Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





параграф. Хирургиялық бейіндегі бөлімшелерді сүтіп-ұстауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар



4-тарау. Денсаулық сақтау объектілерінің үй-жайларын жарықтандыруға, желдетуге және ауасын баптауға, жылумен жабдықтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

23. Денсаулық сақтау объектілерінің үй-жайларында табиғи және жасанды жарықтандыру көзделеді.

Көкжиектің оңтүстік румбаларына бағдарланған терезелер күннен қорғау құрылғыларымен жабдықталады.

Пайдалану қағидаларында табиғи жарықтандыру талап етілмейтін үй-жайларда "екінші жарықпен" жарықтандыруға немесе тек жасанды жарықтандыруға жол беріледі.

24. Денсаулық сақтау объектілері үй-жайларын табиғи және жасанды жарықтандыру осы Санитариялық қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес параметрлермен айқындалады.

25. Денсаулық сақтау объектілерінің үй-жайларындағы микроклиматтың және ауа ортасының оңтайлы жағдайлары желдету, ауа баптау және жылыту жүйелерімен қамтамасыз етіледі. Сору-сыртқа тарту желдеткіш жүйелері тазалық сыныбына сәйкес үй-жайлар топтарына қызмет көрсетеді.

26. Ауысымына 150 және одан астам келушіге есептелген стационарлық және амбулаториялық-емханалық көмек көрсетілетін денсаулық сақтау объектілерінің ғимараттарын механикалық іске қосылатын сору-сыртқа тарту желдеткіш жүйелерімен жабдықтау керек.

Ауысымына 150 келушіден кем объектілер үшін асептикалық үй-жайларда бактерицидті сүзгілері бар ауаны баптау аспаптарын орнату көзделеді.

Инфекциялық, оның ішінде туберкулезге қарсы стационарларда (бөлімшелерде), әрбір бокс пен жартылай бокстың палаталы секцияларында гравитациялық іске қосылатын желдетудің жеке сыртқа тарту жүйесі орнатылады. Инфекциялық бөлімшелерде механикалық іске қосылатын сору-сыртқа тарту желдеткіші болмаған жағдайда әрбір бокс пен жартылай бокс адамдар болған кезде пайдалануға мүмкіндік беретін бактерицидті экрандалған сәулелегіштермен жарақтала отырып, табиғи желдеткішпен жабдықталады.

Операциялық үй-жайлардан басқа барлық үй-жайларда механикалық іске қосылатын сору-сыртқа тарту желдеткішінен басқа табиғи желдеткіш көзделеді.

27. Операциялық, наркоз беретін, босандыру бөлмесіне, реанимация, операциядан кейінгі палаталарға, қарқынды терапия палаталарына, тері күйігі бар науқастарға және иммунитет тапшылығы бар онкогематологиялық науқастарға арналған палаталарға берілетін ауа тазалау дәрежесі жоғары бактерицидті ауа сүзгілерінің көмегімен зарарсыздандырылады (кемінде 95%). Операциялық, қарқынды терапия, реанимация, босандыру палаталарында, емшара бөлмелерінде, зертханаларда, медициналық жабдықты пайдалану ауаға зиянды заттарды бөлумен қоса жүретін үй-жайларда жергілікті сорғы құрылғысы немесе сыртқа тарту шкафын орнату көзделеді.

28. Ауа алмасу жиілігі белгіленген тазалықты қамтамасыз ету есебіне және ауаның газ құрамын ұстап тұруға қарай таңдалады. Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 60%-дан аспайды, ауа қозғалысының жылдамдығы секундына 0,15 метрден аспайды.

29. Ауа өткізгіштер, торлар, желдеткіш камералары таза күйінде ұсталады, механикалық зақымдары, тотығу іздері, герметикалығының бұзылуы болмайды. Сору-сыртқа тарту желдеткішінің (ауа баптаудың) ауа өткізгіштерінің ішкі беті үй-жайға ауа өткізгіш материалының, қорғаныш жабынының бөлшектерін шығаруды болдырмайды және сіңіру қасиеттері жоқ материалдардан жасалады.

30. Желдеткіш жүйесінің жабдығы сыртқа тарту және сору жүйелері үшін бөлек, дәрігерлер кабинеттеріне, операциялық бөлімге, палаталарға және адамдар үнемі болатын үй-жайларға тігінен және көлденеңінен жалғаспайтын арнайы үй-жайларда орналастырылады.

31. Үй-жайларда бір рет ауа алмасуы бар сыртқа тарту желдеткіші, екі рет ауа алмасуы бар сору желдеткіші орнатылады.

32. Асептикалық үй-жайларда ауа өткізгіштерді, құбырларды, арматураны жасырын өткізу жүзеге асырылады.

33. Қуаты ауысымына 150 және одан астам келушіге стационарлық және амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау объектілерінде себезгілер, дәретханалар, санитариялық бөлмелер, лас киім-кешекке арналған, қалдықтарды уақытша сақтауға арналған үй-жайлар және дезинфекциялау құралдарына арналған қоймаларда ұйымдастырылған ағын құрылғысынсыз механикалық іске қосылатын сыртқа тарту желдеткіші жабдықталады.

34. Туберкулезге қарсы ұйымдарда (бөлімшелерде):

1) желдету жүйесі палаталарда сағатына кемінде алты еселік ауа алмасуды және аэрозоль құрайтын емшараларды орындауға арналған үй-жайларда (қақырық жинау бөлмесі, бронхоскопия) иіс тұрып қалған аймақтардың пайда болуын болдырмай, он екі еселік ауа алмасуды қамтамасыз етеді;

2) роторлық немесе пластиналық түрдегі рекуператорларды пайдалануға жол берілмейді;

3) қауіптілігі жоғары аймақтарға және 1-2-сыныптағы биологиялық қауіпсіздік шкафтарына қызмет көрсететін сыртқа тарту қондырғылары НЕРА-сүзгілерді немесе қарқындылығы жеткілікті бактерицидті ультракүлгін сәулелеуді қолдану арқылы ауаны зарарсыздандыруға арналған құрылғылармен жабдықталады;

4) қабатаралық желілерді бір тік коллектормен біріктіруге жол берілмейді;

5) ауаны беруге және шығаруға арналған жабдықтар қарама-қарсы қабырғаларда орналастырылады;

6) үй-жайлардың және шлюздердің барлық есіктері автоматты түрде жабылатын құрылғылармен, палаталардың және бокстардың есіктері (есіктің төменгі жағынан) ауа кіруі үшін желдеткіш торлармен жабдықталады;

7) көптеген дәрі-дәрмекке тұрақты микобактериясы бар науқастарға арналған бөлімшелердегі сыртқа тарту желдеткіші әрбір палатадан механикалық іске қосылатын және дефлектор қондырғысымен қосымша гравитациялық іске қосылатын болады. Осы бөлімшелердегі сору желдеткіші механикалық іске қосылатын және дәлізге ауа беру арқылы көзделеді;

8) баспалдақ алаңдары, лифт шахталары, көтергіштердің діңгектері сыртқа тарту басым бола отырып, автономды сору-сыртқа тарту желдеткішімен жабдықталады;

9) сору-сыртқа тарту желдеткішінің жүйесі тәулік бойы пайдаланылуы тиіс.

35. Желдету және ауа баптау жүйелерін профилактикалық тексеріп-қарау, жөндеу, тазалау және дезинфекциялау мекеменің бекітілген кестесіне сәйкес жүргізіледі.

36. Денсаулық сақтау объектілерінде басшысының бұйрығымен желдету және ауа баптау жүйелерін пайдалануға, желдеткіш жүйелерін жоспарлы-профилактикалық жөндеу кестесін орындауға жауапты адам тағайындалады.

37. Ауаны жылытып және баптай отырып, сору-сыртқа тарту желдеткішінің дербес жүйелері: бейненің жоғары сезімтал қабылдағышымен (фотозертханасыз) жұмыс істейтін денталдық аппараттар және пантомографтар және жұмыс жүктемесі аптасына 40 (мА *мин) аспайтын, бейнені цифрлы өңдейтін денталдық аппараттар бар стоматологиялық емханалардан басқа операциялық блоктар, реанимация залдары мен қарқынды терапия палаталары (септикалық және асептикалық бөлімшелер үшін бөлек), босандыру залдары (босандыру палаталары), жаңа туған нәрестелер палаталары, онкогематологиялық, диализдік, күйік бөлімшелері, таңып-байлау бөлмелері, жекелеген палаталық секциялар, қақырық алу бөлмелері, бактериологиялық зертханалар, эндоскопия, рентген кабинеттері үшін көзделеді.

38. Ауаны баптау операциялық, наркоз, босандыру, операциядан кейінгі палаталарда, қарқынды терапия палаталарында, онкогематологиялық науқастар, жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы бар, тері күйігі бар науқастар палаталарында, реанимация, жаңа туған нәрестелерге, емшектегі сәбилерге, шала туған балаларға, жарақат алған балаларға арналған палаталарда көзделеді. Кювездермен толық жабдықталған палаталарда ауаны баптау көзделмейді.

39. Денсаулық сақтау объектілері орталықтандырылған жылыту жүйесімен жабдықталады. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау көзі болмаған жағдайда сұйық, қатты және газ тәрізді отынмен жұмыс істейтін автономды қазандық көзделеді.

40. Селолық елді мекендерде бір қабатты ғимараттарда пешпен жылыту құрылғысына жол беріледі. От жағу жеке есігі бар оқшауланған үй-жайда жүргізіледі.

41. Босандыру палатасында ауаның температурасы кемінде +25 0С болады. Мерзімінен бұрын босану кезінде босандыру залындағы ауаның температурасы кемінде +28 0С қамтамасыз етіледі.

42. Шала туған балаларға арналған палатада ауаның температурасы +25 0С – +28 0С қамтамасыз етіледі.

43. Денсаулық сақтау объектілерінің үй-жайларындағы, оның ішінде күндізгі стационардағы температура, ауа алмасу жиілігі, тазалығы бойынша санаты осы Санитариялық қағидаларға 2-қосымшада белгіленген параметрлермен айқындалады.

5-тарау. Денсаулық сақтау объектілерінің үй-жайларын жөндеуге, күтіп-ұстауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

44. Күрделі жөндеу жүргізу кезеңінде денсаулық сақтау объектілері үй-жайларының жұмыс істеуі тоқтатылады.

45. Жұмыс істеп тұрған үй-жайлардың жөнделіп жатқан үй-жайлардан сенімді оқшаулауы қамтамасыз етілген жағдайда ағындамы жөндеуді жүргізуге жол беріледі.

46. Ағымдағы ақауларды жою дереу жүргізіледі.

47. Ағымдағы ылғалды дезинфекция жасалатын, ылғалды жұмыс режимі бар денсаулық сақтау объектілерінің үй-жайларында (операциялық, таңып-байлау, босандыру, операция алды, наркоз беретін, емшара, манипуляциялық, егу кабинеттері, микобактериялары көптеген дәрілерге төзімді туберкулезбен ауыратын науқастарға арналған стационардың үй-жайлары, қақырық жинау бөлмесі, сондай-ақ ванна, себезгі бөлмелері, санитариялық тораптар, клизма жасайтын, лас киім-кешекті сақтауға және сұрыптауға арналған үй-жайлар, хирургиялық бейіндегі үй-жайлар) ішкі әрлеу үшін ылғалға төзімді материал пайдаланылады.

48. Инфекциялық және туберкулезге қарсы бөлімшелерде аспалы төбелер қолданылмайды.

49. Ана мен баланы қорғау ұйымдарында, хирургиялық және инфекциялық стационарларда әрбір бөлімшеге кіреберісте қолды өңдеу үшін антисептик бар шынтақ дозаторлары орнатылады.

50. Денсаулық сақтау объектілерінің жиһазы, жабдығы, кіші механизация құралдары және жинау мүкәммалы жуу құралдарына және дезинфекциялау құралдарына төзімді материалдардан қолданылады.

51. Денсаулық сақтау объектілерінде:

1) істен шыққан кіші механизация құралдарын, жабдықтарды, құрылғыларды пайдалануға;

2) газ беру жүйесінің герметикалығы бұзылған наркоз беру, тыныс алу аппараттарын пайдалануға жол берілмейді.

52. Үй-жайларды ылғалды жинау (еденді, жиһазды, жабдықты, терезе алдын, есіктерді) Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген жуу және дезинфекциялау құралдарын пайдалана отырып, тәулігіне кемінде екі рет, операциялық бөлмелерде операциялар арасында жүргізіледі.

53. Жинау мүкәммалы (шелектер, легендер, шүберектер, швабралар) үй-жайлар мен жинау жұмыстарының түрлері көрсетіле отырып таңбаланады, қатаң түрде тағайындалуы бойынша пайдаланылады және қолданғаннан кейін дезинфекцияланады.

Санитариялық бөлмелер жинау мүкаммалын кептіруге арналған конструкциялармен жабдықталады. Қуаты ауысымына 25 келушіден аспайтын амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау объектілерінде жинау мүкаммалын сақтауға арналған сөрелері болған кезде санитариялық тораптарда және қосалқы үй-жайларда сақтауға жол беріледі.

Эпидемиологиялық және дезинфекциялық режимдерді сақтай отырып, үй-жайларды тазалау кезінде жаңа технологияларды қолдануға жол беріледі.

54. Денсаулық сақтау объектілерінің үй-жайларын күрделі жинау:

1) операциялық, кіші операциялық блоктарда, ОСБ-де, стерильдеу, босандыру залында, босандыру палаталарында, таңып-байлау, манипуляциялық, тексеріп-қарау, егу, емшара, стоматологиялық кабинеттерде, хирургиялық бейіндегі кабинеттерде, сүт бөлмесі үй-жайларында күнтізбелік жеті күнде бір реттен сиретпей;

2) күйік алған пациенттерге арналған палаталарда, инфекциялық аурулармен, іріңді-септикалық инфекциялармен, туберкулезбен ауыратын пациенттерге арналған палаталарда, асептикалық палаталарда пациенттерді бір мезгілде шығарғаннан кейін, сондай-ақ науқас қайтқан кезде жүргізіледі;

3) денсаулық сақтау объектілерінің басқа үй-жайларында айына бір реттен сиретпей жүргізіледі.

55. Денсаулық сақтау объектілерінің үй-жайларына күрделі жинау жүргізу кезінде мына талаптарды сақтау қажет:

1) жұмыскерлер арнайы бөлінген санитариялық киімді пайдаланады және жеке қорғаныш құралдарын (бұдан әрі – ЖҚҚ) пайдаланады;

2) жинау бір рет қолданылатын сулықты немесе көп рет қолданылатын дезинфекцияланған шүберекті пайдаланыла отырып жүргізіледі;

3) үстіңгі беттерді ылғалды жинау жуу құралдары ертінділерімен мынадай тізбекпен жүргізіледі: төбе, терезелер мен терезенің алды, қабырғалар мен есіктер – жоғарыдан төмен қарай, жабдық, еден – төр жақтағы қабырғадан есікке қарай, дәретхана соңғы кезекте жиналады;

4) қолданылған жуу құралдарын шаю бір рет қолданылатын сулықты немесе көп рет қолданылатын дезинфекцияланған шүберекті пайдалана отырып сумен жүзеге асырылады;

5) қабырғаларды, терезенің алдын, еденді, жабдықтарды, жиһаздарды дезинфекциялау оларды қолдану жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес химиялық дезинфекциялау құралдарымен жүргізіледі;

6) санитариялық киімді және қорғаныш қолғаптарын тазасына ауыстыруды жұмыскерлер қолданылған химиялық дезинфекциялау құралдарын шаю кезеңінің алдында жүргізеді;

7) химиялық дезинфекциялау құралдарын шаю шүберекті пайдалана отырып сумен жүргізіледі. Егер дезинфекциялау қолданылғаннан кейін шаю рәсімін талап етпейтін химиялық дезинфекциялау құралдарымен жүргізілетін болса, шаюды жүргізбеуге болады;

8) үй-жайларды күрделі жинау жүргізілгеннен кейін жинау мүкаммалын дезинфекциялау, тазалау және кептіру жүргізіледі;

9) жинау аяқталғаннан кейін нұсқаулыққа сәйкес есепті уақытқа бактерицидті сәулелегіштер қосылады.

56. Таңып-байлау, босандыру залдарында, реанимация палаталарында, жаңа туған, шала туған нәрестелер мен бір жасқа дейінгі балалар палаталарында, емшара, егу, стоматологиялық кабинеттерде, инфекциялық бокстарда, асептикалық режимді үй-жайларда әрбір ағымдағы жинаудан кейін операциялық үй-жайды қоспағанда, кейіннен үй-жайды желдете отырып, бактерицидті сәулелегіштер қосылады. Кварцтеудің есепті уақыты жабдықты пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес айқындалады.

57. Экрандалмаған жылжымалы бактерицидті сәулелендіргіштер үй-жайдың бір текше метріне қуаты 2,0-2,5 ватт есебінен орнатылады.

58. Туберкулезге қарсы стационарларда және медициналық-санитариялық алғашқы көмек желісі ұйымдарында экрандалған бактерицидті сәулелендіргіштер қолданылады және желдету жеткіліксіз, ауа-тамшы инфекцияларының көздері шоғырланатын жерлерде (дәліздер, аэрозолдың артық бөлінуімен сүйемелденетін емшара бөлмелері, патоморфологиялық зертханалардың секциялық залдары, хирургиялық операцияларға арналған операция залдары және тағы да сол сияқты үй-жайлар) адамдар болғанда үздіксіз пайдаланылады.

Экрандалған бактерицидті сәулелендіргіштер үй-жайдағы адамдарға сәуленің бағытталмауы жағдайында еден бойынша қуаты 20 шаршы метрге 30 Ватт болатын бір шам есебінен және еденнен кемінде 2,20 метр биіктікте орнатылады. Бұл ретте үй-жайдың жоғары бөлігіндегі шамнан 1 метр қашықтықта ультракүлгін сәулелену деңгейі 100-300 микроВатт/шаршы см. шегінде болуы және адамдар көп келетін аймақта 0,2 микроВатт /шаршы см.-ден аспауы тиіс.

59. Ауаны зарарсыздандыру үшін басқа қондырғылар қолданылған кезде есептеу пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүргізіледі.

Ашық бактерицидті сәулелендіргіштің жұмысы қазақ және орыс тілдеріндегі "Кіруге болмайды, бактерицидті сәулелендіргіш қосылып тұр!" деген табломен сүйемелденеді.

60. Денсаулық сақтау объектілерінде киім-кешек режиміне мынадай талаптар қойылады:

1) объектілер төсек-орын жабдықтарымен, жаялықтармен, орамалдармен қамтамасыз етіледі;

2) операциялық, босандыру залдарында, асептикалық режимдегі үй-жайларда стерильді немесе бір рет қолданылатын киім-кешек пайдаланылады;

3) науқастардың киім-кешегін ауыстыру күнтізбелік жеті күнде бір рет және ластануына қарай жүргізіледі;

4) босанатын әйелдердің төсек-орын жабдығын ауыстыру әрбір үш күн сайын және ластануына қарай жүргізіледі;

5) стационарлардың қабылдау бөлімшелерінде науқастардың сыртқы киімдерін уақытша сақтауға арналған үй-жай бөлінеді.

61. Пайдаланылған киім-кешекті жинау тығыз арнайы ыдыста (клеенка, полиэтилен қаптар, жабдықталған киім-кешекке арналған арбалар) жүзеге асырылады. Бөлімшелерде лас киім-кешектерді сұрыптауға жол берілмейді.

Бөлімшелерде лас киім-кешектерді уақытша сақтау (он екі сағаттан асырмай) санитариялық бөлмелерде, осы мақсат үшін арнайы бөлінген үй-жайларда жууға және дезинфекциялауға жеңіл (металл, пластмасса бөшкелер) жабық ыдыста жүзеге асырылады. Лас киім-кешектермен жұмыс істеу үшін персонал ауыстырылатын санитариялық киіммен қамтамасыз етіледі.

62. Инфекциялық, іріңді хирургиялық және патологиялық-анатомиялық бөлімшелердің киім-кешектері жуу алдында дезинфекцияланады.

63. Киім-кешектің ауруханадан тыс киім-кешекпен жанасу мүмкіндігін болдырмайтын арнайы технологиялық желілер бөлінген жағдайда, барлық меншік нысанындағы кір жуу орындарында киім-кешекті жууға жол беріледі.

Перзентханалар, балалар, инфекциялық және мамандандырылған ауруханалар жанынан дербес кір жуу орындарының болуы міндетті.

64. Қуаты ауысымына 100 келушіден аспайтын амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау объектілерінде жуатын автомат машинасын орната отырып, құрамында кемінде екі көршілес үй-жай (біреуі – жинау және жууға арналған, екіншісі – кептіруге және үтіктеуге арналған) бар шағын кір жуу орнының болуына жол беріледі.

Қуаты ауысымына 25 келушіден аспайтын амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау объектілерінде жинауды, жууды, кептіруді және үтіктеуді қосалқы үй-жайларда біріктіруге жол беріледі.

65. Стационарларда дезинфекциялау бөлімшесі көзделеді (құрамы мен алаңы стационардың қуатымен белгіленеді). Меншікті дезинфекциялау бөлімшесі болмаған жағдайда төсек жабдықтарын дезинфекциялау дезинфекциялау камералары бар ұйымдарда жүргізіледі.

66. Денсаулық сақтау объектілеріндегі төсек-орын жабдықтары (матрастар, жастықтар, көрпелер) мынадай жағдайларда:

1) науқас хирургиялық, травматологиялық, онкологиялық, гематологиялық, күйік бөлімшелерінен, жүкті және босанатын әйелдерге арналған бөлімшелерден, балаларға арналған бөлімшелерден, инфекциялық, туберкулезге қарсы, дерматологиялық-венерологиялық бөлімшелерден шығарылғаннан немесе ауыстырылғаннан кейін;

2) эпидемиялық көрсетімдер бойынша;

3) төсек-орындар жабдықтары биоматериалмен ластанған кезде;

4) науқас қайтыс болғаннан кейін камералық дезинфекциялау әдісімен зарарсыздандыруға жатады.

Толық тігілген гигиеналық тыспен қапталған матрастар мен жастықтар олардың тыстарын химиялық дезинфекциялау құралдарымен сүрту немесе оларды себу арқылы зарарсыздандырылады.

67. Таза және лас киім-кешекті тасымалдау қаптамаланған түрде ("таза", "лас" киім-кешек) таңбаланған жабық ыдыста жүзеге асырылады.

Таза киім-кешек арнайы бөлінген үй-жайларда стеллаждарда, шкафтардағы сөрелерде сақталады.

1-параграф. Хирургиялық бейіндегі бөлімшелерді сүтіп-ұстауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

68. Операциялық блокта (бөлімшеде) мынадай аймақтар көзделеді:

1) "стерильді" (операция жасайтын және ассистент болатын хирургтер, операциялық мейіргер);

2) "таза" (анестезиологтар, кіші және техникалық персонал, науқасты, таза киім-кешекті, дәрі-дәрмектерді жеткізу);

3) "лас" (медициналық қалдықтарды, пайдаланылған киім-кешекті, таңып-байлау материалын шығару).

Шағын операциялық үй-жайда мына аймақтар көзделеді:

1) санөткізгіш арқылы "стерильді" (операция жасайтын және ассистент болатын хирургтер, анестезиологтар, операциялық мейіргер, таза стерильді киім-кешек);

2) "таза" (кіші және техникалық персонал, науқасты, дәрі-дәрмектерді жеткізу).

Операция аяқталғаннан кейін медициналық қалдықтарды, пайдаланылған киім-кешекті шлюз арқылы жоюға жол беріледі.

69. Хирургиялық бөлімшелерде кемінде 2 таңып-байлау бөлмесіне жол беріледі. Ірің бөлінетін пациенттерді таңып-байлау септикалық таңып-байлау бөлмесінде, ол болмаған кезде ірің бөлінбейтін пациенттерді таңып-байлағаннан кейін асептикалық таңып-байлау бөлмесінде жүргізіледі.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.