Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Оралхан Бөкей 10 страница




«Ол бүгін жоқ. Келмейді», − деп, кетуге ыңғайланғанда, таудың төбесіне жалғыз жолаушы шықты. Елес шығар. мүмкін емес. Дымданған жанарын уқалап-уқалап қайта қарады. «Сол! Өзі». Таулы алтайлық Қыз ақ боз аттың үстінде ертек әлемінен оралғандай, бергі бетке – Қазақстан жеріне қасқая қарап тұр еді. Әншейінде тыпыр етпейтін, әншейінде аспан ойылып жерге түсіп кетсе де, бүлк етіп соққаны білінбейтін, бар-жоғы белгісіз жым-жырт жататын жүрегінің кеудесін тепкілеп, дүрсілдеп ала жөнелгені соншалық, Ерік басы айналып құлап қалмау үшін өзен жиегіндегі балапан шыршадан ұстай берді. ыстығы көтерілгендей, екі беті дуылдап, көзі қарауытты. мұндай ес танды хал бұрын-соңды болып көрген жоқ еді, өз сезімінің осыншалық өр серпіп, өрт тигендей лапылдауын көтере алмады білем, төтеден ауыр соққы тигендей есеңгіреген. ал анау шынар түбіндегі Қыз қызыл орамалын бұлғап, бұған белгі берген. Содан соң ептеп қана атын тебініп, өзенге құлдай бастаған. Еңіске лоқылдай, тайғанақтай аяңдаған аттың тұяғы тиген тас шегірткедей ыршып барып, екпінімен домалай жөнелді. ақбоздың жүрісі бұзылған соң, Қыздың әлгіндегі күмістен шапқан ескерткіштей тіп-тік сәнді отырысы ойран болып, ердің қасынан асып кетпейін деген сақтықпен үзеңгі бауды шірей шалқақ тартады.

Қызыл жаулықты Қыз Қатын суының жағалауына тақалып, аттан түскенде ғана, ес-ақылын жиған Ерік тас тиген шыныдай шытынаған санасын жамап-жасқап саябырлады. Көз алдындағы көкмұнар айқара ашылғанда, ар жағынан, тәңірім-ау, түнде түсінен, күндіз есінен шықпайтын ақ боз атты Қыз тотыдайын таранып, өзеннің жарқабағында тұрды. Қан түйіршіктері қайтадан ойнақшып, бекерден-бекер қадала қарағаны болмаса, өткел бермес өзеннен кешіп өтер, жүзіп өтер дәрмен жоқ бейшара жігіт тағдырдың осы бір опасыздығына назаланды. ал Қыз ше? Ол бұрала басып суға тақалды да, алақанын толтырып ұрттады. Содан соң бұған күле қарап жүрелей отырды. Оның әлгі әрекетін Ерік те қайталады. Су тым суық екен. аш өзегін қуалап өтті. Осылайша бірін-бірі екі жағалауда тұрып аңдыса бақылаған олар құла-жалдана құлап аққан Қатын суын суалтар құдіреттің жоқтығына налығандай мұңдықты күй кешкен. Бәлкім, махаббат деген осы шығар... ынтызар екі адамның ындынын құртар, бір-бірін мәңгілік айырар... өткелі


жоқ өзен ағып жатар ортада; бәлкім «сырғаңды қайық қылып өткіз мені» деп, әнге қосқан баяғының ғашықтары тағдырдың осынау иттігіне күйінгендей, шырқырай шырқаған шығар; бәлкім, екеу арасында өткел бермес өркөкірек өзен ағып жатса

– махаббат... уа, сол өзен жоқ болып оп-оңай қосылғандарды

– ерлі-зайыптылар дейміз бе? Жүзіп өтем деп суға ағып өлгендер қаншама... Сансыз... мүмкін, баяғыда... осы өзеннің аты жоқ кезде, дәл осылайша екі жағалауда тұрып бір-біріне ғашық болған қыз бен жігіт өзеннен өте алмай қиналған сәтте, әрқашан еркектен гөрі тәуекелшіл әрі батыл келетін әйел заты бірінші болып суға секіріп, жүзіп өтем дегенде ағып өлген шығар, содан ел Қатын суы атаған шығар... Қатынның құлаққашты қылар шуы қаншалықты айғайласаң да анық естіртпей, тек шың-шыңдаған үзік-үзік үн ғана жетер еді. Бірақ Ерік «атың кім?» деп, айғайлауын тоқтатқан емес-ті. Бейне анау Қыздың есімін естісе, Қатын суы таяз тартардай «атың кім?!» деп және озандады. Қыз басын шайқады.Ести алмадым деген сыңай танытты. Бәлкім, естісе де, бәлсініп айтпады. Күн едәуір көтеріліп қалған. ағаштардың самаладай ұп-үзын көлеңкесі біртіндеп тұжырылып, таңғы салқын саябырсыды. Осы кезде Еріктің тура құлағының түбін жанай ұшқан ара әп-сәтте арғы жағалауға ұшып өтіп кетті. Шапшаңдығына қарап ажыратты: бұл Еріктің америка құрлығынан алдырған «жауыз арасы» еді. Қызыл орамалды Қызға өзінен «қауіпті буданның» бұрын жеткенін қызғанғандай, «атаңа нәлеттің бал үшін бармайтын жері жоқ» деп ғайбаттады. Со-о-н-о-оуу ит өлген жер, өзге ел, өгей жұрттан қолы жетіп, бүкіл республикада жоқ араның жаңа тұқымын алдырған құдіреті қор болып, ені үш жүз қадамнан аспайтын өзеннен өте алмағаны жанына қатты батты-ақ, амал не, тоқтататын күш жоқ. Егер зәуде мынау албасты судың үстіне көпір саламыз деп, қаражат жинап, есеп ашса, Ерік барлық байлығын садақалар еді. «Әттең, араға айналып, арғы бетке ұшар ма еді...» деген бала қиял тербеп мелшиіп тұр. Қыз мұны ынтықтыра түскісі келгендей, қалтасынан айна алып, шашын тарады. Шашын қырыққан, қысқалау әрі көмірдей қара, тал бойына өзгеше жарасады. ат үстінде жүргендіктен бе, джинсі шалбар киген. алыстан қарағанда ұлға ұқсайтын. Ұлтының кім екенін білмейді. Әлде қазақ, әлде ойрат қызы. Таулы алтай өлкесіндегі Жазатыр, Қосағаш жағында қазақтар тұратынын


білетін, алайда бұл тұстан алыста емес пе. мүмкін, жайлауға осы жаққа шығатын болар, бәлкім, ол да омарташының қызы ма екен. Кім болғанда да қиыр жайлап, шет қонатын қарапайым шаруаның баласы. Әйтпесе мынау алып тауларды атпен асып, қорықпай жападан-жалғыз жүрер ме еді...

Үсті-басын сылана түзеген қызыл жаулықты Қыз лып етіп ақ бозға мініп алды. Содан соң соншалықты бір жарасымды қылықпен қолын бұлғап қоштасты. Не істерін білмей ербиіп тұрған Ерік құлынша аққан жылқыдай аласұрып, тағат таба алмады. Ол да қолын ербеңдеткен, алайда онысы қоштасу рәсімінен гөрі әлдекімнің әкесінен түсіп балағаттап кіжініп, кетсең-кет деген зерезеп қылыққа ұқсаған. Қыз бұл жолы тау асып кетпей, Қатын суының ағысымен жағаласа құлдаған. Ерік те біраз жерге дейін еріп барып, Қыз сай аңғарындағы қалың ағашқа сіңіп, көзден тасаланған соң ғана, дымы құрып кері қайтқан. Бұтақтары жабағыланған ешкісамырсын, әсіресе, мол еді, жыныстанып жігіттің жолына бөгеу болды. Үйреншікті сиыр соқпағына түскенше, онсыз да жүйкесі жұқарып келе жатқан Еріктің жынына тиді-ақ. Орман тіршілігі қызған шақ. азық тасыған тышқандар тынымсыз. Ол алғаш рет өзін жек көрді. Еш нәрсеге зауықсыз, өмірге өкпелі. Әлем өртеніп кетсе де әнін салып, мұңсыз-қамсыз жүре беретін Тағанның өмірі қызық шығар. Дүниені парық қылмайтын діні берік, өз-өзіне сенімді, мақсаты айқын, төрт құбыласы тең Ерік дәл осылай іштен тынып, сары уайымға салына түңілмеген шығар, дәл осылай мұңға батып, керексіздігін сезінбеген шығар. «Осы мен кіммін?» деп, ешқашанда ойсырай ойланып көрмеген омарташы кеңістікті далдалап, көкжиекті көміп тастаған орманды күл-талқанын шығара балталап, аралап қиратқысы, отағысы, от жіберіп өртегісі келді. Өзі де білмейтін өкпелі ашуға алдырып көзі қанталады, көңілі көгеріп-сазарды, санасы кекпен кептелді. Неге? Түсініксіз. «Әй, сол бір сайтан секілді сандалған қызды қойшы. Енді қайтып көрмеймін» деп бекінді, белін бекем буды. «Жаным тірі болса, ондайлардың онын табуға болады. Қалтамды ақшаға қампитып қалаға барайыншы бәлем үйірімен тоғытайын». – Осы бір кіжінісі оның жүрісін шапшаңдатқан.

Омартаға жеткенде, айна ұйқыдан тұрып, шай қойып жүр еді.Орман арасынан ойда-жоқта шыға келген еріне аңтарыла


қарап тұрды да: − Биелерді неге айдай келмедің, құлындарды байлайтын уақыт болды ғой, − деді жұмсақ үнмен. Қайда барғанын сұрамағанына Еріктің онсыз да шытынаған шыдамы қарс айырылды.

− ыбылжыған түріңді-ай, құдай-ау, неге ұрыспайсың, неге әйел болып назданбайсың, бұлдана еркелемейсің? ала көзіңмен ата қарашы! Өкпелеші. Өтірік болса да жек көрші!

айна Еріктің тұлан тұтқан жүзіне үлкен қоңыр көздерін төңкере қарады да:

− Не үшін? − деді қаймақшыған жұқа ерні сәл дірілдеп.

– Намыссыздық қой бұл! Не өлі, не тірі екенің белгісіз бейкүнә бір мүскін...

− Не көрінді саған? Оразамызды ашпай айтысамыз ба?

− Іштей атысқанша, сырттай айтысайық, түбі бір тірелетін тұйық бұл.

− Түкке түсінсем бұйырмасын. Осыншалық жазғыратындай жазығым не?

− Иә, иә, осы жазықсыздығың мені жындандыратын. Үн- түнсіз, айдағаныма жүріп, айтқаныма көнетін жуастық әйелдің қадірін кетіретін, қасиетін жоятын.

Күйеуінің осыншалық күйгелектеніп, сөз боратқанын алғаш көргеніне әрі таңдана, әрі тосырқай толқыған айна «мен де ағыл-тегіл ағызайын» деп ойлады да, ғадетінде жоқ мінезді мініс аты қыла алмай қиналды. Тіпті күйеуінің ызғар шашқан жүзінен сескеніп, ұрып жіберсе қайтемін деген қауіп жеңді. Өмір бақида денесіне таяқ тиіп көрмеген ол осынау ер азамат атаулының жұдырығын керексінгендей ме... еркектің айбыны! Еркектің қамшысы! Еркектің қоқиланып күш көрсете сөйлер менмендігі, тәкаппар да таңғажайып ашуы емес пе шығыс әйелінің көксері. айнаның бойын кекті долылықтан, қарсы шабар бетпақтықтан гөрі көңіл сабасын толғап пісер әуестік биледі. Ішінен тағы да ұрса түссе екен, ұрам деп ұмтылса екен деп тіледі де. Ежірейе әкіреңдеген Ерік сөзін:

− Шіркін-ай, тал бойыңа біткен осыншалық сұлулықты сұп-суық мінезіңмен қор қылдың-ау... ажарың бар, ашуың жоқ. Сондықтан да бір-бірімізден жеріп барамыз.

− Осыған кім кінәлі? – деді самауырға шоқ салып тұрған айна. – Осы маған тағылған кінәнің барлығын өзіңе қайырсам қайтесің... Осы менен күткен мінез-құлықты, қылықты, сенен


күтіп қөксемейді деп ойлайсың ба? – Енді Ерік тосырқап қалды:

– соңғы кезде – деді айна, − мейлінше жайбарақат қалыпта, – сенің де бір нәрсеге басың қатып, сенделіп жүргеніңді сезбейді дейсің бе? менің сұлулығымды сусындап тауысқандай, тіпті бұл өмірде бар-жоғыммен де санаспай сансырайсың, өз-өзіңнен сандалып шаршайсың, өз-өзіңнен өзегің жанып өкпелейсің. Неге? Өтірік сөйлесек те, өтірік өмір сүруге болмайды ғой.

«Сыйларға тілің жоқ болса да, сипарға қолың жоқ па?» − деп, апам айтып отырушы еді...

− Ой, өзің шешен екенсің ғой. айта түс. Сырың жаңа ғана ашылып келеді...

− айта түс деп айтақтамай-ақ қой, аламойнақ емеспін. Шырынымды сорып тауысқан екенсің, қиналма деп қинама, апарып таста ауылға.

− міне-міне, бәрекелді, осындай екенсің ғой...

− Иә, осындаймын. Тоғайдағы торғайда да ашу бар.

− Түсі-нек-те-е болды, − деді Ерік әйелінің қолындағы шым- шуырды алып, самауырға шоқ салмақ ниетпен.

− Жағымсымай-ақ қой, оттығы онсыз да аузы-мұрнынан шығып тұр.

Екеу арасындағы айтыс созалаңдап барып, жарасымды әзілге ойыса бастаған. расында да, тоң-торыс күйдің тоңы жібігендей, жүздеріне жылу жүгіріп, бітеу жараның аузы ашылғандай болып еді.

− Әй, айна, несін жасырайын, мен ғашықпын, − деді Ерік әдетінше шашынан сипап.

−Тағы да ма?

− «Тағы да масы» қалай?

− Осыдан он жыл бұрын маған осылай деп едің.

− мен ойлаймын: ғашықтықта тұрлау жоқ, шек жоқ, сондықтан да мәңгілік...

− Бұрын-соңды естімеген пәлсапа екен. Қашаннан бері?

− Үшінші жыл...

− ғашығыңның қайда екенін білуге бола ма?

− Өзеннің ар жағында.

− Ой, суайтым-ай, − деп, Еріктің кең жауырынынан алақанымен салып қалған айна сыңғырлай күліп, екі иінінен дем алған жез самаурынды дедектете жөнелді.

− Шын айтамын, − деп айғайлады Ерік. Осы кезде қойма-


үйден: «Дүние, қудым сені он жасымнан» деп бақырған Таған әлі де тірі екенін тарғыл даусымен дәлелдеді.

Иә, Таған маскүнем тірі еді. Тірі ғана емес, бүгін әбден ұйқысы қанып, сергек тұрды. Түні бойы мазасын алатын машақат түс, көзі жұмылса болды, пышағын тамағына тақап, тісі ақсиып, сілекейін шұбыртып сақ-сақ күлер құбыжық, шеті мен шегі жоқ жапан түз, жалпақ далада аузынан үскірік шашып қуатын жеті басты айдаһар да, бұл жанталасқан сайын, суырып тартар ұйық батпақ та, айран болып аққан миын талап жейтін мың-миллион құрт-құмырсқа да, зеңгір аспанның шырқау биігіне көтеріп ұшып, тастап жіберер самұрық құс та, шегінген сайын мінбелеп, өкшелеп қуар сансыз көп машина мен мүйізі қарағайдай ала өгіз де − бәрі-бәрі бұрынғыдай қаратерге түсіріп қинамай байыздаған. Жайлауға шыққалы өз болмысындағы өзгерісті ептеп байқап, мұның жөнін неге жорырын білмеді. аш қарынға тартып жібергенде, есіріп, шыға келер қайран көңіл бүгінде жөпшеңкіге бой алдырмай, қарсылық білдіре бастаған. Бәлкім, күні бойы қимылдаған соң, ащы термен ащы ішімдік те шығып кете ме, әлде әсер етіп жүрген таудың салқын да саумалдай ауасы ма. Қалай болғанда да Тағанда түлеу бар.

Ескі әдетімен әндетіп тұрды да, керіле есінеп тысқа шықты. Күн арқан бойы көтеріліп қалған. Ерік жылқыларды қайырып, құлын ұстап жүр екен, бұған назар аудара қоймаған. Сыра сұрағысы келіп тұрды да «қой, беті-қолымды жуып алайын» деп өзенге беттеді. Көптен бері жаңбыр болмай, су мөлдірленіп қалған. Соның өзінде де мұзтаудан бастау алар Қатын суы қылаңданып ағатын. «Суға түссем қайтеді?» деп ойлады, ежелгі еріншектік жібермеді. Беті-қолын шала-шарпы шайды да, кері оралды. аққулық биенің ақбөрте құлыны ұстатпай әуре ғып жүр екен. Таған бір жағынан жасқап көмектесті.

− Бір үйге екі биенің сүті де жетпей ме, үшеуін бірдей неге сауасыңдар? − деп сұрады.

− аққулықты желіге үйрету керек.

− менің білуімше, құлыны бар жылқыны қулық демеуші

еді.

− Пәлесін қарай гөр, мал таниды-ей, былтыр құлын тастап

кеткен соң, солай атап кеткеміз, − деді Ерік кекесін араластыра:

− Түсінде қызыр аян берді ме, сыра сұрамай неғып шыдап тұрсың?


− Өзің бергенше, ішпеуге бекіндім.

− мұның – дүниені дүр сілкіндірер жаңалық. айна есіктен басын қылтитып шайға шақырды.

− Бүгін не істейміз, пішен үйіліп бітті ғой, − деді Ерікке ерген Таған.

− Сендерге демалыс жариялаймын, ал мен аң қараймын.

− Ерте кетсең қайтеді, ішім пысады ғой.

− Сенің иісіңді сезген мұқым алтайдың аңы ауып кетер. Сыраны тойғаныңша іш те, сылқиып ұйықта. Қолың қышып бара жатса, анау кеспелтек ағаштарды жарып, саржан сал... Бүгін мен сені танымай тұрмын-ей...

Дастарқан басында төрт көздері түгел жиналған соң, Нүрке кемпір алақанын жайып, ерні жыбырлап бата жасады.

«Бисмилла» деп, қара ала кеседегі қаймақ жүзген құла шайдан ұрттаған соң ғана, қалған үшеуі асжаулықтағы дәмге қол салған. Түннен қалған етті жылытпалап қойған екен, буы бұрқырап, сорпасы кілкілдеп тұр. Күндегіден гөрі бүгінгі ертеңгілік шай көңілді ішілді. Әрқайсысы «ішімдегіні тап» деп томсыраймай, әр нәрсенің басын бір шалып әңгімеге араласты. Қабағынан қар жауып, әр сөзі сатулы болып отырар Ерік те еріккендей, томаға-тұйық мінезінің шарбағын сындырып алқалы топ, алқа-қотан әңгімеге қосылғандай еді. Бүгінгі дастарқанның шырайын кіргізген, әркімге бір қалжың айтып, айызы қана рақаттана күлген-ді. Нүрке кемпірдің де жүзі жайдары, кимешегінің жақтауын сырып қойып, балаларының жарасты қалжың, жадыраңқы сұхбатына араласып қояды. айнаның екі бетінің ұшына қан ойнап шыққан, әдейі бояса, дәл осындай жарасымдылық таппас еді. Күлгенде оймақтана қалар бетіндегі шұңқыры да, мөлдіреген бота көзі де, ұзын мойын, бүлкілдеген аппақ тамағы да − бәр-бәрі жаңаша сипат, соны сұлулықпен маңайына нұр шашады. Отыздан асқан жасында өңіне қылаудай қырбаң түсірмей, таңғажайып әдемі күйінде сақталып қалуы

– мәңгі мәңгіріп жүрер Тағанды да тамсандырған-ды. Әсіресе, қолы майысып шай құйылған кесені ұсынғанда, ұйқыдан шошып оянғандай сәл-пәл дір етіп, іркіліп қаларын Ерік пен Нүрке кемпірден жасқана жасыратын. Ішкі әлеміне де ошақтан ыршып түскен шоқ секілді осынау секемшіл, бірақ... Жаныңды жарылқар сезімінен өзі сескеніп, айна жаққа қарамауға бар күшін салып бақты. міне, кезекті тағы да келіншектің қолынан


алуға тура келді. амалсыз қарады. Ұрлығының үстінен шыға келетіндей, тынысы тарыла, әншейінде қозғалақтап тыным таппайтын саусақтары бұрынғысынан ары қалтылдады- ай... Кеседегі шай шайқалып, төгіліп кете жаздады. Осы бір ыңғайсыздықтан құтқарғысы келді ме, Нюра Федоровна:

− Қалқам, қолың қашаннан бері дірілдейді? − деп сұрады.

− Ішкеннен бері, әсіресе похмель жасамаған күні тыным таппайды.

− Одан құтылудың жолы бар,− деді кемпір.

− Қалайша?

− Ішпеу керек.

− Ой, апа-ай, − деді Таған аузын тістеп алатындай нанды талмап зорға жеп отырып. − Оны өзім де білемін ғой. маған қалай ішпеуге болатынын үйретсеңіз.

− Ол да қиын шаруа емес, шырағым.

− Оңай емес, шешей, оңай емес, бір жыл емделіп жазыла алмағанмын. Елге оралған соң, табаны күректей екі ай шыда- дым. Содан соң қайта қосылдым үйіріме. Бұл дертке ұшы- рамаңыз, бір рет ауырсаңыз, өмір бойы тас кенедей жабысып айырылмайды.

− Үзілді-кесілді қойып кеткендер бар ғой, − деді айна. − Біздің ауылда бір әйел салынып қатты ішті. мас күйінде бала- сын емізіп отырғанда, үстіне ұйықтап қалып, тұншықтырып өлтірді. Сол соққыдан кейін қайтып татпай кетті.

− Өз баласын өзі өлтіріп алған соң, қойғанынан не пайда,

− деді Ерік.− Ондай әйелдің өзін тұншықтырып өлтіріп тастау керек. Құдай біледі, сол қатынның өзге балалары бар болса, түгел жарымжан шығар.

− рас, − деп күйеуінің сөзін құптады айна. – Толғақ қыс- қанда, арақ ішіп алып босанған кезі де болған. Байғұс күйеуі сиырға дейін өзі сауып, бүкіл үй шаруасын өзі істейтін.

− Өйтіп бала тапқанша...

− Осы әңгімені қойсақ қайтеді, − деп Таған жолдасының сөзін бөлді. − Өңешім жыбырлай бастады. Тиесілі бір саптыаяқ сырамды ішіп, отын жаруға кіріссем деп едім.

Ерік орнынан үнсіз тұрды да, нан пештің іргесінде жабулы тұрған ағаш күбідегі ашуы жеткен сырадан құйып әкеліп берді. Әлгінде ғана моп-момақан болып кәперсіз отырған Таған көзі жайнаңдап бас салып, сылқита жұтып ыдысты басына бір-ақ көтерді.


− Уһ, рақатын-ай, сені жамандаған адамның аузы қисайсын,

− деп далаға шығып кетті.

− Кісі болудан қалған. Бекер тәрбиелейсіз, − деді шешесіне.

− Ұлым! −деді Нүрке Еріктің сөзін жақтырмаған сыңайда. − Сен өйтіп арыстай азаматтың обалына қалма, білдің бе... Сенің бұл қылығың жөн емес.

− Үйбай-ау, тәте-ау, мен бе екен оны маскүнем қылған. Өзінің осалдығы, иттігі. Бәлкім, тұқымынан солай шығар. Бар жазығым аштан өлгелі жатқан жерінен жинап-теріп алғаным ба?

− Сен оның тұқымына тиіспе. Оның асыл текті сойынан көрген жақсылықты бұл дүниеде қайтару екеуміздің де қолымыздан келмейді. менің бүйтіп тірі отырғаным, сенің бүйтіп жер басып тайраңдап жүргенің – Тағанның шешесінің арқасы, білдің бе?

− Ес білгеннен бері тірі жанға қарыз емес екенімді, бір адамнан бір сом қарыз алмағанымды, өзімді өзім асырап жеткізгенімді ғана білемін. ал одан бұрынғысының өтеуін өзіңізге тапсырдым,− деген Еріктің тік сөзі айнаның қасын дір еткізді.

− Енді ғана шүйіркелесіп шай іштік пе, ішпедік пе деп отырғанда...

− Өй, қойыңдаршы, мұқым сәбет медицинасы мен мили- циясы жөнге сала алмаған ақымақты қорғаштамай. Көзіне көк шыбын үймелетіп, екі өкпесін тепкілеп жұмысқа салсаң ғана сандырағын қояды, − деп далаға ата жөнелген ұлының соңынан жүзі сынық күйде қарап қалған анасы:

− Тағаннан қай жерім артық деп ойлайды екен, − деп күрсінді.

− апа-ау, апа. Тағанның шешесі жайлы айтып беріңізші. − Келінінің бұл сөзі татулыққа, отбасының берекесіне икемде- гені екенін ұққан қария суық жанар, сұсты жүзіне жылу жүгіртті. Шамды шыр айналған көбелектей ұшып-қонып тыным таппай жүрген келіннің жазығы не? Жазығы – түзге отырғызып, моншаға түсіріп, дәретін алдырып, асты-үстін тазалап, «апалап» жүргені ме?

− Садағаң кетейін, келінжан-ай, сен болмасаң, бір сабақ жіп жалынбай ма. Көзімнің қуанышы, көңілімнің жұбанышы өзің-


сің. Жалғыз ұлға теріс батамды бермеймін, бірақ, бірақ... осындай қаттылығы қинайды мені. Таған жазғанның, ата- анасы жайлы әңгімені өзіміз бір оңаша отырғаңда айтып беремін. ал қазір анау ұлдың қасына бар, долданып жүріп долы өзенге секіріп кетпесін, − деп жанарын шылаған жасты бет орамалымен сүртіп тастады.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.