Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Пайдаланылған әдебиеттер



 

Лекцияның тақырыбы: Темперамент

Мақсаты: Әрбір адамның жеке тұлға ретінде даралық-психологиялық ерекшеліктерін психикалық қасиеттің бірі - темперамент арқылы қарастыру. Осы мақсатта темпераментке оның түрлеріне, зерттеу әдістеріне жалпы сипаттама беру және темпераментті зерттеушілер еңбектерін қарастыру.   

 

Жоспар:

1 Темперамент туралы түсінік

2 Жоғары жүйке қызметінің типтері – темпераменттің табиғи негізі

3 Темперамент туралы теориялар

4 Темпераменттің типтері және олардың психологиялық сипаттамасы

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Мерлин В.С. Очерк теории темперамента. М.,1973.

2.Стреляу Я. Роль темперамента в психическом развитии. М.1982.

3.Небылицын В.Д. Основные своиства нервной системы человека. М.,1990.

4.Жұмабаев М. Педагогика, Алматы, 1995.

5.Аймауытов Ж. Психология. Алматы, 1995.

6.Жарықбаев Қ.Б. Психология негіздері. Алматы, 2005.

7.Тәжібаев Т.Т. жалпы психология. Алматы, 1993.

8.Намазбаева Ж.И. Психология. Алматы,2005.

9.Сейталиев Қ.Б. Жалпы психология. Алматы, 2007.

 

Темперамент деп психикалық процестер ағысының, қимыл-қозғалыстар мен көңіл күйдің түрлі деңгейінде көрінетін адамның жүйке саласының тұрақты және туғаннан берілетін даралық психологиялық қасиеттер жиынтығын айтамыз.

Темперамент туралы ілім ерте замандарда пайда болған. Гиппократ, кейіннен Гален сияқты дәрігерлер адамдардың мінез-құлықтарының дара көріністерін бақылау арқылы солардың өз ерекшеліктерін сипаттап жазуды, түсіндіруді ойластырады. Гиппократтың пікірінше, адамның тәнінде төрт түрлі сұйықтық болады:

Сангвиникалық (латын сөзі «сангвиниус»-қан), флегматикалық «флегма»-сөл, шырын, холерик«холэс» - сары өт, меланхолик «меланхолэс» - қара өттен тұрады. 4 түрлі сұйықтықтың қоспасы «темпераментум» - қоспа

Қан, шырын, сары және қара өт, олар дұрыс араласса – адамдардың дені сау, дұрыс араласпаса – сырқат болады. Ағзадағы сұйықтардың біреуінің басым болуы адамның темпераментін анықтайды. Гиппократ темпераменттер белгілі мөлшерде адамның тұрмысына, ауа райы жағдайларына тәуелді болады деп санады. Мәселен, отырып жұмыс істейтіндердің денесінде флегма(шырын) жинақталса, үнемі қимыл қозғалыстағыларда - өт көбейеді, темперамент те осыған сәйкес анықталады. Гиппократ типтерді дұрыс сипаттағанымен, оларды ғылыми тұрғыдан түсіндіре алмады.

Жоғары жүйке қызметінің негізгі қасиеттерін ашқан И.П.Павловтың ғылыми еңбегі ерекше. И.П.Павлов шартты рефлекстер әдісі арқылы жоғары жүйке қызметінің және жүйке үрдісінің негізгі қасиеттері – қозу мен тежелудің заңдылықтарын ашты.  Қозу - жүйке жүйесімен бас миының қызметінің белсенділігі; тежелу- жүйке жүйесімен бас миының қызметінің белсенділігінің сөнуі;

 Жүйке үрдістерінің күші– бұл жүйке жүйесі мен жүйке жасушаларының жұмыс қабілеттілігінің көрсеткіші. Күшті жүйке жүйесі түрлі тітіркендіргіштерге төзімді келсе, әлсізі мұндайға шамасы келмей «морт сынып» жатады.

Жүйке үрдістерінің тепе-теңдігі– бұл қозу мен тежелудің өзара сайма-сайлығын көрсетеді. Бұл үрдістер кейде бір-бірімен тепе-тең болып, кейде тең келмей, біреуі екіншісінен күшті болып отырады.

Жүйке үрдістерінің қозғалғыштығы – бір үрдістің екінші үрдіспен алмасу шапшаңдығы. Бұл мидың кездейсоқ және қолайсыз өзгерістерге бейімделуіне мүмкіндік береді. Осы қасиеттердің түрліше араласып, қосылуы жоғары жүйке қызметінің түрлі типтерін сипаттайды.

Жүйке жүйесінің типтері

Жүйке

жүйесінің

қасиеттері

Күшті

 

Әлсіз

Ширақ   Ұстамсыз   Инертті (баяу)  
Күші Күшті Күшті Күшті Әлсіз
Тепе-теңдігі Тепе-тең Тең емес(қозуы басым Тепе-тең Тең емес (тежелуі басым)
Қозғалғыштығы Қозғалғыш Қозғалғыш Баяу Баяу
Темперамент типтері Сангвиниик Холерик  Флегматик Меланхолик

 

Жүйке қызметінің типі адаммен бірге туады және оны түгелдей өзгеріске ұшыратуы мүмкін. Дегенмен И.П. Павлов жүйке қызметі типтерінің жекеленген қасиеттерін өзгертуге болатындығын тәжірибе жүзінде дәлелдеген. Мәселен, қозу үрдісі тежелуінен басым, күшті ұстамсыз тип машықтанып, жаттығу арқылы өзінің тежелу үрдісі күшін біршама арттырып, оны қозу үрдісімен теңестіргені байқалған. Осыдан И.П.Павлов: күшті қозғыш типтерді жаттықтыру арқылы тежелу үрдісінің күшін арттырып, бір-бірімен теңестіруге болады, - деген қорытындыға келеді.

И.П.Павлов шама келетін ұзақ жаттығу арқылы жүйке жүйесінің әлсіз типін шынықтыруға болады деген қорытындыға келді. Жүйке қызметінің әлсіз типінің қасиеттері ерекше байқалған адамның да қолайлы тәрбие нәтижесінде кез келген қиындықты ойдағыдай жеңе алатындығы сөзсіз.

Кейінгі зерттеулер жүйке үрдістерінің қозғалғыштығы мұндағы қасиеттердің онтогенездік дамуда ерекше өзгеріп отыратындығын байқатқан.

И.П.Павлов темперамент пен жүйке қызметінің типтерін бір-біріне балама құбылыс деп түсінді. Кейінгі зерттеулер жүйке қызметінің типтері темперамент типтерімен ылғи сәйкес келіп отырмайтындығын көрсетті. Шындығында да, темпераментке тек жүйке жүйесінің қасиеттері ғана емес, сондай-ақ жеке адамның дене құрылымдары да әсер ететіндігі белгілі. Жүйке қызметінің типін темпераменттің нышаны ретінде ұғынған дұрыс.

Адамның мінез-құлқы оның туыстан пайда болған тип өзгешелігіне ғана тәуелді болмай, жүйке қызметінің тікелей өмір барысында қалыптасатын түрімен де байланысты екенін есте ұстау қажет. Кейде тыныш бір қалыпты флегматик холерикше эмоциясы бұрқанып, күйіп-пісіп, әлек болады, ал холериктің кейбір жағдайларда өз күшіне сенбейтін, енжар меланхоликтің қалпына түсіп кететін кездері де болады. Осындай көріністер кейбір психологтарды аралық темперамент те болады деген пікірге алып келеді.

Бір адамның өзінде де әр жағдайда түрлі мінез-құлық көрініп отырады, оны талдауда алғашқы кезде осы адамның типтік ерекшеліктері еске алынады, өйткені мұндай жағдайларда жүйке жүйесінің түрлі типтерінде көңіл күйі түрліше байқалады. Мәселен, холерикке-көңілдің түсуі, бұрқануы, ал флегматикке-ұстамдылық, меланхоликке-өз күшіне сенімсіздік т.б. тән қасиет. Олай болса осы жағдайлар адамның типтік белгісі болып табылады. Егер адам сыртқы әсерге қалай болса қарайтын болса, осы әсердің өзі қандай екенін зерттеу қажет. Мәселен, флегматиктің ашуы мен эмоциялық күйіп-пісуі ұзақ уақыт ішінде сан рет қайталанған әсерден кейін туса, холерикте осындай жағдай бірден пайда болады. Холерик басқа адамның кез келген ескертпесіне, әсіресе оның намысына тиетін сөзге ылғи ашу-ыза, кейіс білдіреді. Флегматик мұндайды бір рет айтылған ескерту деп қана ұғады, егер ол бірнеше күн бойы қайталанатын болса ғана одан ашуланған кейіп байқалады. Холерик қуатын шапшаң жұмсаумен көзге түссе, флегматик оны бөгеп, жинақтап, қозу тежелуді жеңе бастаған жағдайда ғана жұмсайды.

Адамның жабырқауы мен солқылдақтығы да осы тектес болады. Холериктер де бұл ұзақ зорығып жұмыс істеген кездегі қажудан туындаса, меланхоликтерде бұл жайт қарым-қатынас пен өмір жағдайының түбегейлі өзгеріске түскен кезінде немесе қысқа мерзімді күйзеліс үстінде белең береді. Осы айтылғандарды ескеру және білу-адам темпераменттерінің ерекшеліктерін ажырату үшін қажет.

М.Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегі бойынша:

Әрбір адамның жаратылыс бойынша тума бір түрлі мінезі болады. Мысалы, сыртқы дүние әсерлерінен өзінше бір түрлі әсерлену яки ішкі сезімдердің өзінше бір түрлі оянуы сықылды. Міне осындай тума мінез темперамент деп аталады. Темперамент төрт түрлі: сангвинник, холерик, флегматик, меланхолик.

Сангвинник темпераменті-сыртқы әсерлерді жеңіл жеңіл және тез алу. Бірақ терең алмау. Сангвинник адам ұшқыр, ойнақы, еті тірі болады. Бірақ бір әсерден екінші әсерге аялдап тұра алмайтын тиянақсыз адам болады. Әрбір істі бастап тұрып, тастап кететін болады.

Холерик темпераменті-сыртқы әсерлерді тез әрі терең алу. Холерик адам әрбір әсер артынан салпақтай бермейді. Бір алған әсеріне мықты, бекем болаы, көздеген мақсатын қадағаламай, тиянақтамай, жолда шала қалдырмайды. Табанды, қайратты болады. Қиын-қыстау мәселені тез шешеді, тез орындайды. Бірақ холерик адамның ашуы шапшаң әрі қатты болады. Сол ашу себебімен көп уақытта ұнамсыз істер істеп тастайды. Тіпті бір бет, қияқы болады.

Флегматик темпераменті-әсерлерді әлсіз алу әрі ішкі сезімдердің созалаң оянуы. Бірақ түбі берік болады. Флегматик адам ауыр мінезді адам, түрлі әсерге көрсе қызар болмайды, мәселені тез шешуге асықпайды, іс істегенде саспайды, шапшаң ашу, қызу мінез болмайды, салқынқанды болады. Басын жарып, көзін шығарып, жан алып, жан беріп істі тез бастап кете алмайды. Бірақ бір бастаса, салпақтап артынан қалмайды.

Меланхолик темпераменті-адамның ішкі сезімдердің билігінде болуы, өзінің ішкі сезімдеріне, өзінің ішкі дүниесіне берілген меланхолик адам аулақты жақсы көреді. Ешкімге сенбейді, істе қалтылдақ, жасқаншақ болады; тұрмыста кедергі ұшыраса, оның жүні жығылып, қайраты сөніп, жасып қалады. Меланхолик адамның үміттен-уайымы, қканыштан-қайғысы көп болады. Азғана кедергі оны қалың уайымға, қайғыға түсіреді. Меланхолик адам өзіне берілген, өзім деген кісіге, құл болғандай жақын болады. Бірақ ана кісіден бұған жақпайтын мінез шығып қалса, оған қас болып кетеді. Мұндай меланхолик адамның сіркесі су көтермейді. Сондықтан мұндай адам бір-бет, қыңыр, қисық болады.

Темпераменттің бұл төрт түрі бір-біріне қатыспай таза күйінде ғана болады деуге болмайды. Көбінесе бұлар бір-бірен аралас болады. Мысалы, бір адамға сангвинник темпераменті мен холерик темпераменті аралас болады. Бір адамда флегматик темпераменті мен меланхолик темпераменті аралас болады әрі темперамент тұрмыстың әрі тәрбиенің әсерімен өзгереді. Және темпераменттің түрлі болуы біраз жас, ер, әйелдің тұрмысында әрі тұқымынан да болады. Мысалы, көбінесе жас шақта адам сангвинник болады, ерлікте холерик болады. Кәрілікте флегматик болады. Көбінесе әйел сангвинник, ер холерик болады.

 Қалайда әрбір адамда осы төрт темпераменттің біреуі денірек болмай қоймайды. Денірек болатын темперамент хатта нәресте шақтан біліне бастайды. Сондықтан тәрбиеші баланың нәресте шағында-ақ оның тума мінезін әрі темпераментінің түрін байқап, біліп қоюға тиіс, балаға оның темпераменті түріне қарай тәрбие беру үшін.

Бірақ, берік білу керек, темпераменттің анасы жақсы, мынасы жаман, анадай темпераментті ірі адам, мынадай темпераментті төмен адам деуге болмайды. Адамды ірі қылатын темперамент емес, ақыл мен құлық. Ақылы терең, құлқы сау адам қандай темпераментті болса да тізгіндеп, түзу жолға түсіп кете алады. Темпераментті тізгіндей білу үшін, адамның жақсы тәрбиеленуі керек.

Ж.Аймауытов бойынша: Адамдардың мінезіне қарай жіктеудің негізгі бір белгісі-олардың сыртқы дүниеге тез, яки созалаң серпілуі екен. Тез яки созалаң қайталаумен қатар, ол қайталаудың күші де еске алынады. Осы айтылған екі сыйпаттарды қосқанда бар адамда негізгі төрт түрлі мінезді туғызады:

1)Қайталауы тез-күшті холерик. 2) Қайталауы тез-күшсіз сангвинник. 3) Қайталауы созалаң-күшті меланхолик. 4) Қайталауы созалаң-күшсіз флегматик.

Бұл төрт түрлі мінезді Лазурский былай түсіндіреді: Сангвинник-еті тірі, қозғалғаш, тұрлаусыз, әсерленгіш, тез қызынып, тез суынғыш, жеңіл ойлы, бір беткей, ұзақ қызметке шыдамсыз.

Меланхолик-табанды, алған әсері көпке шейін басылмайды. Ол сангвинник тәрізді емес, оңашаны сүйеді, көпшілікті қаламайды; ол қиялдауға икем тұрады: бірақ сангвинник секілді іске жігерсіз, қабілетсіз келеді. Меланхоликтер көп сезеді, көп қиялданады, аз істейді яки өзін сыртқа шығара алмайды. Олардың ақылынан да, қайратынан да сезімі басым болады.

Холерик-тез қызады, іске икем тұрады. Ісінде жігерлі. Ашуы қолында болады. Философ Кант ол кейіпкерлерді: «Құрмет сүйгіш, өзінің «мендігін» алға қойғыш, төңірегін көтермеші нөкерлер мен толықтырғыш, жүйелі ой қызметіне қабілетсіз» деп суреттейді.

Флегматик-аса баяу қызады. Ондай адамды еліктіру, қыздыру өте қиын. Күллі жан ағымдарының бәрі де шабан. Шабандық оның айрықша белгісі. Іске қабілеті шамалы. Ондай адам бір қозғалып, іске кірісіп кетсе, сол бетінде талайға шейін табанды қызмет етеді. Оныкі өздігінен тауып алғандықтан емес, түскен бір жолында жұмыс ете беруден туған қызмет. Жүріп келе жатқан жолын тастап, тыңнан жол тауып алуға ондай адам топас болады.

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.