|
|||
ББК 84 Қаз 7-44 29 страница– Өзің біл. Бірақ Гүлиядан міндетті түрде кешірім сұра. Кешке біз де барып татуластыру шайын ішіп қайтармыз. Байғұс Дүрия егіздің сыңары – сіңлісінің екі қабат екенін естігенде қуаныштан жүрегі жарылып кетеді-ау. – Қамшысын сарт ұрып, пимасының қонышына тыға салды. – Ертең ауданға жүремін. Қыруар жұмыс бар. Құландыда мектеп ашып, сендерді сауаттандырмасақ, қазақ жұмысшыларының тең жартысынан астамы қара танымайды. – Бұл істі басқа ауыл баяғыда қолға алмап па еді? – деп Дархан орнынан тұрды. – Біздің жағдайымыз өзгеше. Мен хатшылық ететін кеңестің қарамағында артель мүшелері ғана емес, жұмысшылар да бар. Ал, шаруалардың сауатын ашып жатқанын өзің білесің... Түркісібшілердің қауырт жұмысы енді-енді ғана саябыр тауып келеді. Демек осы ауылда тұрақты жұмысқа қалады-ау дегендердің басын қосып мектепке тартуға жаңа ғана жағдай туды. Сенің ептеген саңылауың бар, бұйырса төртінші кластың оқушысы боласың. – Оныңа да ризамын, Мұраттармен үшіншіге отырғызып қойсаң қайтер едім... Бірін-бірі арқаға қаға далаға шықты. Бозжорға жегілген қанатты қара шанаға шалқалай отырған Оспан жолшыларға қарай ағызып барады екен... – Заман осыныкі болып тұр-ау, – деді Дархан иегімен нұсқап. – Күні ертең Түркісіб аяқталып, Құланды станцияға айналғанда тұңғыш начальнигіміз осы болмасына кім кепіл. – Болдырмау үшін күресу керек. Баяғыда... Еркін ертіп кеткенде-ақ күдіктеніп едім. Теміржолшының курсын тамамдаған арнаулы білімі бар. Оқу десе ат-тонын ала қашқан мына саған, әрине бастық сол болады. Басқа кімің бар. Өз обалың – өзіңе... – Бұл не, табалағаның ба? – деп Дархан бажасына кейіс білдірді. – Табалағаным емес, ескерткенім. Күн нұры қар қиыршықтарымен сүйісіп, қылмыңдап, көз қарықтырар әдемі бір қылықпен ойнайды. Аспан айнадай ашық еді... Биылғы көктем әдемі басталды. Наурыздың ортасында-ақ қар кетіп, жер кепті. Құстар әлі келген жоқ. Наурыздың құсы, көктем хабаршысы – ұзаққарға ғана қалбалақтап, әр үйдің күресініне, жер тамның төбесіне ұшып-қонып жүр. Қыстан көтерем болып, құйымшағы сорайып әрең шыққан бірлі-екілі сиырлардың өлі жүні түспеген, қыр арқасына сауысқан қонып, шоқып отыр; ол сауысқанды ауылдың үруді ұмытып қалған ынжық иттері аңдып жатыр. Осы қыстан әбден ығыры шыққан ел табиғаттың бұл пейіліне риза көңілмен тіршіліктің қамына кіріскен. Түркістан-Сібір темір жол құрылысының жұмысы Құланды ауылынан әлдеқайда алыстап, Айнабұлаққа біртабан жақындап қалып еді. Бұл ауылдағы күні кеше ғана қайнап жат- қан еңбек, абыр-сабыр адамдары сап болып тынышталған. Іргеден өтіп, сонау оңтүстікке созылып кете барған рельс бойы- мен жүк тасыған кішкентай паровоздар өтеді анда-санда. Ойдағы-қырдағы қазақтар үшін осы екі-үш қорап сүйреткен кішкентай паровоздың өзі таңсық, аттысы түсіп, жаяулысы жатып қарап таңырқап, таңдай қағады. Осыдан екі-үш-ақ жыл бұрын Омар байдың мыңғырған жылқысы үйездеп, желісі тартылып жатқан дала төсі мүлдем өзгерген: ілгерілі-кейін жосыған жолаушылар мен жұмысшылар, ұзын-ұзын рельс, жарамсыз шпал, тас, топырақтың үйінділері мен қазылған үңгірлер. Дүниені өзгертудің осыншалық оңай екенін білмей келген қыр қазақтары көндім-көндімді көңілмен бастарын шайқап, таң-тамаша қалумен жүр. Дегенмен, ел еңсесін әлі де көтеріп кете қойған жоқ-ты. Бірде жетіп, бірде жетпей қалатын киер киім, ішер астың тапшылығы – көп-көп іске қолбайлау жасады. Азын-аулақ мал ұстап, шаруалық кәсібін тастамаған Құланды жұрты нарком тарапынан берілер там- тұм ақшаға сатып алары жоқ ілда-алда тірлік – шаруалық пен жұмысшылықты қатар ұстап жанын сақтады. Азаматтары әкеліп тастаған жапырақ-жапырақ ақша жұмсалар жерін таппай, әр үйдің сандығында үйіліп жатты. Аягөздің базарына барса бір тоқтысы мың сомның үстіне бір-ақ секірген қымбатшылық. Ақыры салы суға кетіп, қайтып оралатын да құйымшағы сорайған жалғыз сиырының амандығын тілейтін. Әсіресе, ата-бабасында жұмысшы болып көрмеген қыр қазақтары үшін малдан бірден қол үзіп кету аса қиынға соқты. Уақытша туған қиындыққа шыдамай, қырдағы ауылға көшіп, жаңадан құрылып жатқан колхозға кіргендері де болды. Дегенмен, түпкілікті теміржолшы болып қалған қазақтар молшылық еді. Рельс ұзарған сайын Дарханның да үйге келуі сиреді. Жұмыс орны қашық болған соң, аяқ талдырып сонау көз көрінбейтін алыстан жаяу салпақтамай, вагон-үйде жұмысшылардың арасына жата кететін. Тек аптасына жалғыз рет қатынап, үй- ішінің амандығын ғана біліп қайтатын. Онда да бір күн түнеп, елең-алаңнан тұрып кері жаяу тартатын. Күйеуін осы азапты жүрістен құтқарғысы келді ме Гүлия оған: «Екі-үш жұмада бір- ақ рет кел өз күнімізді өзіміз көреміз», – деп Құдайдың зарын қылды. Әйелінің аяғы ауырлаған сайын елегізе ме «мақұл» деп келіссе де келесі аптада есіктен кіріп келе жатады. «Жүрек құрғыр шыдамайды да»... Бұл – Дарханның әйеліне айтар жауабы еді. Екі кештің арасында, кешелер ғана өз қолымен төсеген шойын жолдың бойымен шпал санағандай аяңдап келе жатқан Дархан сан түрлі ойға батушы еді. Былтыр қандай еді мынау жер, биыл қандай?.. Әр аттамға бір төселген көлденең шпал Дарханға таныс, өз қолымен қалаған, өз қолымен темір қазығын қаққан, өз қолымен рельс пен рельсті жалғар қапсырманың бұрандасын бекіткен. Иә, бәрін өз қолымен... Енді міне, дауыл мен жаңбырға қарамай жанталасқан қиындық атаулының үстін көлденең басып, айналайын шойын жол жатыр. Тұрған тұсыңнан қарағанда оқтай атылып, көкжиекке сіңіп кеткен баспалдақ жол – болашағыңа апарар саты іспетті, көзге ыстық, кеңілге жақын. Енді біраз күнде осынау темір баспалдақтың үстімен таңдайын қағып тарсылдап, көк ала поездар зымырар. Енді аз күннен соң, мынау Дархандар салған Түркісібтің бойымен оңтүстік пен солтүстікке, батыстан шығысқа сандаған ұлттың өкілдері қолтықтасып ән салып, вагон-вагонның есік- терезесінен қол бұлғап зулап бара жатар... Қандай керемет десеңізші! Шынымен-ақ, осы табанымның астындағы шойын жолды мен, жоқ-жоқ мен ғана емес, біз – қазақтар салдық па?! Құдай-ау, біріге алсақ, анығында біріктіре алса, біздің де қолымыздан ұлы істер келеді екен-ау. Бәсе, бәсе, кең-байтақ даладан ұлтарақтай жер бермей ұстап тұрған ел, табан тірер жол сала алмаса несіне жұрт, несіне ұлт. Ал көрейікші бір игілігін... Көрелік! Ой қаузап тауыса алмаған Дархан енді шалқыған көңілін басар ешнәрсе таппаған соң, шпал санауға кірісті. Біреу, екеу, үшеу, төртеу... жүз... мың... екі мың... мұны да санап бітіру мүмкін емес екен, қайта-қайта жаңыла береді. Ауылдың төбесі көрінгенде сам жамырап, әр үйдің терезесінен білте шамның әлсіз жарығы сықсиған. Әсіресе, сонадайдан көзге ұрары – паровоздардың су құйып алуы үшін жасалған алып құдық, оның үстіне кірпіштен өрген мұнара еді. Сол мұнарадан да еңселі, төбе басында тұрған соң ба, шоқтығы асып тұрған Кеңгір батырдың мазары. Дарханның есіне әлдене түскендей он жағына жалт қарағанда қораштау ғана төбешіктің нобайын көрді. Сол төбешіктің басына былтыр дәл осы мезгілде, жаңбырлы күні жерлеген Ақай шалдың моласы көріне ме деп тесіле үңіліп еді, жермен-жексен болып тегістеліп қалған ба, байқай алмады. Содан соң, жолдан бұрылып әдейі іздеп барып еді, ешқайда көшіп кеткен жоқ, томпайып қана жатыр екен марқұм. Жаңбыр мен қар мүжіп, аздап аласартыпты. Сол кезде өз қолымен шаншыған күрек орнында, Дархан осыған да қуанды. «Қолым тисе ең әуелі сіздің басыңызды үйлеймін, Ақа, жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, жарықтығым, кейінгі ұрпақ сіз сіңірген еңбекті ұмытпас», – деп күбірлеп бетін сипады. Тоқал тамының кіп-кішкентай терезесінен сықсиған сәуле көргенде Дарханның куанышында шек болмады, ол үшін дүние-жүзінде бұдан асқан, бұдан жарық шам жоқ та шығар- ау. Шошытпайын дегендей, сықырлауық есікті жайлап ашса да әбден тозығы жеткен дүние бәрібір әндетіп қоя берді. Мұны жөндеп жаңадан салуға қолы тимей жүр-ау. Төр алдында шай- суын ішіп отырған Гүлия мен Мұрат жалт қарады да жүздері жайнап сала берді. Мұрат: – Әкем келді, айттым ғой келеді деп. – Атып тұрып мойнына асыла кетті. Үйдің іші мәре-сәре қуанышқа толды. Сырттан тыңдаған адам болса бұл үйелменде ұлы жіңгір той болып жатқанға жорыр еді. – Несіне келдіңіз жаяу салпақтап, бүйте берсеңіз, бір айда бір етік тоздырарсыз, – деді Гүлия. – Әкем қазір «жүрек құрғыр шыдар ма» деп айтады. – Мұраттың сөзіне бәрі күлді. – Рас, шыдамадым. Тіпті алыстап кетіппіз. Енді Түркісібті Айнабұлаққа түйістіріп бір-ақ оралармыз. Сонымен жол бітеді. Сонан соң салған жолымызды пәле-қаладан тору ғана қалады. – Мен колхозға көшеміз бе деп ойласам, – деді Мұрат мұрнын тартып. – Ешқайда көшпейміз, ұлым. Осы қалғанымыз қалған. – Қамбар мен Дүрия Ақшиге кететін болыпты. Біздегі – жаңалық осы. Кіріп шығар ағайын жоқ, тағы да жалғыз қалатын болдық, – деді Гүлия. Жүзіне мұңның қозбауыр бұлты ілінгендей сынық. – Неге көшеді екен? – Кеңес болып сол ауылға ауысыпты. – Мұнда кім келмек? – Олар кеткен соң кім келсе де бәрібір емес пе. Әлде станция құрылса сельсовет болмайтын шығар. Ит неге үрді, Мұрат, далаға шығып болжашы. Мұрат орнынан тұра берем дегенше, үйге төбесі көк тіреген еңгезердей шал кірді. Ә дегенде ешқайсысы да жыға танымаған. – Ассалаумағалейкүм, балалар! – Уағалейкүмсәлем, ақсақал. Сәлемші болсаңыз төрге шы- ғыңыз. – Рахмет, ұлым. – Сыртқы киімдерін шешіп, төр алдына барып малдас құрып отырғанда ғана шырамытты Дархан. Өзін- өзі ұстай алман қол-аяғы дірілдеп, аузына жөні түзу сөз түспей сасқалақтады. – Иә, дені-қарларың сау ма, шырақтарым. Жап-жақсы үй болыпсыңдар, кұтты болсын, – деп жан-жағына тіміскілей көп қарады. Бұл кісіні бір жерде көргенін, бірақ қашан, қайдан көргенін есіне түсіре алмай әуре болып отырған Гүлия шай құйып ұсына бергені сол еді, Дарханның қарлықкан үнін естіп қолын тартып әкетті. – Сіз... ұмытпасам... менің әкем – Таңатар боларсыз. – Ұмытпапсың, ұлым. Оған да шүкіршілік. Рас, мен сенің әкеңмін. – Астапыралла! – деді Гүлия көзі тас төбесінен шығып. – Қорықпа, Гүлия шырағым, әуелгіде сені мен де танымай қалдым, – деп беті аздап қорасанданған Гүлияға қадала қарады. – Әкеңнің иман байлығын беріп, артынан жарылқасын, бәрін естіп жүрміз, ел құлағы елу емес пе. Арнайы келіп көңіл айтуға жол ұзақ, тергеуші көп, алты-жеті жылдан бері ұлымды көріп отырғаным осы. Бұл да өзгеріпті. Өзгермеген не қалды бұл жақта... Дархан үндеген жоқ. Маңдайынан шыпылдап сұп-суық тер шыққанын сезді. Тілі кесілгендей бір сөз тауып айта алмағаны- на жыны келді. Әлде, анау таудай болып жалғыз өзі төрге симай отырған туған әкенің – алты жыл жоғалып табылған әкенің мысы басты ма?.. «Туған әке! Алты жылдан бері жалқы сәт есіне алып, іздемегені қалай? Адам өлгенді де өгейсітпейді, кұран беріп, кұрбандық шалып жатпай ма? Туған әке! Сен... осындай екенсің ғой. Жо-жоқ... ұмытқан екенмін. Қайта бұл кісі ұмытпапты, кеш болса да іздеп келді ғой, енді қайтсін...» «Туған ұлым, сен осындай екенсің ғой... Жасыңа жетпей қартайғаныңа қарағанда, сүйегің боркемік, жарлаудың топы- рағындай жұмсақ болар. Әлде, жұмысың ауыр ма екен? Желқом қажаған түйедей шөгіп қалғаны қалай? Баяғыда екі иығыңа екі кісі мінгендей шомбал едің, жауырының жерге тимеген палуан едің ғой, ұлым, тәңірім-ау, не болып кеткенсің? Батидың түрі болса анау... алба-жұлба, ағаштың арасынан шыға келгенде астымдағы атым үрікті. Не боп барады дүние... Каңғытып, бергі бетке тастап кеткен өзім кінәлімін бе? Менде басқа амал жоқ еді ғой». – Шайларыңыз суып қалды, – деген Гүлияның нәзік ес- кертуі әкелі-балалы екі еркектің құлағына аю ақырғандай қат- ты естілді. Қамалаған түлей ойдың ортасынан алып шыққан да осы оқыс естілген сөз еді. Арада аз тыныштық орнап барып, алғашқы сұхбаттың бұйдасын Таңатар ұстаған. – Мынау кімнің баласы? – деп көзіне ұйқы тығылып Дарханға сүйеніп отырған Мұратты иегімен нұсқады. – Біздің ұлымыз. – Әке бастаған әңгіменің жетегіне ере қоймайтын сыңайын танытқаны бұл. Күйеуі үшін Гүлия ұялды білем, келін атаулының қайын ата алдында сүйреңдемейтін сыпайы әдетімен жанарын төмен салған күйі: – Долдаш ағаның кенжесі ғой, адасып жүрген жерінен тауып алғанбыз, – деді. – Е, е, шырағым-ай, асылдан қалған тұяқ екенсің ғой. Жөн- жөн... әйтеуір қайда барсаң да бір-бірінен адасып жүрген ел, – деп кеудесін керіктей керіп, күрсінді де әдетінше шалқалап барып, шаңыраққа қарады. Бұл үйде дөңгеленіп аспан көрініп, ар жағынан жұлдызы жымыңдап тұрар шаңырақ жоқ екенін жанары саталақ-саталақ аласа төбеге тіреліп қалғанда ғана байқап, көзін шапшаң тайдырып әкетті. Әкесінің не ойлағанын сезініп үлгерген Дархан: – Сол... өзіңіз айтқан аманатты орындап, өзіңіздің қара мекеніңізде отыңызды өшірмей тұрып жатырмыз, – деді. – Көріп отырмын, – деді шал. Оның есіне «ұлыма сәлем айт, мен жаққан отты сөндірмесін» деген өз сөзі түсті. – Шойын жолдың бітетін түрі бар ма? Әлде осы беттеріңмен Түркияға дейін соза бересіңдер ме? – Енді бір айда бітіреміз, әке. Созыла бермейді. Оңтүстіктен қарама-қарсы салынып келе жатқан жол бар, соған барып түйіседі. – Жөн-жөн... Ащы ішектей шуатып-ақ тастаған екенсіңдер. Түбі қайырлы болсын. Мойындарыңа жылан болып оралмаса... – Әке! – деді шатынап. – Арғы беттен мені мұқату үшін кел- меген шығарсыз? – Тегін айтамын да... Өкіріп-бақырып келе жатқан қара айғыр басып кетіп жүрмесін, байқаңдар дегенім ғой... – Өйтіп бопсаламаңыз. Бұл елге бүкіл жаңалықты да, жақсылықты да сол қара айғыр сүйреп әкеледі. – Қойыңыз, Дәке, – деп қалды Гүлия, ұлының әкесімен тайта- ласқанын бұрынды-соңды көрмеген инабатпен, бетінен оты шыға күйеуі үшін өлердей ұялды. – Ұлым, тік айтатын бопсың. – Біз пролетариатпыз. Сипақтатпай турасын айтамыз. – Турасын айтқан жақсы, балам, бірақ... турап айтқан жаман. Заман өзгергенмен, әдет, әдеп өзгермес болар. – Мінез өзгереді екен, әке. Әдет-ғұрып, салт-сана да өзгереді екен, әке. Ескісі өледі екен, әке, жаңасы келеді екен, әке... – Енді ғана білдім... Басын төмен түсіріп алып, селк етіп оянып отырған Мұратқа: – Төсегіңді салып жата ғой, – деп сыбырлады Гүлия. Өзі сыбдырын білдірмей ыдыс-аяқты жинастыра бастады. – Зәуімен алты жылда бір келгенде мал сойып, алдыңызға бас тарту лайық еді, жоқтық жомарттың қолын байлап отыр. Айыпқа бұйырмаңыз, бұл үйде темір-терсектен өзге түк жоқ. Ал сізден енші қалмаған, әке... Бәрін арғы бетке алдыңызға салып айдап кеткенсіз. Шал мырс етіп күлді. Күлді де алақандай ұялы көзін жалт еткізіп: – Былжырама! – деді. Ақырын, ақырын болса да зор зілмен айтты. – Жалғыз атымнан басқа байлығым жоғын біле тұра әдейі күйдіріп отырсың-ау. Сенің де менен озған жерің шамалы екен. Қаршадайыңнан көк темірмен алысып едің, темір де жат ендеше. Кімнен көресің. Тұқымымызға шыр бітіп көрген жоқ, балта сабынан оза ма. Енді мың рет заман өзгерсе де осы таз- тақыр күйіміздің өзгергенін көрейін. Дәулет маңдайға бітеді, баққанға бітпейді. Кері кетірем десе кез келген күні алдыңдағы малыңды, бойыңдағы жаныңды қанжығасына байлап алып жүре береді. Өзіңнің мал таба алмаған осалдығыңды менен көрейін деп пе едің, онесі-ай! – Ақырын сөйлеңіз, әке. Саңырау ешкім жоқ бұл үйде. Келініңіздің ай-күні жетіп отыр, шошытып аларсыз. – Қойсаңызшы, – деп қалды Гүлия, бірақ оның әйелдік әлсіз үнін екі еркек елең кұрлы көрмеді. – Біле білсең, мұның да әдепсіздік. Көрмейтін көзім соқыр емес, шүкіршілік. Қай қазақ атасына келінінің ішін саусақпен шұқып көрсетуші еді. Жұмысшы-жұмысшы дегенге әкеңе жұдырық жұмсауың ғана қалыпты ғой. Таяқ жемей тұрғанда тезірек аттанғаным жөн болар. – Мен де соны ойлап отырмын. – Қойыңызшы, тайталаспай, – деді Гүлия жыламсырап. – Келінімнен садаға кет, есіктегі басыңды төрге сүйреп, от басының берекесі болып отырған осы Гүлия-ау, әйтпесе мына шошқа мінезіңмен қайда барып сиясың. – Балта сабынан озбайды деп жаңа өзіңіз айтқансыз. Ендеше, сізге тартқаным да, әке... Жеміс ағашынан асып түсе ала ма. – Осы күннің баласы аласа туады, әкесімен таласа туады деген осы шығар. – Ағынан жарылсам мен сізге өкпелімін. Асылық жасап, асырып айтып отырғаным жылдар бойы жанымды қинаған өкпе-наздың лықсып шығуы шығар. – Білем. – Білсеңіз де айтайын, рас, тіліңізді алмадым. Шешем өлген соң Семейге жұмыс іздеп кеттім. Бірақ, өлімге, келмеске кеткен жоқ едім. Мен қайтып оралғанша арғы бетке ауып кетіпсіз. Неге? Өзіңіз айтқандай жалғыз атыңыздан басқа байлығыңыз жоқ, астыңыздан су шыққандай тұра қаштыңыз. Неден үріктіңіз? Он сегіз мың жылқы айдаған Көкебай да әне Барлының басында тірі отыр. Білем, жаңа өкіметтің алдында аздаған қателігіңіз болды, онда да жеке бастың намысы емес, өзгенің сойылын соқтыңыз. Қара жер хабар бермесін, атам болса да әділін айтайын, Омардың айтқанына жүрдіңіз, айтақтағанына үрдіңіз. Тіпті, сол Омар жарықтық та сізбен бірге емес, алдыңғы жылы ғана кәмпіскеде бар малынан айрылған соң амалсыз қашты емес пе. Тымағыңыздың бауын тас қып байлап елден бұрын тұра безетіндей не көрінді? Советтің заңы әділ, айыбыңыз болған күннің өзінде не кешірер еді, не ұзағанда екі-үш жылға жер аударар еді. Туған жердің тұтқыны болудың өзі қазіргі мәңгілік түрмеңізден озық емес пе, әке? Құмырсқа теріп жесеңіз де өз еліңізде неге жүрмедіңіз? Ендігі сықпытыңыз мынау: түн жамылып ары өтіп, түн жамылып бері өтіп өз-өзіңізді тұтқындап, қартайған шағыңызда екі оттың арасында қалғаныңыз. Егер түптің түбінде сол моп-момақан болып, монтанысып жатқан арғы бетіңізден тықыр таянса қайтер едіңіз, қайда барып күн көрер едіңіз?.. Мені қинайтыны осы жайт. Сөйте тұра маған «түтінімді сөндірмесін» деп көлденең көк аттыдан сәлем жолдайсыз. Жоқ, жоқ, әке, мен сіз сөндірген түтінді қайта тұтатып отырмын, сіз сөндірген отты қайтадан жағып отырмын. Мейлі аш жүрейін, мейлі жалаңаш жүрейін, осы қарамекеннен, мы- нау бұйығы жатқан Кұландыдан арқан бойы ұзамаспын. Мыңғырған мал, жүйрік ат, құмай тазы, сал-серілік, ат үстіндегі ұры-қарылық, барымта-сарымтаның – бәр-бәрінің де бес тиын- ға керегі жоқ. Өз ошағымның отын өшірмей, туған жердің ұлтанына жарап ұл өсірсем, қыз өсірсем, балаларыма білім беріп оқытсам – одан асқан бақыттың қажеті шамалы. Бүгінде торқа киген де барады тойға, тон киген де барады тойға... Күйеуіне қосылғалы осыншалық ұзақ әрі шешен сөйлеге- нін көрмеген, өз кұлағымен естімеген Гүлия сүйсіне қызықтап тұрып қалып еді, Дархан сөзін аяқтағанда ғана есін жиып, атасынаи именіп теріс қарады. Ұлының екпіндете айтқан сөзін үндемей, әдетінше май шамға те-сіле қараған Таңатар көпке дейін таскерең күйде меңірейіп отырып қалған. Өмірі ешкімнен естімеген сөзін ұлы айтты. «Әкем» деп еркелеп айтқан жоқ, тайсалмас батылдықпен тура қарап отырып, көкейіндегі көбіктеніп келіп жағаға ұрған толқымалы сырын ақтарды дерсің. «Жо-жоқ, мен ойлағандай боркемік емес екен, қалай- қалай сілтейді. Өмір көрген, көп нәрсені парықтап үлгерген көшелілік бар. Не дегенмен де оңдырмай сүріндірді». – Көкейіндегі көгендеулі жатқан ойыңды маңыратпай бұр- шағын ағытып жібергеніңе ризамын, балам, міне осылай айту керек. Ал, әкелік парызымның бәрінен кұтылдым деп айта алмаймын, – деді шал қоңырлап бастап. – Бірақ, ол кезде оң- солыңды танып, ақылың толыспаған әлі жас едің. Көп дүниенің астарын ашып, әдібін сөгіп түсіне бермедің. Тіпті, қазір де қанша жақсы айтқаныңмен бір жамбастап кетіп отырсың. Ол
|
|||
|