Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Оралхан Бөкей 20 страница




ауқат үстінде көп әңгіме болған жоқ. Қонақ жігіттің қарны ашып қалса керек, қарбытып асап, түтінге ысталған шала сүрі етті сүйсіне жеді. Балалардың зауқы бұл үйреншікті асқа онша шаба қойған жоқ, атасы ұсынған сүйекті шұқылап, шоқып жеген болды да:

− мал жайғаймыз, ата, − деп, астың қайырылуына қарамай, балалық жеңілтектікпен шыға жөнеліскен.

− мал ұстайсыздар ма? − деп сұрады Таған шайнаң қағып.

− Иә, он шақты қой-ешкі, бір бұзаулы сиыр, екі жылқымыз бар.

− Бай екенсіздер-ау... ал енді оған айғыр мен бұқаны қайдан табасыздар? − Өзінің орынсыз қалжыңына Шал ренжіп қалмады ма деген күдікпен көз қиығын салып еді, ол қаперсіз екен.

− мынау Өскелеңнің арғы бетінде жаз жайлауға келген сиыр табыны мен жылқылы ауыл бар. Ұрғашы жұртына бай қай-қайдан да табылар. мына екеумізге қатын табылмай ма деп қорқамын...

− менікі болған...

− Ендеше, менікі де болған, − деп, Шал шатынай доғарып тастады. Бұл әңгіме отағасының оң жамбасына келмесін сезген соң,ары қарай өрбімеді. Сүзбе қосқан ақ сорпаны аяқпен сораптап, бабымен ішкен екеуі көпке дейін ләм дескен жоқ. Дастарқан жиналмады, балалардың еншісіне қалдырды білем. Тысқа шыққанда, бағанағы шапақ шаршау тартып, айналаны ымырт жайлай бастапты. Сонадай жердегі дәу самырсынның түбін қоршай жасалған қашаның ішінде үй иесі айтқан он шақты ұсақ мал қамаулы тұр. ал ақ шап қызыл сиырдың бауырына тас кенедей жабысқан қаршадай қыз созғылап сиыр сауып отыр. Қолының күші жетіңкіремесе де, онысын білдірмеуге тырысып, құнжың-құнжың етеді. Ер бала – Қозы бұзаудың мойын жібін ұстап, қасында аңдып тұр. Он жастан енді ғана асқан балалардың шаруақой пысықтығы Тағанға қатты әсер етті. «Тәңірім-ау, өмір дегеніміз осы емес пе» деп ойлады. Әсері жүректі шабақтап, жанарға жас ұялатар кино іспетті, мынау қоңырқай ғана қарапайым тірлікте өміріміздің барлық мазмұны мен о бастағы бастауы, мәні мен сәні табиғи күйінде құжынап жатқанын түйсінді. Тағанның алғаш рет балаға деген махаббаты оянды. «Тәңірім-ау, өмір дегеніміз, өмір сүру дегеніміз – артыңа ат ұстар, сиыр сауар ұрпақ қалдыру


екен-ау...» Бүгінде өзінің тұңғыш ұлы жиырмаға толғанын есіне алды. Не істеп жүр? Өлі ме, тірі ме? Фамилиясы қалай? Әкесін сұрай ма, әлде әйелі күлге аунап таптым деп түсіндірер ме екен, әлде әкең ішкіш, маскүнем, баяғыда өліп қалған деп, біржола түңілдірді ме... Кім білсін?..

малды жайғаған Қозы мен Баян асыр сала жарысып, үңгір- үйге кіріп кетті. мынау аспанмен таласқан меңіреу таулардың ішінен естілген бала күлкісі, бала ойыны қандай жарасымды еді. Кеспелтек ағаштың үстінде «арқарын» асықпай тартып отырған Шал жігітті жанына шақырды.

− Қой сойып, бас тартпады деп, күрең қабақ болып тұрған жоқсың ба, шырақ?

− Жоқ, аға.− Шал бағана жасын айтқан соң, өзінен он бес жас-ақ үлкендігін біліп, «ақсақалды» «ағаға» ауыстырған.

− Қайдан білейін, сыңайың нәумез секілді.

− Оқтан-текте меңірейіп алар әдетім барын ескертіп едім- ау. Туғаннан бері арнайы сойылар малға бата жасап, бас ұстап көрмеген пақырмын.

− малға бата жасау дегеннен шығады, баяғыда осы өр алтайда мақажан деген өлеңші болған, естуің бар шығар. Сол кісі төменгі жаққа – Үлкен Нарын өңіріндегі андағұлдарға жолаушылай барыпты. Елге еркелеп еркін жүретін ақын Қатпа деген болыстың үйіне түскен екен. «алыстан алты алашты аузына қаратқан мақаң келді» деп, қонақасына серке соймақ болады да, ақынның алдына көлденең тартып бата сұрайды. Қойдан гөрі ешкі етінің жеңіл екенін айтып, сырғақсыған болыстың сараң сыңайын таныған мақажан бұл да болса олжа дегендей, қанағат тұтып, үндемеген көрінеді. Тамақ пісіп, алдарына тартылған табаққа қараса, бағанағы серкенің басы тым кішірейіп қалғанын байқаса керек. «ал, ақын, бата жасаңыз», − деген Қатпа байға былайша өлеңмен бата беріпті:

Заман, заман, заман-ай, Жылдан-жылға заманы Жұмбақ болған заман-ай, Сарқыраған өзені

Бұлақ болған заман-ай, алғаш қонақасыға келгенде, атан ақ серке еді,


Тамақ болып піскенде, лақ болған заман-ай аллауакпар, −

деп, бетін сипапты.

Қайткенмен Қатпа болыста сөз төркінін ұғар намыс бар екен, түн ішінде қотаннан қой алдырып сойдырыпты дейді.

− мақажан ақын менің атам, әкемнің әкесі... − деп міңгірлеп төмен қарады.

Шал:

− рас па, шырақ. асылдың сынығы екенсің ғой, − деп қайран қалды. − Бәсе, бәсе, тұқымы бар деуші еді. «алты күн аш отырсаң да, ата жолын ұмытпа» деген қазекем, ұят болды- ау. Бүгін балаларды әуре қылмай-ақ қоялық, ертең де еру бол, атаулы малыңның басын мүжі. мақаңның аруағынан ұят болар...

− рақмет, аға, еттен еттің жорғасы бар дейсіз бе, жедік қой бұйырғанын.

− апыр-ай, ә. − Шал шыншыл көңілмен сабырсызданды.

− Ең өкініштісі сол, аға, ел-жұрттың аузында жүрген мақаңның бір ауыз өлеңін жатқа білмеймін. Әлгінде сіз айтқан өлеңді мен де ішіп алып шоқырақтататынмын, бірақ кімдікі екеніне мән берген емеспін. Ол кісіні көруге жазбады. Әкеден де ерте айырылдық. Білім қуып алматыға кеттік. Есім бүтін кезімде ауылға барған жоқпын. арақкеш атанып, аузымызды ит жалап жатқан жерімізден Ерік тауып алды. Онысына да ризамын, осы өзіңіз көріп отырған кейіпке келдік. Еріктің шешесі Нюра шешеміз мықты адам екен, сол кісінің арқасында ғана аман қалдым. атамның аққұла ақын болғанын сол кісіден алғаш естідім. Кірерге жердің тесігін таппай, бетімнен отым шықты...

− Ой, ол көк көз кемпір мық-т-е-е, − деді Шал. − Білем, естігем, ұлы өзіне тартпаған.

− Ерікпен неге дүрдаразсыздар, алтайдың тауы мен ағашын бөлісе алмай жүрсіздер ме?

− Оны өзім де білмеймін, әйтеуір, әлекедей жаланған соны көрсем,иткөргенешкідейболамын.Бәлкім,дүниеқоңыздығынан қоңсылас бола алмайтын шығармын.

− Дүние жиса, бір діттеген ойы бар шығар. ағайын-туғаны жоқ. Ол да жалғызілік жігіт қой, жасқа аға, ақылға сақа үлкен адамсыз, артық-ауысын кеңдікпен кешіре салмайсыз ба...


− Сен, шырақ, бітімшілікке келгеннен саумысың. менің жаныма бататыны – байлығы деп кім айтты. алдына келсең тістер, артынан келсең тебер қазымыр шошқа мінезі де. ана жылы үсті-басына бал жағып барып, көрші омартаның бір рой арасын ұрлап кетіпті.

− араны қалай ұрлайды? − деп таңдана сұрады Таған.

−Олоңай.Балдыңбалауызынүстіңежапсырыпұясынажақын- дасаң, ара біткен жапырлап тәттіге қонады. Сол қалпымен үйіне алып келіп өз жәшігіне кіргізеді. адам баласына қайыры жоқ. Не орыс емес, не қазақ емес, өгей неме...

Таудың түні шапшаң түседі. Жерошақтағы от қана шоқтана жылтырайды. маралкөлден салқан саулады. Көлден шығар шүмек-судың даусы естіледі. Әзерше бөтен үн жоқ. Балалар үйшік-үйден кіріп-шығып, тісқақты тіршіліктерімен жүр-ау. Көшелі әңгімеге шөліркеп қалған Таған тағы да не айтады дегендей, Шалға жалтақтай қараған. асыр салып ойнаған балалардың күлкісі естіледі.

− Оу, Қозы, Баян, ыдыс-аяқты жинап болсаңдар, ұйық- таңдар,− деп дауыстады Шал. − Күз де жақындап қалды, байқайсың ба, түн суыта бастаған. − Шоқтанып қалған отқа көсеп-көсеп бұтақ тастады. − Таудың түні осылай, шырағым, алдың терлеп, арқаң мұздап отырасың.

− Әсіресе, қыста қиын болатын шығар, аға. ат бұза алмайтын ақ қар, ақырған аязда қалай жан сақтайсыздар?

− Қар қалың түсетіні рас, оған шаңғымыз сайлаулы. ал ақырған аяз тау ішінде болмайды. Жан аман болса, жан сақтау деген не, тәйірі. Чукчалардың да тұқымы суықтан құрып кеткен жоқ қой.

− Бұл тіршілігіңізден әрі қорқамын, әрі қызығамын...

− Оның несіне басыңды қатырасың, адам баласының таңдап алған тағы бір ғұмыр жолы да... Дүниенің бәрі лас болып ластанып жатқанда, ағаңның қашып тығылған үңгірі де. Жоқ, шырағым, мен қара басымды сауғалап келгенім жоқ бұл қу мекиен жерге; анау екі қозымның амандығын ойлап, солардың дені сау, рухы таза өссін деп келдім бұл жерге; жарықтарымның айналып, аумалы-төкпелі заман- ның залымы болып кетпесінші деп келдім бұл жерге; жалған- ның үзірінен, бірін-бірі алқымынан алып шайнап тастар қаскөй бірлігінен не пайда, күндердің күні болғанда адамның өзін


опат етер ілім-білімнен не пайда... аспанға ұшып асыққаннан, арпалысып қаруланғаннан не пайда; апыр-ау, осыншалық асыққанда қайда барамыз, қойторы аяңмен мың-миллион жыл ғұмыр кештік, енді, міне, әбден кемелімізге келіп, болдық- толдық, табиғаттың барлық құпиясын білдік, ғылым мен техниканың самғау биігіне шықтық деп айдарымыздан жел есіп мақтанған сәтте – табиғаттың жарты ғасырлық ғұмырын ұзартуды көксеп уайымдап отырмыз...

Шалдың шалқып бір сөйлеген сөзінен іштей үндестік тапты ма, Таған жанған отқа тесіле қарап, үндемей тыңдап отыр. Түн суытты.ай әлі шыққан жоқ. Қыркүйектің алғашқы күні жаңбырсыз басталғанмен, көп сағындырмай келетін жаңбырдың хабаршысы кісінеп жатыр. Ол орман күшігені еді. Көл көрінбей қалды. Таудың бүкір белі де тегістеле сүлделеніп, тек қарауытқан қара жоны ғана болжанады. Оттың жарығы от басындағы екеудің сұлбасын ажарлап, жанарларында жалын жанып, бозарыңқы тартқан боз дүние кешкендей мұңлы да жуас кейіпте. «Бұл дүниеде қашып тығылатын жерің, сыбырласар сырласың, еркелетер елің болғанға не жетсін» деп ойлады Таған.

− Бәйбішем қайтыс болған соң, қайтып үйленбедім, − деді Шал «арқарын» отты шаламен тұтатып, − бала көтермеген кісі еді. Кінәлі ол емес – мен. менде емес – соғыс... Он жетіге толмай әскерге алды. Колхоз бастығы өз ұлының орнына жасымды үлкейтіп мені аттандырып жіберді. Бізді Сталинград қырғынына салды. Екі солдатта бір мылтық. Жаныңдағы мылтықтасың өліп, өз қолыңа қару жеке тиген сәтті армандайсың – күнәлі болсаң да армандайсың. Біз әншейін маскировка екенбіз. Нағыз майдан, негізгі күш басқа жақта жүріп жатыпты. Ол жойқын күштен бейхабар жау барлық қаруын бізге жұмсап, ажал бүркіп төпелей берді. Осы кезде, әбден әлсіреген Паулюстың ту сыртынан айналып өтіп, қоршауда қалдырады ғой. ал дұшпанның мешені болған біз қынадай қырылдық. Әне, сол алапат арпалыста қатты жараландым. Ер адамға ең керегі – белден айырылдым. Ұрпақсыз қалдым. Қайтейін, бір әулеттен түрегеліп дәрет сындырар бір өзім едім...

Жігіт жұлынына біз сұғып алғандай селк етіп, жалт қарады. Шалдың жанарынан саулаған жас сақалын суарып жатыр екен. Жұбатқысы, жылы сөз айтқысы келеді. Жұбату мүмкін де емес


еді.Шырқын, шыншыл әңгімесін бұзғысы келмеді. Өзінің де кеңсірігі ашып, жүрегі шымырлап, ұзын кірпіктері дымданды.

− Әне, шырақ, ат төбеліндей аз қазақтың тұқымы осылайша азайған. Кім кінәлі? Тауып көр... Бұл жалғанның қитұрқысы сонда – мынау кінәлі деп ешкім айта алмайсың. айтқан адам ғана нағыз кінәлі болып шығады. Сондықтан да үндемейміз. Үндемейтін себебіміз – үйдей пәлеге қаламыз. ал енді үндемеу жағынан қазақтар алдына жан салмайды. Ішқұса болған жұрт жұдырығын жұрағатына жұмсайды, бірін-бірі бауыздап жатқан ағайынға айдаладан қызыға қарап тұрған озады түбінде... Ең сорлылығымыз сол – жауды сырттан іздейміз, өз ішімізде жүргенін ескермейміз.

− Сіздің жау маралкөлдің ар жағында ғой, − деп еріксіз айтып қалды.

− Сол екені рас, жасырмаймын, шырақ.

«Ұлттың азуын ұлттан көруге болмайды ғой». Бірақ Таған бұл ойын дауыстап айтқан жоқ. айтпаған себебі: «Енді кімнен көреміз?» деп Шал шақшия қалар...

− Көп мыжымай жатсақ қайтеді, шырақ, − деп орнынан тұрды Шал.

− Ошақтағы отты сөндірейік. Өрт кетер...

− Тиіспе, өзі-ақ өшеді. Өз оттарыңды өздерің сөндіріп, әбден жаман үйренген екенсіңдер... – Егер етекке түсіп, елге қайтқың келмесе, мен саған ақыл айтайын. мынау қарсы беттегі таудың үстінде, осы жерден алыс та емес, осы заманның патшасына арнап салынған ағаш үй бар. Бір кезде астанадан азулы азаматтар келіп, аң аулайды деп, әшекейлеп қиған керемет үй. алтай жаратылғалы ондай әдемі үй салынған емес бұл өңірде. Тіпті Шыңғысханның да түсіне кірмеген шығар. Сол үй бос тұр. Облыс басшылары жалғыз рет вертолетпен ұшып келді де, неге екенін білмеймін, жым-жырт болды. Қазір иесіз. Қатын ал да, сол сарайда сайран сал. маған көрші бол. Қауымдасайық. аңшылар қосшысын құрайық. Осылайша ел болайық...

− Ойлану керек екен...

− Сен ойлама. Әрекет жаса. адам баласын құртатын сол

ой.

− адам баласын құртатын ой емес, ойсыздық шығар, аға.

− Ендеше, жағыңды таянып, тамсан да отыр. Ондай

ойсоқтыларды біздің жақта ләуқи дейді.


Шал үйге кіріп кеткен соң, Таған ежелгі әдетінше сыртта қалды. Шалдың әңгімесі шым-шымдап бойына тарап, жанын жадылап тастағандай, жабырқау хәлден айыға алмады. Болмыстың болар-болмас тірлігіне алданып, арпалысып өте шығар адам өмірінен аянышты не бар бұл жалғанда. Шал ағасының сараптай айтқанынан ұққаны: мәңгіліктің алдында пенде шіркін әрқашанда ұтылары, жеңеміз деп жеңіліс табатыны, сөйте тұра кештік ғұмыры үшін түстік мал жиятындығы. Бұл дүниеден кімдер өтпеді: қаһарынан қан тамған хан, байлықтан бастау ағызған бай, мұқым әлемді аузына қаратқан ғұламалар... Кәне, солардың мың жасағаны, кәне, солардың о дүниеден қайтып оралғаны? Сонда не үшін өмір сүру керек? Бәлкім, ұрпақ үшін, ұлт үшін... бірақ сол ұлтқа мен секілді «алқаш», жоқ болмаса Ерік секілді топас та тоғышар ұрпақ керек пе? НЕГЕ БІЗ ОСы ұрпақтың рухы мықты, дені сау, даулескер де күрескер, ана тілін ғашығынан да артық ардақтайтын асыл тектілігі үшін, ізгілікті әрекеттер үшін тәрбиелемейміз? азап шегіп, жарымжан да жарымес, делқұлы да дүбәра ұлтқа айналып, азып-тозып, азғынды құрып кеткені ләзім-ау... ал Шалдың әрекеті ше? Тығырықтан шығудың жалғыз жолы осы ғана ма? Жо-жоқ, бұл амалсыздың күйін кешкен тым-тым жіңішке жол. Сонда не істеу керек? Егер қаладағы қазақтардың қалың ортасына барып, былай десек:

«Оу, ағайын, ес-ақылдарыңды жиыңдар!БІЗ қатыгезденіп барамыз. БІЗ имансызданып барамыз. БІЗ айналайын анамыз- дың ақ сүтін ақтай алмай жүрміз, бір күнгі қызды-қызды қызыққа мастанып, тасыраңдап кеттік, көзімізді шел басты, көңіліміз көр, жігеріміз құм болып, құрдым дәуреннің әләу- ләйін шырқап жүрміз; тамаша өмірдің тасқынымен ығып, ығысып ағамыз келіп, ағысқа қарсы жүзу не жағалауға қарай ұмтылу жоқ. Өмір сүрудің ең оңай тәсілін тауып алдық та, жер бетінде өзімізден артық адам жоқтай жоқтан өзгеге сілеміз қатқанша күлеміз, сілікпеміз шыққанша бір-бірімізге үреміз. Оу, сондағы мақсатымыз не? Тірі жүру, тіміскі өмір сүру ме? Ел болудың еңбір оңтайлы сәтінде оспадарлық танытсақ, етегімізді жел көтеріп, еңкейіп шапқылай берсек, берекесіз де бекер ішіп-жемнің құлы болсақ, БІЗ үшін жалғыз жанын садақалаған ата-баба аруағынан ұят емес пе? Иә, аруаққа адалдық, өткенге иман болмайынша, тірілерге салауат жоқ, тіпті


дүние дүр сілкініп жаңара алмайды да. БІЗ күні бүгінге дейін ұлттық адамгершілік, имандық бет-бейнесі мен болмысын, келбеті мен лайықтылығын анықтай алмай жүрміз. Әсіресе, қазақтардың... Ең әуелі бізге кімдер керегін, яғни ұлтымыздың ар-ождандық идеалын білмейміз. мінездік ерекшелікті артық- шылығымыз деп асыра мақтанамыз, ал рухымызды, жады- мызды жаңғыртпаймыз немесе біліктілігіміз аз, жалған білімімізді солақай, рәсуа пайдаланамыз. Бұл менмендік, әсіресе, тарихшылар мен философтарға, сонымен қатар орысша оқып, ойлап, жазатындарға немесе өз ұлтын тым-тым сүйетіндерге тән сипат. меніңше, ұлтты жақсы көру  дегеніміз

– тек жақсылығын ғана көру емес. Ұлттың рухани түлеуі мен өсуі үшін оның жетістіктеріне таңдай қаға тамсану, ұдайы табыну ғана ма? Кемшіліктерін де көріп, қайтып қайталанбауы үшін күресу емес пе... мұны орыс ғұламалары әлдеқашан мойындаған. мәдени топырағы құнарлы қазақ халқы абай, Шоқан, мұхтардың сәулесін ғана теріп, ыңғай-ылғи жарылқана берген жоқ, сұрқиялары мен сатқындарының да сан алуан түрін көрді, көріп те жүр. Олар осы тауда да бар... Төтеден төнген қысым да, қауіп те жоқ, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамырстан заманда биікке шыққанымызды күндеп, етекте қалғанымызды тілдеп, ішегімізге қыл айналмайтын қызғаныш отына жылынып, қызара бөртіп жүре береміз бе? анау, тағдырдың таланына таланған Шал БарлығымыЗДы мансұқ етіп неге кетті? ал мен неге қайтпаймын ел-жұртыма? Неге?! Жамандықтан құтылудың жолы, сол жамандықтың батпағын кешіп жүріп күресу емес пе еді. мен тазардым! мен енді ішімдік атаулыға қарғыс айтып өтемін. Дүниедегі ең киелі нәрсе – әйелге берген ант. мен түзелдім, ағайын! Осымен бүкіл халықтың дені тазарып кетті ме? Осы ойларымды халықтың ортасына барып, жар салып айтайыншы – ақылынан алжасты деп ақымаққа балар. адам қараптан-қарап ақымақ болмайды, ақымақ етер адамдар... Кемшіліктің киімін киіп ешкім тумайды, кемшілікті үйрететін үлкендер. Ішімдікке салыну, ана тілінен жеріну, дәстүр мен салтты саудалау да солай... Үйретеді, үйренеді... алдымда үш жол бар: бірі – осында қалу; екіншісі Еріктің үйіне бару; үшіншісі – ауылға қайтып, бар-барлығын қайта бастау; айтпақшы, алматыны ұмытып кетіппін-ау, балықтың басын тазалау керек екен-ау, оған енді қалған құлаш


бойы ғұмырым жете қояр ма екен, әуре болмайын, онда да оң жамбасымен тұрған азаматтар бар шығар, онда да оң-солын танып қалған есті жұрт, еңсесі көтерілген жігерлі жігіттер жүрген шығар...»

Таған санасының сау кезіндегідей сартылдап істей баста- ғанына қуанды. Бейне тоқтап қалған сағатты бұрап қайта жүргізгендей. Қара шапанды түннің етегін түріп ай шықты. Дүние сүттене бастады.

 

* * *

Ерікті тоса-тоса таң алдыңда көзі ілініп кеткен айна өз түсінен өзі шошып оянды: ағаш бөлменің іші салқын болса да, ақ тер, қара терге шомылып, ауа жетпей қысылып оянды. Жүрегінің соғысы қатты естіледі. Көрпеге оранған күйі, көрген түсін есіне түсірді... Жап-жасыл дала, сол далада астарына сары ала сырмақ төсеп, қымыз сапырып ішіп отырған анасы мен енесі жас ботадай тәй-тәй басқан айнаны аймалап толғанып, қаз тұрғанын қызықтайды. Тұсауын кеседі... Енді бір мезетте екі бірдей ананың арасында мәз болып күлген қос ана аспан төсіне сіңіп, көзден ғайып болды... айна жылады... Зар еңіреп жылап оянды...

Нүрке кемпір терезенің пердесін сиыра ашып тастап көгілжім тартқан әйнектен далаға үнсіз телміріп отыр екен. Төргі бөлмеден шыққан келінінің сыбдырына бұрылған. Шашы қобырап, көзі жасаураған айнаның ұйпа-тұйпа ұсқынына бөтен әйел шыға келгендей, үрке қарады.

− айналайын-ау, не болды саған?

− Түсімнен шошып... − сөзінің аяғын жұтып қойды. Енесінің алдында ешқашан да жалаңбас жүрмейтін әдетінің әдібін сөгіп алғаны енді ғана есіне түскендей, «ой-буу, ұят- ай» деп, шашын баса төргі бөлмеге кіріп кеткен. Нүрке кемпір келіннің ибалығына сүйсіне жымиды. Жаулығын байлап кері оралғанда:

− Түс – түлкінің боғы, беті-қолыңды суық сумен шайып жібер, қалқам, − деді. Өзі төсекте отырған күйі күбірлеп, намазын оқуға кірісті.

айна есік алдына шыққанда, әлемді әктеп тастаған аппақ шықты көрді. Күндегіден де бүгін қалың түскен екен. Түн суық болғанға ұқсайды. Биылғы күздің ұзақ әрі жауын-шашыны


аз боларына осы таңғы шықтың тым қалың түсуі кепілдік бергендей... Кеше аң қарауға аттанған Еріктен де, Шалды іздеп кеткен Тағаннан да сыбыс білінбейді. «Бәлкім, ұйықтап жатқан шығар» деп, қойма сарайдың жыртиған сыңар терезесінен үңіліп еді, келімсек жігіттің белі кеткен жайдақ нары бос көрінді. маңайда жан баласы жоқтығына еркелей еркінсіп, рақаттана есіней керілді. Таңғы салқын ұрған денесі сәл қалтырағандай болып, үйдің бұрышын айнала беріп еді, аппақ болып теңкиіп, шық үстінде тыр жалаңаш жатқан кісіні көрді. ал дегенде таңғалды, қорқыныштан гөрі әуестік билеген. Өлі- тірісі белгісіз сұлық жатқан кісінің екі жағында қыбырсыз құлаған екі баланың анадан туғандай қызыл шақа денесін байқағанда, бақыра шошып кері шегінді. Өңменіне мірдің оғы тигендей, ес-ақылдан айырыла шалқалай құлады. Шалқалай құлағанда, өкшесінен қаққан дөңбек те себепші болып еді. Талып түсті. «ап-а-а-а!» деген айқайға Нүрке кемпір қанша елеңдесе де, орнынан қозғалар дәрмен жоқ. «Не болды, құдай, не болды?»−дей қарманғаннан өзге қайранға бара алмаған.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.