйсiк, қабылдау деп аталатын процестері арқылы сезiледi. Түйсiкте сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының толып жатқан жеке сапалары сәулеленетiн болса, қабылдауда олар тұтастай бiрiккен сапаларымен бейнеленедi.

Бiр кезде қабылданған заттар санамыздан мүлде жойылып, өшiп кетпейдi, оларды кейiн керек кезiнде түрлiше елестетуге болады, мұндай жағдайда адам басында елес процестерi пайда болады. Мысалы, студент үйiне хат жазып отырып, үйiндегiлердiң бет-пiшiнiн, ондағы нәрселердi көз алдына елестете алады. Студент сабаққа дайындалады, кейiн мұғалiм сабақ сұрағанда ол оқыған оқығанын есiне түсiрiп айтып бередi, қажеттi жерлерiн есiнде сақтайды да, қажетсiз, қызықсыз жерлерiн ұмытып қалады, бұл ес процестерi болып табылады. Ғалымның тыңнан бiр жаңалық ашуы, инженердiң машина ойлап табуы, оқушының шығарма жазуы тағы сол сияқты нәрселер үлкен қиялды қажет етедi. Бұрын қабылданған нәрселердi қайтадан өңдеп, образ жасауда көрiнетiн психикалық процесті – қиял деп атайды.

Алдымызда тұрған мәселенi шешу, заттардың себеп-салдар байланыстарын көрсету, болмысты жалпылай және жанама түрде тану – ойлау процесiнiң арқасында болып отырады. Сөйлеумен тығыз байланысты болғандықтан, ойлау адам танымының ең жоғарғы түрi.

Бiз айналадағы нәрселерге талғаусыз қарамаймыз, ісiмiз оңға басса көңлiмiз толып оған қатты қуанамыз, жаман нәрсенi көрсек ренжимiз, әдiлетсiз iске ашу шақырамыз. Қуаныш, қайғы, ұнату, ұнатпау, уайым, масаттану, достық, шыншылдық, адалдық тағы басқалар, адамның сан алуан сезiмдерi болып табылады. Қандай да болмасын бiр әрекет жасау үшiн алдымен оның жоспарын ойланамыз да, алда тұрған кедергiлер мен қиындықтарды жеңуге кiрiсемiз, көздеген мақсатқа жету үшiн барлық күш –жiгерiмiздi жұмсаймыз. Мұнда адамның – мақсат, тiлек, қалау, тоқтам, ерiк, жiгер процестерi көрiнедi. Психикалық құбылыстардың iшiнде – зейiн ерекше орын алады. Зейiн-санамыздың барлық жақтарының: қабылдау, елес, ойлау, қиял және тағы басқа әрекетіміздің белгiлi объектiге бағытталып, шоғырлануы. Зейiн психикалық құбылыстардың қай-қайсысына болса да дәнекер бола алады, оны күшейте де, әлсiрете де алады. Ерiк процесi де онсыз дәрменсiз болады.

Психикалық процестердiң осы түрлерi бiр-бiрiмен тығыз байланысты, әрі бұлар адамның даралығын бiлдiретiн психикалық қасиеттермен: қабiлет, мiнез, темперамент, қызығу тағы сол сияқты, кейбiр анатомиялық-физиологиялық тума қасиеттермен де (нышан) орайлас көрiнiп отырады. Бұлардың әрқайсысының көрiнуi нақтылы жағдайлардың әсерiнен түрлi мәнге ие болып, адам санасын әр қырынан көрсетеді.

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.