|
|||
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ Жоғарғы колледжіС.Аманжолов атындағы ШҚМУ Жоғарғы колледжі №5сабақ Пән: «Экономикалық негіздері»
Топ:ФК2Б Күні:18.05.2020 жыл Уақыты:14.45-15.15 Пән оқытушысы:Хурмет Жигер Сабақ тақырыбы: ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕРДІҢ ТИПТЕРІ. МЕНШІК ҚАТЫНАСТАРЫ Мақсаты: әртүрлі өлшемдеріне байланысты экономикалық жүйелердің типтеріне тоқталу, олардың артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталу, меншік қатынастарын зерттеу және Қазақстанның өтпелі экономика жағдайындағы ерекшеліктеріне тоқталу. Талқылау сұрақтары: 3.1. Экономикалық жүйелердің мәні, әртүрлі жіктелу өлшемдері, түрлері және ұйымдастыру үлгілері; 3.2. Меншіктің мәні мен мазмұны, түрлері мен нысандары, объектілері мен субъектілері; 3.3. Қазақстандағы мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру бағыттары. Негізгі ұғымдар: экономикалық жүйе, дәстүрлі экономикалық жүйе, жоспарлы экономикалық жүйе, нарықтық экономикалық жүйе, аралас экономикалық жүйе, постиндустриалдық қоғам, меншік, меншік құқығы, меншік нысандары, меншік субъектісі, жекешелендіру, мемлекет иелігінен алу, т.б. 3.1. Экономикалық жүйелердің мәні, әртүрлі жіктелу өлшемдері, түрлері және ұйымдастыру үлгілері Кез келген қоғам экономиканы ұйымдастыру және оның мәселелерін шешу үшін өз қарамағында әртүрлі құрылымдарды, тетіктерді және институттарды қолдана алады. Осындай механизмдердің бірсыпыра жиынтықтарын экономикалық жүйелер арқылы қарастыруға болады. Экономикалық жүйелер – экономиканың өзара байланысқан элементтерінің жиынтығы. Экономикалық жүйелердің жіктелу өлшемдері бойынша әртүрлі сыныптамасы бар: 1. Ашықтылық дәрежесі бойынша: 1.1. Жабық экономикалық жүйе – бұл барлық іскерлік белсенділік операциялардың ел ішінде ғана жүргізілуі орын алатын экономиканың ұйымдастырылуы. 1.2. Ашық экономикалық жүйе – бұл экономиканың халық ара лық экономикалық қатынастар жағдайында белсенді түрде жұмыс жасауы, бұл жерде ұлттық валютамен қатар шетел валютасы қолданылады. 2. Меншік қатынастары бойынша: 2.1. Дәстүрлі экономикалық жүйе – ғасырлар бойы сақталған салт-дәстүрлерге негізделген қатынастар. Бұл жүйенің сипатты белгілері: - өнімді өндіру, бөлу және айырбастау салттарға, дәстүрлерге негізделеді; - әлеуметтік-экономикалық артта қалушылық, ұдайы өндіріс қарқынының тым төмен болуы; - техникалық прогресстің шектелуі; - халық санының өсуінің өнеркәсіптік өндірістің өсу қарқынынан тұрақты түрде артып отыруы; - сыртқы қарыздың маңызды түрде орын алуы; - мемлекеттің және қарулы күштер құрылымының жоғары рөлі. 2.2. Әміршіл-әкімшіл экономикалық жүйе – орталықтандырылған жоспарлауға, өндірістің барлық факторларына мемлекеттік меншіктің орын алуына негізделген қатынастар. Сипатты белгілері: - өндіріс құрал-жабдықтарына деген мемлекеттің меншіктің орын алуы; - экономиканы орталықтан жоспарлау; - өндірушілердің монополиялануы; - ресурстардың орталықтандырылған қоры. - ынталандырудың нарықтық жүйесінің болмауы. 2.3. Нарықтық экономикалық жүйе – жеке меншікке, жеке мүддеге, еркін бәсекелестікке негізделген қатынастар. Сипатты белгілері: - өндіріс факторларына деген жеке меншіктің орын алуы; - кәсіпкерліктің еркіндігі және таңдау мүмкіндігінің болуы; - шаруашылық субъектілерінің дербестілігі; - шаруашылық субъектілерді жеке мүдделеріне сай ынталандыру; - өндірушілер арасындағы, тұтынушылар арасындағы бәсекелестік, бұл ешкім нақты экономикалық билікке ие болмауы тиіс. 2.4. Аралас экономикалық жүйе – нарықтық тетіктер мен экономиканы мемлекеттік реттеудің үйлестірілуі орын алатын қатынастар. Сипатты белгілері: - әміршіл экономика мен нарықтық экономиканың ұштастырылуы; - көптүрлі меншіктің болуы; - күшті кәсіподақ қозғалысының орын алуы; - мемлекеттік реттеу мен түзету рөлі белсенді болып табылады. 3. Өнеркәсіптік төңкерістің және ғылыми-техникалық прогрестің даму деңгейі бойынша: 3.1. Индустриалдыққа дейінгі жүйе – қол еңбегіне негізделген натуралдық шаруашылық басым түрде орын алатын және ауыл шаруашылығына негізделген жүйе. 3.2. Индустриалдық жүйе – тауар-ақша қатынастарының дамуымен байланысты ірі машиналы өндіріске негізделген жүйе. 3.3. Постиндустриалдық жүйе – басты саласы – экономикалықөндірістік емес (қызмет көрсету) сала болып табылатын және ақпарат басты ресурс ретінде саналатын жүйе. 3.2. Меншіктің мәні мен мазмұны, түрлері мен нысандары, объектілері мен субъектілері Меншік категориясы кез келген экономикалық жүйені ұйымдастырудың іргетасы болып табылады. Меншік ұғымы тарихи категория ретінде алдымен, жермен, содан соң өндіріс құралжабдықтарын иемденумен, пайдаланумен және оларды жалға берумен байланыстырылады. Осы тұрғыда, меншікті молайтуда өндіруші адамның еңбегіне және оның еңбек өнімділігінің басымдылық рөліне ерекше мән беріледі, өйткені ол барлық байлықтың және пайда табудың қайнар көзі ретінде саналады. Меншік нысаны меншік объектілерінің кімге тиесілі екендігін көрсетеді. Кейбір отандық әдебиеттерде, меншік құқығы деп белгілі бір тұлғаларға материалдық және материалдық емес игіліктердің тиістілігін бекітетін және осы құқықтарды қорғайтын заң нормаларының жиынтығын айтады. Экономиканың негізгі үш іргелі мәселесі – не, қалай және кім үшін өндіреміз сұрақтарын шешу экономикалық агенттердің өндіріс құралдарына деген меншік құқығына тәуелді болып табылады. Осыған байланысты, кез келген меншік иесі болып табылатын тұлға өз қалауы бойынша меншік объектісін иемденеді, пайдаланады және билік етеді. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде меншікке қатысты мынадай ұғымдар айтылады: 1) Иемдену – мүлікті іс жүзінде иелену мүмкіндігінің заңдық тұрғыдан қамтамасыз етілуі. 2) Пайдалану – белгілі бір игіліктен оның пайдалы қасиеттерін алудың және одан пайда таба алудың заң жүзінде қамтамасыз етілуі. 3) Билік ету – мүліктің тағдырын айқындаудың заңмен қамтамасыз етілуі. Ағылшын заңгері А. Оноре 1961 жылы алғаш рет меншіктің толыққанды кешенді құқықтарын ұсынды. Оны «бір буда құқық» немесе Оноре тізбесі деп атайды және ол 11 элементтен құралады: 1. Иемдену құқығы, қандай да бір игіліктің жағдайын бақылау құқығы; 2. Пайдалану құқығы, игіліктерден оның пайдалы қасиеттерін алуға деген құқығы; 3. Билік ету құқығы, игіліктерді пайдалануды кім және қалай шешетіндігі жөніндегі құқығы; 4. Табыс алуға деген құқығы, игіліктерді пайдаланудан қандай да бір нәтижеге жете алу құқығы; 5. Егемендік құқығы, игілікті шеттету, тұтыну немесе жою құқығы; 6. Қауіпсіздікке деген құқығы, яғни игілікті қанаудан және сыртқы ортаның зияндылығынан қорғау құқығы; 7. Игілікті мұрагерлікке беру құқығы; 8. Игілікті иеленудегі мерзімсіздік құқығы; 9. Сыртқы ортаға зиян келтіретін әдістерді қолдануға қарсылық жасау құқығы; 10. Жауапкершілікке жазалау түрін қолдану құқығы, яғни қарызды төлеуге игіліктермен жазалау мүмкіндігі; 11. Қалдықтық сипат құқығы, яғни бұзылған құқық шараларын қалпына келтіруді қамтамасыз ету институтының өмір сүру құқығы. Сонымен, меншіктің экономикалық категория ретіндегі мәні мынаған келіп саяды, яғни меншік – бұл адамдар арасындағы материалдық және рухани игіліктерді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтыну салаларындағы күрделі әлеуметтік-экономикалық қатынастар. Меншік қатынастары меншік объектілерін иемдену жөнінде меншік субъектілерінің арасында қалыптасып отырады. Меншік субъектілері – бұл олардың арасында меншік қатынастары туындап отыратын тұлғалар, оларға жеке индивидтер, отбасы, әлеуметтік топтар, ұжым, халық, мемлекет және басқару органдары жатады. Меншік объектісі – бұл осылар арқылы меншік қатынастары туындап отыратын қандай да бір заттар немесе құралдар, т.б. Меншік объектілеріне: жер, ғимараттар, табиғи ресурстар, өндіріс құралжабдықтары, мүлік, ақшалар, бағалы заттар, ақпарат, жұмыс күші, білім, құнды қағаздар, ұлттық құндылықтар, т.б. жатады. Меншіктің 2 түрі ажыратылады: жеке меншік және мемлекеттік меншік. Олардың әрқайсысының бірнеше нысандары бар. Жеке меншік – бұл бір тұлғаның немесе отбасының мүліктің немесе ресурстың иесі болып табылуы. Жинақтау сипаты бойынша жеке меншік еңбектік және еңбектік емес болып бөлінеді. Еңбектік жеке меншік жалақы есебінен және кәсіпкерлік қызметтен келіп түсетін табыс арқылы анықталады. Еңбектік емес жеке меншік мүлікті мұраға қалдыру есебінен, бағалы қағаздардан, депозиттерден алынатын табыстар және басқа да табыс көздері арқылы анықталады. Жеке меншіктің ерекше нысаны болып ұжымдық меншік табылады. Ұжымдық меншіктің мысалына кооперативтік меншік және акционерлік меншік жатады. 1) Кооперативтік меншік деп бірігіп қызмет істеуі үшін сол кооператив иелерінің еңбегі мен өндіріс құралжабдықтарын біріктіру жолымен қалыптасатын ұжымдық меншіктің бір түрін айтады. 2) Акционерлік меншік – бұл акцияларды сату нәтижесінде қалыптасатын меншік. Мемлекеттік меншік – бұл субъектісі мемлекет болып табылатын меншіктің түрі. Меншіктің бұл түрін басқаруды және оған билік етуді мемлекеттік билік органдары жүзеге асырады. Мемлекеттік меншіктің басты ерекшелігі болып оның бөліске түспейтіндігі ретінде саналуы табылады. Мемлекеттің меншіктің дамуы негізінен әміршіл-әкімшіл экономикалық жүйеде орын алады. Әдетте, оның үлесі меншік түрлерінің жалпы құрылымында 90%-ға дейін жетеді. Мәселен, бұрынғы КСРО-да мемлекеттік меншіктің үлесі 88%-дан асты. Алайда, нарықтық экономикасы дамыған елдерде мемлекеттік меншіктің үлесі 5%-дан 30%-ға дейін ауытқып отырады. Экономикада мемлекеттік меншіктің басым болуы нақты өмірде жағымсыз жайттарға алып келуі мүмкін: мемлекеттік монополиялардың пайда болуы, мемлекеттік өндірушінің тұтынушыға деген үстемдігінің орын алуы, арзан тауарлар түрлерінің жойылып кетуі, тауар тапшылығының пайда болуы, сұраныстың қанағаттандырылмауы. Осыдан барып мынадай тұжырым жасалады, яғни бұл жерде мемлекеттік меншікті жою емес, оның монополиялық үстемдігін жою туралы әңгіме қозғау керек. Өзін-өзі тексеру сұрақтары 1. Экономикалық жүйе дегеніміз не? 2. Экономикалық жүйелердің түрлері? 3. Экономикалық жүйеге тән сипатты белгілері қандай? 4. Меншіктің әртүрлі категориялары қандай? 5. Меншік нысандары мен субъектілері? Пайдаланған әдебиеттер 1. Микроэкономика. Құдайбергенова К.С. Оқу құралы. – 2013.27-бет 2. Мамыров Н.Қ., Есенғалиева Қ.С., Тілеужанова М. Ә. Микроэкономика: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 2014.32-бет 3. Мухамедиев В. М. Микроэкономика- Алматы: 2011.26-бет 4. Я.Ә. Әубәкіров, Қ. Нәрібаев, М. Есқалиев, Е. Жатқанбаев, Е.Байжұманов, С. Досқалиев, Ж. Жәйшебеков. Экономикалық теория негіздері. Алматы, 2014 ж.,95-бет 5. Молдахметова А.Б., Өтебаев М.Ө. Микроэкономика: Оқулық. – Астана: Фолиант, 2013.69-бет. 6. Егемен Қазақстан: Жалпыұлттық республикалық газет. -2015.-9 қаңтар. 7. С.С. Мәуленова, С. Қ. Бекмолдин, Е.Қ. Құдайбергенов “Экономикалық теория” оқулық І-бөлім – Алматы, 2014.45-бет 8. Өтеев Р. А., Бердисугиров Е.М Экономика негіздері – Алматы: 2013. 53-бет 9. Әубәкіров Я., Байжумаев Е., Досқалиев С. Экономикалық теория негіздері.-Алматы: 2013. 479-бет 10. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ресми сайтының статистикалық мəліметтері. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://www.nationalbank.kz/?HYPERLINK http://www.nationalbank.kz/?&switch=kazakh»&HYPERLINK «http://www.nationalbank.kz/?&switch=kazakh»switch=kazakh 11. Дүйсенова Н., Мынатаев М. Экономикалық теория- Астана: 168-бет. Әкімбеков С., Баймұхаметова А. Жаңа экономика- Астана: 2015. 198-бет
|
|||
|