|
|||
Философия мәдениет жүйесінде2-лекция Философия мәдениет жүйесінде Философия және философ. Мағынаға және еркіндікке толысқан адамның өмірлік стратегиясьш қалыптастырудағы рухты көтеретін ақиқаттар мен идеалдардың маңыздылығы. Философия қатаң рационалдықтың идеалы ретінде. Философиялық ой кешу типтері. Философиялық бағыттар мен жүйелерlің көп түрлілігі. Философияның мәдени-тарихи сипаты. Философия формаларының этномәдени ерекшеліктері. Гректің әмбебап философы Аристотель шығармаларында «бірінші философия» деген сөз негізгі, іргелі ғылымның синонимі ретінде қолданылған. Философия тарих көшінің өне бойында әлем мен адам туралы ең күрделі сұрақтарға жауап іздейтін ғылым ретінде қарастырылды. Әрине, бұл жай ғана кездейсоқтық емес, өйткені философиялық ойлау бастапқы кезінен бастап – ақ адамзаттың танымдық тәжірибесін жинақтай отырып, адам, оның төңірегіндегі барлық күрделі мәселелерге жауап іздеуге тырысты. Сондықтан, көптеген философтардың кең өресі, жоғарғы эрудициясы мен ойлау мәдениеті болған. Философияның пайда болуының негізгі себебі – танымның жеке түрлерінің (математика, астрономия тағы басқалары) адам мен әлем туралы біртұтас – білім жүйесін жасай алмауы. Оның шығуына ертедегі қоғамда дін мен мифологияға қарама – қарсы рационалдық таным жүйесінің қажеттігін түсіну де әсер етті. Рационалдық таным аясында «Әлем дегеніміз не?», «Оның бастапқы негізі неде?», «Әлем шекті ме, шексіз бе?», «Адам дегеніміз не?», «Ақиқат дегеніміз не?» сынды сұрақтар қалыптасты. Философияның қалыптасуына антикалық қоғамда оны өзінің негізгі дүниетанымдық әрекеті ретінде таңдаған арнайы әлеуметтік топтың пісіп – жетілуі де ықпал етті. «Әлем дегеніміз не?» деген сауал – философияның негізгі сұрағы болып табылады. Ол адамның өзі мен қоршаған ортаға қарым – қатынасының жалпы, тұрақты, біртұтас негіздерін білуге тырысқан табиғи қажеттілігінен заңды туындайды. Философияның негізгі сұрағы – шын мәнінде әлемнің түпкі негіздері мен жүйелік құрылымы, ондағы адамның орны туралы сұрақ болып табылады. Бұл мәселе жалпы адам өмірінің бастауы, өйткені адам өзі ес жинап, дамып, қатая бастағаннан бері өзінің айналасына қарым – қатынасының мағынасын, мәнін білуге талпыныс жасады. Осы іргелі сұраққа жауап іздеу барысында екі философиялық ағым қалыптасты. В.И.Лениннің айтуы бойынша, философиялық материализм («Демокрит бағыты») мен философиялық идеализм («Платон бағыты»). Олардың көптеген тарихи формалары болды. Философия адамның әлем мен өзінің мәнін іздей бастаған уақытта – ақ қалыптаса бастайды. Сондықтан да, философия әлемнің – жалпы теориясы және ондағы адамды теорялық тұрғыдан пайымдау. Философияны тек әлем ғана қызықтырып қоймаған, ондағы адам, оның мәні, өмір сүру заңдылықтары да оның назарынан тыс қалмаған. Өйткені, адам осы әлемде өмірге келеді, оның аясында қуанады, қайғырады, таным процесінің дәмін татиды, өледі. Философия - өзінің мәні мен мағынасы тұрғысынан адами сипатқа ие болған ғылыми сала. Өйткені, ешбір басқа әлем мен таным формасы «Әлем - Адам» күрделі байланысының барлық байлығы мен мүмкіндігін жан – жақты ашып көрсете алмайды. Философия - әлем туралы және ондағы адамның орны туралы жалпы ілім. Ол адам мен әлем байланысын қарастыра отырып, әлемді танудың, оны өзгертудің жалпы заңдылықтарын зерттейді. Философияның пәні басқа ғылымдардан ерекше. Өйткені, философия дегеніміз - өте терең теориялық білім. Оның құрамында онтология, гносеология, даму теориясы, антропология, әлеуметтік философия сияқты өте күрделі салалар бар. Философияның даму тарихында одан эстетика, этика, психология, саясаттану жеке пәндер болып бөлініп шықты. Философия пәнінің ерекшелігінен философиялық білімдердің негізгі белгілері туындайды: - ол жалпы, теориялық сипаттағы білім; - басқа ғылымға негіз бола алатын іргелі ұғымдар мен идеяларды, ұстанымдарды біріктіретін білім; - жеке философтардың тұлғалық қасиеттерінің ықпалын бейнелейтін субъективті білім; - белгілі тарихи уақыттың объективті білімдері мен ұстанымдарының жиынтығы; - танымның нысанын ғана емес, тану тетігін де қарастырады; - ой тек нысанға ғана емес, өзіне де бағыттала алатындықтан, рефлексивті сипаты бар; - бұрынғы философтардың ұстанымына сүйенеді. Кез - келген пән қажетті ақпаратты бере отырып, әлемнің салыстырмалы әмбебап үлгісін көрсетеді. Ал философия ойлаудың болмысқа қатынасының түпкі тамырын, негіздерін зерттейтін болғандықтан, ол қоршаған ортада нақты ішкі жағынан біртұтас, жалпы көзқарасты қалыптастырады. Философия – жүйеленген дүниетаным. Тарихта әлеуметтік өмірді, дәстүрлі көзқарастарды, басты нанымдарды күрделі, түпкілікті өзгерістерге ұшырап отыратын ірі идеялық қозғалыстар кең көлемдегі діни – мистикалық, жаңарту ағымдары көп болған. Қазіргі уақытта мұндай процестердің кең орын алғандығы соншалық, оның ерекше қарқыны туралы атап айтуға тура келеді. Бұл философияның қоғамдық маңызын жоғарылатады, өйткені белгілі бір дүниетанымға негізделмеген қоғамдық белсенділік өте қауіпті. Жеке адамның еркімен дүниетанымның өзгертушілік күші іске асып, қоғамдық мақсаттың орындалуы мүмкін емес. Адам, оның еркіндігі мен көзқарасы қоғамдық дамудың қайнар көзі. Әлем бүгін үлкен әлеуметті, техникалық және мәдени өзгерістердің алдында тұр. Техника мүмкіндіктерінің тереңдеп, өмірдің барлық саласына еркін енуі үлкен өзгерістер әкелуде. Философия адам өмірінің мәні мен адам белсенділігінің мақсатын түсінуге көмектеседі. Әр адам өзі үшін қандай қиындықтар маңызды екенін өзі таңдайды. Дегенмен, көптеген рухани абсолюттер барлық адамдарға бірдей және ұқсас. Философия тарихында әр түрлі жағдайларда және орындарда көтерілген құндылықтар «теңдік», «еркіндік», «еңбек», «әділеттілік», «өмір сүйгіштік» т.б. жалпы адамзаттың рухани құндылықтары қатарына жатады. Адам әр уақытта заттар мен құбылыстардың түпкі мәніне бойлауға тырысады. Әсіресе, бұл балаларға тән қасиет. Өйткені, олар мынау не, неліктен деген сұрақты өте жиі қояды. Мысалы: неге жаңбыр жауады, қар түседі? Дүние күрделенген сайын философияның қоғамдағы маңызы арта береді, оның бірнеше себептері бар: - әлемнің ірі жетістіктері философиялық тұрғыдан түсіндіру мен бағалауды қажет етеді; - қазіргі өркениетте орын алып отырған діни өрлеу философияға, оның дүниетанымдық мүмкіндігіне тағы да көңіл аударып, оны кеңінен пайдалануға мүмкіндік ашуда. Өйткені, әр түрлі діни көзқарастар мен ізденістер өзара сұхбаттасып, ұшырасу процесінде бұрын онша мән беріле қоймаған тосын жағдайлар туғызып, философиялық талдауға кең өріс бере бастады; - антропологиялық өрлеу, яғни адамды, оның мәні мен табиғатын философиялық тұрғыдан анықтау алдыңғы қатарға шығып отырған маңызды мәселе. Философия қоғамда өте маңызды функцияларды орындайды. Олардыңғ негізгілері мыналар: - дүниетанымдық – адамның әлем туралы жалпы білімдерін қалыптастыруы; - онтологиялық – табиғи және әлеуметтік болмыстың негізгі принциптерін анықтауы; - гносеологиялық – қоғамның, адамның, табиғаттың іргелі заңдылықтарын тану процесін түсіндіруі; - методологиялық – адамның танымдық және практикалық іс - әрекетінің жалпы принциптері мен методтарын өңдеуі; - гуманистік – адамның азаматтығы мен қадір, қасиетін, еркіндігін мойындауды негіздеу; құндылықтың – моральдық – адамгершілік құндылықтарды жасауы және негіздеуі.
|
|||
|