|
|||
азақ мәдениетіндегі философия феномені13-лекция Қазақ мәдениетіндегі философия феномені Қазақтардың дәстүрлі дүниетанымы. Номадтық мәдениеттің синкретизмі. Қазақтың халықтық шығармашылығындағы дүниетанымдық ізденістер. Жыраулар шығармашылығындағы философиялық сарындар. Сопылық дәстүр, оның қазақ философиясы қалыптасуына әсері. ХҮІІ-ХҮІІІ ғ.ғ. Қазақ хандығы қайраткерлерінің саяси-құқықтық көзқарастарындағы әлеуметтік-философиялық сарындар. «Жеті Жарғының» философиялық контексті. Космолотиялық және антропософиялық ілімдер (Доспамбет, Дулати). Ш.Уәлихановтың философиялық көзқарастары. ІІІ.Уәлиханов пен Ы.Алтынсариннің философиялық идеяларының антропоцентризмі мен гуманнзмі. Абай Құнанбаев адам мен Құдайдың, сенім мен білімнің арақатынасы, адам өмір сүруінің мағынасы туралы. Дін философиясы. Таңдау еркіндігі мәселесі. Абайдың адамгершілік философиясы. Шәкәрім Құдайбердиевтің философиялық шығармашылығы. XIX ғ. аяғы мен XXғ. алғашқы жартысындағы қазақ ұлттық зиялы қауымының (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Торайғыров, М.Шоқай, Ж.Ақпаев және т.б.) еңбектеріндегі философиялық тақырыптама. XX ғ. Қазақ зиялы қауымы шығармашылығындағы рационалистік идеялар. Марксизмге деген қарым-қатынас. Қазақ ойшылдары философиялық идеялары мен ілімдерінің қазақ халқының ұлттық өзіндік санасының қалыптасуына, өзінің этникалық қауымдастығын сана елегінен өткізуге әсері. Қазақ халқының патриоттық белсенділікке деген дүниетанымдық бағдарының қалыптасуындағы қазақ философиясының рөлі. Қазақ философиясы деген ұғым ғылым тіліне 90 жылдардың басында енді. Ол– қазақ халқының өзіндік төл мәдениеті мен ерекше тағдырының айнасы. Халық тарихқа қазақ деген атпен XIV-XV ғасырда енгенімен, оның одан да әрі терең тарихы бар. А.Х.Қасымжанов, Ә.Н.Нысанбаев, Ғ.Есімов сияқты ғалымдардың айтуынша, қазақ халқының ойлау мәдениетінің шығу тегі көне түркі заманынан басталады. V-VI ғасырларда түріктерде әліппе болған. Соның негізінде түріктер жазба мәдениетін тудырды. Оны мәдениет тарихында көне түркі жырлары деп атайды. Ол мәдениет мұралар Талас, Орхон, Енисей өзендері бойынан табылғандықтан «Орхон - Енисей» руна жазулары деп аталады. Қазақ халқының менталиті көптеген мәдени дәстүрлердің, яғни сақтардың, көне түркілердің, қытайдың, арабтың, парсының, орыстың, европалықтың өзара ұшырасып, араласуынан туындаған. Жазба мәдениетінің пайда болуы мен діннің қалыптасуын зерттеушілер түркі – соғдылық және түркі тохарлық байланыстың ықпалымен түсіндіреді. Қазақтардың өзіндік діні – тәңірлі дүниетанымы болды. Тәңірлік өзіндік онтологиясы, космологиясы этикасы мен демонологиясы бар жетілдірілген дүниетаным болды»1. Бұдан басқа бақсылық, буддизм, манихейшілік, христиан діні де орын алған. Мұндай көпжақтылық пен олардың арасындағы өзара кірігу, бірігу процесі ерекше дүниетанымдық жүйенің қалыптасуына және оның плюралистік сипат алуына негіз болды. Қазақтың ұлттық менталитетінің архетиптері болып табылатын кеңдігі, кеңпейілділігі, қайырымдылығы, қонақжайлығы, басқаны жатырқамауы, аңғарымпаздығы, байқағыштығы, табиғатқа жақындығы, философиялық ойларға бейімділігі, дүние, өмір, заман туралы ойлары, ақын – жандылығы, маңғаздығы, асықпай – аптықбауы, тәубәшілдігі, сәтті күнді күтуі, туысшылдығы2 сияқты сипаттарының қалыптасуы Анахарсис, Қорқыт ата, әл – Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқари, Қ.А.Ясауи сынды әртүрлі бағыттағы философиялық дәстүрлердің әсерінен болды. Философия тарихында Шығыс перипатетизмінің көрнекті өкілі болған, өзінің шығармашылығында батыс пен шығыс дүниетанымдық жүйелерін ерекше үйлесіммен, тапқырлықпен қабыстыра отырып, өзіндік келбеті бар философиялық жүйені жасаған әл – Фараби қазақ философиясының негізгі бастауының бірі болып есептелінеді. Ж.Баласағұнның «Құтты білік» еңбегіндегі мемлекетті басқару, әлеуметтік топтардың сипаты, қоғамдық құрылым туралы ойлары мен этикалық, танымдық көзқарастары да елеусіз, тарих қойнауында қалмаған. Қазақ философиясы мен дүниетанымының тағы да бір маңызды бастауы – сопылық дәстүр. Ислам аясында қалыптаса отырып, көне Үнді, Қытай, Грек, Рим, Сирия ойшылдарының үздік ойларын бойына сіңірген сопылық философиясының Қазақстан мен Орта Азия халықтарының «арасында кеңінен және табысты таралуына мына жағдай да әсер етті. Ол өз ілімін жеңіл және түсінікті тілмен, әсем сопылық идеяларды жергілікті салт-жырлармен үйлестіре дәріптеді Ахмет Яссауидің Орта Азия мен Қазақстанның түркі тілдес халықтары арасында зор беделге ие болуы Яссауидің ислам заңдарын Шығыс сопылық ілімін пантеизммен және бақсылық жыры элементтерімен үйлестіре алуынан еді»3. Қазақ даласында сопылық идеялары Шығыс поэзиясы, яғни Фирдоуси, Навои, Рудаки, Омар Хайям, Низами, Насими секілді ақындардың философиялық сипаттағы шығармалары арқылы тараған. Сөйтіп, қазақ философиясының дамуына негіз, бастау, тарихи тамыр болған объективті алғышарттардың қатарына қазақ халқының өзінің ауыз әдебиеті және өмір сүру салт – дәстүрі, түрік мәдениеті мен түрік ойшылдары, араб – парсы әдебиеті мен философиясы, сопылық дәстүр жатады. Олар көпжақты және көпмағыналы мәдени үрдістерді біріктіреді. Соның өне бойында мүлгіген көптеген маңызды және өміршең белгілер мен қасиеттерді бойына сіңіре отырып, қазақ халқы ерекше сарындағы, өміршең, оптимистік философиялық көзқарастарды дүниеге келтірді. Қазақ кең де, ашық дала перзенті. Дала ұшы – қиыры жоқ, шетсіз, шексіз. Сан ғасырлар бойы сол өзін аялаған табиғатта өмір сүріп, оның сан алуан құпия сырларына көңіл бөлді. Табиғаттың қатаң жағдайына, түрлі өзгерістеріне сай көшіп – қонып жүріп, өз шаруашылығын табиғатпен үйлесімді жүргізіп отырды. Табиғатқа аялы алақан, жылы жүрек сезімі, көздің қарашығындай қамқорлық қажет екендігін ерте сезінді. Киіз үй көне қазақтардың әлем, бүкіл дүниенің құрылымы туралы көзқарасын білдіреді. Киіз үй ғарыштың кішкене моделі. Киіз үйдің дәл ортасында, шаңырақтың асында ошақ орналасқан. Ошақтың осылай орналасуы ыңғайлы және қауіпсіз. От қажетті құбылыс, оған көне адамдар тағзым еткен. Жануарларды отпен аластап, тазартқан. От күннің символы. Күн батып, кеш түскен соң ай мен жұлдыздар жер бетін жарық қылады. Қазақ «аспанға европалықтың қалтасындағы сағатына қарағанындай қарайды»1. Өйткені, бұл өмір сүріп, тіршілік етудің бірден – бір қажеттілігі еді. Аспан денелерінің қозғалысы бойынша жыл, ай және тәуліктің малға жайлы мезгілдерін анықтай алған. Аспан шырақтарына «Жеті қарақшы», «Темір қазық», «Сүмбіле», «Шолпан», «Есекқырған» деп ат қойып, олардың қозғалыстарын бақылаған, календарь жасаған. Мысалы, Сүмбіле,Үркер жұлдыздарына сүйеніп, жыл мезгілдерін былайша анықтайды: «Үркерлі айдың бәрі қыс», «Сүмбіле туса су қатады», яғни күз түседі. «Үркер жерге түспей, жер қызбайды». Түнгі уақытта жол жүруге тура келгенде «Темір қазыққа сүйеніп», барар бағытын анықтаған. Киіз үйдің шаңырағы – оның негізі. Оны ең мықты ағаштан жасаған. Ұрпақтан ұрпаққа беріп отырған. Кереге мен уықты ауыстыруға, бұзуға болады, ал шаңырақты ауыстыруға, бұзуға болмайды. Ол отбасының беріктігінің символы. Аспан сырларын табиғи тербеліске, ішкі толғанысқа бейімдей отырып, көшпенділердің қиял сезімін байытуға ықпал етті, яғни мүлгіген табиғат пен адам арасындағы ерекше сұхбат қалыптасып, дами бастады. Осының нәтижесінде адамның дүниеден үн – сыр аулауға икемділігі мен шеберлігі артады, көзі көркемдікті танығыш, көңілі әсершіл, құлағы үн аулағыш. Көшпенді қиялындағы қырағылық, зердесіндегі зеректік, санасындағы саңлақтық шындық үрдісімен, тұрмыс – тіршілік, кәсіп дүниесімен үйлесімділігін тапты. Тұрмыс жағдайына қарай көшпенділер айға, күнге жұлдызға ибадат етті, бұларды қасиет тұтты. Табиғат пен тұрмыстың әдемі көріністерін астарлап, оны ою - өрнекке түсіру арқылы шебер өзінің дүниеге деген көзқарасын, философиялық ойын, эстетикалық сезімін білдіре алған. Қазақ халқы ою - өрнек салуда, оның структуралық композициясын құрастыруда және бояу түстерін қолдануда өте бай және ерекше мұраға ие. Әрбір ою - өрнек белгілі бір мағынаны білдіреді. Ол көшпені қазақтың табиғатпен қауышуның тереңдігін және көпжақтылығын білдіреді. Ою - өрнектерде жан – жануарлар, көк өніс, өсімдіктер, аспан, жер – дүние сыры бейнеленіп, олардың адам өміріндегі алатын орны ерекшеленген. Сондықтан ай, күн, жұлдыздардың адамзат тіршілігіне қажеттілігін түсіну, жұлдыздардың атын білу, туған жер табиғатының ерекшеліктерін ескеру, бояуларды табиғи үйлесімділікте беру әруақытта қарастырылған. Қазақтардың негізгі тағамдары сүтпен байланысты болғандықтан ақ түс ерекше құрметтеледі. «Ананың ақ сүті», «Ақ отау», «Көңілі ағарсын» сияқты киелі ұғым осыдан туындаса керек, көк түс аспанды, сары түс білімді, даналықты, қызыл түс – от, күнді, жасыл – жастық пен көктемді, қара түс – жерді, береке нышанын бейнелейді. XV-XVIII ғасырлар аралығында қазақ философиясы негізгі үш бағытта дамыған. Бірінші, көрнекті бағыт жыраулар философиясы, екінші – билер, ал үшінші – зар заман философиясы. Жыраулар философиясы Асан Қайғы, Қазтуған (XV ғ.), Доспамбет, Шалкиіз (XVI), Ақтамберді, Тәтіқара (XVIII), Үмбетей, Бұқар есімдерімен белгілі. Жырау кім? Белгілі хандардың ақылшысы, қоғам қайраткері, қолбасшы, әскербасы, батыр, сонымен қатар, табиғи дарынының арқасында суырып салма ақын да болған ерекше тұлғалар. Жыраулар поэтикалық сипаттағы толғауларды дүниеге келтірген. Олардың шығуына себеп болған маңызды оқиғалар – ұлт – азаттық қозғалыс, саяси жаңару, қоғамның даму жолдары, өмір туралы ізденістер. Толғаулардың тақырыптары - өмір, ел, адам, туған жер, азаттық, адамгершілік мәселелері. Жыраулар – жаратылыс философиясының сырын ұғып, өмір тұтқасына дер кезінде жармасып, озбырлармен арбасып, тарихпен сырласып, өз халқының мұңын мұндаған даналар. Олар өз толғауларында өткенді саралап, бүгінгіні даралап, болашақты болжаған. Сондықтан да олардың суырып салма шешендігі көсемдікке ұласып отырған. Жыраулар шығармашылығында ерекше мән берілген мәселе – бар нәрсеге ризашылық қанағат сезімі. Асан Қайғы заманыңды, арғымағыңды, тұйғыныңды, иіс мойылды көңінді, әкіміңді, өз барыңды, ақтоныңды, қарияларыңды жамандама, ешкімге ұрыспа, бұрынғыны қуыспа, тәуір көретін кісіңмен жалған айтып суыспа, ешкімді өзіңнен кем сана ма, достарыңмен санаспа, кеңессіз сөз бастама деп үйретті. «Атадан алтау тудым деп, асқынып жауап айтпаңыз. Алғаным асыл ару деп, күн шығарып жатпаңыз. Атаның малы көпті деп атты босқа тартпаңыз»1, дей отырып, Асан Қайғы әр нәрсенің өзінің шегі, есебі бар екендігін еске салады. Әруақытта осындай объективті жағдайларды есепке алып отыру, шектен шықпау - әдептіліктің белгісі. Қазтуған жырау (XV ғ.) – сахара эпосін жасаушылардың бірі, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы. Ол өмір, атамекен, туған ел жайлы және әскери тақырыптардағы сан алуан мол мұра қалдырған. Оның «Мадақ жыры», «Туған жермен қоштасу» шығармалары көне поэзияның таңдаулы нұсқасы бола отырып, қазақ халқының өмірге көзқарасын, ой толғамын бейнелеген. Бұқар жырау: «... Ежелгі дұшпан ел болмас Көңілінде кір баты бар ... Ежелгі дұшпан ел болмас Көңілінің тұтқар кірі бар»2 дей отырып, көңілдің тазалығына ерекше мән берді. Жыраулардың толғауларында адамның көңілін қалдырмау үшін, не нәрседен бас тарту қажет деген мәселе қойылған. Бұқар жырау адам қаншалықты қиыншылықты көріп, жаны қиыншылыққа ілініп, шаршап, қалжырап, көңілі – қарайып, көзі қарауытып тұрса да үмітін үзбейді деп ой қорытады. Бұқар өз заманының мән – мағынасын түсінді, оның аумалы төкпелі болмысын заңды объективті процесс деп санады. Ол өткенге өкініп, ескіні аңсамады, өз уақытының тарихи тынысын қалтқысыз қабылдап, соған сәйкес өмір сүрді. Бұқар жырау қасыңа қыдыр келіп, басыңа дәулет құсы қонып, хан дәрежесіне көтерілгенше сен кім едің деп Абылай ханға тура бағыштап: «... Сен қай жерде жүріп жетіктің? Үйсін Төле билердің түйесін баққан құл едің» деген екен. Бұл әрине, дана, беделді қарияның, азаматтың еркіндігінің белгісі еді. Сонымен қатар, қазақ қоғамындағы жалпы қариялардың, жасы үлкен адамдардың ерекше қоғамдық роліне меңзейді. Елдің бірлігі, халықтың тірлігі, заманның тыныштық берекесі сияқты аса маңызды қоғамдық мұраттардың сақтаушысы, жақтаушысы, ұйытқысы да солар болған. Ақын – жыраулар адам, қоғам өміріндегі және табиғаттағы сан түрлі сапалық қасиеттерді мінез – құлықтағы өлшемді сақтап отыру, ақиқатқа жетуге ұмтылу, өз мақсаттарына жету үшін қандай нәрсені болса да дәлелдей отырып, дұрыс өмір салтын сақтау туралы философиялық ойлардың, практикалық ақыл – кеңестердің авторы болып табылады. Ақын – жыраулар өмір, тіршілік, тұрмыс, қоршаған орта, әлем, өзгермелі, құбылмалы, опасыз, ауыспалы, қайырымсыз, алдамшы, айгнымалы, жалған дүние туралы ой толғаған. Осы сарынмен қатар, оған қарама қарсы жайнаған жастықтың базары, жақсылықтың шырағы бар нұрлы өмір, жарық дүние, адамзаттың арман мұраты жолындағы отын сөндірмей, болашаққа, келешек күндерге жетелейтін алтындай таза, күмістей жарқыраған сенім туралы да оптимизмгі толы ой пірімдер молынан кездесіп отырады.
|
|||
|