Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Баспасөз және электронды БАҚ



Баспасөз және электронды БАҚ

Баспасөз– мерзімді және мерзімсіз басылымдардың жиынтық атауы. Баспасөз – халық арасында әр түрлі ақпараттар тарата отырып, қоғамдық пікір қалыптастыруға, саяси жұмыстар жүргізуге, мемлекеттің, әлеуметтік топтардың не жекелеген тұлғалардың мүдделі мұраттарын танытуға қызмет етеді. Мерзімді баспасөзге тұрақты атауы, ағымдағы нөмірі бар және кемінде жарты жылда бір рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, олардың қосымшасы жатады. Олар шығармалық-өндірістік процестердің ұйымдастырылу ерекшеліктеріне, тақырыптық-мазмұндық бағыттарына, әкімшілік-аумақтық бөлініс деңгейлеріне, оқырмандар аудиториясының сипатына, т.б. белгілеріне орай бірнеше түрлерге жіктеледі.

Мерзімді баспасөздің ең негізгі әрі көне түрлерінің бірі – газет. Қағаз өндірісінің дамып, полиграфиялық технологияның бастапқы тәсілдерінің жетілдірілуіне байланысты Батыс Еуропада (Германияда – 1609 жылы, Ұлыбританияда – 1622 жылы, Францияда – 1631 жылы) алғашқы газеттер шыға бастады. Қазақ тіліндегі алғашқы мерзімдік басылым – 1870 жылы Ташкент қаласында жарық көрген “Түркістан уәлаятының газеті”. Бұл басылым қазақ даласында Ресей империясының отарлаушылық саясатын жүргізудің құралы ретінде дүниеге келгенімен, ұлттың Баспасөзін қалыптастырып, зиялы қауымның азаттық идеяларын бұқараға жеткізуде

Баспасөздің маңызы зор екендігін түсінуіне ықпал етті. Мерзімді баспасөзге жататын журналдар, альманахтар мен бюллетендер шығу мерзімділігіне, көлемі мен безендірілуіне газеттен ерекшеленіп тұрады (қара Газет, Журнал, Альманах).

Баспасөздің екінші түрі – мерзімсіз басылымдарға кітаптар, кітапшалар, плакаттар, күнтізбелер, ноталар, т.б. жатады. Оның ең негізгі әрі көне түрі – кітап. Кітап басу ісі 8–9 ғасырларда Қытайда басталды. Алғаш рет ксилографиялық (ағаштан ойылған қалыппен басу) әдіспен буддистердің “Жақұт сутра” (868) деген қасиетті кітабы басылып шықты (Еуропаға бұл жаңалық 4 ғасырдан кейін келеді). Қазақ тіліндегі алғашқы кітап – “Сейфүл-мәлік” қиссасы 1807 жылы Қазан қаласында жарық көрген (қара Кітап). Қазіргі кезде Қазақстанда 1200-ден астам газет-журналдар, апталықтар жарық көреді. Республикадағы Баспасөз жүйесінің қызметі ҚР-ның “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заңымен (1999, 23 шілде) реттеледі.

Электронды БАҚ – ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуынан туындаған журналистикадағы жаңа ұғым. Біз қазіргі қолданыстағы барлық медиа салалары дәл осы электронды БАҚ-ның бір бөлігі. БАҚ-ның бірқатар коммуникация мен ақпараттық ерекшеліктеріне байланысты, интернетті қолдану арқылы жаңа бұқаралық ақпарат құралының электронды түрі дүниеге келді. Электронды-БАҚ-тың алғашқы нұсқасы, 1987 жылы АҚШ-та пайда болған. «The San Jose Mercury News» газеті тұңғыш рет көпшілік қауымға электронды нұсқасынмен жарияланды. Қазіргі таңда, АҚШ-тағы күнделікті басылымдардың тиражы жарты жылда қазан айынан наурыз айына дейінгі аралықта – 2,5%, ал апталық газеттердің тиражы – 3,1% азайған. Керісінше, онлайн БАҚ күннен-күнге қарқынды түрде даму үстінде.

Электронды БАҚ дәстүрлі БАҚ үшін үлкен жаңалық болды. Бұл сала аудиторияға деген таласты күшейтті және қазақ журналистикасының дамуына қарқынды үлес қосуда. Дегенмен, ұлттық идеяның генераторы – қазақ тілді БАҚ. Қазақ тілді басылымдардың атауы ұлттық символикалық болып келеді. Мәселен, «Жас Алаш», «Жас Қазақ», «Егемен Қазақстан», «Жас қазақ үні», «Алаш айнасы», «Ана тілі», «Түркістан», «Ұлт Таймс», «Үш қиян» газеттері, «Намыс кз» журналы, «Абай.KZ» сайты және т.б. Орыс тілді басылымдар атауы: «Время», «Мегаполис», «Экспресс К», «Панорама», «Деловая неделя» және т.б. Электронды БАҚ– үлкен ғылыми ізденісті қажет ететін сала. Ол ақпаратты тарату оперативтілігі мен интерактивтілігі арқылы айқындалады. Заман ағымы мен қоғам талабы өзгерсе де,басты мақсаты мен принциптері-объективті әрі шынайы ақпарат жеткізіп, дүниежүзі тарихын жазуға үлес қосатын журналистика саласы әрдайым жаңарып, өркендеп отырады. Сондықтан, электронды БАҚ- ақпараттық технологиялар дәуірінің басты жетістігі, темір гаджеттер әлеміндегі өнертабыстардың үздігі.

 

Тапсырма:

1. Мәтінді оқып, сұрақ-жауап құрастырыңыз (7-8 сұрақтан кем емес).

2. Мәтінді оқып, аударыңыз.

3. Мәтіннен сын есімнің шырай түрлерін теріп жазып, жасалуын түсіндіріңіз.

4. Мәтіннен бірыңғай сөйлем мүшелерін теріп жазып, қандай сөз табынан жасалғанын табыңыз.

5. Электронды БАҚ, баспасөз БАҚ, интернет БАҚ – дегенді қалай түсінесіз?

6. «Мерзімді баспасөз басылымдар» атты мәтінді оқып, өзіңіз қандай ақпарат алғаңыз жайында мәлімет беріңіз.

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.