Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





ББК 84 Қаз 7-44 20 страница



Иә, ескерткіш боп қатып мың жыл тұрған екенмін деймін; баяғыдағы ақ бәйбіше ақ боз биеге мініп келе жатады;


қанжығасында жанторсығы бар; қанжығасындағы жанторсық- ты шешеді де, қойнына тыға келген баяғыдағы шараға құйып маған наурыз көже ұсынады; мен мелшиіп тұра бердім; сосын боз биеден асықпай түсіп жаныма келді, басымнан сипап, бетімнен сүйді; алақаны қандай аялы еді! менің бойыма қан жүгіріп, жан бітеді, ақ бәйбіше берген наурыз көжені сыңғытып ұзақ ішемін; таусылсашы, іше беремін, іше беремін... көзімді ашсам, ақотауда жатырмын; тағы да көзімді аштым, өз үйімде жатырмын; далаға шыққым келді..

Қар кетіп, күн жылынып, жер жіпсіп жатыр екен; тау жақтан майда самал еседі, әлдеқайда атының құйрығын шарт түйіп алған жолаушы құйғытып барады; аспан ашық, қарға қарқылдап, сауысқан қара сиырдың мүйізіне қонып отыр, шуаққа балқып жалмаң-жалмаң күйсеп жатқан қара сиырдың жүні түлеп, әр жерінен ойдымдалып терісі ырсияды; өзенде әлі де еріп таусылмай жатқан мұз қара ала-торы ала кір; ал өзенге асығыс құлаған бұлақтарда ес жоқ, түсі сап-сары; шалдар күпібін әлі тастамаған, тек жастар ғана тоңазығанына қарамай жеңілтек желігеді; көктемнен хабар бар; бірақ әлде де қара қатқағы мен қара суығы ерінді жарып, бетті қағады; неге екенін білмеймін, үйге кіргім жоқ; көктемнен көрімдік сұрап, сылбыраң жолға түсіп қырға шыққым келді; қырға шығып жауқазын тергім келді, жауқазын теріп жүріп: «Ей, әлем, мен сауықтым сырқатымнан!» деп жар салғым келді; жас талды ат қылып мініп, жас балаша шапқылағым келді; бұртиып бүр аша бастаған қайыңды аймалап, жер көкті зырлата шыр айналғым келді; бәрінен де бұрын көктем құсын құттықтап, жаман үйіме қонақ еткім келді; мен бағанағы күйреуік сезім, жалған ойдың бәр-бәрінен құлантаза айықтым; заманша тазардым, жасардым...

– Уа, халайық! Ұлыстың ұлы күні – мен сіздердің бәр-

бәріңізді шақырып, қонақ етіп, ат шаптырып, алты алашты дүрліктіріп той жасасам да артық емес, әттең, қол қысқа.

– Уа, халайық! Ұлыстың ұлы күнінде мен бір жас қызға ғашық болуым һәм оны мәңгі-бақи аялап өтуім де артық емес еді – әттең, рұқсат жоқ...


– Уа, халайық! Ұлыстың ұлы күнінде наурыз көжені көксегенім рас еді – әттең, қайнатып берер анам алыста...

– Уа, халайық! менің қолымнан бір-ақ нәрсе келіп тұр, риза бол – Ұлыстың ұлы күні құтты болсын. ақ көп, уайым жоқ болсын! мұны айтып отырған тіпті де осынау жолдардың иесі емес, жо-жоқ, бұл ақ тілектің авторы он алты мен жиырма бестің арасындағы қыз-жігіттер, ал түсті көрген – жиырма бестен асқан мен.

 

1. ҚаЗаН

 

...Ертеңінде қар жауып қалған екен. Кеше ғана алтайдың бөктерінде жатқан қар күні ертең келетін азынаңқы қыстың хабаршысындай, орман-тоғайды көміп тастапты. азанда ғана жауған ақша қар кәмелетке жаңа толған қыздың арындай таза еді. Сен тазалықты содан да сезесің. мезгілсіз жауған қар өз әбестігіне өзі ұялғандай, тіпті ғұмырының күрмеуге келмейтін қысқалығын сезеді білем, өзгеше жуас күйде. Төтенше көрініске таң-тамаша боп, жас балаша мәз қараған ауыл адамдары биылғы қыстың мына қоқан-лоқысынан шындап тіксініп те қалып еді. Жұқалаң жауған қарды тек ересек адамдар мен ерте тұратындар ғана көре алады. Күннің көзі шыға, еріп кетті. Сонсоң, қазан айының саржағал күзі қайта үстемдік алып, дүниені мәңгі жуастықка бөлеген маужыр мезгіл басталды. маужыр мезгіл. алтай өңіріңде бөлекше ғой. Білесіз бе, күз мұнда әлдеқайда ерте түседі де, созалаңдап ұзақ жатып алады. Шіркін, күзі қандай керемет десеңізші! Сіз ондай таңғажайып салтанатты әрі сабырлы күзді еш жерден таба алмайсыз. Өйткені мұнда әсте де қоңыр, не болмаса сары күз болған емес. мұндағы күздің бояуы әлі табылған жоқ. Білесіз бе, әлгі бір азаңда жауған ақша қар ери-ери бұрынғы орны – тау бөктеріне ысырылды да, тау мен дала арасын шекаралап жатты. Егер сіз тоңазығандай боп, өз-өзіңізден тітіреніп, салқын лепті сезгендей болсаңыз ол – анау жатқан қардың ашуы – қысқа ғұмырына шыдай алмаған өкпе-назы. Таңертең жалғыз аяқ жолға түсіп алып, тау бөктеріне қарай өрмелеңіз. Қар суы әлі дегдіп те болмаған ағаш


үйлер бусанып, бірте-бірте алыстай береді. Бірақ неғұрлым биіктеген сайын, аяқ астында қалып бара жатқан қоңыр ауыл солғұрлым жақындай түсетіндей. ауылдың өр жағында Көктерек деп аталатын қалың тоғай бар. Сол тоғайды қақ жарып тау бұлағы ағады. Тау бұлағы құлдыраң қағып асығыс ағушы еді. Тау бұлағының ернеуін сан түрлі өрнек жасаған қабыршақ мұз жырымдайтын. мұз соншалық ғажап ою-өрнек жасап, біресе сувенирге, біресе гауһар моншақтарға ұқсайтын. Сол мөлдіреп тұрған мұз сіздің көз алдыңызға күміс алқаны немесе жақұт өңірді елестетер. Егер сол мұз моншақтың бірін сырт еткізіп үзіп алып, аузыңызға салып таусаңызшы - сонда ғұмыры шөліркемейтіндей әсер аласыз. Сосын сіз сол бұлақтың сылдыр-сылдыр үніне құлақ түріп, шалқаңыздан жатсаңыз, қаяусыз төңкеріліп тұрған көк күмбезіне көзіңіз түседі. аспан дүние мүңлы арманға, анау бір тізбектеле ұшып бара жатқан құстай ұшқыр ойға итермелейді. Сіз қоңыр салқын таза ауаны жұтып, қай-қайдағы қиялға шомып ұзақ жатар едіңіз, тіпті арқаңыздан шым-шымдап сыз өткенін де сезбей қаларсыз.

айтпақшы, сіздің дәл тұсыңыздан анау ауылдың қыз-

келіншектері су алатын болар. Сіздің ес-түссіз сұлай жатуыңыз оларға төтенше қылық болып көрінеді де, көпке дейін тосырқай қарап, артына жалтақ-жалтақ бұрылып барады... Иә, сіз келіншектерді танып сәлем бересіз, ал анау жас қыз өзіңізге есендеседі. Қандай әдемі! Бұл ауылда мұндай тамаша қыз жоқ еді-ау. Қайдан келді екен?

«Кешіріңіз, сіз кім боласыз?» «Танымайсыз ба, аға, біз төртінші класта оқып жүргенде, аға пионер вожатый болып едіңіз ғой». Иә, құдай ұрып алжастыңыз. артта алты жыл қалды ғой...

Сіз қатты ойланасыз, қатты ойланып тұрып ала бөтен жуас сезімге беріліп, ағыл-тегіл жылағыңыз келер, бәлкім. Сонсоң әлгі бір тоғай аралап кеткен жалғыз аяқ сүрлеуге түсіп, өкпеңіз- ді қолға ала жүгіріңіз. Екі бетіңізді әлі толық түсе қоймаған жапырақ сабалап, аяғыңызды бұтақ шалады. Шіріңкіреп қалған томардың үстіне отырып, ентігіңізді басыңыз, төңірекке тағы да көз салыңыз. ауыл жоқ, көзден таса болған. Орман іші


дымқыл. Әне, бір топ ешкі жүр. Итмұрынға қарғып, басын иіп алады да, кіртілдетіп жей бастайды. Итмұрында «С» витаминінің аса мол екені есіңізге түсіп, сіз де жейсіз. Орман іші сарғыш жапыраққа төселген. Қалбалақтай ұшып-түсіп тұрған жапырақ кеудеңізге орден болып тағылады. Оны әлгінде ғана басталған күзгі жел тағар. Байқайсыз ба, жел тұрғанда, орман ішінде отыру қандай қорқынышты. ағаштардың ұшар басы теңселіп, сеңдей соғылысқанда, сол ағаштардың ұшар басында қонып отырған қарғалар азан-қазан қарқылдап, әлі де түспей ілініп тұрған жапырақтар сыңсыған әлсіз үн шығарып

– барлық дүние сықыр-сықыр қозғалғандай, енді бір мәуріттен кейін астан-кестен аунап кетердей зәре-құтыңды алар болар. ағаш неғұрлым биік болса, теңселісі күшейіп, мойыл-долана секілді жертаған жеміс ағаштары ептеп қана қозғалар еді. Орман топырағы аса дымқыл, аттаған сайын табаныңа жапырақ жабысып, жас баланың еңбегіндей былқылдаған жер ойылып кетердей әсер қалдырмақ. Осы алай-дүлей орман ішін аралап жүріп, бұта-қарағанның түбінде киіз үй болып, тұтасып жатқан мүкті болжайсыз. Ол да су, кілемнің түгіндей үлпілдек, бассаң табанның ізі қалады. ал енді осы бұта-қарағанның ара-арасына шындап үңілсең, күз сұрқына ырық бермей қасқайып тұрар ақ гүлді көресің. Ол - күз гүлі. Сіз бүл қар жауғанша солмай, не түсін бермей жайнап тұратын ақ гүлдің атын білмейсіз, әрине. айтыңызшы, сол күз гүлін теріп көрдіңіз бе? Егер терсеңіз, хош иісі барын сезгенсіз. Бұдан әрі мынау қорқынышты саяхаттан мезі болғандай кері ораласыз. артыңыздан салт аттылар қуып жетеді. Сәлемдесіңіз, міндетті түрде, «ассалаумағалейкум» деп бас иіңіз, өйткені олар сіздің жарылқаушыңыз, өйткені олар түн ұйқысын төрт бөліп, мал бағып жүрген ауылдастарыңыз. Үсті-басы су-су, артындағы бөктергені салп-салп етіп желіп өте береді жаныңыздан. Сіз білесіз бе, олар сонау аппақ қар басып, тым-тырыс ұйқтап жатқан алтайдың ар жағынан келеді. Қар жамылып, мұз төсеніп келеді. алтай күзінің түнгі мезеттегі көрінісі тіпті керемет! Күндізгі ызың-ызың соққан жел сап болып, ұйқылы-ояу жататыны бар. Ұйқылы-ояу қалғып жатқан шағында қыстаққа пішен тасып арқыраған трактор үні


беймазалайды. Трактор тым алыста екенін, әйтсе де түн қойнын тілгілегеи даусы жақсы естілетінін байқайсыз. Түнде жаңғырық тез естіледі. Байқайсыз ба, анау қап-қара боп шөгіп жатқан таудың дәл ортасынан от жылтырайды. алыстан қарағанда мынау алып ұйқыдағы алтайдың шырағдандай жанған көзі іспетті. Бірақ ол трактордың шамы. Сіз ендігі сәтте әлгінде ғана мәре-сөре боп қуақылана көз қысқан жұлдыздардың бірте- бірте азайып, азайып емес-ау, қоп-қошқыл бұлттың астында қалып бара жатқанын байқайсыз. Сіз мынаны байқайсыз: қара көк аспанды тұтастырып бұлт торлайды. Түстіктен жел тұрады. Таңға жуық тырсылдап тамшы тама бастайды. Нөсер үнсіз ұрланып жауады. Демек, бір апта бас көтертпейтін ақжауынға ұласады. ақжауын ұзақ жауады. Халық айтады «жұмаға жауды, жұмаға ашылады». Жұмаға айығар нөсер маядағы шөпті борсытып, жиылмай қалған дән болса шірітеді. Тіпті жаңа ғана орып алған астық көктеп кетер. мол табысқа кенелтетін – күз, салдыр-салақ шаруашылықты сан соқтырар да – күз. Осы күзде агрономдар мұртынан жымияды. «Екі жоспар орындадық. Үш жоспар орындадық, төрт жоспар орындадық...» дейді. Сіз әзіл айтасыз: «Құлағынан тартып шығарған жоқсың. Былтыр неге бермедің осы жоспарды. Әуселеңді келер жылы көрерміз, бәрі де айналайын табиғаттың сыйы», – дейсіз. Осы күзде мал семіріп, шаруашылық бір орайланады да, көп жігіттер үйленіп, сонша қыздар тұрмысқа шықпақ. Сіз естисіз: кеше Жұмабайдың жалғыз қызын алып қашып кетіпті, Құрымбайдың үлкен қызы күйеуінен бөлініп кетіпті. Сіз екеуін де есіңізге түсіре алмай дал боласыз. Өйткені сіз мына ауылда бұдан алты жыл бұрын болғансыз. Ол шақта олар алтыншы оқитын. Сіз ойланасыз, қатты ойланасыз.

Сіз білесіз бе, биылғы күз аса жомарт болды. Пішен аттың

таңбалығынан өсті. Қара жер деп аталатын сартап бөктерде ат жарып жүре алмайтын ақ селеу өсті. ақселеу мен бидайықтың арасын ашып қалсаңыз, түбіттей түтіліп жатқан жоңышқаны көресіз. Қараңызшы, анау бір Ділке бұлағындағы қораға салт атты әлдекім беттеп барады. Ол осы ауылдың басқарушысы Берікбол ақсақал ғой. Бекең алпысқа толды. Бірақ аттан әлі


түскен жоқ. Ертең жайлаудан көшіп келер отардың қыстақтары жайлы, бүтін әрі жылы ма, соны тексеріп жүр. Жайлау демекші, ол жаққа қар жауып қалды ғой. Шопандардың күні не болды екен. Жас баласы барлар қоста қалай отыр... Егер тау өмірінен хабарыңыз жоқ болса, бұл сұрақтардың байыбына бара алмай аттанасыз. Білесіз бе, тау өңірінің күзі, тау өңірінде мекендейтін адамдар бір түрлі жұмбақ-ты, бір түрлі еркін әрі еңселі келетіндей. Тау өңіріне бір рет барып қайтсаңыз, өне бойы арылмайтын алтайдың өзіндей бір асқар арман арқалап қайтасыз. Ол жаққа қазір, мүмкін, қар жауып қалған да шығар, мүмкін, таудағы жауған қар күн көтеріле еріп кеткен шығар. Жайлаудағы отарлар қыстаққа әлдеқашан көшіп келіп қонған шығар. Шіркін-ай, алтай күзінің шын сырын, алтай күзінің нағыз бояуын қашан ұғып, қашан табар екенбіз...

адам үйден шықты да, көк зеңгір аспанға қарады. Өзгеше жуас күйде екен. Оның ойына бір кездегі пенделік істері түсті. Ол сонау көктемде, жадыраған жазда - жас шағында не істемеді. Қазір күз. Оның қолынан – құдіреті күшті қолынан туындаған мың-миллион жойқын істерді таразылап беру мүмкін емес. Бірақ соның бәр-бәрі өз зердесінде сайрап тұр. Кең дүниенің, кемтар дүниенің ыстығына күйіп, суығына тоңған мәңгі жас адам табиғат ием бере салған асқан ақыл, сұрапыл қуатпен жұмыр жерді алшаң-алшаң таптап, өз құдіретіне масаттанған кейіпте. Әлемдегі әлқиссаның мен-мен иесі – адам. Шыр етіп тіршілік есігін ашқандағы ұққаны – шыркөбелек айнала бере- тін жылдың төрт мезгілі: қысы, көктемі, жазы, күзі болатынын бағамдады. Байқаса, осының қайсыбірі де бір-біріне кереғар, әсте ұқсамайтын құбылыс. Әйтсе де қоян-қолтық байланыста сабақтас. адам өз ғұмыры осы жылдың төрт уағына телулі екенін ұқса керек-көктемде тұрып, күзді сағынатын, күзде тұрып, көктемді сағынатын.

Екі қолын артына ұстап, басын төмен салбыратып марғау жүріп келе жатқан адам өткен күндерін ойлап, мынау саржағал жомарт күзді іштей алқауда. Бірақ, осының бәрі де айналайын көктемнің жемісі емес пе, жадыраған жаздың тамаша күндері болмаса, осыншалық мол ырзық топырлап кеп, күзде тоғысар ма, ал күз бар байлықты бауырына басып иемденіп жатыр.


– Дегенмен, – деді адам, сау-сау түсіп тұрған жапырақтың бірін қақшып алып, – біз де осынау жапырақ секілді сарғайып барып құлап түсеміз. Келесі көктемде жаңасы келеді дүниеге. Ол жаңа тағы да сарғаяды, тағы да... тағы да жаңасы... Жер бетіндегі иен байлық менің иелігімде, ендеше, күз де менің тәңіріме тәуба жасауы ләзім. Күз... күз... күз. Әйтсе де осы мезгіл маған өзгеше ыстық. Көктемде лепіріп ала-қайладық, жазда далбақтап ес-түссіз шаба бердік, көп кешікпей қыс түседі - кек құрсауға көміле бастаймыз, ал қазір ойлымын, ес кірген секілді. Жүрегімді бір жұқалаң мұз қабыздаған, ию-қию шаруадан бойым босап, ес жиғаңдаймын. Биыл мен көп нәрсе тындырдым. Биыл мен үшін қуаныш жылы, ал келер жыл қалай басталады, қалай аяқталады, бал ашып білер әулие қайда...

Күз – менің есіме: бұдан елу жыл бұрынғы қазақтың

елін түсірді, тайғақ тағдырдың таяғынан тұралаған халық қорғасындай шөгіп жатқан ауыр тұманның арасынан жылт еткен күннің көзін іздеді. Жылт еткен күн көзінен жалт еткен бақыт отын іздеді. Сұрғылт тұманның арасында адасып жүрсе де талантты ұлдар тудырып, содан үміт күтетін. «Күзгі бұлт түсі суық қаптайды аспан», «мен ояу, ел ұйқыда, оттар сөнген» таяғына сүйеніп бүрсиіп отырған қазақ – мәңгі ояу қазақ сазарып жатқан қайғылы даладан қаншама жәбір көрсе де, жеріген жоқ. арайлы ақтаңын асыға күтетін еді ол. ал қазіргі күз басқаша, мүлдем басқаша... Күз де өзгереді екен-ау...

адам ойлы күйде аяндап барады. Ол күздің тағы да қаншалықты тың дүние тудырып, жер бетіне қандай жаңалық- тар әкелетінін, қаншалықты адамды бақыт құндағына бөлеп, қаншалықты адамды жетім-жесір тастайтынын болжағысы келеді. Бірақ ертеңді еске алу мүмкін емес. Ол тағы да өткенін

– ұлан-ғайыр жақсыда, жаман да іс тындырғанын ойлады.

«Табиғат жаратқанның құпия сырын ашуға тырысамыз-ау, бірақ бәрібір сол табиғаттың ұлымыз, ырқынан шығып қайда барамыз.

мен – адаммын. Бірақ бәрібір табиғаттың құлымын. мен өз анама – өз табиғатыма қол жұмсаған күндерім болды. Қандай кесірлік. Күз – тұман, ызғар, боз қырау, сарғаю, ойлану, күйек,


күзем алу, астық ору, қора қамдау, жаңа оқу жылын бастау, соғым сою ғана емес. Күз – адам, жасарады, масайрайды, сосын... сосын сола бастайды», – деп түйді адам. адам, әне, орындықтағы жап-жас қыз бен жігітке қарады. Қауыша жабысып мәз болып күліседі. Күздің келіп қалғанын сезбейтін секілді. Сол орындықтың бергі шетінде пальтосының жағасын түріп, қол шатырын таянып, бүрісіп отырған егделеу қыз көзінде мұң, қаяу бар. Ешкімге қарағысы келмей, бір нүктеге қадалып, ой түбіне сүңгіп кеткен. Сосын күрсінді. Күздің келіп қалғанын тек өзі ғана сезгендей... Ептеп жел тұрып еді, жапырақ жауып, сол жапырақтың бірін әлгі қыздың омырауына қадады. Оның күзден алған бар сыйы осы еді.

адам күздігүні ойлы күймен асықпай аяңдап барады.


 

 

 

ӨЗІ СҮЙГЕН

Біз қостан шыққанда ымырт жабылып, қас қарая бастаған еді. Жайлаудың шыбын-шіркейсіз қоңыр салқын кеші жанға өзгеше жайлы. Күндізгі ызың-шудан беймаза болған тау сүлбелері самал лебіне бетін төсеп үнсіз тұр. Ұзақ жолдан шаршаған күн, бозамықтанған батысқа ақ жолақ орамалын қалдырып төркіндей кетіпті. Бағанағыдай емес, ақ жолақ орамал да өңі түсіп, түн икеміне көне берді. Бағанағыдай емес, өзіндік бір жарасымдылығымен түн тіршілігі де басталған еді. Бағанағыдай емес, пішеншілер тірлігі анық емес, еміс- еміс қана естіледі. Ирелендей қашқан тау жолымен көтеріліп келеміз. Құлағын кезек қайшылаған аттар солқылдата аяңдап, бастарын еріксіз шұлғиды.

Біз екеуміз. Жанымдағы менен екі-үш жас үлкендігі бар, қой көзді, қара бұйра шашты өңді жігіт. Біз шығып келе жатқан таудың арғы етегінде қой бағады. Күндіз бізбен бірге шөп үйісті де мені қоярда-қоймай «біздікіне қон, әңгіме шертісеміз» деп, ертіп шыққан беті еді. алтайдың әні мен әңгімесіне қызыққанмен, ат терлететін алыс жер болмаған соң, ілесіп кетіп едім.

міне, біз тау үстіне шықтық. Бұл сәтте Қосжүректің иығына бізбен бірге ай да шықты. Шықты да, әлгіндегі еркіндей бастаған қараңғылықты тау-таудың, ағаш-ағаштың түбіне түре қуып тастап, жайлауды емін-еркін өзі билей бастады. ай нұрының бұл өктемдігіне өкпелеген қараңғылық көлеңкеге айналды да, ай аспанға көтерілген сайын кішірейе берді. алтайдың аспанмен таласқан көгілдір шоқыларын үйірінен адасқан бұлт қиындысы бауырлай басып, тең екіге бөліпті. Етегінен айрылған шоқы сонадайдан мұнартып бұлттың бөркіне ұқсайды. Барқылдаған тарғақ, барабанын қаққан тоқылдауық, шырылдаған шегіртке,


сұңқылдаған қара құс, түнгі концерттерінің репетициясын жүргізіп жатыр. Оқта-текте алдымыздан дүр етіп, ұлар ұша жөнеледі. мұндайда жалт берген аттың жалын ұстап әрең қаламыз. алтайдың сырлы түні, нұрлы түні ...

– Әне, – деді алтай жылтыраған отты көрсетіп, – әне, менің отау үйімнің оты. Біз тамаша жерде тұрамыз, ә достым, қарашы! айлы түніміз, айдын көліміз, алты жүз төліміз бар, – деп термелеп кетті. Әлде осынау әсем түнге елтіді ме, әлде етекте жылтыраған оты қуат берді ме, әлде қойға бас-көз боп жападан жалғыз қалған Күмісайым не күйде екен деп асықты ма, алтай тор төбелін борбайлап жіберіп шаба жөнелді. артынан мен де далбақтадым.

алтай киіз үйін сопақ айна секілді көлдің жағасына тігіпті. Көл өзгеше әсемдікпен кербез керіліп жатыр. Толқыны ай сәулесімен шағылысып жалт-жұлт етеді. мөлие қараған ару – ай көлде бетін көріп тұр. Үп еткен самал көл бетіне маржандай ұсақ толқынды оқыс төсеп кетеді. Қотан шетінде қарақшы ербиеді. От басында біреу қараңдайды.

Біз қойларды үркітіп алмас үшін, дабыстай келдік. алды- мыздан арсалаңдай щыққан аламойнақ «мұнысы кім» деген- дей мені иіскелеп жүр. Қабайын десе, иесінен қорқады білем. От басында тұрған жас келіншек:

– Ту, алтай, мұнша неге кешіктің. мен шошымайды дедің бе? – деп алтайға бұрыла қарап алды да, менімен сыпайы ғана есендесті. Бірақ оның үнінде өкпелік емес, наз бар.

алтай аттардың ер-тоқымын сыпырып алды да бусанған қапталын шапалақтап-шапалақтап, тұсап жіберді.

– Жүр, асқар, үйге кірейік. Қане, Күмісайым, неменең бар қамдап жібер, – деп, алтай жітірмелетіп жіберді де киіз үйдің есігін айқара аша берді.

Қосжүрек етегіне тігілген, қос жүрек баспанасының есігі айқара ашылды. Ортадағы ошақта от маздап, жалынымен қазанды жалап тұр. Бүлк-бүлк қайнап, қазаннан шыққан еттің иісі мұрныңды жарып барады. Төр алдында малдасты құрып тастап, алтай екеуіміз отырмыз. ас қамдап, Күмісайым жүр. анда-санда күлімсірей қараған көзінде әлгіндегі айдын көл секілді бір көргеннен өзіне тартарлық әдемілік, әсерлілік



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.