|
|||
ББК 84 Қаз 7-44 36 страница– Өздерін ұстап әкеліп көрер ме еді, түрлері кандай екен? – деді Дүйсен деген сушы жігіт. – Көргің келсе, көрерсің, мә... повесткаң. – Қамбар созған бір жапырақ қағазды қолы қалтырай алған Дүйсеннің өңі бір сазарды, бір қызарды, бойында аздап қорқыныш бар секілді, осы толқыған сезімін басқысы келді ме: – Несі бар, қолыма мылтық берсе болды қоғадай жапырам. – Мынау Ермектің повесткасы. Ол қайда өзі? – Жол қарап кеткен. – Біреуің кешке табыс етерсіңдер. Ал мынау маған... – Мынау саған, Байғабыл... мынау біреу – Қазтайдыкі. – Ол да жоқ, – деген дауыс шықты. – Бағана Ақшидегі әйелінің төркініне бала-шағасын ертіп қонаққа кеткен. – Тез шақырту керек, уақыт аз қалды. – Маған ше? – деді Бати гүр етіп. – Бәке, бұл тізімде әлі сіз жоқсыз. – Баласы жас, өсірсін деген ғой, – деп Төленді қағытып қалып еді. – Суырдың айғырындай аңқиттамай жәйіңе отыршы, – деп Бати алара қарап тыйып тастады. Осымен «шүлен» үлестіру аяқталды. Повестка алған жігіттер қазірден бастап боссыңдар, жолға дайындалыңдар, – деп Қамбар жиналыстың біткенін білдірді. Орнынан белі кеткендей самарқау тұрған Төленді. – Не дайындалатыны бар, қыз айттырғалы бара жатқан жоқпыз, – деді тыржыңдап. – Апыр-ау, Төленді-ау, сен бұл шақыруда жоқсың дедік қой. Несіне арамтер боласың. – Келесісінен қалдырар дейсің бе. Бармай қалса ғой атып тастайды, ә, – деп артына қарады. – Отан қорғаудан есі бар кісі қашар ма екен? – деді Дархан. – Өзің жоқ болған соң мығымсып тұрсың-ау. Жау Құланды- ны шапса бір сәрі. Сонау өзіміз көріп-білмеген жердің жыр- тысын жыртып... құрысыншы бәрі де, – деп қолын бір сілтеді де елден бұрын шыға жөнелді. – Тағы бір Оспан табылды, – деді Дархан басын шайқап. Жігіттер алды-алдына тарап, екеуден-екеу қалған соң: – Жүр, бажа, біздің үйге барайық, – деді Қамбар қамданып. Бұлар келгенде Дүрия жайраңдап қарсы алды, ойында еш нәрсе жоқ. Тегі күйеуінің соғысқа аттанарын естімеген секілді. Шайын әзірлеп тосып отыр екен. – Түу, осыншама кешіккендерің не? Дені-қарның сау ма, Дархан? Саяқсып есік ашқанды қойдың ғой. Ақшидегі жұрағаттар бір асым ет беріп жіберген екен, қуырдақ қуырып қойдым, мақтап жүреді екенсің. Екі кештің арасында бұл не жиналыс? – деп самбырлай сөйлеп, қолды-аяққа тұрмай безектеп жүр. Шынында Дархан көптен бері келмеп еді, біраз өзгерістер бар екен. Шағын бөлмені қуыршақтай етіп жинап қойған – мұнтаздай таза, шашылып ыбырсып жатқан артық- ауыс зат жоқ, ұядай. Тумысынан пысық Дүрия бүгінде, ойдан орап, қырдан қырып жоқ нәрсені тауып әкелетін сартылдаған әйел болған. Қажып-қайғыруды, жоқтан-өзгені уайымдап жан тоздыруды білмейтін бейқам әрі қылымсуы жоқ, кімге болсын бетің-жүзің демей ойындағысын айтып салатын өжет. Бір әке, бір шешеден туған егіз қыз: Гүлия мен Дүрияның арасындағы осы жер мен көктей айырмашылық, әсіресе, Дарханды қайран қалдыратын. Оның көз алдына Ақжайлауда шашын өріп бұлақ басында тұрған қос қыз елестеді. Аққудың көгілдіріндей әдемі еді; киімдері, мінез-қылықтары қандай еді... Иә, адам өзгермейді деген өтірік. Ол да бір тәтті де әдемі қимас күндер екен-ау... – Не ойлап кеттің, Дархан? Шайға кел, – деген Дүрияның саңқылдаған үні селк еткізді. «Иә, дауысы да өзгеріпті, егер Гүлия тірі болса ол да осылай өзгеріп, бөтен тартар ма еді». – Сонымен, начальник жолдас, не мәселе қарадыңдар? – деді ашық ажармен Дарханға шай ұсынған Дүрия. Құр шайды сораптап отырған Қамбар үндеген жоқ, ол ләм демеген соң Дархан да талап бірдірмеді. – Кісі өлтіргендей түнермей, бірдеңе айтсаңдаршы, – Дүрия өкпелеп қалды. Қызық, дидары әп-сәтте өңін алдырды. – Өлтірмесек – өлтіреміз, – деген Қамбар самарқау қалпы- мен омырау қалтасынан шақыру қағазын алып әйеліне ұсын- ды. – Жау шапты. Қағазды қолына алған Дүрия тез-тез оқи бастады. Үнемі қаны тамып тұратын қос беті боп-боз. Самаурынның шүмегі қайта бұралмай ыстық су сарылдап ағып тұр еді. Дархан ұмтылып барып бекітіп тастады. – Сенікі қайда?! – деді Дарханга жалт қарап. – Маған келген жоқ. – Не деген сормаңдай едім... – Ботадай боздап жылаған күйі тәртіппен жиналып, үстіне шілтері жабылған төсекке етпетінен құлады: – Құдайым-ай, енді қайттім! Енді қайда барып күн көрем, не незет, всю жизнь не мезет? – деп Семейден үйренген орысшасын да араластыра жастықты жұмарлап еңіреді. – Жә, жетті! Ботырама! Тірі отырмын ғой, – деп Қамбар еркектік жасап еді, оның жекігенін әйелі құлағына да ілмей, айғайын үдетіп өрши түскен. – Сенің ендігі тірлігіңнен не пайда. Көрерсің әлі, қаңғыған оқ ең әуелі саған тиеді. – Қой, олай айтпа, Дүрия. Ақылың бар еді ғой, – деп Дархан басу айтты. Іштей тіксініп те қалған. – Ылғи сен аман қаласың. Басыңа неше рет ажал төнді, бірақ сен тірісің! Міне, тағы да повестқа келмеген. – Доғар былшылды! – деп Қамбар тұра атылып еді, Дархан жібермей ұстап қалды. Іргеде жатқан қамшымен сырмақты бүрк еткізіп салып қалып, келесі жамбасына аунай қисайды. Үн-түнсіз орнынан тұрған Дархан түсі өрт сөндіргендей түтігіп, үйден шығып кетті. Мың-миллион құмырсқа миын талап жеп көзінің алды жыбырлай бастады. Жан-жағына жалтақтамастан, артына қайырылып бұрылмастан, тура темір жол бойына тартты. Ондағы ойы – кез келген поезға жабысып ауданға бару, ауданға барып Қамбардың орнына соғысқа жібер деп өтіну, осылайша мынау Құландыдан қашу, өсек- аяң, көрер көзден мүлдем құтылу, біржола құру. «Ылғи сен тірі қаласың» деген Дүрияның сөзі оның санасында баттиып тұрып мәңгіге өшпей жазылды, жаудың оғынан бетер жанын тағы да жаралады. «Рас, – деді көкірегі қарс айрыла, – рас сөз. Білмей, қапылыста айтқан жоқ. Өлмейін деп жүр ме, өле алмай жүр ғой жазған. Соған жазықты ма, бәрі де маңдайдағы жазуға байланысты. Алланың алғысы келмесе қайтеді енді. Тек қорқақтар немесе шалығы бар аурулар ғана өзін-өзі өлтіреді. Тәңірім-ау, жер басып жүргенімді көп көрген екі сөз естідім. Біріншісін – Төленді айтты. Оныкі жөн делік. Дүрияға не жоқ... әлде әйелдік долылықпен аңдаусызда айтып қалған шығар, – деп және тоқтамға келді. Станция бойынша кезекшіден ендігі поезды қашан келеді деп сұрауға бұрылды да, ол ойынан айныды. Темір жолдың үстіне шоқайып отырған күйі жыпылықтай тоса берді. Саналап қараса, талай апаттан аман қалған екен-ау. Ертістің үстіне көпір салып жүргендегі жарылыс – бір; Оспанның оғы бұған дарымай әйеліне тиді – екі; қардың астында қалып оңбай үсіді – үш... Міне төртіншісі – осы оқыс оқиғалардың арасындағы ұсақ- түйек апаттар қаншама. «Құзғындай ұзақ жасап, тасбақаша жорғалап жүре берсін», деп жазып берген шығар пешенеме». Стрелочник жігіт әлі үйленбеген уыздай жас еді. Дарханның жанына келіп: – Қайда барайын деп отырсыз, аға? – деп сұрады. – Аякөзге. – Жәй ме? – Әскерге ал деп өтініш білдірмекпін. – Қызық екен, – деп күлді жас жігіт. – Жұрт бармаудың амалын іздеп жанталасып жатса... – Ондай адам тылда қалып та жарытпас, – деді Дархан. Бала мұрты тебіндеп, жаңа шыға бастаған бозбаланың бетіне сынай қарады. – Осы сенің жасың нешеде? – Он жетідемін, аға. – Ым, – деп ойланып қалды. – Саған ертерек екен. – Әкең соғыстан өлердей қорқады, бағана ат-тонын ала қашты. Әйтеуір суішкілігі бар екен, осы жолғы шақырудан аман. – Білемін, – деді бозбала мұңайып. – Әкемнің ондайы бар... – Төлендінің шатақ мінезін көрмеп едім бұрын, талай рельсті бірге төсеп едік. – Адамның мінезін ұғып біле ме, – деді жас жігіт. «Төленнен осындай жақсы ұл туар деп кім ойлаған». – Сен ше, сен қорықпайсың ба соғыстан? – Қорыққанмен жан қала ма, аға, не ол өлтіреді, не мен өлтіремін. Қырық жылғы қырғында тек ажалды өледі деген сөз бар. Кім біледі... – Рас айтасың, інішек, қырық жылғы қырғында тек ажалды өледі. – Жас жігіттің зерделілігіне қатты риза болды. «Ақылды ұрпақтарымыз бар екен-ау», – деді ішінен өзінің бағанадан бері қинап, «неге ажал алмайды?» деген сұрағына жауап тапқандай серпіліп қалды. Гүлияның жаны тірі болып, аман-есен босанса, өзінің де баласы осылайша ержетіп, ел намысын қуар еді-ау. Қазір тура он екі жасқа толып бұлтылдатып, жанына ертіп жүрер еді-ау. Мұрат қандай еді... Айтып-айтпай не керек, алды- артын түгел жалмап, қу басы отыр. «Иә, бақсының моласындай жалғыздықтан қорқынышты не бар бұл жалғанда». – Поезд көрінді, мен жұмысыма барайын, аға. – Бара ғой, бар. Жезлаңды дайындай бер. Сен рұқсат етпесең бірде-бір паровоз орнынан қозғала алмайды, – деп үш ұмтылып әрең тұрды. Тізесі ұйып қалған екен, шымырлап аяғын бастырмады. Желдей есіп салдыр-күлдір келе жатқан «товарняк» екен, вагондары бірін-бірі түйгіштеп тоқтады. Су құйып алуға біраз уақыт кетті, араға бір сағат уақыт салып әрең дегенде қозғалды-ау. Жабық вагондардың ішінде не бары белгісіз, ал жайдағының үсті толған мал – төрт түліктің бәрі бар, азан-қазан шулап жер-көкті басына көтереді. Кейбір қорапқа ағаш тиелген. Осы сеңдей соғылысқан вагонның біріне жабысқан Дархан қолына қалақшасын ұстап күле қарап тұрған стрелочник жігіттің жанынан өте бере қол бұлғады. Таңдап кірген вагонның ішінде теңките қаптаған ұн тай- тай болып үйіліп жатыр. «Осының бәрін майданға жөнелтіп жатыр-ау». Поезд өз әлінше зулап келеді. Қораптың жабығынан далаға қарады. Ши басып, көгіс тартқан дала зымырап артқа қарай қашып барады. Аякөз онша алыс емес, көп дегенде бір сағаттық жол. Жақындаған сайын алжасылданған жота, қыраттар таз-тақырланып, топырағы сарғайыңқы жүдеу жер ұшыраса бастады. Аякөз станциясына келіп түскенде үсті-басы аппақ үн, диірменшінің пошымына енген. – Қал қалай, батыр? – деп машинист қораптың есігін ашты. – Ұнның қаншасын жедің? – Бір-бірлеп жолға тастап отырдым. Қайтарда жинап аламын. – Қыңыр сөйлемесең қазақ болармысың, – деп күліп вагон- қораптың есігін сарт еткізіп бекітіп тастады, – жүр вокзалға барып шай ішелік. – Рахмет, асығыс шаруам бар. Райкомға баруым керек. – Қайда? – деп қайта сұрады машинист. – Рай-ком-ға. – Мына түріңді райкомдағылар көрсе, көрден кебінін сүйретіп шыққан аруақ шығар деп, жүректері жарылып өлер. Жақсылап қағынып, тазаланып бар, ойбай. Ал мен сусындауға кеттім. Қош бол! – Жолың болсын. Киімін әбден тазартып, құдықтағы суға беті-қолын жуған соң да көше қыдырып біраз жүрді. Қазір түс мезгілі, кеңседе ешкім жоқ болуы мүмкін. Аякөз үлкен станция. Ауданның орталығы. Құландымен салыстырғанда қала сияқты. Дегенмен, орталықта жаңадан кірпіштен салына бастаған мекеме үйлері болмаса, айналаның барлығы жер-жатаған қотыр тамдар, сықпыты қожалақтанып көзге сұрқай көрінеді. Әр үйдің ауласына кертіп-кертіп керіскендей қылып тезек, қи жинап қойған. Күннің ыстығы мұнда тіпті қатты біліне түседі екен. Пысылдап терлей берген соң мешпетін шешіп, білегіне асып алды. Көшеде халық онша көп емес, күннен қорғалай ма, әлде түскі тамақтарына жаңа ғана бас қойды ма, әйтеуір саябыр. Басы ауған жаққа қаңғи беруден жалыққан Дархан аяңдап райком орналасқан үйге келді. Сыртта бекер жүріпті, іші толған адам, ілгері-кейін жосиды. Аякөз аудандық партия комитетінің хатшысын бұрыннан- ақ танушы еді. Ауылдарына сан рет келген былғары киімді жігіт. Сондықтан да еркін басып кіріп еді, есік көзінде отырған хатшы қыз шәңкілдеп жібермеді. – Ол кісі бос емес. – Мен танушы едім... – деді Дархан сасқанынан. – Танысаңыз қайтейін, ол кісінің бұл ауданда білмейтін адам бар ма. Осы кезде есік ашылып ішінен топ-тобымен әскери киімді жігіттер шықты. Орыс-қазағы аралас. – Аты-жөніңізді айтыңыз, ескертіп шығайын. – Е, сөйтші айналайын. Құланды станциясынан Дархан Таңатаров келіп тұр де. – Кіріңіз, – деді іле оралған қыз. – Секретарь жолдас сізді күтіп отыр. Былғары киімді жігіт ұп-ұзын бөлменің қақ төрінде отыр екен, орнынан ұша түрегеліп Дарханға қарсы жүрді. Қос қолын бірдей ұсынып, күле амандасты. – Қаранар-ау, қайдан жүрсің, бір Құдай жетелеп, бір Құдай айдаса да Құландыдан ұзап аттап баспаушы едің. – Бұл дүниеде бар екенімді көрсетейін деп шықтым інімнен. Иә, өзің есен-саумысың. Өсіпсің. Орның құтты болсын. –Орынның құтты, құтсыз болуы өздеріңе байланысты ғой, – деп Дарханның арқасынан өзімсіне қағып стол алдында көлденең тұрған жұмсақ орындыққа отырғызды. – Еліңізде не жаңалық бар? – деді темекісін тұтатып. Дарханға да ұсынып еді ол «тартпаймын» деп басын шайқады. – Дұрыс істейсің. Біз бір үйренген соң қоя алмай жүрміз. – Елде не жаңалық болушы еді, бұл күнде жұрттың аузында жалғыз-ақ ауыз сөз. – Иә, – деп ойлана аузындағы түтінді үрледі. – Есімізді енді жия бергенде жау шапты. Барлық күшті майданға жұ- мылдырудамыз. Тылды да күшейту керек. Құландыдан әскер қатарына шақырылған азаматтар бар шығар. – Жігіттердід алды ертең, бүрсігүні аттанбақ, ол тізімнің ішінде менің... – деп сөзін аяқтағанша қара телефон шылдырлады. – Кешір, бір минутқа, – деген секретарь телефон трубкасын қолына алды. – Ало, тыңдап тұрмын. – Ар жағындағы адаммен қысқа ғана есен-саулық сұрасқан соң, ауданның қазіргі жағдайын мәлімдей бастады. – Халымыз жаман емес, Александр Александрович... енді аянар жер қалған жоқ. Иә-иә, аттанып жатыр, егіннің шығымы биыл жаман емес, төл басы да аман... Түркісібтен дейсіз бе, поезд атылып тоқтаусыз жүруде. Мұнда... Менің бөлмемде Қаранар досыңыз отыр, жақсы, жақсы, айтайын... Так, түсіндім, бронь береміз ғой. Көнсе... көнбесе де дейсіз бе... Ал, сау болыңыз, Александр Александрович, бар жағдайды өзіңізге хабарлап тұрармын. – Трубканы ершігіне қойды да сөніп қал- ған шылымын қайта тұтатты. Сосын көзіне шапқан түтінді алақанымен қуалап, терезеден сыртқа қарады. – Саған Соболев жолдас сәлем айтады. – Сәлемет болсын. – Құланды станциясына осындай қысылтаяң уақытта тәжірибелі, беделді коммунистер керек. Түркісібтің бойымен жүретін поезд бұрынғыдан екі-үш есе кебейді. Демек, жұмыс та сонша рет ұлғаяды деген сөз. Сондықтан, сені броньмен қалдырып, бала-шағаға бас-көз болуды өтінеміз. – Егер бұл өтініштеріңді орындамасам ше... – Ондай жағдайда тәртіпті бұзған, партияға бағынбаған коммунист ретінде жазаға тартамыз. – Солай ма... Ал, мен соғысқа, соғыс болғанда нақ өртеніп тұрған жеріне жіберуді өтініп келіп отырмын. – Алғы шепке дейсің ғой... – Иә, сол алғы шебіңе. – Әр еңбектің өз алғы шебі бар. Әрине, мен білемін, сені ешкім, ешнәрсе қорқыта алмас. Сен, Қаранар, соғыстан гөрі тылға, яғни мұнда керегірек болып тұрсың. – Ендеше мені сен де түсін, жолдас секретарь, жазаласаң жазала, жазаланатын нем қалды. Денем өзімдікі, басым бас- қаныкі секілді. Ел-жұрттың ортасында сүйкімім жоқ, алды- артын жалмаған жалмауыз, қу бас атандым. Құланды стан- циясының қазіргі начальнигі Қамбарды өзің де жақсы тани- сың, Дүрияның күйеуі. Соған келген шақыру қағазын менің атыма өзгертіп бер. Алғашқы да ақырғы да өтінішім болсын, оның семьясы бар, оқыған, білімді, қызметін тиянақты істеп жүрген жігіт. Қайталап айтам, соңғы тілегім болсын, Қамбар- дың орнына мені жібер соғысқа. Секретарь ықыласпен тыңдап алды да басын шайқап күлді. – Бұл не сонда, бажаңа жасаған жақсылығың ба? – Жоқ, бұл сапар – менікі. – Біріншіден, – деді қарындашпен столды тықылдатып отыр- ған секретарь, – білімді, сауаты толық жігіттер майданға да керек. Совет әскерінде офицер кадрлары жеткіліксіз, баяғыда оқып алғаныңда... – Апырай, білімсіздігімді бетіме баса бердіңдер-ау. «Іздегенің есіктен табылса төрде нең бар» деуші еді. Бұл бетке басқандық емес, сөздің шындығы сол, Дархан, Армия басқару мен ел басқарудың арасында біраз айырма- шылық бар, оны былай қойғанның өзінде, обкомнан Соболев жолдастың өзі сенің тылда қалғаныңды қалап отыр. Енді «қалмаймын» деп айтты деп қайтадан звондай алмаймын. «Неге үгіттемедің?» деп өзіңе ұрсады. Тіпті, одан да қорқып тұрғаным жоқ. Қамбар майданға қандай керек болса, сен тыл үшін одан әрі қажетсің, осыны түсін. – Мен түсінемін ғой, – деп күрсінді Дархан. – Ел түсінсе... – Түсінбесе түсіндір. Жалғыздықты ешкім де тәңірден тілеп алмайды. Жалғыздықты жеңебілудіңөзі– ерлік. Ал, келістікосы- ған, іске сәт. Кейін қол тигенде жұмыстарыңды көріп қайтамын, – деп орнынан тұрып қолып ұсынды. – Сау бол. Көтерем сиырдай орнынан әрең көтерілген Дархан: – Сонымен не болды өзі? – деп еді қолын беріп жатып. – Ауылыңа қайтасың. Бүгіннен бастап Құланды стан- циясының начальнигісің, қалған жұмысшыларды іріктеп алу өз билігіңде Әсіресе, әйел жолдастарды темір жолға көбірек тартып, азаматтардың бар кезінде іске үйрету керек. Күні ертең станцияның барлық ыстық-суығын солар көтереді. – Онда жетісерміз...– деп күңкілдеді Дархан. Көз көрген, ескі досының алдынан нәумез болып қайтты. Далаға шыққанында күн от болып жанып тұр екен, үйдің көлеңкесін паналап аз аялдады. Ешкімнің ешкімге назары аумай сабылысқан халық. Жалғыз-ақ ауыз сөзбен түсінісер асығыстық байқалады. Райком үйінің алдындағы көшеден тарп-тарп басып қаздай тізілген жігіттер сапы станцияға қарай адымдап барады. Пенжагын шешіп иығына асты да өзенге беттеді. Ондағы ойы Аякөз өзеніне барып суық сумен беті-қолын жуып салқындау, бұдан соң кез келген поезға жабысып ауылына қайта оралу. Көктемде арнасынан асып тасыған өзен қазір жуас, момақан ғана жылып ағады. Күннің ыстығы суды да жылытып жіберіпті. Аузын шайып, бетін жуғаны болмаса ішкен жоқ. Кетеуі кеткен ескі ағаш көпір болушы еді бір кезде, қазір оның орнына поезд өтетін темір көпір салған. Өзеннің өнебойын осы Аякөздің қәперсіз суға шомылған балалары, ыстық пен шыбын-шіркейден қорғалаған малдары жайлап алыпты. Иығына қос шелек ілген бүлдіршіндей қыз ыртақтап басып су алуға келді. Балағын түріп тастап шымырлап аққан өзен бетіне телміріп отырған кісіге бірер жалтақтады да, қос бұрымын тарқатып жіберіп, сулап шашын тарады. «Гүлияға ептеп ұқсайды екен» деп ойлады Дархан. Сонау бір алыста... тым шалғайда қалған Ақжайлаудағы әдемі көріністі есіне салған еді. «Гүлия да дәл асылай шашын тарап, байқам тұрып еді-ау». Қыз ендігі сәтте жайылған шашын қос бұрымдап өре бастады. «Атын сұрасам қайтеді, қой ұят болар. Оданда кімнің баласысың дегенім жөн». – Кімнің баласысың, қалқам? – Кімді танушы едіңіз? – Қайта айналып құйрығымен өзін ұрған оқыс сұрақтан Дархан сасып қалды. – Есімің кім дегенім ғой. – Мұнысы әншейін ұялған тек тұрмастың кебі еді. – Қызыңызды жоғалтып па едіңіз, атым – Гүлия, – деп батыл жауап берді де еңкейіп қос шелекті иін ағашқа іліп алып, шайқақтай басып жөнеле берді. «Жоқ, сен Гүлия емессің, су көтерген қарындасым, Гүлия сен секілді шапшаң, ұрысқан кісідей жауап бермес еді...» Қалай болғанда да осынау келте таныстық Дарханның көңілінен кетпей қойды. Товарнякқа жабысып ауылға жеткенше «қызың- ызды жоғалтып па едіңіз» деген жауап жанына батқан. Мүмкін, жоғалтқан да шығар. Бірақ бәрі кеш, енді қайтып таппасын және білді. Әуестікпен айтқан сұрағы, тағы, тағы да жүрегін сыздатып, көңілін мұздатарын сезді ме ол. Адам бір оңбай құламасын, егер бір рет қапылыста оңбастай құлаған екен, өмір бойы сүріншектеп, белең алған жылқыдай көрінген нәрседен үркектеп өтеді...– деп еді-ау әкесі. Мың рет мықты болып кетсең де баяғыда... баяғыда құлағаның есінде сайрап тұрады. Сондықтан құламауға тырысу керек шығар. Қырықтан асқан жасында оның көрмегені бар ма. Жер басып жүрген соң әлі көрері қаншама. Бірақ соның өзінде ешқашан өз тағдырына нәлет айтып, заманды, заманның иесін кінәлаған емес. «Заман – ол да өмір. Өмір – ол да бір өзен, көктемде тасиды, жазда сабасына қайта түседі, ал күзде мөлдірленеді, қыста – мүз құрсаудың шеңгелінде. Сол өзен өмірінің үстінде жүзген кемелер, қайықтар, қоқыр-соқырлар болады. Адам дегеніміз сайып келгенде, сол өмір-ағыстың бетінде қалқақтап жүзеді. Әркім әлінше жүзеді: біреулер ағысқа қарсы, ал енді біреулер ағыстың ығымен. Малти алмай толқын жұтып қоятындар қаншама. Егер, сол өмір-өзеннің шалқар да асау айдынында дұрыстап жүзе алмасаң, әлгі өзеннің кінәсі не? Бар кінә жүзе алмаған адамда ғой. Ал малтушылардың арқасына мініп жаны қалатындар мен өзімен бірге өзгені де иірімге ала кететіндер аз ба.
|
|||
|