|
|||
Кедейлiк шегiн анықтаудың тәртiбi туралыКедейлiк шегiн анықтаудың тәртiбi туралы Осы Тәртiп "Ең төменгi күнкөрiс деңгейi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзiрленген және кедейлiктiң шегiн анықтаудың тәртiбiн белгілейдi.
Негiзгi ережелер 1. Кедейлiктiң шегі - кiрiстiң адамның ең аз қажетiн қанағаттандыру үшiн қажеттi шегi. 2. Кедейлiктiң шегi ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына дейін кезең-кезеңмен арттыру қағидатын негізге ала отырып, ең төменгi күнкөрiс деңгейi негiзiнде белгiленедi және аз қамтамасыз етiлген адамдарға мемлекеттiк әлеуметтiк атаулы көмек көрсету кезiнде өлшем ретiнде пайдаланылады. Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.12.15. N 1249 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен. 3. Ең төменгi күнкөрiс деңгейiн есептеу үшiн ең қажеттi азық-түлiктiк емес тауарлар мен қызмет көрсетулерге арналған шығыстардың белгiленген үлесi ең төменгi тұтыну себетi құнының 40 процентi мөлшерiнде белгiленедi. Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.12.15. N 1249 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен. 4. Кедейлiк шегiнiң мөлшерiн Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi экономикалық мүмкiндiктерге қарай, тоқсан сайын ең төменгi күнкөрiс деңгейiнен проценттермен белгілейдi. 5. Кедейлiктiң шегiн жан басына шаққандағы ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң тоқсан сайынғы есептерi негiзiнде: республика бойынша -Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi; аймақтар бойынша - облыстардың, Астана және Алматы қалаларының еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органдары есептейдi. 6. Бұқаралық ақпарат құралдарында ең төменгi күнкөрiс деңгейi мен кедейлiктiң шегi туралы мәлiметтердi - тоқсан сайын, кедейлiктiң шегінен де төмен тұратын халықтың үлесi туралы - жыл сайын: Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi - орташа алғанда республика бойынша; облыстардың, Астана және Алматы қалаларының еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органдары - аймақтар бойынша жариялап тұрады.
|
|||
|