Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Психология» курсы бойынша дәрістердің қысқаша мазмұны



  «Психология» курсы бойынша дәрістердің қысқаша мазмұны

Психологияға кіріспе

Дәріс-1.  Психологияның пәнi және оның мiндеттерi мен зерттеу әдiстері

Мақсаты:психологиялық құбылыстардың заңдылықтарын зерттеудің негізінде психологияның әр түрлі салалары бойынша студенттердің білімін жүйелеу.

Негізгі ұғымдар:психология, психикалық құбылыстар, психикалық процестер, психикалық кейіп, психикалық қасиеттер, әдістер, салалары, психика.

Мазмұны:

Психология пәні туралы түсінік. Психологиялық құбылыстардың жіктелуі.

Психологияның негізгі даму кезеңдері мен салалары.

Психология ғылымының зерттеу әдістері 

Психология пәні.Психология – психикалық құбылыстардың пайда болу, даму және қалыптасу заңдылықтары туралы ғылым.Психикалық құбылыстар бiздi қоршап тұрған сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының мидағы әр түрлi бейнелерi болып табылады. Психикалық құбылыстар: түйсiк, елес, ой, сезiм, тiлек, қабiлет, қызығу, мiнез, әдет және тағы басқалар, көпшiлiгiмiзге өз тәжiрибемiзден таныс, тiлiмiзде жиi кездесетiн ұғымдар. Бұлардың әрқайсысының мағынасын тез ажыратып, бiлетiн сияқтымыз, бiрақ психикалық құбылыстардың мәнiн ғылыми тұрғыдан түсiну арқылы ғана жан-жақты ажыратуға болады. Осы мәселенi ғылыми тұрғыдан баяндауды, олардың өзiндiк заңдылықтарын анықтауды сөз болып отырған «психология» ғылымы қарастырады. Психология ерте замандардан келе жатқан бiлiм салаларының бiрi. Оның дүниеге тұңғыш келген жерi ежелгi Греция.

«Психология» терминi гректiң екi сөзiнен пайда болған: оның бiрiншiсi – «псюхе»-«жан», екiншiсi «логос»-«сөз,iлiм» деген мағынаны білдіреді. Сөйтiп, бұл сөз «жан туралы iлiм»-деген ұғымды бiлдiредi. Бiрақ, психолгия туралы бұл терминді, кейбір ғұлама ғалымдар «жан туралы «iлiм»-демей, «психика туралы ғылым»- деп атаған дұрыс деп тапты.

Ерте замандарда пайда болып, ғасырлар бойы дiншiлдiк нанымдар мен кейбiр буржуазиялық көзқарастарда насихатталып келген түсiнiктер бойынша адамда тәннен бөлек тәуелсіз «жан» болады, ол «мәңгi» жасайтын жан адамның барлық психикалық тiршiлiгiнің: ойының, сезiмiнiң, еркiнiң иесi де себепшiсi де сол деген. Жан туралы осындай жалған түсiнiктiң пайда болуына алғашқы адамдардың табиғат сырларын дұрыс түсiне алмауы себеп болған. Олар дүниеде табиғатқа бағынбайтын, одан оқшау тұратын ерекше бiр сиқырлы күш бар, ал жан болса, соның бiр көрiнiсi, ұйқы кезiнде ол денеден уақытша шығып кетедi де, адам оянған кезде қайтып келедi, егер келмей қалса, адам өледi деген анимистік қате тұжырымға сенген. Жан туралы, осындай анимистiк барлық нәрседе жан бар дейтiн терiс түсiнiк, пiкiрлер кейбiр тайпалардың арасында күнi бүгiнге дейiн кездеседi.

Адамның жан дүниесi, психикалық құбылыстарды түсiну, екi түрлi ой, екi түрлi бағыт туғызды. Олардың бiрi идеалистік бағыт, табиғат, дүние идеадан кейiн жаратылған десе, бұған қарама-қарсы ғылым, материалистік бағыттың өкілдері материя алғашқы, ал сана соңғы, ол материядан туады деп түсiндiредi.

  Психология ғылымының тарихы да біріне-бірі қарама-қарсы жоғарыда аталған екі бағыттың үздіксіз күресіне толы болды, себебі, гректің ұлы ойшыл ғалымдарының бірі Демокрит сол кездің өзінде-ақ жанды (психиканы) оттың атомдарына теңеді, себебі оттың атомдарындай қозғалмалы қасиет деп түсіндірді. Адам жанының мәңгі еместігін, оттың өшіп, өсіп отыратындығын айтып материалистік тұрғыдан дұрыс тұжырым жасады. Ал сол заманның екінші бір ойшыл ғалымы, идеалист Платон керісінше жан мәңгі өлмейді, өшпейді деп қате тұжырымдады. Психикалық әрекетті осылайша екі түрлі көзқарас тұрғысынан түсіну қоғам дамуының кейінгі кезеңдерінде, әсіресе орта ғасырлар заманынан бастап кең өріс ала бастады.

Психология психика мен оның қалыптасу және даму заңдылықтары туралы ғылым. Психология ертеде қалыптасқан ғылымдардың қатарына жатады: - психологиялық ғылыми бiлiмдердiң тарихы екi кезеңге бөлiнедi. оның бiрiншiсi – шамамен 2500 жылға созылған, көш басы Аристотельден басталатын жан дүниесi жайлы түрлi ой-пiкiрлердiң тарихы болды. Осы кезең iшiнде психология басқа ғылымдармен, әсiресе философиямен қосақтаса дамып келдi. Оның екiншi тарихы 1879 жылдан басталады. Осы жылы немiстің атақты ғалымы В.Вунд Лейпциг қаласында тұңғыш лаборатория ұйымдастырып, мұның дербес эксперименттiк ғылым болуына себепкер болды.

    Аристотельдің және басқа да ғалымдардың идеялары, ашқан жаңалықтары мен көзқарастары жаңаша сипат алып, біздің аты әлемге әйгілі ғұлама бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Али ибн Сина, Ибн Рошд сияқты орта ғасырлық ғұламалардың зерттеулері арқылы адамның жан дүниесі туралы ілім өркендеді. Араб ғалымы Ибн әл-Хайсам, Иранның медицина саласының ғалымы Закария Рази, өз еңбектерінде адамның жан дүниесі туралы сол замандардағы ғылым жетістіктеріне сүйеніп, әр алуан зерттеулер жүргізді. Әбу Насыр әл-Фараби – сан алуан еңбектер жазып, «Әлемнің екінші ұстазы»- атанған данышпан ғалым, адамның жан дүниесінің қыр-сырын ашып көрсететін бірнеше шығармалар жазды. Солардың ішінде: «Ізгі қала тұрғындары», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің өнегелі сөздері»- сияқты басқа да шығармаларында ол бүкіл философиялық жүйені метафизика мен психологиядан бастап, әдеп пен социологияға дейінгі ғылым жетістіктерін кеңінен талдап зерттеді, сонымен қатар әрбір мәселеге анықтама түсініктер береді. Әл-Фараби Аристотельдің еңбектерін, әсіресе оның «Жан туралы» деп аталатын шығармасын жете зерттеп, араб тіліне аударды. Жан дүнесінің сырын зерттеуде Әль-Фарабидің Аристотель ықпалында болғандығы шындық фактор. Ұлы ойшыл ғалым Әл-Фараби психология ғылымы туралы айтқан бір пікірінде: «Дүние материядан құралады, ол жойылып кетпейді, бір түрден екінші түрге көшіп өзгере береді, жан тәннен бұрын өмір сүрмейді, бір денеден екінші бір денеге барып орналасада алмайды» - деген ғылыми тұжырым жасады. Сондай-ақ, ол дүниеге келісімен адамның бойында түрлі күш-қуат пайда болады, сол күш-қуат қабілетінің негізгі түрлері мынандай деп көрсетті, адамды қуаттандыратын күш мыналар деді: «арабша-әл қуат әл газийа; түйсіну қуаты; қиялдау қуаты; ақыл-ой не ойлану қуаты; қозғаушы күш белгілі бір іс-әрекетке ұмтылу қуаты»-деді. Адам бойындағы күш-қуаттың Әл-Фараби атаған түрлері жеке психикалық процестердің атауы мен мәніне дәл келеді. Ол өзінің, екінші ұстазының: «Сөз, ақыл-ой мағынасы туралы ой толғамдары»-дейтін еңбегінде психикалық процестердің барлығына жуығын адамның белгілі мүшелерінің қатысуымен жасалып отыратын материалдық құбылыстар деп анықтап, әсіресе, адам жанының ақыл-ойға байланысты болатындығының ерекше маңызы бар деп көрсетеді. Адам қиялы оның түс көруіне де әсер етіп, іс-әрекетінің ерекше бір жалғасы болып саналады. Түс көруді осы заманғы психологияда дәл осы мағынада қарастырады.

Әль-Фарабидің психология туралы мұндай ойын адам жанының шынайы болмысын және табиғат негізін ғылыми тұрғыдан шешкен көзқарас деуге болады. Орта ғасырларда жан туралы ілімді Аристотельдік идеялар тұрғысынан іздестірген, араб тілді елдердегі көрнекті ойшылдар: шығыста –Ибн Сина мен батыста Ибн Рошд болатын, олар табиғи ғылымдарды зерттеумен шұғылданып, олардың нәтижелері еуропалық елдерде кеңінен таралды. Ибн Синаның «Медицина қағидасы» деп аталатын еңбегі бес жүз жыл бойы дүниенің шартарабына таралып, барлық деңгейдегі медициналық мектептердегі бірден-бір құрал болды.

Ибн Рошдтың ақыл-ойдың дамуы туралы зерттеулері еуропалық схолистиканы діңкелетіп, дүние болмысы мен адам туралы жаңаша білімнің іргетасын қалады. Сөйтіп, Ибн Сина мен Ибн Рошдтың көзқарастары табиғаттың мәңгілік өмір сүретініне айқын көз жеткізіп, жанның тіршілігі тәнге байланысты оның заңдылығын қалай болса, солай өзгерту мүмкін емес, әрбір адамның жаны мен даралығын мәңгілік деп санау шындыққа сай келмейді дейтін мистикалық ұғымның жалғандығын ашып көрсетті.

Ибн Синаның көзқарастарындағы тағы бір маңызды мәселе, жан туралы философиялық және медициналық тұрғыдан қарастырған бір-біріне қайшы пікірі, оның айтуынша, жан туралы түсінік ғылым мен дін арасындағы аралық қабат сияқты, оның психофизиологиялық мәнін ашып көрсету үшін тәжірибелік зерттеулерді барынша үдете түсу керек дейді. Медициналық психология саласында Ибн Сина пікірлерінің түйіні, өткен замандардағы ғалымдардың пікірлерін дәріптей бермей, шығыс медицинасының табыстарына иек артып, неғұрлым тәжірибеге, оның жетістіктеріне сүйену қажет деді. Мұндай ой-тұжырымдарын ол өзінің «Медицина қағидаларында» деген еңбегінде кеңінен баяндайды. Адам психикасының ми қызметіне тәуелді болып отыратындығы, материалистік тұрғыдан қарастырылады. Ибн Сина зерттеулерінде психиканың адамның көңіл-күйіне қатысты сезімі мен эмоциясының және аффекттің табиғи негізінің іздестірілуі сол замандағы психология іліміндегі жаңашылдық бағыт еді. Ибн Синаның психологиялық көзқарастары мен зерттеулері, негізінен, тәжірибелік бақылауға жүгінеді. Орта ғасырлық араб тілді ғұламалар Закария Разидің ғылымды бақылау нәтижелері мен тәжірибеге негіздеу туралы көзқарастары, Ибн Сина зерттеулері мен ұштасып, жан жүйесі туралы ғылымның қанат жаюына үлес қосты. Орта ғасырдағы еуропалық жанның мәңгі өлмейтіні, оның денеден бөлек өмір сүретіндігі туралы психологиялық көзқарастар одан әрі қарай өрістеп, идеалистік көзқарастың дами түсуіне жол ашты. Осы бағытта Фома Аквинский басқа да философтардың схолистикалық жүйедегі көзқарастары да үдей түсті. Мұндай схолистикалық түсініктердің шындыққа сай еместігіне көз жеткізген ағылшын оқымыстылары Гроссеттес оның шәкірті Роджер Бэкон барлық ғылымдар тәжірибеге және математика ғылымына сүйенуі керек деген тұжырым жасап, жан туралы және оның материямен бірлікте өмір сүреді дейтін аристотельдік қағиданы жаңғыртты. Психологияның даму тарихында орта ғасырлық дәуір талас-тартысты оқиғаларға толы болды.

Психология ғылымының тарихында ХVII ғасырдың алатын орны ерекше, бұл кезеңде Еуропа халықтары дамуында елеулі өзгерістер болып, психология ілімі туралы жаңаша көзқарастар қалыптаса бастады. Әйгілі ағылшын ғалымы Френсис Бэкон ғылымды тәжірибелік зерттеулерге негіздеп, оның нәтижелерін адамның құралына айналдыру қажет деп санады, оның пікірінше, адамның ақыл-ойын жетілдіру үшін табиғат туралы білімін жетілдіріп, күш-қуатын арттыру керек, бұл орайда дүниенің сырын тәжірибелік зерттеу арқылы тиімді деп тапты.

Психологияның тарихы мынандай ғұламалардың: Демокрит, Платон, Әбу Насыр әл-Фараби, Аристотель, Герофил, Эразестрат, Гиппократ, Гален, Декарт, Гоббс, Спиноза, Лейбниц, Локк, Гартли, Дидро, Вольф, Галлер т.б. тағы басқа аттары әлемге әйгілі ғалымдардың есімдерімен тығыз байланысты.

  Марксизм ілімі шыққанғы дейінгі тарихнда, ғылыми ой-пікірлерді психикалық әрекет туралы материалистік тұрғыдан дұрыс көзқарас тұрғысында айтқан, орыс халқының ұлы ойшыл ғалымдары: М.В.Ломоносов, А.Н.Радишев, А.И.Герцен, В.Г.Белинский, Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбов, Д.И.Писаревтар болды.

Жан дүниесiнiң сыры жайлы пiкiрлердi қазақ ойшылдары да айтқан. Тiптi мұндай ой-пiкiрлер фольклорда, әсiресе мақал-мәтелдерде де көптеп кездеседi. Өресi биiк психологиялық ой-пiкiрлердi Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Абай Құнанбаев шығармаларынан да кездестiруге болады.

Психикалық құбылыстардың табиғи ғылыми негiзiн жасауда, оны материалистiк тұрғыдан түсiндiруге орыстың ұлы ғалымдары М.И.Сеченовтiң рефлекстер жөнiндегi пiкiрлерi мен И.П.Павловтың жоғары нерв қызметi туралы iлiмiнiң маңызы өте зор болды /3, 4./

Ал, Марксизм-ленинизм классиктері психикалық құбылыстардың сипатын бейнелеу теориясы арқылы түсiндiредi. Бейнелеу теориясы К.Маркстың «Капиталында», В.И.Лениннің «Материализм және эмпириокритицизм» деген еңбектерінде толық баяндалған. Бұл теория бойынша сыртқы дүние бiздiң сезiм мүшелерiмiз: көз, құлақ, терi т.б., мүшелер арқылы миға әсер етедi де мида түйсiк, қабылдау, елестеу, ой, сезiм түрiнде бейнеленедi. Бұлардың бәрiн кейде бiр сөзбен адамның санасы немесе психикасы деп те атайды. Сана сыртқы дүниенiң бейнесi десек, бiздiң миымыз сырқы әсерлердiң бәрiн қабылдауға, бейнелеуге қабiлеттi. Мидағы бейне, образ сол бейнеленген затпен құбылысқа дәл келедi. «Идеялық дегеніміз, деп жазды Маркс, - адамның ойына келген және сонда қайта жасалып шыққан материалықтан басқа еш нәрсе де емес»-деді. Неорганикалық материаның (өлі табиғат) өзінде де түрлі нәрселер туындады. Мәселен, заттың айнадағы сәулесiнен бiз оның суретiн көремiз. Ал егер затты алып кетсек, оның суретi де айна бетiнен жоғалып кетедi. Психикалық бейне де осы iспеттес, яғни сыртқы орта әсер етпейiнше, мида ешқандай психикалық құбылыс пайда болмайды. Айна бетiндегi бейне де, адам миындағы бейне де «бейнелеу» деген бір сөзбен айтылғанымен бұл екеуінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Айна бетіндегі сәуле “жансыз” сәуле болып табылады. Ал адам миында болатын бейнелеу процесiнiң айна бетiндегi сәуледен бiр ерекшелiгi – соңғы бейне өте күрделi, ол нерв процестерiнiң жұмысынан туады. Мидағы бейненiң екiншi бiр ерекшелiгi оның сөздiң әсерiнен бейнеленуi. Бейнеленудiң осы түрi ұзақ уақыттық тарихи дамудың нәтижесiнде, адамдардың еңбек ету қызметiнiң негiзiнде пайда болған. Бейнелеу теориясы В.И.Лениннің «Материализм және эмпириокритицизм» деген еңбегінде былайша тұжырымдалған: «бiзден тыс заттар бар. Бiздiң қабылдауымыз бен түсiнiктерiмiз – сол заттардың бейнелерi, олардың қайсысы ақиқат, қайсысы жалған екенiн практика арқылы айырамыз.

Бейнелеудiң жаңа формаларының шығуына құрамында белоктық заттары бар тiршiлiктiң пайда болуы шешушi роль атқарады. Тiтiркенушiлiк, яғни тiрi организмнiң сыртқы әсерге жауап бере бiлу қабiлетi, нерв жүйесi күрделi сипат алған сайын организмнiң сыртқы ортамен байланысында елеулi орын ала бастайды.

  Идеалистер бейнелеу теориясын жоққа шығарып, материалистерге қарама-қарсы бағытты ұстады, сөйтіп олар шындықты бұрмалады. Мәселен, неміс ғалымы Г.Гельмгольц: «мидағы бейнелердің сыртқы дүние заттары мен ешқандай ұқсастығы жоқ, бұлар – заттың бейнесі емес, оның символы», дейді. Бұл теория біздің сезім мүшелеріміздің көрсеткеніне сенбеушілік туғызады, обьективтік дүниені жоққа шығарады. В.И.Ленин айтқандай, заттың бейнесі бір басқа да шартты таңба – символ бір басқа. Бейне «кескінделетін» сыртқы заттың обьективтік болуын қажет етеді, ал «таңба» мен «символ» оны жоққа шығарады.

Марксизмнің түсінігінше психика, сана зат емес, оны көруге де, суретiн түсiрiп алуға да болмайды. Сана – сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының мидағы бейнесi. Ол материялдық бейне емес, идеалдық бейне. Сана шындықтың жай суретi, оның жансыз көшiрмесi емес, адамның басында, нерв жүйенсiнде жасалып жататын шындықтың күрделi бейнесi.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.