|
|||
I.ТАРАУ ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ОТАНДЫҚ ТӘЖІРИБЕГЕ СҮЙЕНЕ ОТЫРЫП, 12 ЖЫЛДЫҚ ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРУГЕ КӨШУДІҢ НЕГІЗДЕМЕСІI.ТАРАУ ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ОТАНДЫҚ ТӘЖІРИБЕГЕ СҮЙЕНЕ ОТЫРЫП, 12 ЖЫЛДЫҚ ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРУГЕ КӨШУДІҢ НЕГІЗДЕМЕСІ Қазақстан Республикасындағы 12 жылдық орта жалпы білім беру Тұжырымдамасы – жалпы орта білім беру жүйесінің мақсаты, міндеттері, ұйымдастыру ұстанымдары мен бағыттарын бейнеленетін негізгі құжат болып табылады. Бұл Тұжырымдама Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының; «Қазақстан Республикасын 2010 жылға дейін дамытудың стратегиялық жоспарына»; «Қазақстан Республикасында білім беруді 2010 жылға дейін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына; Қазақстан Республикасының Президенті Н..Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты жолдауына, Болоньдегі Еуропа елдері білім министрлері кеңесіне, ЮНЕСКО-ның үздіксіз білім беру туралы ұсыныстарына сәйкес әзірленді. Жоғары динамикалы, жаһандану дәуірінде өмір сүру үрдісін, ойлау мен қарым-қатынасты түбегейлі өзгертетін байланыс құралының қарқынды дамуы, сондай-ақ адамның интеллектісіне, әл-ауқаттылығына, оның икемділігіне, жасампаздық іс-әрекетіне қол жеткізетін тәсілдер қоғамның негізгі капиталы бола бастады. Қазақстан қоғамындағы мұндай жағдайда өзекті мәселелердің бірі - өзгермелі әлеуметтік және экономикалық жағдайда өмір сүруге дайын ғана емес, айналасындағы шынайы өмірге белсенді қатынасын байқатып, оны жақсартуға ықпал ете алатын, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Осыған байланысты жеке тұлғаға қойылатын мынадай талаптар алдыңғы орынға шығады: креативтілік, белсенділік, төзімділік, әлеуметтік жауапкершілік, ой-өрісінің кеңдігі, жоғары кәсіби деңгейлі сауаттылық, танымдық әрекетке қызығушылығының басымдығы. Қазақстандық жалпы орта білім мазмұны оқушының өмірдегі құзіреттілігі үшін жеткіліксіз болып отырған әрбір оқу пәні бойынша білімі, білігі және дағдысын алу тәртібімен ғана сипатталады. Білім мазмұнының артық ақпараттығы оқушының оқуға ынтасының төмендеуіне және денсаулығының нашарлауына әкеп соғады. Мектеп бітірушінің әлеуметтік және қоғамдық өмірден тұрақты өзгерістерді ескере отырып, қоғам өміріне еркін енуіне дайындығын қамтамасыз ететін жалпы орта білімді дамытудың қарқынын арттыру қажеттілігін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Оқушыны тұлғалық дамыту міндеттерін іске асырудағы, оның психикалық және физиологиялық денсаулығын сақтаудағы, әлеуметтендірудегі мектеп білімінің рөлін күшейтудің маңызы зор. Егемен елімізде табандылықпен жүзеге асырылып жатқан ілгерілеу саясаты қоғам өмірінің барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізуде. Күн тәртібінде қойылып отырған күрделі мәселелердің ішінде жас ұрпаққа білім беруді әлеуметтік деңгейге жеткізу үлкен орын алады. Қоғамдағы түрлі бағыттағы өзгерістерге сәйкес білім берудің қызметіне жаңаша қарау, әлемдік жинақталған тәжірибеге және қол жеткен табыстарға сын көзбен қарап бағалау, ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып оқыту мен тәрбиелеудің жаңа тиімді жолдарын табу – 12 жылдық білім беру мәселесі. Бүгінде осы бағыттағы білім беру ең негізгі міндеттердің бірі болып саналады. Еуропа Кеңесінің Декларациясына (1992) сәйкес дүниежүзілік практикада 12 жылдық жалпы орта білім берудің басым екені, оны әлемнің 216 елі мойындайтыны белгілі болды. Қазақстан Лиссабон конвенциясына қол қойып, оны бекіткеннен кейін Еуропалық білім кеңістігіне ықпалдасудың құқықтық негізін қалады. Бұл жалпы орта білім беру деңгейінде мектептерде 12 жылдық оқытуға көшуді көздейді. [7] 12 жылдық оқытуға көшу Қазақстандық білім беру реформасының стратегиялық міндеттерін ойдағыдай шешуге мүмкіндік береді. Ал оның мәнісі шығармашылық тұлғаны қалыптастыруға бағытталған жаңа ұлттық моделді дамытуға, «жалпыға арналған білім» үлгісінен «таңдауы бойынша білім алу» үлгісіне сапалы көшуді және әлемдік білім беру кеңістігіне енуді жылдамдататын тетіктердің бірі осы жаңа бағдарлама бойынша мектеп жағдайында оқыту болып отыр. Білім беру жүйесінденгі өзгерістерге негізделген әлемдік дамудың негізгі үрдістері мыналар болып табылады: - қоғам дамуының қиындылығы; - постиндустриалдық, ақпараттық қоғамға көшу, мәдениаралық өзара қатынас ауқымының кеңеюі; - халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде шешілуі мүмкін ғаламдық проблемалардың туындауы және өсуі; - қоғамның демократиялануы; - экономиканың қарқынды дамуы, бәсекелестіктің өсуі; - адам капиталы мәнінің артуы. Осыған сәйкес дамыған елдердің білім беру жүйесінде төмендегідей тенденциялар байқалып отыр: - білім беру философиясы мен әдіснамасының жаңаруы, білім беру мазмұнын құру әдістерінің өзгеруі, білім беру мазмұнындағы жетілдірілген модельдердің жасалуы, білім беруді басқарудың тиімді тәсілдерін іздестіру, жаңа білім технологияларының енгізілуі және т.б; - оқытудың дәстүрлі өнімсіз стилін ығыстырып, оқушылардың танымдық белсенділігі мен өзіндік ойлауын қамтамасыз ететін жаңа дамытушы, сындарлы білім беру моделіне көшуі, терең және белсенді кәсіби бағдар берудің ерте жастан басталуы; - оқушы жастарға азаматтық - патриоттық, рухани - адамгершілік, көпмәдениеттілік, денсаулық сақтау және экологиялық тәрбие беру ролінің күшейтілуі; - білім ұйымдарының оқушыны әлеуметтендірудегі рөлінің артуы болып табылады.
1.1. 12 жылдық жалпы орта білім берудің басты мақсаты мен күтілетін нәтижелері Қазақстандағы білім беру жүйесіне түбегейлі реформалар жасауға себеп болған да осы жаңа білім беру бағдарламасына көшу идеясы еді. Бұған бір дәлел Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2015 жылға дейінгі Тұжырымдамасының өмірге келуі. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым қызметкерлерінің 3 съезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Бүгінде 12 жылдық мектеп моделі анықталды, алайда оған көшу білім сапасының артуын өздігінен қамтамасыз етпейді, білім берудің мазмұнын қайта қарау талап етіледі және мұны бүгіннің өзінде жасау қажет» деп атап көрсетті. Мұның өзі білім беру жүйесінің алдында үлкен міндеттер тұрғандығын білдіреді. 12 жылдық білім берудің методологиялық негіздеріне орай, мектепте білім берудің мазмұндық жағын жаңартудың аса маңызды бағыттары мыналар болып табылады: - мектепте білім берудің мазмұнын қазіргі қоғам қызметінің серпінді құрылымымен сәйкес келтіру; - оқушылардың өз бетінше білім алуға және оны практикада қолдануға, оқытудың әр түрлі саласында өз мүмкіндіктерін тануға және жақсы қасиеттерін ашуға тәрбиелеу; - әрбір жас кезеңіндегі негізгі психикалық жаңа құрылымдарды қалыптастыру төңірегіндегі оқу үрдісін жолға қою; - оқушыларды танымның ғылыми тәсілдеріне мақсатты және жүйелі түрде тарту, негізгі мотивациялық үрдістерді айқындайтын оқу ахуалдарын кеңінен қолдану. Қазіргі мектептің білім мазмұнын ізгілендіру мен даралауға айқын бет бұру мынадай міндеттерді жүктейді: - оқушының жеке тұлға ретінде және іс-әрекет субъектісі ретінде мақсатты, тұрақты және дәйекті дамуына жағдай жасау; - оқушылардың белгілі бір білімді таңдауы мен меңгеруін, олардың оқу үрдісі кезінде таңдау мүмкіндіктері мен құқықтарын қамтамасыз ету; - оқу-тәрбие үрдісінде ынтымақтастық педагогикасының ізгі қатынастарын орнықтыру; - білім мазмұнын барынша ізгілендіруді қамтамасыз ету; - психологиялық білім берудің бастапқы негіздерін қалыптастыру; - білім мазмұнының инварианттық және вариативтік компоненттерінің арасындағы гуманитарлық және жаратылыстану-ғылыми білімдердің диалектикалық бірлігін қамтамасыз ету; - оқушылардың оқу жүктемесін тұрақтандыру. Адамның жан-жақты дамуы білім берудің ғаламдық мақсаты болып табылады. Педагогикада білім берудің мақсатын, оның мазмұны мен құрылымын анықтауға қазірігі заманғы адам тұжырымдамасының тұрғысынан келу көзқарасы берік қалыптасып отыр. Жүргізілген зерттеулер тұлғаның қалыптасу моделінің компоненттерінің мынадай үш тобын қамтитынын көрсетеді: психиканың функционалдық тетіктері, тұлғаның тәжірибесі, тұлғаның жинақталған типологиялық қасиеттері. Компоненттердің осы топтары адам қызметінің жалпы құрылымының және зерттеу объектілерінің құрылымымен бірге 12 жылдық мектептің жалпы білім беру стандарттары мен базалық оқу пәндерін жасаудың теориялық негізі болып отыр. 12 жылдық мектепке көшу жағдайында оның құрылымы оқытудың мақсаты мен міндеттерінің арасындағы байланысты, әрбір жас сатыларында оқушыларды тәрбиелеу мен дамытуды олардың психологиялық, физиологиялық және жас ерекшеліктерне қарай қамтамасыз етуге тиіс. Тұжырымдаманың мақсаты -12 жылдық мектеп жайында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беру жүйесін жаңарту жолдары мен дамыту стратегиясын айқындау. Тұжырымдаманың міндеттері: v 12 жылдық мектептегі білім беру мақсатын, міндеттерін, құрылымын, мазмұнын және оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың ерекшеліктерін атап көрсету; v 12 жылдық білім беруге көшудің қаржылық-экономикалық негіздемесін дайындау; v Осы Тұжырымдаманың күтілетін нәтижелерін анықтау. Тұжырымдама төмендегі бөлімдерден тұрады: 1. Әлемдік үрдістер мен отандық тәжірибелерге сүйене отырып, 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшудің негіздемесі. 2. 12 жылдық жалпы орта білім берудің мақсаты мен күтілетін нәтижелері. 3. Жалпы орта білім беру құрылымы. 4. Білім беру мазмұнын жаңартудың негізгі бағыттары. 5. Білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері. 6. Педагогикалық кадрлар. 7. Білім берудің күтілетін нәтижелерін бағалау жүйесі. 8. Жалпы орта білім беру жүйесін басқару. 9. 12 жылдық жалпы білім беру тұжырымдамасын іске асыру жағдайлары. Қазақстандық жалпы орта білім беретін мектеп соңғы жылдары өзінің келбетін өзгертті. Білім беруді жаңарту жүйесін қолдайтын нақты қадамдар жасалды. Олардың ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарының әзірлену және енгізілуі, кредиттік технология негізіндегі үш сатылы жоғары білім моделінің енгізілуі, вариативті білім берудің енгізілуі, білім сапасын бағалау критерийлерін әзірлеу жөнінде жұмыстар басталды. [1] Бірақ қол жеткен жетістіктер адам капиталының дамуы мен орнықты экономикалық өсуді толық қамтамасыз ете алмайды. Қазақстанның білім беру жүйесінің даму деңгейіне кері ықпал ететін мынадай факторлар қалып отыр: 1. Білім мазмұнының оқушының оқуға қызығушылығын төмендететін және денсаулығына кері ықпал ететін ақпараттық сипатының басымдығы. 2. Орта білім беру жүйесінде диагностикалық мақсаттың болмауы. 3. Білім берудің жеке тұлғаның дамуына емес, формальды нәтижелерге бағдарлануы. 4. Оқу жетістіктерін бағалауда оқушыны қызықтырмайтын, шынайылықты қамтамасыз етпейтін және қиындық тудыратын жағдайға душар ететін ескірген жүйенің сақталуы. 5. Жасөспірімдердің тұлғалық, азаматтық және адамгершілік қасиеттерінің жеткілікті дамымауы, өзін-өзі кәсіби анықтау мотивтерінің болмауы, өзіндік қызығушылығы мен өмірлік жоспарын сезіну деңгейінің төмендігі.
|
|||
|