|
|||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||
Стандартты қос. Тері шикізатының тауарлық сапа көрсеткіштері (қалыңдығы, ауданы, салмағы) және оларды анықтау әдістері5 Стандартты қос
2.4 Тері шикізатының тауарлық сапа көрсеткіштері (қалыңдығы, ауданы, салмағы) және оларды анықтау әдістері Сабақтың мақсаты. Студенттерге тері шикізатының тауарлық сапа көрсеткіштері (қалыңдығы, ауданы, салмағы) және оларды анықтау әдістерін игерту.
Тері шикізатының маңызды тауарлық сапа көрсеткіштеріне терінің айданы, салмағы, қалындығы, жүндестігі (жүннің жіңішкелігі, иректлігі), тығыздығы, беріктігі және т.б. жатады. Терінің аумағы. Терінің тауарлық құндылығын бағалауда терінің аумағы маңызды көрсеткіш болып саналады. Себебі аумағы кішкене терімен салыстырғанда аумағы үлкен теріден көбірек бұйым өндіруге болады. Сонымен қатар үлкен теріден өңделген былғарыдан аяқ киім пішу ыңғайлы, қалдық та аз болады. Сондықтан тері шикізатын дайындау кезінде кейбір мал, жануар терілерін аумағы бойынша бағалайды. Мысалы, қой, ешкі, шошқа терілері аумағымен бағаланады. Терінің аумағы мал түлігі, жануарлар түріне қарай әрқилы болып келеді. Мысалы, сиыр терісінің аумағы 200–500 дм2, жылқы терісі 200 – 450 дм2, қой терісі 50 – 100 дм2, ешкі терісі 40 – 100 дм2, шошқа терісі 50 – 200 дм2 болады. Тері аумағының мөлшеріне және малдың тұқымы мен жынысы, жасы, консервілеу әдіс–тәсіліне байланысты өзара айырмашылықта. Мысалы еркек мал, жануарлардың терісі ұрғашысынан үлкен, жас малдың терісі сақа малдың терісінен кішірек, асыл тұқымды сиыр терілері жергілікті сиыр терілерінен көбінесе үлкен болады. Сондай–ақ тері аумағына оны консервілеу тәсілі де әсер етеді. Мысалы, тұздалып кептірілген тері жас теріден кішірек.
23 кесте - Теріні консервілеудің әр түрлі тәсілдерінің тері аумағына әсері (%) (ГОСТ 28425-90, 28509-90 бойынша)
Қой, ешкі терісінің аумағын өлшегенде терінің ұзындығын (мойынның жоғарғы шетінен құйрықтың түбіне дейін АБ нүктелері) еніне ВГ (қолтықтан 3-4 см төмен - ДЕ ) көбейтеді (12а - сурет). Құйрықты қой терісінің ұзындығын 12б - сурет бойынша ДЕ сызығындағы Б – нүктесінен мойындағы А – нүктеге дейін өлшейді.
Шошқа терісінің ұзындығын мойынның жоғарғы шетіндегі А – нүктесінен ЖЗ сызығындағы Б – нүктесіне дейін, ал енін қолтықтан 8-10 см төмен жатқан ВГ сызығы бойынша өлшейді (13- сурет). Крупонның (жон терісінің) аумағын өлшегенде арқа сызығы бойынша алынған ұзындығын орта тұстың енімен көбейтеді. Сурет 10. Шошқа терісін өлшеу: Шошқа терісінің ұзындығы - АБ; ені – ВГ; ұзындықтың төменгі нүктесі (Б) тұрған сызық – ЖЗ.
Терінің ұзындығы мен енін өлшегенде 0,5 дм – ден жоғарғы мөлшер бүтін дм есебінде алынып, 0,5 дм – ден төмен болса есептелмейді. Терінің аумағын өлшегенде құрыс–тырысын жазып, бірақ тартып созбай метр немесе дм планшетпен өлшейді. Дециметражды планшет дегеніміз беті тегіс төртбұрышты тақта (14-сурет).
Бұл тақта әр қайсысы 1 дм2 тан тұратын 120-144 квадратқа бөлінген. Тақтаның астыңғы және оң жақ шетінен 0,5 дм терінің шет пұшпақтарына арнап (0,5 дм абсолют тік ауытқу үшін) қалдырылған. Тақтаның төменгі қатары оңнан солға қарай 1-ден 12-ге дейін нөмірленген. Сол сияқты оң жақ шеті де төменнен жоғары қарай 1-ден 12-ге дейін нөмірленген. Астыңғы қатар мен оң жақ шеткі қатардағы сандардың көбейтіндісі осы қатарлардың түйіскен квадратына жазылған. Осы сандар тері аумағын көрсетеді. (14а, 14б суреттері). Қой мен ешкі терісінің аумағын өлшегенде тақтаға терінің жүн жағын қаратып салады. Ал шошқа терісінің қылшық жабынын үстіне қаратады. Терінің ұзындығын және енін өлшейтін төменгі және оң жақтағы стандарттық нүктелер тақтаның төменгі және оң жақ шетімен сәйкес келуі тиіс. Бұл тақта тек тері шикізатының аумағын өлшеу үшін қолданылады. Өндірісте былғары аумағын өлшегенде арнаулы техникалық құрал, машиналар пайдаланылады. Терінің салмағы. Тері шикізатының көптеген түрлері (сиыр, жылқы, түйе т.б.) салмағымен бағаланады. Терінің жас күйіндегі салмағы дегеніміз малдан сыдырып алған терінің толықтай салқындағаннан кейінгі салмағы. Бұл салмақ тері шикізаты және тері өнеркәсібінің техникалық – экономикалық есептерінің негізі болады. Терінің салмағы малдың түлігі, тұқымы, жынысы, жасы, терінің қалыңдығы, нығыздығы, жүн жабыны, тұздалған терінің ылғалдығы, тұз мөлшері, басқа да ауырлық заттардың қалдықтарына байланысты әрқилы болады. Сондай - ақ семіз малдан алынған тері арық малдыкінен ауыр тартады. Сол сияқты етті сиырдың терісі оның тірі салмағының 8%-не тең болса, сүт бағытындағы сиырдың терісі 6,5-7% болады. Терінің салмағына жүн жабынының ұзындығы мен қоюлығы да әсер етеді. Мысалы, бір тұқымның малынан жылдың әр мезгілінде алынған терінің салмағы бірдей емес. Қыста сойылған малдың терісі жүннің ұзын да қоюлығымен ерекшеленеді. Сондықтан оның салмағы да ауыр. Еркек малдың терісі ұрғашы мал терісінен ауыр болады. Малдың жасы ұлғайған сайын терісінің аумағы мен қалыңдығы үлкейетіндіктен салмағы да жоғарылайды. Тері шикізатының салмағы сондай-ақ консервілеу тәсіліне байланысты өзгешелікте болады. Консервілеудің кез–келген тәсілі ең әуелі терінің ылғалдығын азайтады. Сондықтан консервіленген терінің салмағы жас теріден қашанда аз болады. Тері шикізатының стандарттарында әртүрлі тәсілмен консервіленген сиыр, жылқы терілерінің салмақ көрсеткіштерінің ара қатынасы көрсетілген (кесте 24).
24 кесте - Әртүрлі тәсілмен консервіленген сиыр, жылқы терілерінің салмақ көрсеткіштерінің ара қатынасы, пайызбен (ГОСТ 28425 бойынша)
Бірақта бұл көрсеткіштер консервілену дәрежесі мен кептіру мөлшеріне байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, ылғалды тұздалған теріні ұзақ уақыт сақтаған кезде терідегі ылғал біртіндеп буланып, соның нәтижесінде терінің салмағы азаюы мүмкін. Әсіресе беткі терілер мен штабельдің шет жақтарындағы терілер көбірек кебеді.Тұздап кептірілген, жай кептірген терілердің ылғалдылық мөлшеріне қоршаған ортаның температурасы мен ылғалдылығы әсер етеді. Жоғарыдағы салмақ қатынастарын пайдалана отырып консервіленген терінің салмағын әрқашан анықтауға болады. Мысалы, ірі қаралардың жас терісі 20 кг тартса, тұздықталғаннан кейін оның салмағы төмендегідей болады.
20 кг – 100% Х – 83% Х=(20•83)/100=16,6 кг.
Терідегі ауырлық заттар (ет, май, қан қалдықтары, сіңір, тұяқ, т.с.с) терінің жалпы салмағын ауырлатады. Сондықтан тері салмағын өлшегенде қалдық заттардың мөлшеріне қарай тиісті шегеру жасайды. Терінің қалыңдығы. Тері шикізатының қалыңдығы оның өндірістік мақсаты, бағыты мен пайдалану саласын айқындайтын негізгі қасиеттерінің бірі болып саналады. Терінің қалыңдығы жануардың түрі, тұқымы, жасы, жынысы, жануардың күтіміне, азықтандыруына, теріні консервілеу әдісіне және топографиялық бөлігіне байланысты әр қилы болып келеді. Әртүрлі шикізаттарының қалындығы 0,2-25 мм дейін болады.
25 кесте - Әртүрлі үй жануарлары терілерінің қалыңдығы
Сондай-ақ еркек малдың терісі ұрғашы малдыкінен қалыңырақ болып келеді және жасы ұлғайған сайын тері қалыңдай түседі. Терінің ең қалың тұсы жон бөлігі, ең жұқасы қарын, шап, қолтық. Ал бұқаның терісінің ең қалың жері мойын, желке тұсы. Малдың бағым, күтім жағдайы да тері қалыңдығына әсер етеді. Мысалы, мал жақсы семірген күз мезгілінде майдың құрамы көбейіп, тері қалыңдайды. Терінің қалыңдығына малдың тұқымы едәуір әсер етеді. Мысалы, ет бағытындағы мал терісі сүт бағытындағы мал терісінен едәуір қалың болады. Терінің қалыңдығы консервілеу тәсілі мен сақтау жағдайына байланысты өзгереді. Әсіресе тұздап және жай кептірген терінің қалыңдығы едәуір төмендейді. Терінің қалындығын өлшер алдында теріні жүн жабындысын жоғары қаратып қояды және тұз, ет кесінділерінен тазалайды. Қалындық өлшеушіні жүн талшығының өсетін бағытына қарсы жылжыту қажет. Шылғый тұздалған сиыр терісінің қалыңдығын анықтағанда стандарттық нүктені (Н) өлшейді. Н – нүктесі деп артқы екі қылтаның ойықтарын қосып тұрған сызықтан 250 мм жоғары, арқа сызығыннан оңға қарай 200 мм қашықтықта қиылысқан нүктені айтады (15 - сурет).
Сурет 13. Ірі қара терісінің қалыңдығын өлшеу нүктесі
Қалыңдықты әдетте Мейснер аспабымен 0,1мм дәлдігімен өлшейді.
Сурет 14 - Тері қалыңдығын өлшеуге арналған Мейснер аспабы
Қалыңдық өлшеуіш мықты металл табан (1), тұтқа (2), санауыш (3), екі алаңқай (4,5), пружина (6) және сүйменнен (7) тұрады. Астыңғы алаңқай (4) яғни төсеніш қозғалмайды, оның диаметрі 10 мм, үстіңгі алаңқай (5) сүйменнің көмегімен қозғалады, диаметрі 2 мм. Үстіңгі алаңқай пружинаның көмегімен түсетіндіктен өлшенген барлық теріге бірдей дәрежеде қысым түсіреді. Жоғары алаңқайдың тік бағыттағы қозғалысы тісті жалғастырғыш арқылы автоматты санауышқа (3) беріледі. Теріні жоғарғы және төменгі алаңқайлардың ортасына енгізеді. Ол үшін жоғарғы алаңқайды сүймен арқылы көтереді. Сосын сүйменді түсіргенде тері алаңқайлардың ортасына қысылады. Санауыштың бөліктерінде терінің қалыңдығы көрсеткіш арқылы 0,1 мм-ден 0,01 мм абсолюттік қателікпен көрсетіледі. Мейснер құралымен тері қалыңдығын өлшегенде ескеретін бір жай астыңғы алаңқай шел жағында, ал үстіңгі қозғалмалы алаңқай жүн жабыны жағында болуы керек. Өлшеу кезінде алаңқайларды жүннің өсу бағытына қарама қарсы жүргізу керек. Терінің шел беті ет, май, тұз қалдықтарынан тазартылған болуы керек. Тері шикізатын сұрыптағанда сұрыптаушы терінің қалыңдығын саусақпен сипалау арқылы анықтайды. Қажет болған жағдайда өлшеуіш құрал пайдаланады, жоғарыдағы өлшеуіш құралдың дәлдігі ± 0,1 мм. Жүндестік. Терінің жүн жабынының жағдайы, яғни жүннің ұзындығы, қоюлығы жануардың түрі, тұқымы, жасы, жылдың мезгілі мен климаттық жағдайға байланысты болады. Жүн жабынының салмағы мен тері салмағының аралық қатынасы тері өндірісінде дайын өнімнің (былғарылық) шығымдылық мөлшеріне тікелей әсер етеді. Бұл ара қатынас ең алдымен малдың сойылу мезгілі мен климаттық жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Жаз мезгілінде және ерте күзде сойылған сиыр терісінің жүн жабыны қысқа болатындықтан тері салмағының 6%-нан аспайды. Ал қыс кезінде көптеген мал, жануарлар терісінің жүн жабыны ұзарып, қоюланады. Сондықтан жүннің үлес салмағы тері салмағының 10-15% - на жетеді де таза терінің шығымы азаяды. Жүн жабынының даму деңгейі тері шығымына әсер етіп қана қоймай тері шикізатының нығыздығына белгілі мөлшерде ықпал етеді. Ең нығыз, жұмсақ теріні жаздың екінші жартысында және күзде түлеу аяқталған кезде алуға болады. Жүн жабынының біртектілік дәрежесі және талшық дорбашығы мен май бездерінің орналасу тереңдігі дерманың емізікті және торлы қабаттарының ара қатынасын анықтайды. Мысалы, биязы жүнді қой тұқымының жүн жабыны біркелкі, барлық талшық дорбашықтары бір деңгейде орналасқандықтан емізікті және торлы қабаттың ара байланысы нашар. Сол себепті өңдеу кезінде теріде екі қабаттың бір бірінен ажырауы, байланысы үзілуі сияқты ақаулар пайда болады. Әдетте тері шикізатын өткізу, қабылдау кезінде қойдан басқа мал терілерінің жүн жабынына көңіл аударылмайды. Қой терісінің өндірістік мақсатын анықтау көрсеткіштеріне жүн жабынының ұзындығы, жуан жіңішкелігі және нығыздығы (қоюлығы) жатады. Тері зауыттарында алынған қой жүні өте бағалы шикізат болғандықтан қой терісін қабылдау, өндіріске өткізу кезінде оны жүннің ұзындығына байланысты бағалайды. Яғни былғарылық қой терісін тақыр тері (жүннің ұзындығы 25мм-ге дейін), жартылай жүнді (25мм-60 мм) және жүндес (60 мм –ден жоғары) деп бөледі. Жүннің ұзындығын анықтағанда штапельді немесе жүн шоғын жазып, созбай милиметрлік сызғыш қойып өлшейді. Терінің әр түрлі топографиялық бөліктерінде жүннің ұзындығы әрқилы болатындықтан өлшеуді бүйірде яғни арқа сызығынан қарынға қарай 1/3, қарын шекарасынан арқаға қарай 2\3 бөлігінде жүргізіледі. Тығыздығы. Тығыздық тері шикізаты сапасының ең негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Терінің тығыздығы өңделген терінің (былғарылық) тығыздығы және серпімділік қасиетін анықтайды. Сондай ақ терінің беріктігі мен созылмалығы, су, ауа өткізгіштігі және басқа сапалық көрсеткіштері терінің тығыздығына тікелей байланысты. Тері тығыздығына дерманың құрылысы, әсіресе коллаген талшықтары шоғырларының өрілу сипаты, дермадағы май жиынтықтарының даму дәрежесі, дерманың талшық түбірлері мен тер бездерінің әсерінен ыдырап андыздауы, сирек емізікті қабат пен тығыз торлы қабаттың ара қатынасы қатарлы көрсеткіштер әсер етеді. Сонымен қатар терінің тығыздығы оның өндірістік мақсатын анықтауда маңызды көрсеткіші боп саналады. Терінің тығыздығын оның арқа жонын сипалау жолымен анықтайды. Нығыз тері серпінділік әсер береді, ал бос тері қамыр тәрізді босап ыдыраңқы сезіледі. Сондай ақ терінің тығыздығын анықтағанда терінің консервілену дәрежесін ескерген жөн. Себебі толық консервілен- беген тері бос, ыдыраңқы сезілуі мүмкін, ал тым құрғақ тері серпінді келеді. Беріктігі. Терінің жыртылу кезіндегі беріктігі оның сапа көрсеткішіне тікелей әсер етеді. Мысалы, аяқ киімге арналған терінің беріктігі нашар болса қалыпқа тартқан кезде оңай жыртылады. Сондай ақ қайыс берік болмаса айыл тұрманға жарамайды. Әртүрлі мал терілерінің жыртылуға беріктігі бірдей емес. Беріктік көбінесе терінің тығыздығы, қалыңдығы, автолиздік және шіру үдерістеріне байланысты болып келеді. Кейбір малдың терісі оңай жыртылғыш болатындықтан аяқ киім тігуге жарамсыз. Терінің жыртылуға беріктігін сынау жұмысы тек қана тәжірибелік мақсаттарда ғана арнайы машиналардың көмегімен жүргізіледі. Ол үшін терінің белгіленген бөлігінен белгілі мөлшерде кесінді қиып алып, стандартты ылғалдыққа жеткізгеннен кейін машинаның тиісті деталдарына екі жағынан бекітіп жырту (үзу) сынағын жасайды. Үзілу кезіндегі машинаға жүктелген жұмыс ньютонмен анықталып, сыналған терінің үзілу кезіндегі беріктігін көрсетеді. Терінің үзілу кезіндегі беріктігінің толық сипаттамасын үзілу кезіндегі жүк мөлшерінің, сынақ үлгісінің көлденең қимасына қатынасы арқылы анықталатын салыстырмалы беріктігі бере алады. Әдетте терінің физикалық механикалық көрсеткіштерін тері үлгілерін пайдалана отырып зертхана жағдайында анықтайды. Тапсырмалар: 1. Құрғақтай кептірілген 3,0 кг салмағы бар ірі қара терісінің ортасында құртқа желінген 100см2, тесіктер 40см2, шетінде терең тіліктер 12см, жидіген аумағы 30см2болса топ және сұрыпын анықтаңыз. 2. Ылғалды тұздалған 16,5кг салмағы бар ірі қара терісінің ортасында топ-тобымен орналасқан өспей қалған құйымдар 150см2, мүйізденіп кепкен 14см, сызаттар 25 см, шетінде 30см2 тесіктер болса топ және сұрыпын анықтаңыз. 3. Құрғақ тұздалған 6 кг салмағы бар жылқы терісінің ортасында сыңған 60 см2, шетінде жыртылған 32см, терең тіліктер 5 және 8 см, терінің өң бетінің зақымдануы 6 см2 болса топ және сұрыпын анықтаңыз. 4. Құрғақтай кептірілген 3,2 кг салмағы бар жылқы терісінің ортасында жидіген 240 см2, терең тіліктер 7см және 12см, шетінде жыртылған 25 см болса топ және сұрыпын анықтаңыз. 5. Ылғалды тұздалған 15,5 кг салмағы бар қысыр сиыр терісінің ортасында сызаттар 10см, 20см, 30см, тыртықтар 50 см2, 80 см2 болса топ және сұрыпын анықтаңыз. 6 Стандарт бойынша (ГОСТ 28425) тері шикізатын сараптау үшін былғарылық терілерді 4 топқа бөліп қарастырып, талаптарын кестеге толтырып жазыңыз.
Бақылау сұрақтары:
1 Тері шикізатының аумағын өлшеу әдістерін айтыңыз. 2 Консервілеу тәсілдеріне байланысты тері салмағының өзгеруі және оны есептеу әдісі туралы айтыңыз. 3 Терінің қалыңдығына әсер ететін факторлар, қалыңдықты өлшеу әдістері? 4 Терінің жүн жабынының ерекшеліктері (ұзындығы, қоюлығы, біркелкілігі т.б.) туралы айтыңыз. 6 Терінің тығыздығы мен беріктік қасиеттерінің маңыздылығы және оны өлшеу әдістері туралы айтыңыз. 7 Сиыр терісінің тауарлық сипаттамасын айтыңыз. 8 Жылқы терісінің тауарлық ерекшеліктері қандай? 9 Қылшық жүнді қой терісінің тауарлық сипаттамасын айтыңыз. 10 Биязы жүнді қой терісінің тауарлық сипаттамасын айтыңыз. 11 Ешкі терісінің тауарлық ерекшеліктері қандай? 12 Шошқа терісінің ерекшеліктеріне тоқталып, сипаттама беріңіз. 13 Тау ешкілері мен тау қойы терісінің тауарлық қасиеттеріне сипаттама беріңіз.
Әдебиеттер: Қ.С.Сәбденов., Т.К. Бексейітов және т.б. Қой шаруашылығы. Алматы, 2011. К.Е.Елемесов., М.Д.Закиров т.б. Қаракөл елтірісі, аң терісі және тондық қой терісі шикізаттарының тауартануы. 1-2 кітап. Алматы, 1993. С.Қ.Шауенов, Ж.Құржықаев, С.Нарбаев. Тері, мех, бағалы аң шикізатының технологиясы мен тауартануы (практикум). Астана, 2008. А.Н.Беседин, С.А.Каспарьянц, Товароведение и экспертиза меховых товаров. Москва, 2007. З. Сайт, Ж.Сейітқажы. Мал және аң терілері шикізатының тауартануы. Астана, 2014.
|
|||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||
|