Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





М. Горький 2 страница



– мен дайынмын, – деді Ерік орнынан тез көтеріліп. – Шаңғы ала шығамыз ба?

– Шаңғыны Тарбағатайдағы жылқышы жігіттерден алармыз.

– Үй ішімізге сау бол деп шығайық та... мені қойшы, жалғыз- іліктімін, сізді айтамын.

– Өлімге кетіп бара жатқан жоқпыз, жүректерін күпті қылмай, жым-жырт аттанып кеткен дұрыс, – деп шығар есікке беттеді.

Қар бағанағыдай емес, қиғаш ұшып сабалап жауады. Жел көбендеген жұмсақ қарды сыпыра ұшырып, сиыр таңдайлап, әдемі сурет салып жатыр. Үйден шығуға қорынған жұрт, не болды екен дегендей есіктерін ашып, сығалай қарайды да, лезде жауып


ала қояды. Тура желке тұста төніп тұратын алып тау мүлдем көрінбейді. Еңбек аулы тауға тым тақау орналасқаны соншалық, осы желтоқсаннан бастап үш ай күн түспей, сыпыра таудың ар жағымен өтіп кететін. Көлеңкеге орналасқан еңбектіктер анау Бұқтырманың арғы бетіндегі күнгейде қып-қызыл болып, күн нұрына шомып жатар өзге ауылдарға қызыға, қызғана қарайтын. Күннің көзі түспеген соң бұл қойнау өзге жерден гөрі салқындау да болушы еді. Дегенмен шілденің ыстығында жақсы. Қақтамада отырған арғы беттің мал-жаны пысылдап жүргенде түкпірдің саумал самалын емген еңбектіктер қоңыржай тыныштық, шыбынсыз жазға мамырлап сергуші еді. амал не, табиғаттың сыйы өлшеулі ғой, жаздың сол жайма-шуақ бейбіт күндерінде еркелеген жұрттың сазайын тарттырайын-ақ деп тұр.

Отыз жылды араға салып барып, төпелеп жауған албасты

қар екі-үш тәуліктен бергі жуастықты талақ қылып, енді міне жесір әйелдің сыңсуындай ма, әлде алтайдың аш қасқырының ұлуындай ма – әлдебір, жұмбақ та жат үнді сарнап, әлдеқайдан, құбыла жақтан қақпақылдап жеткізе бастады. Қазақтардың тілсіз жау деп атар дүлей күші бар әлемнің билігін өз қолына алып, тісін ақсита тау-таудың сай-саласын қуалап, жемтік іздеп бұқпалап жүргендей. алтайдың аш қасқыры ғажап бір сиқырмен боранға айналып, адамдарға қарап аранын ашып, атылайын деп тұрғандай аса қорқынышты еді. Тау қойнауына боран аз соғады, ал зәуімен бір келіп қалған екен, ішін тартып, ышқынып, зәре-құтыңды ала ұрғылағанда қырық жылғыңды есіңе түсіреді. Әсіресе мұқым тау аңғары, қар теңдеген шоқы, шағылдар уілдеген шақта, аспан ойылып жерге түскендей, ұлы шуыл пайда болады.

алатайға аттанған екі жігіттен бұрынырақ атқа қонған аспан

шал ауыл іргесіндегі мотының қабағына ілінгенде, осы қапелімде соққан боранға ұрынып еді. Бұл зауалдың боларын таңертең-ақ сезіп, сақадай сай шыққан ол қыңған жоқ. Етегін қымтап, бір қырындай отырды да, құтырық боранға қарсы жүрді. астындағы торы бие осалдық көрсетіп мойнын ішіне ала, жалт етіп кері бұрылмаққа әрекет жасамақ болып еді, қолындағы еліксап он екі өрім қамшысымен борбайлатып-борбайлатып, «ой мес  неме»

– деп қаттырақ шаужайлап қалды.

Бет қаратпай тура маңдайдан сабалаған боранды қақ жарып, қасарыса ілгері жылжыған аспан шал қойнынан кіріп, тұла бойын қуалаған суық қаншама сумаңдап мазақ еткенмен ырық бермеді. Талай-талай көрген құқайы. Әттең, тек торы биенің екі қапталында


шолтаңдап келе жатқан жұп-жұмыр шолақ қара сан ғана мұздап сай-сүйегін сырқыратады. Қарға адым жер көрінбейді, батысы қайсы, шығысың қайсы – белгісіз, оң-солыңды ажыратып болмас ақ түтек. Сол ақ түтектің арасында адасқан айдай жортуылдап, мұзды тілгілеген алып кемедей, беймәлім дүниеге сапар шеккен жұдырықтай адам. Табиғаттың тентек тепкісі әлгі жұдырықтай ғана құдіретті адамға дарығанына қорлана ма, ышқынып келіп, айдаһарша ысқырып келіп алды-артын тұмшалап, үстіндегі киімін жұлмалайды. мұнысы бекер әурешілік қана. Жұдырықтай түйілген адам белін бүкпеді, беті қайтпады. Тек торы бие ғана сыр берді. мойнын ішіне алып, қарсыдан тұрған боранға шыдай алмай, қырын тарта жөнелді. Ондайда аспан шал сабалап-сабалап жолға салады.«Ей, алла, бейнетіңнен сақта», – деп күбірледі. Екі аяғы жоқ, домаланған мүгедек адам бұдан өткен қай бейнеттен сақтанатыны түсініксіз еді. Жағулы отқа жылынып, салулы төсектің үстінде шүкіршілік жасап отыра бермей, қандай сор айдап шықты десеңізші. ажал шығар, ажал-ау айдаған. Жо-жоқ, ажал мұны емес, бұл ажалды алдына салып айдап келе жатқан жоқ па...

алақаншықтана басталып, абалап үрген қарлы боранда қан

түкіртерлік қатыгездік бар. Әлемдегі әр затты, әзірше болса да, жалмап жұтып, жоғалтып жіберген. айқай дүниенің бар билігі өзіне тиген, сол өзіне тиген аз сәттік билікке масаттанған қарлы боран мың-миллион қамшысын үйіріп, оң жамбасына келгеннің бәр-бәрін осқылап, көкайыл долылық қысып, өзгеше өкпелі қатыгез мінезбен осқырынады. Жолында кезіккеннің жон арқасынан таспа тіліп, табанына салып таптап, езуін айырып езгілеп тастамақ зіл зала ашуға мінген. мұны біз адам мен ажал айқасы, деп айта алмас едік. айта алмайтын себебіміз, дүниедегі ең асылын іздеп шыққан аспан шал табиғат иеміздің мынау ұлы сойқанынан тіпті де сескеніп келе жатпаған, қайта сол қанды сойқанды өзі іздеп, қане, қайсымыздың дәтіміз шыдап, қайсымыздың қайратымыз жетер екен деп, еркектік ерегеспен бәстесуге шыққан секілді. Әзірше екі жақтан да осалдық байқалмады. Боран – қордалы көрінеді, ұшы-қиыры жоқ, миллиардтаған қар ұшқындары бірінен соң бірі балалап, қаулаған өрттей қаптағайлайды.

Торы бие иесінің мінезіне сыралғы, есті жануар еді. Жануар

екпіндей соққан боранға қарсы жүре алмай әрі-бері бұлталаңдап көрді де, қосқапталға темір құрсаудай жабысқан жұп-жұмыр сан өзінен де, мынау ұлыған бораннан да мықтырағын сезіп, тұяқ


тайдырмай алға ұмтылған. мотының қабағына жетіп, қар басып томпайып қалған молаға тұмсық тіреді де, басқа ұрғандай табандап тұра қалды. Көзін ашып-жұмып, әлдебір ойдың жетегінде отырған иесі көкейлеген межеге келіп-ақ қалғанын қапелімде сезбеген- ау, «шу, жануар, не көрінді», – деп тебініп, итіңдеп еді, торы бие мызғымады. Сонда ғана қарсы алдына қарап, ақ төмпешікке шаншылған құрыққа көзі түскен. «Жануар-ай, бекер жазғырған екенмін-ау», – деп сүйсіне күбірлеп, ерден жалғыз-ақ ырғалып домалап түсті. Қара саннан жоғары кеспелтек дене аппақ қардың үстіне топ ете қалғанда, ептеп қаймақши қасаттана бастаған қар ойылып, қазан шұңқырланған жерден аспан шалдың басы ғана қылтиып көрінді. Тері биялай киген қолымен таяна ұмтылып, құйрығымен қар сыза жорғалай жөнелгенде, артында осылып із қалды. Торы бие боранға бөксесін бере ықтап, жалы жалбырап сүлкиіп тұр байлаусыз. Омбы қардың бетімен жер таяна жылжу қиынның қиыны екен. алдымен алдындағы күпсекті тазартып, қар астынан күреңсе күлтеленгенде ғана қолын тіреп барып ілгері ыршып түседі. Балағын қайырып тігіп тастаған сырма шалбар қалың, әзірше сыз өте қойған жоқ. Жаздың күнінде аспан шал екі қолына таға-тақтай ұстайтын да таянып қалып, өз кеудесін өзі ілгері лақтыра жортқанда екі аяғы бүтін адамға ілесіп жүрер тәжірибесі бар еді. Қазіргі қарқыны мардымды емес, қарсы алдындағы қарды аршып алып, содан соң ғана жылжығансымақ болады. Оның бөрене сүйреп өткендей арналанып қалған жолын сусылдап соққан боран асығыс көміп жатыр. Құрық шаншылған төмпешікке өкпесі өшіп әрең жетті. Күн қанша суық болғанымен, маңдайынан шып-шып тер сорғалап, өне бойы малмандай су болды. Өртеніп отырғандай буы бұрқырап, ентігін баса алмай бүк түсіп жатып қалған. Сонда осыншалық құзарға өрмелегендей шаршап-шалдығып жүріп өткен жолы анау моланың басына шаншылған сайғақ құрықтың бойындай ғана қысқа.

Әлі есіңде: Екі аяғын кесіп тастаған соң бұған да  протез

жасап берген, алғашында аңқау көңілмен балаша мәз болып қуанған-ды. Қос балдақты қолтыққа қысып, қайқаңдап ауылдың кеңсесіне барған, пенсия қуып ауданға аттанған. Кәдімгі аяқтары бүтін адамдардай ешбір кемдігі жоқ, тіпті, олардан гөрі еңселілеу көрінген. Тұғырдағы қыран бүркіттей қомданып, шылымын будақтатып тұра қалғанында өзі емес анау адамдардың екі аяғы жоқ, жарымжан сезілуші еді. Құрдастары: «ағаш аяқ саған жарасады екен, бұрынғыдан әлдеқайда сом әрі тәкаппар болып


кетіпсің», – деп әзілдеп те жүрді. Бірақ осы жасанды аяқ шіркін жан дүниесімен жараспай-ақ қойғаны, тіпті өзінің болмысынан тыс басқаша өмір сүріп жатқандай. Ең қорлығы қара жердің қадірін біле алмады: ылғи да қазықтың үстінен жүргендей қауіпті. Жерден бөлек желіп жүргеннің түкке қажеті жоғын бірте-бірте түсіне бастаған ол: «Көк шөптің үстіне отыра қалып, екі етігіңді сыпырып тастап, шұлғау кептіріп, башпайыңды желдетпеген соң, құр бекер шоқақтағанның атасын ұрайын», – деп, жалғыз-ақ күнде протезді лақтырып тастады да, құйрығымен торқалы топыраққа отыра кетті. міне, содан бергі уақытта айналайын жерден бір елі ажырамай келеді.

аспан шалдың мола басына жетуін күтіп тұрғандай аласұра

соққан боранның өті қайтып, бірте-бірте жуаси бәсеңсіп барады. ақ түтек буған айнала айқындалып, әне, алтайдың алып пошымы көріністене бастады. Құйрығын жел бұтына қыстырып тастаған торы бие бір сирағынан бір сирағына салмақ сала тұрды да ішін тартты. «Тағы да қар жауады екен», – деді аспан шал қойнына қолын тығып. Бұл сөзді ол дауыстап айтты. Қатып қалған құрықты сипап, әрі-бері жұлқылап көрді, әлі мықты екен. Жастығының, мынау қар астында – жер астында көмулі жатқан екі аяғының куәсі болған құрықты бұдан дәл отыз жыл бұрын, алғаш рет жылқы бағуға шыққанда жас қайыңды аршып, сүмбедей ғып жасап еді. адам тимесе тік тұрған құрық ғасырға шыдар мықтылығы барын мүгедек жылқышы сол кезде-ақ білген, білген де ата кәсібімен қоштасқан күні әкеліп шанышқан. Бұнысы – дәрігерлер кесіп алып тастаған екі сирағын өз қолымен көмген соң өз денесінің марқұм болған жарымына шанышқан сайғағы сынды еді. Содан бері ширек ғасырдан асты. анда-санда, жаман түс көрген күні келіп тәуәп етіп қайтады жазған.

Боран, расында да, басылайын деді. аспаннан адасып келіп,

қашып үлгермей қалған қар ұшқындары ғана еріншектене қылаулайды. Төңірек түгел көрініп, құлаққа Бұқтырманың сарыны талып жетті. Дүние, табиғаттағы бар зат дүр сілкіне серпіліп, азынаған пәледен құтылғанына қуанғандай жарқырап, аса бір асау сағынышпен жамырай табысып жатыр. ақ түтектің ар жағында тұтқында қор болып тұрған күн жарықтық боран салған лаңнан әлі де сауыға алмай бозамық аспандағы шаңытқан шарбы перденің атынан жасқана сығалайды. Ұзақ көкжөтелден ептеп сергіген алтай қарағай, самырсындарын арқалап алып, ол да бүлкілдеп, ұлы зұлпаттан тірі қалғанына масаттанғандай-ау...


Ұлы зұлпаттан тірі қалғанына, бүкіл табиғаттың барлық төлі – кісісі, аң-құсы, орман-тоғай, өзен-суы мәз-мейрам той жасап қуанады; тек аспан шал ғана селт еткен жоқ. Өйткені ол жүйке, жүрегі бар екі аяқты пендеден гөрі, анау табиғат-ананың тілсіз мүшелері – тоғай, тас, өзен іспетті, тек адам үшін ғана жаралған жансызға әлдеқашан айналып кеткен-ді. Оған ешкімнің, еш нәрсенің де қажеті жоқ, басқаның әжеті үшін жаралған жаратылыстың бір бөлшегі. Дүниеде керексіз жалғыз-ақ зат бар, ол

– адам. Табиғат иеміздің бір-бірімен гармониялық сабақтастығын бүлдіріп, бұзатын да сол адам атты ақыл иелері еді. аспан жер үшін, жер су үшін, су жан-жануар, құрт-құмырсқа үшін, тіпті тоғай екеш тоғай да бармақтай торғай үшін жаратылған. Бірінсіз екіншісінің тіршілігі тоқталады, тіпті қанша ғайбаттанғанымызбен анау аппақ көрпесімен тау-тасты қымтап жатқан ақша қар да керек. ал адам ше? Екі аяқ, екі қолы бар ақылдың кені адам неге керек? Ештеңеге де, ештеңеге де... Табиғат адамсыз тіршілік құра алады, ал, адам табиғаттан тысқары өмір сүре алмайтыны рас болса, неге ғана мына қар астындағы қара жер, анау жұлдызды аспан адам баласына табынуы керек. Неге?.. Бүгінде керексізге айналған өзінің керек екенін оқу-тоқусыз-ақ бағамдап, табиғат жаратылысының пайдалы тізбегіне қосылғанына қуанатын. Осынау тірі өлік күйі – әлдеқайда озық, өле қалса әлемнің түгіл, ауылдың да қылшығы қисаймайды. Жартысы жоқ денені оп-оңай көтереді де мынау өзі отырған өзінің моласындағы аяғына кеудесін жалғап жерлейді. Бұл көзін жұма қалса өтірік жылайтындар, шын қуанатындар өте аз болады. Өте аз болатын себебі, аспан шал отыз жылдан бері өлімнің киелі сапарына дайындалып, сақадай- сай жүр, иә, отыз жыл бұрын шейіт болып, құйрығынан айрылған кесірткедей, көрге аяғын қалдырған, басы жер бауырлап жорғалап кеткен. Жер бетінен жоғалдыға жорып қойғанда, еңбектеп қайта шығу аяқ-қолы балғадай дені саулар үшін қандай қорқынышты еді. Бейне бір он екі мүшесі амандарды шошытуға көрден тұрып кеткен тірі аруақ – томаршадай аспан шал, әне, әлі тірі отыр. адамдық санаттан шығып қалған соң, шығарып тастаған соң, сол тізімге, онысыз да таласы, дау-дамайы көп, өте шағын тізімге екі аяғы жоқ, кесіртке-кісіні қайта жазуға қимай, қиналған.

Бұл кезде күн ашылып, бетті шымшылар аяз түсе бастаған-ды. Торы биеге де жан бітіп, күпсекті теуіп, шөбін аршып жеп жүр. Желке тұстағы беткейді қуалай өскен тал-теректің басына желдеп ұшқан торғайлар қонды. Көкті торлаған қардың ақ айран бұлты


тараған жоқ, Тарбағатайдың иығына жиналып, енді не істейміз дегендей қоғамдаса ұйысқан; кейбірі етекте өскен қарағай басында мақтадай ілініп тұр. Екі аяғын көмген көрдің үстінде ақ тышқандай шоқайып, жападан-жалғыз – масқара-масқара жалғыз шарап ішіп отырған аспан шал, осы көріністің бәр-бәріне жерігендсй жан-жағына кәперсіздікпен немкетті қарап қояды. Бірақ бораннан зәтте болған тіршіліктің барлығы жылы ұясынан бас қылтита қойған жоқ еді...

алайда десек, аспан шалдың қарлы боранға қарамай қабір басына келіп, тоң топырақты томпайтып жатқан екі аяғын жалғызсыратпай, жаназа оқығандай жанында болуының түпкі бір себебі бар-ды. Түсінен шошып ояна сала есіне түскені – осы жер болды. Желе-жортып жеткенде де түсінде тұра қуған иесіз қос сирақтан қорқып-үркіп тасаттық жасағаны емес; еместігі – ол өз қара басының қауібін сылып тастап, ақ қар, көк мұзға қарамай алатайға аттанған жалғыз ұлының есен-амандығын тілеп еді. Тілегі үйінде отырса қабыл болмайтындай осында келді. Қу сүйекке айналған екі аяғына қосылып бір бүтін иманмен Құдайға, тағдырға мүнәжат тілеп жалбарыну.

рас, ұлы аса қиын сапарға аттанды. мұндай қауіпті сапарға осыдан отыз жыл бұрын, дәл осындай жұт хабаршысы қалың қар жауғанда өзі де аттанған. Екі аяғынан айрылып оралды. Егер сол тауқымет итің бүгінде аусылға айналып, ел жиі айта беретін тұқымды қуалай жөнелсе қайтер еді... Өз ойынан өзі шошып қалды. «Тәңірім, ондай жаманаттың бетін ары қылсын, – деп күбірледі. – ары қыла гөр».

– «Сайтан көпірден» қорықпай өтсе, аман оралар еді. – Бұл сөзді ол жанында біреу отырғандай самбырлап айтты. Тебіндеп жүрген торы бие басын тағы да оқыс көтеріп қалды. – Жайыла бер, жануарым, – деді дауыстап. – Сіз бен бізге күндіз-түні оттағаннан өзге не үзір қалыпты, аманның амандығын тілеймін. адамға адам тілекші болса, мен мына құсап, қос санымды құшақтап отырар ма едім. Ол шақта тілекшілер аз еді, ал менде ешкім жоқ болатын. Тардың үстіндегі «Сайтан көпірден» «бисмилланы» айтпай өтем деп, қар көшкіннің астында қалдым. Бір күн емес, бір жұма қалдым. Іздеушім де, тілекшім де аз еді... Қой, көки бермей орнымнан тұрайын. – Оқыс ұмтылып қалды да, жүруге талпынған жас сәбидей мешел екені есіне түсіп, өзін-өзі боқтап жіберді.– Әкеңнің аузын ұрайын, алжыған аспан отыз жылдан бері екі аяғың жоқ, қу томар екеніңді неғып қара басып, ұмыта


қалдың... Дегенмен, мұның өзі ұлым қиямет жолында жүргенде жақсы ырым болды-ау, – деп әлсіз әрекетіне сүйсінді.

Қыста ақ жиекке айналған ел ұғымындағы көкжиек тағы да тақала түсті. аспанның қас-қабағы салбырап, алдындағы бар малынан айрылған жылқышыдай ашулы. Әлі түс мезгілі болмаса да, төңірекке ымырт үйіріліп, жаңа ғана жандана бастаған айнала жүдеу тартты. Тау қайтадан аласарып – кеудесін бұлт басқан сайын жабылғандай, бұлт сүзегін көтере алмай төсек тартып, ауырып жатып қалғандай. Етектегі қалың тоғайды қақ жарып, сылаңдап ағар алтайдың ару қызы – Бұқтырманың үні төркініне өкпелеген қалыңдықтай тұншыға естіледі, қысастана жылайды жазған... Жылағандар дәл қазір табиғатта көп-ақ...

аспан шал тымағының бауын қайта байлап, өңірін түймеледі, тері қолғапты нығарлай киді. «моқ-моқ» – деп торы биені шақырып еді, иесінің үніне әбден үйренген жануар аяңдап тура қасына келді, тіпті тізесін сәл бүгіп, аласарғандай болды. Бейіт- төмпешікте отырған қалпы ілгері ұмсына түсіп, ердің қасына атылған аспанның қарулы қолы әбзелге тиюі сол екен, шолақ сан шолтаң етіп торы биенің арқасына қона кетті. Отыз жылдан бері атылып мініп әбден төселген тұқыл дене, енді қара жерді айналып шықса да, ер үстінен қайтып құламас қайсарлығына басқан.

– а, Құдай, ұлымды сақта! – деп бетін сипады да, торы биесін шаужайлап ауылға беттеді. артында ор болып қазылып қалған орны, екі аяғы көмілген монданақтай төмпешік, жел соққан сайын уілдеп, әлденендей бір белгісіз мұңды, белгісіз арманды, белгісіз сырды ыңылдап шертер мүгедек жылқышының сайғақ қылып шанышқан қатқан қайың құрығы қалды. аспан қайырылып қарамады. «Сайтан көпірден» өтетіндей «бисмилла», – деді де асығыс желе жөнелді.

Ұлы алатайда, үйіне тез жетіп, мал жайғау керек. Ертең – Жаңа жыл...

 

* * *

Ертең Жаңа жыл деген күннің таңында таудағы жылқышы- ларға аттанған Еңбек бөлімшесінің басқарушысы аман аспанов Тарбағатай тауының алқымына ілінгенде, ат құлағы көрінбейтін қалың боран басталып еді. Бірінші дүние жүзілік соғыс кезінде қолға түскен австро-венгриялық тұтқындар қашап салған ирек- ирек тау жолымен заңғар биікке қарай ілби аяңдап, байқап басып, байырқалап қарап, сақ келеді. Бұл жергілікті халық «Ирек» деп


атап кеткен алтайдан арғы бетке асар жалғыз асу болғандықтан, ойдағы-қырдағы мал баққан шаруаның мойнына бұршақ салып тілер жалғыз жолы. Сонау тұста салт кісі, онда да барлығы емес, тақымында мықты көлігі, жүрегінің түгі бар жігіттің жігіті ғана жүріп өтер жалғыз аяқ суыртпақ бар-ды. Ол сүрлеумен қыстың көзі қырауда тірі жан тәуекел жасап аса алмайды. ал бұлар келе жатқан «Ирекпен» жазда машина саулап жатады. Қар жауа тек атты адам ғана үн-түнсіз аяңдап өтетін. Үн-түнсіз дейтін себебіміз, қазба жолдың өр жағындағы құзда салба-салба самырсындарға сүйеніп, салбырап ілініп тұрған қалың қар нөпірі

«әу» деп қалсаң, не болмаса қаттырақ жөтелсең, сау етіп көміп тастайды, яки таудан аққан қар көшкіні астындағы атыңмен бірге бүктеп апарып түу етекте жатқан терең шатқалға тыға салады. Жалғыз қауіпті жол «Ирек» емес, кереметі алда – алтайдың үстіне шығып қайтадан ойға құлдилап, алатай қыстағына апарар «Тар» деп аталар сүрлеуіне түскеніңде басталады. «Тар» – деген атауы білдіріп тұрған, осы жол Қаба деген өзенді қуалап, сол өзенді сан рет әрі-бері кесіп өтіп, мезі қылар ирек жасап, екі таудың ұңғыдай ғана ашамайын аралап, оңтүстікке қарай сұғына беретін. Әлгі екі жағында шаншыла бітіп, үстіңе құлап кетердей еңкейе орналасқан жақпар тасты құзардың ортасын тіле жетелеген суыртпақ соқпақ әсіресе, қыс мезгілінде тамұқтың қыл көпіріндей сұмдық қатерлі де, қаттырақ дем алуға дәтің жетпейтін аса қорқынышты. Оның үстіне екі метрдей қар жауып, білте жолдың өзін бітеп тастайды. Осы қауіп-қатерді жеңіп, марқакөл ауданына қарасты жайлауға жақындағаныңда алдыңнан алатайдың көркем көрінісі баста- лады. Еңбек аулы жаздай осы алатай қыстағында қыстайтын бойдақ мал үшін мәрия, мықан-Жақан, Самырсын-бұлақ учас- келерінен шөп дайындап, жылқышылардың өздері қыс бойы қораға тасымалдап,мал бағатын. Талшық етер азық-түлікті жер қара, күн жылыда жеткізіп алатын да, ініне кірген суырдай бейбіт күн кешер еді. Оқта-текте ауылға тек шаңғымен, ал қар жұқа жауған жылдары қар бұзғыш кеуделі азбандармен қатынайтын. міне осы ойдағы момын жұрт, қырдағы малшының жылдағы ыңғай ырғаққа көшкен қалыпты тірлігінің шырқын бұзған желтоқсанның аяғын ала жауған қалың қар, боздап соққан боран еді. ал мұндайлық жұт шақыра жауған қар мен қарғыс атқыр боран бұдан отыз жыл бұрын болғанын, оның садақасына аспан шал екі аяғын беріп құтылғанын ілгеріде ескерткенбіз. «Иректен» итеңдей аяңдап келе жатқан қос жолаушыны алда не күтіп тұр,



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.