Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





САЙТАН КӨПІР 17 страница



Шал кебеженің қақпағын аңырайта ашып, ішінен құн- дыздың, бұлғынның, суырдың, тиінның, қасқыр мен аюдың терісін сілкіп-сілкіп шығара бастады. Осыншалық байлықты бұрынды-соңды көрмеген жігіттер кебеже ақтарып отырған Қоңқайдың қасына қалай барып қалғаңдарын өздері де сезбеп еді. Елдің алды болып, еңбектеп келген Бақытжан: – міне байлық,– деді басын шайқап. аманжан ысқырып жіберді.

– міне осылар барда, – деді шал қолыңдағы бұлғынның түгі жылт-жылт еткен терісін сипап. – Көктен Құдай, жерден шұнай алмайды. Білгілерің келсе аудан, облыстардағы мұқым қаратаяқтың басындағы бөрік, әйелдерінің жағасы – мен атқан аңның терісі. ал тері-терсектің барған сайын алтынға айналып бара жатқаны белгілі.

– Түсінік-те-е-ее, – деді аманжан ысқырып. – Пара деші, п-а-а-ра!

– Иә, пара, шырағым. – Шал терілерді орнына қайта жайғастыра бастады. – Бергенді, алғанды кім жек көрсін. Егер осы үшеуіңді өлтіріп тастасам да, осы терілердің күшімен сотталмай құтылып кетеріме кәміл сенемін.

Бақытжан: – Ты – мне, я – тебе дейсіз ғой.


Шал: – XIX ғасырдың орта кезінде Көкшетау дуанының аға сұлтаны болған Зілқараның Әлібек есімді баласы қылмысты болып, абақтыға түссе, атасы Тұрлыбек Петерборға барады да,

«ақ патшаға» жолығып, сұлулығы сүліктей меңсіз қара қырық сәйгүлікті параға өткізіп, інісін итжеккенге айдатудан аман алып қалған екен...

Нұржан: – Кісі өлтірген адамды пара алып, айыбын кешір- ген патшаның өзі соучастник болып қалды ғой қылмыстыға.

Шал: – Ондай соучастниктерді есептей берсек, есеп- шоттың тасы жетпейді, шырағым.

Бақытжан: – Сонда қалай, бізден алғаныңыз да пара ма?

Шал: – Баламысың деген, менің алғаным жамбас ақы. Ол пұлды өкіметтің қонақ үйіне де төлемейсіңдер ме... Егер осы Кіші Қоңқай асуында, жалғыз үй мен отырмасам, баяғыда үсіп өлмес пе едіңдер. Өрімталдай өмірлерің үшін берген пима мен сағатты бұлдасаңдар, мә, өздерің алыңдар. Қайтер екен деп, әдейі сынап едім, тым-тым дүниеқоңыз екенсіңдер.– Орнынан атып тұрды да, пима мен сағатты жігіттердің өзіне лақтырып жіберді. Содан соң «мені де сағынатын күн туар»– деп күбірлеп, нарға қисайды.

– Қайтқан малға – береке, – деп, аманжан сағатын құлағына тосып тыңдап көрді де, қолына тағып алды. Нұржан әрі-сәрі ойда еді. Шалдың мінез-құлқына түсінбей дал!

– ата, – деді жуас үнмен. – Егер шын қызықсаңыз, алыңыз пиманы. мен сіздің ескіңізді киейін... Тек менікі емес еді деген сөз ғой... алыңыз...

– рақмет, – деді шал төсегін қамдап. – Бұл үйде көрпе-жастық жоқ. Төр алдына жантая кетіңдер. Үй жылы ғой. – Бағанағыдай емес, даусы жұмсақ, қамқорлық байқалған соң жігіттер де мойындарынан мың батпан жүк түскендей жеңілейіп қалған. май шам өлімсірей жанып тұр. Әсіресе Бақытжанның қабағы енді ғана ашылып еді.

– адамзаттың бүкіл тірлігіне қайранмын,– деді төр алдына еңбектеп жетіп. Жіңішке ағаш орындық белін әбден талдырып тастаса керек, бірден құлай жығылды да, екі қолын басына жастап, төбеге телмірген күйі әңгімесін жалғастырды.– Әлденеге асығады, әкри, басын қатырып әлденені іздеп келіп жүргені... Сонда деймін-ау, қайда асығамыз, қайда бара жатырмыз? Неменені тіміскілеп итше іздейміз?

Нұржан: – Жұрттың бәрі сен секілді ұйқылы-ояу өтуі керек пе екен өмірден.


Бақытжан: – Әй, қойшы, аяқ астынан абыз бола қалмай,

– деп қолын бір-ақ сілтеді. Басын көтеріп, малдас құра отырды.

– Бозамық дүние, ақ қар, көк мұздың бетімен бос, қаңсыған, итаяқ болып қалған ағаш шананы сүйреп тентірегенге мәз боламысың. Бос шана сүйрету үшін ешқандай ақылдың, философияның қажеті жоқ.

Аманжан: – мына маубастың тілі шығайын деді. – Өзі шо- лақ тонын жамылып Бақытжанның жанына жайғаса бастаған.

Бақытжан: – Жоқ, енді, менің миым жетпеді делік... Өздерің айтыңдаршы, – деп қызыңды. – Қайда барамыз, осы? ау, ағайын, қайда қаңғып барамыз, әкри?

Нұржан: – Шөп әкелуге...

Бақытжан: – ал әкелдік... тоист апардық аман-есен делік.

Содан соң?..

Аманжан: – Содан соң тағы да шөпке... Қысқасы, совхоз қайда жұмсаса – сонда...

Бақытжан: – Ә, солай ма... Өзің де білмейсің қайда барарыңды, өзгелер біледі. Қалай айдаса – солай жосимыз. Қалай жетелесе – солай ереміз соқыр ботадайын... адамнын басы – алланың добы деуші еді бұрынғылар, енді Упрайдың добы болдық.

Аманжан: – Ей, ләуқи, сен осы үйде қалсаң, қайтеді, пікірлерің бір қазанда қайнай алады екен, ә. – мысқылдағаны. Бірақ одан Бақытжан қыңған да жоқ.

Бақытжан: – Сендердің қалғыларың келмей отырғаны. Әттең, қарындарынды шермитіп бір тойғызса; сүйресе де шықпас едіңдер бұл үйден. ақсақал, – деді төсегіне тас бүркеніп жатып қалған шалды мазалап. – айтыңызшы, біз осында мүлдем қалып, паштый балаңыз болсақ, қалай қарар едіңіз?

Шал: – алла сақтасын. Осыдан үш жыл бұрын қасқырдың үш бөлтірігін асыраймын деп, жалғыз сиырымды жарып кеткен.

Бақытжан: – Бөлтірік жарып кетсе, біз жеп кетер едік. ақсақал, айтыңызшы, жетпіс жасаған сіз, осыншалық мол қуат, тепсе темір үзер қайратты қайдан алдыңыз?

– Шал: – Табиғаттан...

Бақытжан: – ал біз турникке асыламыз келіп, тыртыңдап жүгіреміз келіп, гимнастика жасаймыз. ақыр аяғы міне төрінен көрі жуық сізден таяқ жейміз.


Шал күлді. Күлді де айтты: – марал корень, золотой корень, жень-шень, бұғының еті мен мүйізінің қаны, аюдың еті – таза ауа, бастығы жоқ өмір – міне осылар менің гимнастикаларым.

– Ей, шал, – деп керілді аманжан. – Сол кормыңнан бізді де кормиттасаң қайтеді. Сағатымды сыйлайын.

Бақытжан білгішсінді: – Корым емес, ақымақ, – к-о-р-е- нь... қазақшасы тамыр. ал сен жем жегің келеді.

Аманжан: – Какая разница. Жейтін нәрсенің төркіні – бір.

Бақытжан: – Ендеше, бүгіннен бастап шөп же.

Аманжан: – Совхоздың малына жетпейді, әйтпесе жер едім.

– адамдар мінезіне мен де қайранмын, шырақ. Солардан, ұлардай шулаған адамдардан қанша жан ұшыра қашсаң, да, қыр соңына түсіп тауып алады. Тып-тыныш оңаша өмірінің айдынына тас лақтырады. мен – өзіммін, басқа емеспін, ендеше, өзімше өмір сүріп, өз мекенімді, яғни өз мемлекетімді құрғым келеді. мынау қараша үй – менің кішкентай ғана, қарлығаштың ұясындай мемлекетім, қара басымның жалғыз еркіндігі. Бұл – Кіші Қоңқай мемлекеті, түсіндіңдер ме! – Шал шаптыға айғайлап, басын қақшаң еткізіп көтеріп алды. Қысық көзінің шарасы үлкейіп, біреу қолқасын суыра бастағандай ақиып кеткен. Қорқынышты, аса қорқынышты түрі бұзылып, бақсылығы қозғандай сақылдады-ай. Бірақ әр ойын, сөзін шегелеп, зердеңе ұрғылап әкеліп қондырғандай түсінікті жет- кізді. – Сол қарлығаштың ұясындай мекенімнің қауіпсіздігін көзімнің қарашығындай күзетіп, суверенитетін сақтау үшін елу жыл алысқанмен – алыстым, атысқанмен – атыстым. Бұл

– менің жанымның (кеудесін ұрды), рухымның, жүрегімнің, тіпті бүкіл бостандығымның Отаны. ал сол титімдей мемлекет, от жаққан отанымның, шекара – табалдырығын бұзғандарды қасық қаным қалғанша аямаймын, майдандасамын. ал был- шылдамай ұйықтаңдар. Таңертең айыртаудан асатын төте жолды нұсқап жіберемін.– Тас бүркеніп жатып қалды. Жатып қалса да қол-аяғы дірілдеп, күбірлеп сөйлейді: «мені де сағынатын күн туар... Қоңқайлар ұрпағы өлмек емес, мәңгі жасайды. Өйткені Қоңқайлар адамзаттың өздері үшін керек...» Шал тақыр басын бөстектің шетінен қылтитты: – темір пешке оттық салып май шамды сөндіріңдер, – деп бұйырды да, қайтадан жоқ болды. Бүркеніп, бір уыс болып ұйқтайтын кісі

екен.


ана екеуі – аманжан мен Бақытжан жатып қалды да, Нұржан далаға шықты. Үркер төбеден ауып кеткен екен. аспан ашық. Түн суық. ақ сүттенген ай аспаннан мөлие қарап, жерге секіріп түскісі келетіндей. алғашында «иш-ай» деп қалған Нұржан үйдің іргесінде қалқайып тұрған трактордың жанына барғысы келді де, қар омбылаудан қорынды. Жым-жырт. Дүниенің барлығы үсіп өліп, жарықтық ай құран оқыған ақ сәлделі молда, ал сонау жұлдыздар жаназаға жиналған мұсылмандар іспетті еді. ауылда басқаша болатын: сиыры мөңіреп, әтеші шақырып, иті ұлып – өзінше ұлар-шу болып жататын. Ішсе де мас, ішпесе де мас Хамиттың жаман гармошкасын құлаштай тартып, ауылды басына көтере шырқар айғай әні – мынау жер бетінде адам атты – екі аяқты, жұмыр басты ақыл иесі барын еске салғандай, жанына жақын естілуші еді. ал қаладағы ызың-шу, қым-қуыт өмір өз алдына... мұнда ше? мұнда

– кісіні ес-ақылдан айырып, керең ғылып тастар тыныштық. Дүние жүзіндегі ең таза, ең тыныш жер – осы айыртау сын- ды. Осындай құлақкесті тыныштықтан, елсіздіктен құсаланбай жалғыздан жалғыз жарты ғасыр, тіпті одан да көп уақыт ғұмыр кешкен Қоңқай шалдың ұрлық тірлігіне қайран қалуға болушы еді. Шекспирді, Толстой мен Хэмингуэйді білмей жетпіс жыл өмір сүру деген не сұмдық?.. Данышпандық деген ұғымның шартты екенін осы Қоңқай шал сайқымазақтау үшін жер басып жүрген секілді. Иә, адам баласы барған сайын, төрт құбыласы теңелген сайын ескі өмірді, баяғы арбамен қоян қуған заманын сағынар. Бәлкім, табиғатқа қайтадан жақындау дегеніміз осы шығар... Осы шығар...

Есік ашылып, сыртқа қақырынып-түкірініп шал шықты. Нұржан далада көбірек айналып қалған соң, жасаған сақтығы болар.

– Неғып айға қарап телміріп тұрсың? – деді.

– Жәй, өзім, ақсақал. Ұйқтар алдында өстіп, таза ауа жұтып, бой сергітетінім бар.

– Жөн-жөн, бар, ұйқта, – деді де үйге жапсарлас салынған қораның ішіне кіріп кетті. Нұржан әрі-бері тосып еді, шықпады. Әуестік жеңіп, білдірмей есігінен сығалады, бәрібір ештеңе көре алмады. Қараңғыға көзі үйренгенде ғана барып, сонау төменнен – жер астынан жарық сәулеленгенін байқады. Сөйтсе, қораның ішінен қазылған жертөле бар ексн. Шешінген судан тайынбас дегендей, тәуекел деп жақындай түсті. Жертөленің


қақпағы ашылып, төмен түсер саты бар екен. май шам онда да жанып тұр. Қоңқай шалдың көлеңкесі абажадай болып көрінеді. Өзі самогон ба, сыра ма, әйтеуір, сарғыштау сусынды, дәу ағаш шелектің шүмегінен ағызып алып, сіміріп отыр. Байлықтың көкесін Нұржан, осы жер астындағы үйден көрді. адамның жанынан өзгенің бәрі бар сықылданды көзіне. Тіпті шындап іздесе, адамның жаны да табылар ма деп қалды. Сонда оның есіне баяғыдағы бір ауылда естіген әңгіме оралып еді. Өзі құралпы Орынбай деген жас жігіт, бөлімшеде есепші болып істейтін. Осы өткен жазда өздері келе жатқан айыртаудың арғы бетінен пішен дайындаған. Сонда әңгімеден әңгіме шығып, Орынбай бір сырдың шетін қылтитқан. айыртаудың асуында бір жұмбақ шал бар екен. Өзі талай кісінің, атуға болмайтын аңның обалына қалған жауыз көрінеді. Керек десең паспорты да жоқ. Бірақ ешкімнен қорықпайды. Қорықпайтын себебі, оны бүкіл аудан, облыс басшылары жақсы біледі-мыс. Білетін себебі, әлгі шал оларды аңның терісі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді екен. Бір үлкен қызметтегі кісі аты жаман аурудан өлгелі жатқаңда, вертолетпен ұшып келіп, әлгі шалдың үйінде ай жатып емделіпті... Жазылыпты. Егер шын ниет қылса, өлген адамды тірілтіп алатын көрінеді. Әуелі... шамасы тайып, қуатынан айрылған дөкейлер ептеп әлгіден... қоздыратын бір пәле бар екен ғой, содан да алып тұрады дейді... Әрине, содан соң ол шал құдайдың өзін тыңдамайды. Бірақ өзі керемет қатыгез, қанішер көрінеді...

– «Бұл сол шал болды» – деп ойлаған Нұржан шегіне берем дегенде, жер үйдің ішіне жылқының тоң боп домаланған қиын құлатып алды. Шал селк етіп, жоғары қарады да, май шамды үрлеп сөндіре салды. Бірақ «бұл кім?» – деп дауыстамады. Кім екені бесенеден белгілі...

Осы күні түнде Нұржан да, Нұржанды аңдыған шал да көз ілген жоқ. Бірімен-бірі іштей арбасып, іштей атысып жатыр еді.

Шал ойлады: – «Үш жігіттің ішіндегі ең қауіптісі – Нұржан. Қалған екеуі, көзінің алдындағыны ғана көретін дарақылау, ойлары таяз. Не істеу керек? айыртаудан асатын төте жол бар деп, жөн сілтеп жіберсем ғой, үшеуі де құриды. ал айналма жолға түсірсем аман-есен жетеді. аман-есен жеткен соң, менің бүкіл сырымды, байлығымды мұқым елге жаяды. Жайғанына қорықпаспын, ұрлыққа түсуі мүмкін ғой. Не істеу керек?»


Жігіттер шаршап келіп қатты ұйқтап қалған еді, таңертең жұлқылап жүріп Қоңқайдың өзі оятты. Нұржан да әбден таң сыз бергенде көз іліндірген-ді. Орындарынан атып-атып тұрған трактористер, беті-қолын жумастан далаға шықты. аппақ шағырмақ қардың ортасында меңдей болып қарайып ДТ-54 тұр, қасқыр жемепті. моторды қыздырып, жанармайды жылыту үшін шалдан отын сұрап еді, қарсылық білдірген жоқ. Темір пештің үстіне бір шелек су құйып қойып, оны да ысытып радиаторына құйды. Көп әуреленген жоқ, тракторды әп-сәтте от алдырып, енді аттанамыз деп жатқанда, Нұржан шалдан ендігі бағыттың ыңғайын сұрады.

– алдарыңда екі жол бар, – деді шал қабырғасын тырт-тырт қасып.– Біреуі алыс та болса – жақын. Екіншісі жақын – жақын да болса – алыс. Егер айыртауды айналып жүрсеңдер өте ұзақ жүресіңдер... ал мынау бір – Үлкен Қоңқай асуы арқылы жүрсеңдер, екі-үш сағатта іздеген шөптің үстінен түсесіңдер. Шөпті аман-есен тиеп алып, қайтарда айыртауды айналып желе-жортып ауылдарыңа барасыңдар. Сондықтан менің ақылым – үлкен Қоңқай арқылы асудан өту. Тракторларың мықты, дендерің сау, сайдың тасыңдай жас жігіттерсіңдер, қиындық деген не тәйірі.

– Олай болса, сіздің сөзіңізге сендік, ақсақал, – деді Нұржан трактордың жылан бауыр табанына шыға беріп.

– Енді, өздерің біліңдер... шырақтарым. Пайғамбар жасынан асқанда, ақыл айтып, жол көрсеткеннен өзге не қалды дейсің...

– Қуатыңыздың қаншалықты екенін түнде көрдік қой, – деді Бақытжан.

– Құр ауыз аттандырдың, шал, – деді аманжан. – Бәрібір түбі сенің үйіңнен шай ішпей қоймаймын. Қайтарда соға алмасам да, келесі жазда, әдейі іздеп келермін...

– мылтық көздеуді үйрене кел, – деді шал мысқылдап. – Жекпе-жек шыққандай болсақ, өкініп жүрме.

– Оған дейін өзің де алжып өлерсің. – Шалдың көзі бағжаң ете қалды.

– Қайсымыздың бұрын өлерімізді бір тәңір білер, – деп көкке қарады.

– ал, хош болыңыз, – деді Нұржан тракторды жылдамдыққа салып.

– Сау болыңыз, – деді Бақытжан ыржиып. Осы үйден аман аттанғанына шексіз қуанышта еді. аманжан қоштасқан жоқ. Сұп-сұр болып Нұржанның жанына отыра кетті.


аппақ қардың арасына сіңіп, бергі белестен асып, көзден ғайып болғанша Қоңқай тұрған орнынан тапжылмай, соңдары- нан қарады-ай. Әбден ғайып болғанда ғана: – «Топырақтарың торқа болсын», – деп бетін сипады да, қораның ішінен қазып, бетін сабанмен бүркеген жертөлесінің кеспелдектей құлыбын сылдырлатып аша бастады. Ендігі сәтте елу жыл тірнектеп жинаған қазынасы тығылған жердің астына түсті де кетті...

Өлерін сезсе, осы жеті қат жердің астындағы қоймасына келіп, баяғыда әзірлеп қойған мұз астауға жатпақ. Дұрыстап жатып алған соң, қол жетер жердегі тиекті төмен қарай басып қалады. Сол шақта мұның үстіне әдейі үйіп, іліндіріп қойған топырақ құлайды. Жер ойылып түскен соң, қораны да жауып қалады қымтап. ал содан кейін Қоңқай мен байлықты тауып көрсін... Ешбір адам таба алмайды. Тек мың жылдан соң... мың жылдан соң...

Әзірше өлім тиегін баспайды, сыра ашытылған ағаш күбінің тығынын ғана ашады. Әбден ашуы жеткен сырадан сыңғытып ұзақ ішті...

Ішкері жаққа Нұржанның осыменен екінші рет келуі. Жаз- дай жаңбыр жаумай, құрғақшылық болып «алтай» совхозы- ның бүкіл шабындығы ақтаңлағы шығып, күйіп кеткен соң сы- пыра тау арасы, топырағы құнарлы әрі қыстың күні қар қалың түседі, сөйтіп, ылғалы мол сақталатын Хатынь өзені жағынан шөп шапқан. Қазақстанның бір пұшпағында түтін түтеткен бұл совхоздың жері алтай тауларымен жарыса, жағаласа барып, сонау Таулы алтай өлкесінің аймағымен шектелетін. россия мен Қазақстанды атақты шың мұзтаудан бастау алатын ағыны қатты Хатынь өзені бөліп жатар еді. Бұл жақ басқа ауданның жері, бір түкпірінде, тым шалғайда болғандықтан, «Ішкері жақ» деп атап кеткен. Құрғақшылык не істетпейді адамдарға. айдап осы Хатынь жағалауына алып келген. ауылдан шыққан атты адам екі-үш қонып әрең жетер осыншалық алыста жатқан тегін жердің шабындығына дәніккеніне екінші жыл. Жаз шыға тауды шыр айналып, машина жолымен келетін, ай бойы пішен дайындап, маялап үйетін. Сонан соң жер қата машинамен тасып жеткізіп алатын. Нұржан Хатынь жаққа алғаш рет күздің қара суығында келген... машинамен шөп тиеуге келген... Бірақ ала жаздай арпалысып дайындаған шөптің тең жартысын ғана тиеп үлгерді, ізінше жаңбыр жауып кеткен... жаңбыр жауып кеткен соң, шөптің біразы алынбай қысқа қалып қойған. Енді


мінеки, тау асып, трактор шанасымен тасып алуға келе жатқан беттері.

Көк түнек аспанда, сонау қарлы адырларды жиектей батысқа жылыстаған жарықтық күн салқын сәулемен жасқана қарайтын. Үш жігіт таңертең шалдың үйінен шыққалы ләм деп тіл қатыспаған еді. Түнеп шыққандарына рақмет айтып, қара су ұрттамастан ерте тұрып аттанып кеткен. Әсіресе іштері қалтырап, жылан жұтқандай тіс-тісіне тимей сақылдап келе жатқандары – ыстықты аңсаған асқазанның көтерілісі еді. Бұрынғыдан әлдеқайда аласарып, қол созымда ғана тегенедей төңкеріліп тұрған аспан, ол да бір түрлі көңілсіз, өз-өзінен жүдеу, өз-өзінен жабыңқы тартқан. Өз-өзінен жүдеу тартқан аспан ғана емес, таң атқанша бір-бірімен төбелесіп шыққандай тоң теріс томаға-тұйық отырған үш жігіт те. Әрқайсысы өз ойын малта ғып сорып отыр. Қазір Нұржанның орнына трактор айдап келе жатқан аманжанның ашаң тартқан екі жағы жалғыз- ақ күнде суалып, түгі едірейіп, жансыздана бастаған. ал оның қасында қысқа мойнын шолақ қара тонының жағасына тығып, ұйқылы-ояу мәңгіріп отырған Бақытжан тіпті баяғыда өліп, қатып қалғандай құр сүлдері, жайнап тұрар дөңгелек беті қан- сөлсіз бозаң, бұрынғыдай емес, сопайып ұзарып кеткен секілді. Оларға қарсы қарап, темір жәшіктің үстінде отырған Нұржан достарының тіршілік оты қоламталана, сөнуге айналған дидарына тесіліп ұзақ қарады: жиырмадан жаңа ғана асқан жас жігіттердің жүзінде уағына жетпей қартаюдың алғашқы бел- гілері бар еді. Сырттан гөрі трактордың кабинасы әлдеқайда суық, төрт бұрыштана – камера іспетті қоршаған көк темірге саусағың тисе қарып түседі. мотордан шыққан болымсыз жылу әлгі дүмбілез темірдің астында тұншығып, алқынғандай еді, деміккендей еді. Бу болып ұшады. Дүниенің ызғарынан гөрі, жігіттердің өз арасындағы суықтық жаныңды қарыған- дай еді. Ұрсып-таласпай осыншалық бітеу мінезбен оңаша отыру жүйкелеп, жалықтырды білем, қос рычакты кезекпе- кезек тартқылап, газды азайтып, көбейтіп, толассыз қимыл үстінде келе жатқан аманжан жын соққандай айғай салды. ал қалған екеуі оқыс үнге селк етіп есі шыға шошынып қалған. аманжан тағы айқай салды.

– ау-у-у...а...

аюдай ұйқтап жатқан алып дөңдер қыбырлап, ерекше үн қосқандай. Газды басып-басып қалып, жын ұрғандай айғайлаған жігітті Нұржан жынданып кетті деп ойласа керек:


– Тоқта! Тракторды тоқтат! – Солқ етіп барып тоқтаған ДТ- ның ішіндегі үш жігіт қопақ қаға екпінге еріп, изектесіп қалды да, арқаларын темірге соға солқ етіп қайта отырды. Сәл үнсіздік басты. Сосын Нұржан аманжанға аса бір қажыспен қарады.

– Не болды?

Бұл сұрақты естімегендей меңірейіп отыра берді. Суалған, түк-түк ат жағындағы қырау шалған түгі бұрынғыдан ары қалыңдап, қорқынышпен үрпиеді. Кіреукеленген көзінде сәуле жоқ, жараның орнындай шүңірейеді. ал қоңқақ мұрны мен өрескел үлкен аузы ол да жансыз, ағаштан ойып жасай салғандай ебедейсіз. Түйіліп біраз отырды да: – Не дедің? – деп, Нұржанға қайыра сұрақ қойды.

– Неге айғай салдың деймін?

– Қашан?

Нұржан өзін-өзі зорлағандай еріксіз күліп жіберді. Бұдан соң бір-бірінің иығынан май сіңіп, тот басқан зілдей ала- қандарымен салып-салып қалып, жамырап бәрі күлді. міне, екінші түн тоң болып қатқан көңіл жіпсіп, трактор ішіне жеңіл нұр тараған. алып-қашпа сезім ол да қаймақшып қата бастаған- ды. Әне, жібігендей болды. Себепсіз, айтпай түсіндірген күлкінің маздаған отына жылынған үшеуі алдарында не күтіп тұрғанынан бейхабар, осы сәттің шуағына таласа ұмтылған. Бұдан соң Нұржан неге айқайлағанын айтпады, қалғандары тақаулап сұрамады. Жым-жырт, жұмбақты сапарға қайта аттанған. Бірақ дүние бірте-бірте тағы да суына бастады. Суықтың ең қаттысы – үнсіздік екенін енді ғана ұққандай Нұржан ыңылдап әлдебір әннің әуенін айтқан болды. Оның мұрнының астынан ғана сыздықтап, бір түрлі түсініксіздеу шыққан үні ана аманжан мен Бақытжанға естілмеді білем, назар аударып елеңдеместен, не қосылып ерместен ой орманына сіңіп, жалғызсырап адаса бастаған. айнала аппақ қар, ұшы- қиыры таусылмайтын ақ шаңқан қар, жансыз аспан, жанарсыз күн... Олар сүрлеу, жолсыз бағана, жалғыз үйлі жалғыз шал Қоңқай сілтеп жіберген бағытпен тұспалдап қана келе жатқан. Әзірше қар астында жасырынып жатқан ұры тас, жықпыл- ұрасыз еш нәрсеге ұрынбай аман-есен келеді. Сонау... оу, айыр өркеш ақ таудың арғы етегінде иен қыстақ, пішен үйілген жер бар. Пәле-жаладан сақтап, дәм тартып жете қалса, трактордың шанасына тотияйындай көкпеңбек шөпті тиеп алады да, кері боздақтатады, асығады... ауылда ай мен күндей жары күтіп,



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.