Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





ХІХ ғ. мәдениетіндегібатысеуропалық философия



11-лекция

ХІХ ғ. мәдениетіндегібатысеуропалық философия

XIX ғ. мәдениетіндегі батысеуропалық философия. XIX ғ. екінші жартысының мәденитіндегі дәуірлік оқиғалар. Рационализм және оптимизм, шексіз прогресске деген сенім. Индустриалдық коғам және оның негізгі доминанттары. Техникалық прогрессі иидустриалдық қоғамның басты құндылықтары ретінде. XIX ғ. - ғылымның «Алтын ғасыры».

Адам туралы эпистемологиялық айтыстар. Саяси-әлеуметтік философияның қалыптасуы. К. Маркстың предметтік іс-әрекет туралы ілімі. Адамның әлеуметтік тұғырнамасы. Жатсыну және оны жеңу туралы ілім. Қосымша құн және қанау. Қанаудың себептері. Айналма форма ұғымы. Маркс идеяларының батыстық қоғамның саяси-әлеуметтік тұғырнамаларының әсері. Маркс теориясы идеяларының батыстық адамның саяси-әлеуметтік белсенділігін қалыптастыруға, әлеуметтік оптимизмінің артуына, әлеуметтікі әділдік пен әлеуметтік теңдік стратегиясының нығаюына әсері.

Қоғамдық ғылымдардың дамуы. Әлеуметтік-гуманитарлық білімге деген құштарлықтың артуы. Позитивизмнің туындауы. О.Кант позитивтікі социологияның әкесі ретінде. Философия және сциентизм. Эмпириокритицизм мен махизм позитивизмнін жалғастырушылары ретінде. Ғылыми зерттеу әдіснамасына деген құштарлық. Неокантианство және оның ғылыми-зерттеу әдісі мәселесін жасақтауы. Адамның жаңа өлшемі: «адам рәміздік жануар ретінде».

А.Шопенгауэрдің жыныстық махаббат метафизикасы. «Өмір» философиясы. Ф.Ницше философиясы. Еуропалық нигилизмі Христианшылдық пен метафизиканы сынау. Батысеуропалық философияның Батыс адамының ғылыми-техникалық қызметте белсенді өзгерістерді дамытудағы эпистемологиялық сенімділігін қалыптастыруға әсері. Батыстық адамның ғылыми рационалдығының белсенділенуіне кедергі келтіретін потенциалдық мүмкіндіктер мен себептерді анықтау.

 

Жаңа дәуірден бастау алған рационалдық сарын классикалық неміс философиясында одан әрі тереңдей түседі.

Немістің классикалық философиясы, бір жағынан, романтикалық көңіл – күйді философиялық жағынан негіздеді, екінші жағынан, жаңа европалық классикада басталған ақыл – ойдың күшіне деген сенімді жаңа қоғамдық қатынастар тұрғысынан дәлелдеуге кірісті.

Неміс классикалық философиясының негізін қалаушы И.Кант өз іліміне алғашқы романтизмнің ықпалының нәтижесінде пайда болған Ж.Ж.Руссоның адамгершілік пен білімділіктің, өркениет пен мәдениеттің өзара байланыс туралы идеяяларын кіргізеді.

Тіршілік иелерінің гносеологиялық әртүрлілігі, сенімге жол ашу үшін ақылды шектеу, эстетикалық құндылықтардың табиғаты мен көркемөнер шығармашылығының мәні туралы идеялары неміс романтизмнің өкілдері игеріп, ақылды өмірге сенімге қарсы қойып, көркемөнер шығармашылықты жоғары бағалайтын концепциялар жасады.

Романтизм дегеніміз – XVIII – XIX ғасырларда қалыптасқан философиялық – эстетикалық ілім.

Классикалық неміс философиясының бастапқы жетістігі – адам, табиғат әлеміне тарихи тұрғыдан қарауы, философияның логикалық – танымдық мүмкіндігін тереңдетуі, тарихтың біртұтастығын көрсете алуы.

Иммануил Кант (1724-1804) философия тарихында екінші рет антропологияға, яғни адам мәселесіне бет бұрыс жасады. Антропологияға алғаш рет көңіл бөлген Сократ еді.

Кант жүйелі түрде адам туралы ілім жасауға кірісті.

Философ антропологияны физиологиялық және прагматикалық деп екіге бөлді. Физиологиялық антропология адамның қалай пайда болып, дамитынын, яғни табиғи алғышарттарын зерттейді. Ал прагматикалық антропология, яғни адамтану адамды еркін әрекет ететін жан ретінде қарастырып, өзіндік күштерінің көмегімен адам кімге айналатынын жан – жақты талдады.

Кант өзінің шығармашылығының алғашқы кезеңінде жаратылыстану мен табиғат философиясына ерекше көңіл бөледі. «Менің төбемде жұлдызды аспан, жүрегімде мораль заңы» деп жазған Кант өзінің ізденістерінің екі бағыты мен өз философиясының екі тарихи бастауын көрсетеді.

«Менің төбемде жұлдызды аспан» деуі Канттың теориялық философиясына негіз болған Ньютон механикасына меңзейді. Ал «жүрегімде моральдық заң» дегені мораль философиясына мән беретіндігін көрсетуі. Осы екі бағыт Кант философиясының негізгі міндеттері - бір жағынан, табиғи процестің заңдарын қорғап, философиялық негіздеу, екінші жағынан, адамның қадір – қасиеті мен өзара бірлігінің, теңдігінің алғышарттарын дәлелдеу.

Кант өзінің төл еңбектерінде

1. не білуім керек?

2. не істеуім керек?

3. не нәрсеге сенімді болуым керек?

4. адам дегеніміз не нәрсе? сияқты сұрақтарды қойып, адамның танымдық қабілетінің мүмкіндіктеріне көңіл бөледі. Яғни, Кант таным процесіне біртұтастық жүйелеу тұрғысынан қарап, оның әрбір қырының қасиеттері мен ерекшеліктерін талдады.

Таным – процесс, оның әртүрлі сатылары, кезеңдері бар. Осыған ерекше көңіл бөліп, танымдық қабілетті оның ішкі мүмкіндіктері тұрғысынан бағалау – Кант жасаған коперниктік төңкеріс еді. Кант таным процесіндегі субъектінің белсенді ролін негіздеді.

Кант өзіне дейінгі рационалистер мен эмпириктердің біржақтылығын жеңе отырып, таным процесіндегі адам қабілетін үшке бөледі. Сезімділік, пайымдаушылық, парасаттылық. Ойшылдың пікірінше, математика сезімділікке, жаратылыстану пайымдауға, философия парасатқа сүйенеді.

Таным қабілетін бұлай талдау оның біртұтас бола отырып, ішкі қайшылықты екенін көрсетеді.

Басқа сұрақтарды анықтаудан бұрын ең алдымен, білім қалай пайда болатыны, ғылым қалай қалыптасатынын біліп алу қажет. Канттың пікірінше, ғылым, өнер, мораль адам санасының керемет қабілеттері сезімділік, пайымдаушылық, парасаттылықтың көмегімен қалыптасады.

Кез келген білім тәжірибеден басталады, бірақ онымен аяқталмайды. Өйткені кейбір білімдер адамның танымдық қабілетінен туындайды, сондықтан олар априорлы, яғни тәжірибеден бұрын пайда болады. Тәжірибелі білім жеке, кездейсоқ, ал априорлы білім – жалпы және қажетті. Жаңа философияның қалыптасуын Кант теориялық танымның күрделігімен, қайшылығымен түсіндірген. Теориялық танымның шектілігі әлемнің бірден танылатын құбылыстарға және танылуы қиын «өзіндік затқа» бөлінуімен байланысты. Танымның антиномиялық, қайшылықты табиғаты ойлаудың сезімнің көмегінсіз әлемді біртұтас түсіндіре алмауында.

Мұндай қиыншылықтардың болуы философияға зиянын тигізбейді, бірақ философия танымның ақиқаттығының сыны, оның шегін анықтаушы ретінде дамуы керек.

Априори, апостериори, антиномия, аналитика ұғымдарын кеңінен пайдаланып, Кант диалектика теориясын дамытқан.

Адамның дүниетанымдық мүмкіндігі шектеулі. Ол өзінің танымдық аясынан шыға салысымен шешуі табылмайтын күрделі қайшылықтарға жолығады. Шешімі жоқ осындай қайшылықтарды Кант антиномия деп атады.

Бірінші антиномия – кеңістіктің шектеулігі.

Әлемнің уақыт пен                                                        Әлемнің уақытта бастауы

кеңістікте бастауы бар                                                 жоқ, шексіз

Екінші антиномия – қарапайым және күрделі

Қарапайым ғана                                                            Әлемде қарапайым элемент

элементтер бар.                                                              те, одан тұратын зат та жоқ.

Үшінші антиномия – еркіндік пен себептілік.

Табиғи заңдарға бағынатын                                      Еркіндік жоқ. Әлемде бәрі

себеп – салдарлық қатынас                                        табиғат заңдарына сүйенетін

қана емес, еркінлдік те бар                                          себеп – салдарлық қатынасқа

                                                                                                            бағынады.

Төртінші антиномия – Құдайдың болуы Құдай жоқ. Бүкіл әлемнің

Барлық болмыстың себебі –                                       себебі болатын абсалютті

Құдай қажетті бастау.                                                                  бастау жоқ.

Кант «Таза ақылға сын» еңбегінде білімді танымдық – іс - әрекеттің нәтижесі деп, оны сипаттай үш ұғымға анықтама береді.

Апостериорлық білім – тәжірибе негізінде алынатын білім, оны әруақытта пратикада тексеріп отыру қажет, өйткені ол болжамды білім, кей уақытта шындықта ол болмауы да мүмкін.

Априорлық білім – тәжірибеге дейін ақылда о бастан бар білім, оны дәлелдеудің қажеті жоқ.

«Өзіндік зат» немесе «Өзімен өзі зат» - Кант философиясындағы өзекті ұғым. Ол – зат пен құбылыстың ешуақытта ақылмен танылмайтын ішкі мәнін білдіреді.

Адам ақылы көптеген құбылыстар мен заттардың тек бейнесін, сұлбасын ғана тани алады, ал олардың шын мәні белгісіз, танылмайды.

Кант этика мәселелерімен де кеңінен айналысқан. Өзінің адамгершілік жүйесін негіздеуде Кант адамгершіліктің мәні ретінде игілікті ерік болатындығына сүйенген. Ерік моральдық заңмен анықталады. Философ көңіл аударған игілікті ерік пен моральдық заңнан басқа тағы бір маңызды ұғым – борыш ұғымы. И.Кант категориялық императив заңын ұсынды, оның мәні «әрқашан адамды және адамзатты мақсат деп тұтатын қадамдар жаса, адамды құрал ретінде пайдаланба» деген ережеде ашылған. Оған адалдықты, ақкөңілдікті, табандылықты жатқызған.

Кант әлеуметтік философияға да әдеуір үлес қосқан. Ғалым ағартушылар ұсынған адамзаттың тарихи дамуындағы прогресс ұғымын жақтаған.

Канттың пікірінше, адамзаттың іргелі мәселесі – құқықтық, азаматтық қоғамға жету.

Фихте философиясы онтологиялық алғашқы сипаттағы іс - әрекет ілімімен тығыз байланыста. Бұндағы жалғыз субстанция – субъект, мен, таза іс - әрекет. Іс - әрекеттің жоғары принципі – адамгершілік заңы. Маңызды мәселе – еркіндік мәселесі. Еркіндік дегеніміз - жалпы қажеттілікке өз еркіңмен бағыну. Жалпы еркіндіктің негізі – барлық адамдарды жеке меншікпен қамтамасыз ету. Фихте бейсаналық мәселесін де шешуге тырысады.

Ф.Шеллинг шығармашылығында еркіндік философиясы мен өнер философиясы маңызды орын алады. Шеллинг үшін ең маңызды гносеологиялық мәселе – теориялық сана мен практикалық сананың арасындағы қайшылық. Бұл қайшылық шығармашылықтың жоғары түрі өнерде өз шешімін табады.

Гегель (1770-1831) – классикалық неміс философиясының шыңы. Оның философиясының негізгі ұстанымы – болмыс пен ойлаудың тепе – теңдігі. Философия дегеніміз - әлемді идеяда игеру. Гегельдің пікірінше, идеялар үш деңгейде өмір сүреді.

Гегель өз ізденістерінде табиғат философиясын, рух философиясын, тарих философиясын анықтауға мән берді.

Табиғат Гегельдің пікірінше, идеяның антитезисі, яғни идеяның өмір сүру формасы. Рух субъективті, объективті, абсолютті болып үшке бөлінеді. Субъективті рух – жан, жеке адамның рухы. Объективті рух – бүкіл қоғамның рухы. Оның көрінісі – құқық. Абсолютті рух – рухтың ең жоғарғы көрінісі. Оның көрінісі - өнер, дін, философия.

Гегель тарих философиясында да өзіне тән үштік принципін қолданады.

Өз - өзімен өмір сүретін идея – тіршілік ету, сапа, сан, мән, қайшылық, ұғымдар идеясы. Табиғаттағы идеялар – кеңістік, уақыт, материя, қозғалыс, геологиялық, өсімдік, жануарлар табиғаты, тіршілік, өлім идеялары, рухтағы идеялар – жан, сана, рух, құқық, мораль, адамгершілік, мемлекет, өнер, дін, философия идеялары.

Гегель идеялар жүйесін жасайды, бір идеядан басқа идеяларды тудыруға тырысады. Оның пікірінше, философия идеялары ғылыми, әмбебап логика, яғни идеялар қозғалысының логикасы, диалектикалық логика.

Гегельдің пікірінше, адамзаттың рухани мәдениеті өзінің заңды дамуында әлемдік рухтың шығармашылық күшінің бірте – бірте көріне бастауы ретінде өркендейді. Жеке адамның рухани дамуы әлемдік рухтың өзін - өзі тануының кезеңдерін қайталайды.

Гегельдің таным теориясы абсолютті идеяның өзін - өзі тану процесі болып табылады.

Гегельдің маңызды жетістігі – логика, таным теориясын, әлем туралы ілімді, философия категорияларын біріктіріп, жүйелеуі, оны «Логика ғылымы» атты үш томдық еңбегінде баяндауы.

Гегельдің тағы да бір жетістігі – даму идеясын жан – жақты, біртұтас, тиянақты негіздеген диалектика теориясы. Гегель дамудың тетіктерін, қайнар көзін, бағытын анықтады.

XIX ғасырда тұрпайы материализм кеңінен дамыды. Сананың идеалдылығын мойындамай оны химиялық процесс деп қарастырды, географиялық детерминизмді жақтады. Көрнекті өкілдері. Л.Бюхнер (1821-1899), Я.Мопешотт (1822-1893), К.Фохт (1817-1895). Ойлау мен сана физиологиялық – химиялық процесс деп есептеп, «ми ойды бауыр өтті бөлетін сияқты бөліп шығарады» деп пікір қорытқан.

Неміс классикалық философиясының соңғы өкілі Л.Фейербах болды. Оның басқа неміс философтарынан ерекшелігі – ол материалист болды. Фейербахтың пікірінше, табиғат – барлық білімдердің қайнар көзі. Адам – табиғаттың бөлігі, психикалық – физиологиялық табиғаты бар тірі жан. Оның дамуында әлеуметтік ортаның маңызы орташа.

Фейербах діни сананы сынға алады. Бірақ дінді ығыстыруға мүлдем қарсы, ескі дінді жаңа дінмен ауыстыруды қарастырады, оны сүйіспеншілік діні деп атайды. Өйткені, Құдайға сүйіспеншіліктің орнына адамға сүйіспеншілікті уағыздау тиіс.

Классикалық неміс философиясы жаңа дәуір кезеңін аяқтайды, ол математика мен механиканың ықпалымен дамыды. Бұл уақытта өмір сүрген философтардың көбі ақыл – ойды культке айналдырады, прогреске және адамның шексіз мүмкіндігіне сенім артты.

2. Диалектикалық материализмнің негізін К.Маркс пен Ф.Энгельс қалады. Сондықтан оны маркстік философия деп атайды.

Диалектикалық материализм XIX ғасырдың ортасында қалыптасты. Оның пайда болуының негізгі алғышарттары мыналар:

1. XVIII-XIX ғасырда Европада қол еңбегін машина еңбегі алмастырған. өндірістік революция;

2. Тарих сахнасында дербес саяси талаптары бар пролетариаттың пісіп – жетілуі;

3. Неміс классикалық философиясының жаңа идеялары;

4. Жаратылыстану ғылымдарындағы жетістіктер. Дарвиннің эволюция теориясы: организмнің клеткалық құрылымы туралы ілім;

Маркстік философиясының негізгі сипаттары:

1. Диалектикалық әдіс материалистік принциппен біртұтас бірлікте қарастырылады.

2. Тарихи процесс материализм тұрғысынан табиғи, заңды процес ретінде түсіндіріледі.

3. Әлем тек түсіндіріліп қана қоймайды, оны өзгертудің жалпы методологиялық негіздері зерттеледі. Философиялық зерттеулер жалаң ұғымдардан гөрі адамдардың материалдық – практикалық іс - әрекеттеріне бағытталады.

4. Диалектикалық – материалистік көзқарастар пролетариаттың, барлық еңбекшілердің мүддлері мен байланыстырылады.

К.Маркстің философия мен әлеуметтік ғылымға енгізген екі маңызды жаңалығы бар, оның бірі – қосымша құн теориясы, екіншісі тарихты материалистік тұрғыдан түсіндіру. Маркстің пікірінше, адам табиғат қойнауынан әмбебап табиғи жан болып шықпайды. Ол тарихи процестің барысында әмбебап тіршілік иесіне айналады. Адамды жануарлар әлемінен бөліп тұратын, басқаша айтсақ, оны тіршілік баспалдағының жоғары сатысына көтеретін санасы, ақыл – ойы емес, өзіне қажетті құрал – жабдықтарды өндіру, жасау икемділігі. Осының арқасында адам табиғатты игереді, оның кеңістігі мен уақытында өз мүддесі мен талап игілегіне сай өзіндік екінші табиғаты жасайды. Осының барысында өндірісітік қатынастар қалыптасады. Осы өндірістік қатынастар, өндіргіш күштердің деңгейін қоғамның басқа жүйелеріне базис, негіз болатын экономикалық жүйені құрайды. Мемлекеттік, қоғамдық институттар, қатынастар қондырма ролін атқарады. Базис пен қондырма бір – біріне әсер етеді. К.Маркс тарихи процестегі қайталанып отыратын заңдылықтарды анықтау мақсатында қоғамдық – экономикалық формация ұғымын ұсынды.

Маркс адамның дамып, қалыптасуында әлеуметтік орта мен мәдени факторлар маңызды роль атқаратындығына ерекше назар аударады.

К.Маркс, Ф.Энгельс идеяларын онан әрі В.И.Ленин, Г.В.Плеханов дамытты.

3. Позитивизм XIX ғасырда қалыптасты. Оның негізін француз ойшылы О.Конт қалаған. Оның пікірінше, ғылым өзінен жоғары тұратын философияны қажет етпейді, өйткені ол өз заңдылықтарына сүйене отырып дамиды. Сондықтан Конттың пікірінше, жаңа философияның міндеті – ғылымдар методологиясын жасау және олардың арасындағы байланысты анықтау.

Конт өзара тығыз байланыстағы екі заңды тұжырымдады: ақыл – ойдың дамуының үш кезеңі және ғылымдар классификациясының заңы. Бірінші жанның талабы бойынша, адамның ақыл – ойы өзінің дамуында үш сатыдан өтеді; біріншісінде адамдармен салыстыратын күшті анықтай отырып, құбылыстарды түсіндіреді, екіншісінде, абстрактілі мәндерге көңіл бөледі; үшіншісінде, құбылыстарды байқайды, олардың арасында тұрақты байланыс орнатады.

Классификация туралы заң ғылымдарды күрделігіне байланысты болу қажеттігін ұсынады: неорганикалық табиғаттағы жеке құбылыстарды зерттейтін талдау ғылымдары – физика, неорганикалық химия, жекелеген заттарды бүтіндік тұрғысынан зерттейтін синтетикалық ғылымдар – биология: әлеуметтік ғылымдар, олар әлеуметтік заңдарды ашуы тиіс.

 

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.