Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





АБАЙ ТРАГЕДИЯСЫНЫҢ ТҮП МӘНІ



АБАЙ ТРАГЕДИЯСЫНЫҢ ТҮП МӘНІ

 

Абайдың ұстанымы – қалыптасқан жағдайды сырттан бақылап, ақылгөйсіп, кемшіліктерді тізіп тере беретін, немқұ­райлы төрешілердің ұстанымы емес, тағ­дырын туған халқымен бірдей көретін, халқы үшін қиналып, күйінетін жанашыр жанның ұстанымы. Ақын өлеңдеріндегі, қарасөздеріндегі ащы, ашынған жанның назын білдіретін: «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей», «жүрегім менің қырық жамау», «мен ішпеген у бар ма?», «Ішім өлген, сыртым сау», «Қаны қара бір жанмын, жаны жара», немесе: Қазақты «жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ», «Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба… еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты… бір жүрген қуыс кеудемін» (Тоғызыншы сөз) деген сияқты жолдарды оқығанда Абайдың трагедиясы өзінің жеке басына да, сонымен бірге халқының қасіретіне де байланысты екен деп ойлайсың.

 

Батыста осы кезге дейін философияны ғылым деп, методология, логика, гносеология деп бағалайды. Сондай философия болғаны, болатыны, бар екені рас. Бірақ философияның төл қасиеті, негізгі міндеті (назначение) даналықты жүзеге асыру. Сократ үшін, Сократты пір тұтқан Абай үшін философия дегеніміз – ең алдымен даналық.

 

Қазақ философиясында, билердің, шешендердің, Асан Қайғының, Абайдың сөздерінде даналық бар ма, жоқ па? Оларды оқып білген адам үшін мұндай сұрақ қоюдың өзі артық. Қазақ философиясында, Абай сөздерінде таңғажайып даналық бар.

 

Қазақ ойлауындағы даналықтың кейбір үлгілерін келтірейін.

 

Майқы биде: «Естіге айтқан тура сөз, Шыңға тіккен тумен тең. Езге айтқан тура сөз, құмға сіңген сумен тең» деген тәмсіл бар. Тарқатып, талдап жатудың қажеті жоқ, өзінен өзі түсінікті. «Даналықты паш ететін ой қайдан шығады?» деген сұраққа ел аузындағы сөзге қарағанда қазақ данасы былай деп жауап беріпті:

 

«Аспанның астынан шығады.

 

Жердің үстінен шығады.

 

Өнерлінің ісінен шығады.

 

Ғалымның күшінен шығады.

 

Жақсының сөзінен шығады.

 

Тарихтың ізінен шығады.

 

Шешеннің тілінен шығады.

 

Әншінің үнінен шығады.

 

Жаманның көрген күнінен шығады.»

 

Осы сөздердің өзі даналықтың үлгісі болып табылады.

 

Даналықтың түйіні, нақты көрінісі – түсінік. Қазақ ойлауында мұндай құбылыс бар ма екен? Батысша ойласақ, ғылымы, ғылыми танымы болмаған көшпенді халықта түсінік болуы мүмкін емес, болса да тайыз болып шығады.

 

Классикалық философия, шынында да, түсінікті танымнан, ғылымнан шығады. Қазақ ойлауындағы, би-шешендер сөзіндегі, Абай сөздеріндегі таңқаларлық түсінік, жоғарыда айтқанымыздай, өмірден, тарихтан, адамдардың сөзінен, ісінен, қарым-қатынасынан пайда болған.

 

Атақты неміс философы М.Хайдеггердің айтқаны бар: «Ғылым ойламайды («Наука не мыслит»)», – деп. Ғылымда таным бар, бірақ түсінік жоқ. Түсініктің ғылымға қажеті де жоқ. Өйткені ғылымды қызықтыратын нәрсе – объект, әр алуан табиғат және қоғам құбылыстары. Бұларды танып-білудің өзі жеткілікті. Философияны қызықтыратын нәрсе – адам, ал адамды танып кою аз, түсіну керек.

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.