Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





ДӘРІС. ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА ИСЛАМ ДІНІНІҢ ТАРАЛУЫ



ДӘРІС. ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА ИСЛАМ ДІНІНІҢ ТАРАЛУЫ

1. Араб халифаты және ислам дінінің қазақ даласына келуі.

2. Қазақ хандығы кезіндегі ислам.

3. Ислам дініне қатысты Ресей империясының саясат.

4. Кеңестер Одағы кезіндегі ислам.

 

Ислам дінінің қазақ даласында таралуы мен орнығуы саяси-әлеуметтік, мәдени-дүниетанымдық тұрғыда өте күрделі үдеріс. Бұл бір мезгілде, нақты бір уақыт аралығында жүзеге асқан үдеріс болмады. Қазақ даласына ислам дінінің енуін зерттеушілер VIII –IХ ғасырларға жатқызылады. Ол «бірнеше жүзжылдыққа, пайда болған қазақ қауымдастығы өзін мұсылмандық қауым (сүниттік иланым) деп таныған ХVI ғасырға дейін созылды».

Қазақ жеріне алғашқы араб-дін таратушылары 670 жылдардан бастап келе бастады. Жалпы исламның қазақ даласына енуінің негізгі күре жолы - тұрақты депломатиялық және сауда-саттық қарым-қатынастар іске асырылған Жібек жолы. VI-VII ғасырда Қытайдан Батысқа Жетісу және Оңтүстік Қазақстан арқылы өтетін жолдар ерекше жанданды. Бұл жолдар VII-XIV ғасырларда басты жолдар саналды. VIII ғ. басында Орталық Азияда миссионерлік қозғалыстың жандануы байқалады. Бастапқыда жаңа дін оңтүстік өңірлерге ене бастаған болатын.

Ислам дінін тарату мақсатындағы VIII ғасырда жүргізілген араб жорықтары ислам дінінің қанат жаюына тікелей әсер еткен маңызды тарихи құбылыс болып табылады. Ислам дінінің Орталық Азияға таралуы араб қолбасшысы Кутейба ибн Муслимнің Мауареннахр жеріне келуінен басталады. Ол қолбасшылық еткен әскер 714 жылы Шаш (Ташкент) және Фарабты (Отырарды) бағындырады. 751 жылы шілде айында араб қарулы күштері Талас маңында Атлах атты жерде Таң империясының әскерін күл талқан етеді. Бұл тарихи оқиғаны, яғни Талас жеңісін қазақ даласында ислам дінінің орнығуының негізі ретінде қарастыруға болады.

ІХ ғасырда қарлұқ қағанатының ақсүйектері ислам дінін қабылдады. Кейінірек қарлұқтарға қарасты отырықшы халықтар мен қала тұрғындары ислам дінін мойындады. Л.Р.Полонскийдің пікірі бойынша ІХ-Х ғасырларда ислам діні қалалар мен кедей ауылды жерлердің діні болған. ІХ-Х ғасырларға жататын археологиялық ескерткіштерді зерттеу сол кезеңдерде қалалық мұсылмандық мәдениеттің қалыптасқанын дәлелдейді.

Х ғасырдың басында қараханидтер әулетінің негізін қалаушы Сатұқ Боғраханның мұсылмандықты қабылдауы және оның баласы Боғра-хан Харұн Мұса билік құрған кезде 960 жылы ислам дінінің мемлекеттік дін мәртебесіне көтерілуі осы аумақта ислам дінінің нығаюына ықпал етті. Бұл аймақ әр-түрлі діндердің тоғысқан жері болғандығына қарамастан ислам дінін тарату бейбіт түрде жүріп жатты. Ұлы Жібек жолы көпшілік діндер, солардың ішінде христиандық (көпшілігі несториандық пен яковшілер), буддизм, заростризм діндері үшін қолайлы аймақ болды. Далалы өңірде тұратын түркі халқы тәңіршілдікті ұстанды. Тұрғылықты халық арасына ислам еш зорлық-зомбылықсыз бейбіт жолмен таралды. Қарахан қағанаты  түркілерінің исламдануы дін үгіттеушілерінің белгілі бір күштеуімен емес, бірыңғай мемлекеттік діннің ықпалы негізіндегі экономикалық және саяси пайдалы болуы жағынан  жүзеге асырылды. Қараханидтердің саяси және әскери жеңістері Орталық Азия территориясына исламның таралып қана қоймай, оның осы жердегі халықтың бұқаралық идеологиясы ретінде ресми статусқа ие болуына жақсы жағдай жасады. 960 жылдан бастап Қарахан қағанаты солтүстік пен шығыстағы көршілес мемлекеттермен «діни сенім үшін» күрес жүргізген болатын. Х-ХІІІ ғасырларда қазақ даласының оңтүстік қалаларында мешіттер салынып, сол жердің тұрғындары арасында Мекке мен Мединаға қажылық жасауға сапар шегушілер де пайда болды.

Осы уақытта Орталық Азия мен Қазақстан жерінде ислам дінінің тарауы мен нығаюына үлкен ықпал жасаған ислам дінінің сопылық бағыты тарай бастаған болатын.

Сопылық немесе араб тілінде «тасаууф» - VІІІ ғасырда ислам діні ауқымында қалыптасқан философиялық-мистикалық ағым. Бұл негізінен этикалық және діндар адамның өміріндегі моральдық нормалар, оның жан дүниесінің түрліше күйлерінің көрінісі болып табылатын исламдағы мистикалық-аскеттік ағым. «Суфи» (сопы) сөзінің шығу тегі ғылыми дереккөздерде әртүрлі түсіндіріледі: біреулер ол «жүн» дегенді білдіреді дейді, өйткені дәруіш сопылар жүн матадан тігілген немесе жүннен тоқылған киімдер киіп жүретін болған, ал оның өзі сопылықтың айрықша белгісі саналатын; екіншілері гректің Sophia – даналық мағынасындағы сөзімен ұқсастырса, ал үшіншілері «суфи» cөзі арабтың «тазалық» деген мағына беретін «сафа» созінен немесе «сафва» - «таңдаулы болу» деген етістігінен шыққан деп есептейд. Тасаууф ғылымы- сопылықты ұстанатын адамдардың сенімдерінің жинағы және олардың оңаша халінде және жиындарда ұстанатын әдептері. Сопылық-дүниеден безуге, нәпсіні тыюға, тәнге қатысы бар нәрселерден бет бұруға, нәпсіні тазалауға, Аллаһ тағалаға мағрифатқа немесе хақиқатқа иман келтіру арқылы қосылу дәрежесіне жетуге ұмтылысқа негізделген өмір салты. Сопылықты ұстанушыны сопы (суфий) деп атайды.

Алғашқы кезде сопылардың ілімі ортодоксалды исламға қарсы қойылып, қудалауға ұшыраған болатын. Кейінірек ХІ ғасырда өмір сүрген мұсылман ойшылы аль-Газалидің ілімі сопылық пен дәстүрлі ислам арасындағы айырмашылықты біршама жоюға ықпал етті. Осы кезден бастап «тасаууф» ислам дінінің бір бағыты ретінде қабылдана бастады.

Оңтүстік Қазақстандағы көшпенді түркі халқының арасында исламды таратуға сопылық жолының Ясауия тариқатының негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи ( 1166 ж. немесе 1167ж. қайтыс болған) зор үлес қосты. Қожа Ахмет Яссауи әлемдік мәдениетке әйгілі ақын, түрік көшпенділерінің оғыз-қыпшақ сөз мәнерін пайдалана отырып, шағатай тілінде жазылған «Хикмет» («Даналық») деп аталатын еңбегін тудырушы ретінде де енген. Бұл философиялық-поэтикалық шығармасында ол сопылық ілімнің негізін, өзінің қазіргі заман әлеміне көзқарасын баян еткен, адамдарды рухани және адагершілік тұрғысында тазаруға үндеген. 1196 жылы «Диуани Хикмет» қазақ тіліне аударылған.

Қожа Ахмет Ясауи яссауия сопылық орденінің негізін қалаушысы әрі жетекшісі болды. Орден басқалай Ходжаг және Джахрия және Султанийя деп аталды. Түркі тайпалары арасында исламның таралуына бұл орден зор үлес қосты. Яссауидің ілімі Бекташия және Нақшбандия сияқты ірі сопылық ордендердің пайда болуына негіз болды. Хазрет сұлтанның жоғары руханилығына оның зиратында Тимурдың бұйрығымен салынған сәулет кешені куә.

ХІІІ ғасырдағы монғол-татар шапқыншылығы қазақ даласына орасан зор өзгерістер әкелді. Монғол-татар шапқыншылығы нәтижесінде көптеген қалалар қиратылып, ғылыми –мәдени орталықтар тоналып, мешіт-медреселер күл-талқан болды. Бұл қазақ даласына қалалық исламның, «кітаптық исламның» ықпалын азайтты. Алайда моңғол-татарлардың үстемдігі кезінде ислам діні қазақ даласының оңтүстігіндегі отырықшы аудандарында негізгі дінге айналды.

Алтын орданың мұсылмандықты қабылдауы исламның ұстанымын нығайта түсті. Бұл үрдіс Берке ханның тұсында (1255-1266) басталып, исламды ресми түрде мемлекеттік дін деп жариялаған Өзбек ханның тұсында (1312-1342) аяқталды. Оның кезінде Алтын Орданың астанасы Сарай қаласында 13 мешітте мұсылмандар намаз оқитын. Өзбек ханнан кейінгі Алтын Орданың барлық билеушілері мұсылман болды. Бір ерекшелігі, олар басқа дін өкілдері мұсылмандықты қабылдауға мәжбүрлемеген, тіпті мұсылмандық дін үдеушілердің қызметін қолдамаған, бірақ сопылық бауырластықтар – яссауилық, кубравия және накшбандия ордендерінің тарауына қарсы болмаған.

Ал қазақ даласының басқа аймақтарына келетін болсақ, отырықшы-жер өңдеуші аудандардың солтүстігінде ислам дініне қатысты түбегейлі өзгерістер болған жоқ. Тек 1393-1419 жылдары билік еткен әмір Едіге ғана көшпенді халықтың арасында ислам дінін күшпен таратуға талпыныс жасады.

Қазақ даласында ислам дінінің таралуы ХVI ғасырда біршама қарқынды түрде жүзеге асты. ХV ғасырда Қазақ хандығының құрылуы бұл үдеріске өз әсерін тигізді. Н.Нуртазинаның пікірінше, қазақ хандары – Қасым, Хак-Назар, Тауекел, Есім, Тауке, Абылай Алтын Орданың мұсылман билеушілерінің дәстүрін жалғастыруға тырысты. Олар Құранды жатқа білетін, араб, парсы тілдерін жетік білетін білімді, шариат нормаларын ұстанатын, мұсылман мәдениетін қолдайтын хандар болды. Бұл кезеңде исламның таралуының негізгі орталықтары Түркістан, Хорезм, Бұқара қалалары болды.

ХVI-ХVII ғғ. қазақ халқының Орта азия халықтарымен және еділ татарларымен экономикалық, сауда-сатық және мәдени байланысы қазақ даласында исламның жедел таралуына және әсерінің күшеюіне зор ықпалын тигізді. Қазақ даласында ислам дінінің таралуында Бұқара, Самарқан, Ташкент, Хива, Түркістан қалаларынан шыққан сауда керуендерімен ілесе келген дін уағыздаушылардың қызметі өте маңызды болды.

ХVІІ-ХVIІІ ғасырларда көшпенді қазақ халқының арасында ислам дінінің таралуының жаңа кезеңі байқалады. Бұл кезеңдегі ислам дінінің нығаюына негіз болған маңызды фактор ретінде Тауке ханның «Жеті жарғы» деп аталатын заңдар жиынтығын атап өтуге болады. Дала конституциясы деген атаумен танымал «Жеті жарғы» Тәуке хан (1678–1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы. «Жарғы» сөзі қазақша әділдік, шешім деген ұғымды білдірген. «Жеті жарғы» - жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін салалардың жиынтығы. Олар: жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жеті жарғыға әкімшілік, қылмысты істер, азаматтық құқық нормалары, сондай-ақ, салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізілген, яғни, онда қазақ қоғамы өмірінің барлық жағы түгел қамтылған. Мысалы, құдайға тіл тигізушілерге, басқа дінді – христиан дінін қабылдаушыларға қандай жаза қолдану туралы айтылған. Сонымен қатар, аталмыш заңдар жүйесінде қазақ халқының әлеуметтік құрылымындағы «ақ сүйектер» тобына жататындардың ерекше жағдай қарастырылды.

XVIII ғасырдың бірініші жартысындағы ел басына күн туған кезең Қазақ хандығының Ресей империясының қарамағына кіруімен аяқталды. Сол кезден бастап ислам дінінің қазақ даласында таралуы мен орнығуы үдерісінің жаңа кезеңі, яғни жалпы Ресей империясының отарлау саясатынмен байланысты ислам дініне, соның ішінде «бұратана» халықтардың діни сеніміне деген саясатпен айқындалынатын кезең басталды.

Ресей империясының ислам діні мен мұсылман қауымына байланысты мемлекеттік саясаты XVIII ғасырдан бастау алып, ХІХ ғасырдың бірінші жартысына дейін қалыптасқан болатын. Патша үкіметі ислам дінін қазақ даласының түпкілікті халқының қарсылық көрсетуін болдырмау, оған тойтарыс беру мақсатында өзінің отарлау саясатының басым бағыты ретінде, басқаша айтқанда идеологиялық құрал ретінде пайдалануға тырысты. Мысалы, Екатерина ІІ патшайымның кезінде (1762-1796) ислам дініне деген төзімділік қарым-қатынас басшылыққа алынған болатын. Өзара ниеттестік (лоялность) ұстанымы конфессионалдық саясатта, соның ішінде мұсылман дініне қатысты саясатта басымдыққа айналды: «Сіздер біздің иелігіміздесіздер, сіздер бізге бағынасыздар, салық төлеңіздер, сол үшін өмір сүріңіздер, қалауларыңызша сеніңіздер».  Бұл ұстаным православтық емес азаматтардың нақты өмір сүру жағдайын анықтайтын жарлықтарда көрініс тапты. Ектерина ІІ 1753 жылы мамыр айында Уфа және Сібір Діни басқармасының басшысы Апухтинге қазақтар үшін «олардың бойына адамдық пен жақсы мінез-құлық» ұялату мақсатында мешіт салуға ұйғарым жолдайды. Уақытша және тұрақты мешіттер құрылысын салу тіпті қазақтардың тікелей қоныс тепкен орындарында (күздеу, қыстау, жайлауда) да жүргізілді. Олар көп жағдайда үкімет қазынасы есебінен салынды. Мешіттерде қызмет ететін молдаларды іріктеуге айрықша көңіл бөлінді. Ортағасырлық хандықтар тарапынан келетін әсер-ықпалдарды шектеу мақсатында молдаларды жергілікті тұрғындар арсынан емес, шын берілген Қазан татарлары арасынан таңдауға шешім қабылданды. «Қырғыздарды әр руын молдалармен қамту,-делінген патша үкіметінің Орынбордағы орыс губернаторына жолдаған арнайы нұсқауында, - біздің істерімізге көп пайда келтіруі мүмкін, сол себепті сендер молдаларды Қазақ татарлары ішіндегі сенімді адамдардан таңдап, оларға қырғыздарды бізге адалдықта ұстауға қажетті ақыл-кеңес беріңдер...». Сонымен қатар, Екатерина ІІ 1788 жылы 22 қыркүйек айындағы жарлығымен мұсылмандар ісін басқару органы – Орынбор мұсылмдар діни жиналысын құру туралы шешім қабылдады. Қазақ халқы да осы органның қарамағына берілді. Басқа жарғымен бұл органның басшысы ретінде бұрын Орынбор шекаралық комиссиясының қазақ ахун, яғни аға молда болған татар ұлтының өкілі Мұхамеджан Хусаинов тағайындалды. Муфти Ресей аумағында тұратын Қырым мен батыс губернияларындағы мұсылман үмбеттерінен басқа барлық ислам дінін ұстанушылардың үстінен тағайындалды. Бұл органның басты міндеті молдаларды тағайындау және олардың мұсылмандық діни қызметті орындауға үміткерлерді сынақтан өткізу болып табылады. Сонымен қатар, бұл жарлық бойынша әрбір уезде екі аға молданың қызметі және 100 үйге бір мешіт болу мүмкіндігі көрсетілген болатын. Жарлық ислам діні рұхсат етілген, бірақ қатаң бақыланатын дін екенін көрсетеді. Орынбор діни жиналысы Орталық Азия мен Қазақстан жерінде ресейлік мемлекеттілікті жүзеге асыру мақсатында үкіметтік саясатты жүргізу үшін құрылған болатын. Сол кездегі қазақ қоғамы басшы топтары ресейлік муфтиаттың билігін мойындады.

    Молдалар ресми діни қызметкер болу үшін Орынбор діни жиналысы тарапынан исламның теориясы мен практикасы бойынша тексеруден өтіпкенен кейін олардың құжаттары шетелдік сенімдердің діни істері Департаментінде қаралып, одан кейін жоғары жақтың бекітуіне жеберілетін. Егер үміткердің құжаттары бекітілсе, Орынборлық муфтиат оған ахун дәрежесі берілгені туралы император жарлығы мен куәлік берді. Куәлікте молданың педагогикалық атағы – муддарис немесе мұғалім екені де көрсетілетін. Молдалардың император жарлығымен тағайындалынуы қазақ даласы молдаларының «указной» және «указной емес» деп бөлінуіне негіз болды. Нәтижесінде ислам дінінің мешіттік және мешіттік емес, ресми және ресми емес деп бөлінуі орын алды. Бұның салдары өте маңызды. Уфаға баруға қаражаты жетпеген дін қызметкерлері (Орынборлық муфтиат деп аталғанымен ол Уфада орналасқан болатын) немесе Ресей билігімен байланысқысы келмеген, сондықтан «указной» молда атағын алмағандар діни қызметті жартылай жасырын түрде жүзеге асыруға мәжбүр болды.

    Мұсылман діни қызметкерлері бірнеше көрсеткіштер бойынша христиандық діни қызметкерлерге қарағанда құқықтары жағынан шектеулі болатын. Мысалы, 1822 жылғы жарғыға сәйкес қылмыс жасаған мұсылман діни қызметкерлері дене жазасына тартылатын, ал бұндай жағдайға тап болған христиандық діни қызметкерлерге дене жазасы қолданылмайтын. Тек 1850 жылы ғана мұсылман діни қызметкерлері бұндай жазадан босатылды.

    Александар І және Николай І патшалық құрған кездерінде Ресей империясының заңдар жиынтығында әртүрлі конфессиялардың өз діни сенімдерін кедергісіз ұстану құқығы тіркелген болатын. Бұл ислам дініне де қатысты болды. Алайда православие үстем және «бірінші» дін болып қала берді. Осы кезеңде үкімет орыс емес халықтарды православие дініне қарату және одан кейін орыстандыру саясатын жүзеге асыру мақсатынан бас тартқан жоқ болатын.

Жалпыресейлік заңдар жиынтығында православие дінін қабылдаған басқа діндегілер үшін арнайы жағдайлар қарастырылған болатын. Мысалы, басқа діндегілер, соның ішінде мұсылмандар христиандармен некеге тұрған жағдайда өз діндерінен бас тартуы керек. Сонымен қатар, православие дінін қабылдаған мұсылмандарға бірқатар жеңілдіктер берілетіні де заңдарда көрсетілген болатын. 1822 жылы үкіметтің арнайы жарлығында христиан дінін қабылдаған қазақтарға берілетін жеңілдіктер көрсетілген болатын. Мысалы, алғашқы алты жыл бойы олар салық төлеуден босатылды.

Жаңадан шоқынған қазақтар мүліктік құқықтарын әкімшілік қорғайтын орыс қоныс аударушылары мен зауыттық деп аталатын шаруалардың қатарына жатқызылды. Олар сонымен қатар мещандар немесе шаруалар қоғамының мүшелері ретінде қарастырылды. 

Билік жаңадан шоқынған қазақтарға қолдау көрсетіп отырды. Бір жағынан оларды руластары тарапынан болуы мүмкін қысымнан қорғаса, екінші жағынан жаңа діннің артықшылығын көрсетуге тырысты. Православие дінін қабылдағандадың көпшілігі жағдайы төмен кедей топтың өкілдері болды. Шоқынған қазақтар өз руластары ортасында тұра алмады, өйткені оларды «діннен безгендер» ретінде қабылдап, сатқындық жасады деп есептеді. Сондықтан оларды басқа жерлерге қоныстандыру саясаты жүргізілді.

Қазақ даласында дін уағыздаушылық қызметпен тек орыс православ шіркеуі ғана айналысуға құқылы болды, өйткені православие мемлекеттік дін және ислам дініне қарағанда басымдылыққа ие. Дін саласында мұсылмандар тарапынан православие дініне қарсы әрекет орын алған жағдайда қатаң жазаланды. Мысалы, христиандарды ислам дініне тарту әрекеті үшін барлық мүлкі мен құқықтарынан айрылып, 8 жылдан 10 жылға дейін каторгалық жұмысқа жер аударылатын болды.Ал егер күш қолданған жағдайда каторга мерзімі 12-15 жылға созылатын. Сонымен қатар, бұдай қылмыстардың ескіру мерзімі болмайды.

Сонымен, бұл кезеңдегі ислам дініне байланысты патшалық Ресейдің саясаты екіжақты сипатта болды деуге болады. Бір жағынан, мұсылмандардың құқықтарын шектейтін жарлықтар қабылданса, екінші жағынан, олардың діни сенімін ескеретін актілер де жарық көрді.

Қазан төңкерісінің нәтижесінде Ресей империясының аумағында жаңадан қалыптасқан кеңестік мемлекет дін саласында марксистік-лениндік идеологияға негізделген өзіндік саясатты жүзеге асырды. 1917 жылы қазан төңкерісінің нәтижесінде билік басына келген большевиктер партиясының дін саясатын жүргізудегі басты мақсаты адам құқықтарының бірі - ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету емес, шіркеуді, яғни дінді мемлекеттен бөлу болды. Дін кеңестік идеологияға жат құбылыс болып танылып, қатаң сынға алынды. Кеңес өкіметі дінге және діни санаға қарсы аяусыз күрес жүргізді. Кеңестік мемлекеттіктің қалыптасуының алғашқы жылдарынан бастап дінге қарсы кең көлемде жазалау шаралары қолданылып, дінді қоғам өмірінің барлық салаларынан ығыстырып шығаруға батыл қадам жасалды.

1918 жылы қаңтарда жергілікті дін басылары жойылып, діни мекемелер таратылды. 1 наурыздан бастап діни қызметкерлер мен діни білім берушілерге мемлекет тарапынан еңбек ақы төлеу тоқтатылды, яғни осы кезден бастап діни мекемелер мемлекет тарапынан қаржыландырылмайтын болды.

Кеңес үкіметінің дін және діни сенім мәселесіне байланысты қабылдаған барлық ресми құжаттары мен шешімдері бұрынғы Ресей империясының құрамына кірген, ал енді Кеңестік мемлекеттің негізін құраған барлық елдер үшін, сол елдердегі барлық діндер үшін міндетті болды. Алайда Ресейдің шет аймақтары, соның ішінде ислам діні ұстанушыларға байланысты жеке, арнайы қаулылар да қабылданған болатын. Мысалы, 1917 жылы 20 қарашада ХКК «Ресей және шығыстың барлық мұсылмандарына үндеу» жариялады. Бұл үндеуде барлық Ресей мұсылмандарына, соның ішінде Еділ және Қырым татарларына, Сібір және Түркістан қырғыздары мен сарттарына, Кавказдың арғы беті түріктері мен татарларына, Кавказ шешендері мен таулықтарына наным-сенімдері мен әдет-ғұрыптарына, ұлттық және мәдени мекемелеріне бостандықтар берілетіні және қол сұғылмайтындығы жарияланған болатын. Бұл үндеудің мазмұнына сәйкес большевиктер партиясы осыған дейін патша үкіметі тарапынан қысым көріп келген мұсылмандар қауымынан еркіндік беретінін мәлімдеді. Бұл үдеудің басты мақсаты – большевиктер партиясының Ресей империясында православ дінін ұстанушылардан кейін екінші орынға ие болған мұсылман қауымының қолдауына ие болуға ұмтылуы.

Жалпы кеңес үкіметінің мұсылман халықтарына қатысты саясаты қайшылықты болды. Бір жағынан, ресми билік ислам дінін ұстанушылармен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуға тырысса, екінші жағынан, жер-жерлерде мұсылмандарға қарсы жазалау шаралары мен үгіт-насихат түрінде ислам дінінің беделіне нұқсан келтіруге тырысқан іс-әрекеттер күшейген болатын.  

Кеңес үкіметінің ислам діні мен мұсылмандарға байланысты саясаты жалпы дінмен күрес саясаты негізінде жүзеге асырылды.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Кеңестер Одағының тағдырына ауыр соққы болып тиген, әлеуметтік-саяси, қоғамдық өмірінің барлық жақтарына түбегейлі өзгерістер әкелгені белгілі. Бұл кезең КСРО-да «діни өрлеу» ретінде сипатталыналды, яғни мемлекеттің дін саласындағы саясатының өзгергенін, кеңестік үкімет пен дін басылары арасында келісімнің орын алғанын көрсетеді. Бұл барлық діни сенімдерге, соның ішінде ислам дініне де қатысты болды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап үкімет басшылары халықты жеңіске жету жолында біріктіру үшін дінді де пайдалану қажеттігін түсінді, осыған орай дінге байланысты саясатқа өзгерістер енгізді. Халықтардың діни өмірі жанданып, шіркеу мен мешіттер қалпына келтіріліп, діни жоралғы –рәсімдерді орындау мүмкін болып, діни қызметкерлерге қатысты жазалаушаралары уақытша болса да бәсеңдеді.

1941-1945 жылдар аралығында Қазақстан мен Орта Азия республикаларында ислам діні жанданып, оған көрсетілген қыспақтың біршама азаюы байқалады. 1943 жылы 15-20 қазан аралығында Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының бірінші құрылтайы өтті. Бұл құрылтайда Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасын құру туралы шешім қабылданған болатын.

Кеңес Одағы кезінде қазақ жеріндегі мұсылмандар, жалпы сол кездегі мемлекет аумағындағы барлық мұсылмандар дінге қарсы бағытталған кеңестік саясатқа қарасмастан, мұсылмандық шарттарды орындауға, діни мерекелелерді атап отыруға тырысты. Жалпы жетпіс жылға созылған Кеңестік дәуір кезінде дінге қарсы күрес жүзеге асырылып, қоғамдық идеологияда ғылыми коммунизм мен атеизм ұстанымдары үстемдік етіп, жаппай дінге сенудің шектелгеніне қарамастан, Кеңес Одағы халықтарының басым бөлігі өздерінің ұлттық болмыстарымен, ұлттық салт-дәстүрлері, құндылықтарымен біте қайнасқан діни сенімдерін сақтап қалуға ұмтылды.  

 

 

 

 

 

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.