Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





зін-өзі бақылауға арналған сұрақтар



Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

1. Қазіргі кездегі білім берудің 4 қыры өзара қалай байланысқан?

2. Білім беру құндылығы қандай компоненттер арқылы сипатталады?

3. Қазіргі педагогикалық парадигманың ерекшеліктері неде?

4. Білім берудің өзгеруіне әсер ететін қандай негізгі факторлар бар?

5. Кәсіби-педагогикалық құзіреттіліктің мәні неде?

 

 

2-тақырып. ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КӘСІП ПЕН ІС-ӘРЕКЕТТІҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

 

2.1.Педагогикалық мамандықтың пайда болып қалыптасуы және оның өзгешеліктері.Мұғалімдік кәсіптің ежелгі замандардан бастап қалыптасқаны баршамызға мәлім. Алғашқы қауымдық құрылыстан бастау алып, ғасырлардан ғасырларға түрленіп мән-мағынасы жағынан көптеген өзгерістерге ұшырап, бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан тәрбие феноменінің өзектілігі жылдан жылға күшею үстінде.Әр қауымда балалар мен жас жеткіншектерді тәрбиелейтін, олардың есейгендігін дәлелдеуге дайындайтын қарапайым «жастар үйі» деп аталатын мекемелер пайда болған. Ондағы тәлім-тәрбие беруші беделді адамдар балаларды өмірге дағдыландыру үшін қауымның әдет-ғұрпын, салтын меңгертіп, садақ атуға, аң аулау өнеріне, ептілікке, шыдамдылыққа, батылдыққа үйретіп отырған.

Сонымен қатар қарапайым пиктографиялық жазу түрлері (picture – сурет, бейне), петроглифтер (ежелгі грек πέτρος -тас және γλυφή - қашау) пайда бола бастады. Осындай жазу түрлері арқылы алғашқы адамдар келер ұрпаққа мұра ретінде өз тәжірибесін, тұрмыс-тіршілік ерекшеліктерін, әдет-ғұрыптарын бейне ақпарат ретінде жеткізбек болған. Сол көне замандағы петроглифтер мен пиктографиялық жазулар жер шарының түпкір-түпкірлерінен табылып, тарих қойнауынан сыр ақтаруда.

Алғашқы қоғам өмірінің жетілуіне жүйелі түрде ықпал етіп келген тәрбие феномені педагогика ғылымының негізгі категорияларының бірі. Адамдар қай қоғамдық формацияда болмасын жас ұрпаққа өз тәжірибесін жеткізіп, білгендеріне үйретіп және мақсатты, саналы түрде өмір заңдылықтарын меңгертуге талпынған. Болашақ ұрпақты тәрбиелеуде мұғалімдік кәсіптің атқаратын рөлі адамзат қоғамының қай даму сатысында болмасын ерекше жоғары бағаланған.

Білім берудің өзін қазіргі таңда кең ауқымы әлеуметтік құбылыс ретінде қарастыра отырып, болашақ мұғалімдерді даярлау барысында кәсіпке баулу және әлеуметтендіру үдерісін ұштастыру қажеттілігін аңғарамыз. Педагогикалық жоғары оқу орындарына келген әрбір студент жоғары сапалы деңгейде таңдаған кәсібін меңгеруі қажет, сондықтан  нағыз мұғалім, нағыз педагог тұлғасы қалыптасады, және кәсіптік білімберу ұғымы өзінің бастапқы мәнін де жоғалтып алуы мүмкін. 

Педагог мамандығының маңыздылығы оныңқоғам дамуындағы рөліжайлы жетекші идеяменөзекті. Педагог мамандығындағы негізгі міндет– қоғам дамуының мақсаттарын жете түсініп, басқа адамдарды сол мақсаттарға жетуге бағыттау. Яғни, мұғалім өскелең ұрпақты қоғамның болашақ азаматтары ретінде тәрбиелеп, олардың әлеуметтенуіне байланысты жұмыстар атқарады.Мұғалімдер қоғамдағы ғасырлар бойы қалыптасқан әлеуметтік тәжірибені саралап, ең дұрыс және ең қажетті жақтарын жасөспірімдердің бойында қалыптастыруға еңбектенеді.

Сонымен қатар мұғалімдер жасөспірімдердің дуниетанымын, ұлттық сана сезімдерін, салауатты өмір салтына деген көзқарастарын қалыптастырады. Яғни, мұғалімдерді баланың қоғамдық қатынастарға бейімделуін, әлеуметтенуін басқарушысыретінде қабылдауға болады. Ұлы орыс педагогы К.Д.Ушинский мұғалім мамандығын жоғары бағалай отырып: «Мұғалім мамандығы сырттай қарапайым болғанымен - тарихтағы ең ұлы істердің бірі» - деген сөздері ақиқатпен астарласады.

Адамзат тарихында мұғалім мамандығының ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – оның қай елде болмасын ең кең таралғандығы. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарын бітіруші түлектерінің басым көпшілігі педагогтар екенін атап айтуға болады. Бұл педагог мамандығының қоғам дамуы үшін аса қажеттілігінің, зор маңыздылығының көрсеткіші, себебі егер бұл мамандыққа қоғам тарапынан сұраныс болмаса, мұндай көп мамандарға сұраныс туындамаушы еді. Педагог мамандығы мәңгілік ескірмейтін мамандықтардың бірі. Үздіксіз білім беру жүйесінің дамуына байланысты сапалық деңгейлері жоғары, кәсіби құзыретті мұғалімдерге деген сұраныс жыл сайын көбейе түсуде. 

Мұғалім қызметі тек болашаққа ғана бағытталған. Мұғалімнің іс-әрекеті, қызметі балалардың болашағына бағдарланып, оның еңбегінің нәтижесі де келешекте ғана көрініс береді. Мысалы, мұғалім еңбегінің жемісі нақты бір іс-әрекет орындалып болғаннан кейін ғана емес, айлар, жылдар өткен соң, шәкірттің бір табысқа қол жеткізуіне байланысты бағаланады. 

Мұғалім қызметі үнемі гуманистік сипатта болады. Ұстаздық қызметтің тағы бір ерекшелігі-педагогтардың әр шәкіртінің жүрегіне жол таба білуінде, әр баланың бойындағы қабілетті дамыту үшін қолайлы жағдай жасай алу шеберлігінде. Ең бастысы мұғалім оқушының өзін тұлға ретінде сезінуіне көмектесіп, оның бойында өзінің ішкі жан дүниесін, өмірді, әлемді тануға деген қажеттілікті оята білуі керек.

Педагогикалық еңбектің ұжымдық сипаты. Мұғалім үнемі мінездері, қызығушылықтары, даму және тәрбиелік деңгейлері әр түрлі қалыптасқан балалар ұжымымен жұмыс істейді. Ал осындай ұжым ішіндегі қарым-қатынастық жүйені дұрыс басқара білу үлкен педагогикалық шеберлікті талап етеді. Бұл шеберлікті дамытуда педагогика ғылымындағы А.С.Макаренко негізін салып кеткен тұлғаны ұжымда,ұжым үшін және ұжым арқылы тәрбиелеу теориясының маңызы зор. Бұл теория көптеген шығармашыл педагогтардың зерттеулеріне негіз болып, тәжірибе жүзінде сыналып, жылдан жылға жетілдірілу үстінде, тиімділігі арта түсуде.

Мұғалімдер күрделі үдерісті – оқушы тұлғасының қалып-тасуын басқарады. Мұғалім - оқушы өмірінің іргетасын қалаушы және ғылым негіздерін меңгертетін маман. Мұғалім мамандығы бар-шамызға ортақ игілікті іс болып табылатын жас ұрпақты тәрбиелеуге негізделеді, себебі адам бойындағы тәрбие мен жүйелі білім баланың өмірінің он бір  жылы өтетін орта мектептен бастап қалыптасады.

Мұғалімдер әр баланың тұлғасын қалыптастыруда оларды ин-теллектуалдық жағынан дамытуды, эмоционалдық, рухани, дене сапаларын жетілулдіруді көздейді. Сондықтан мұғалім шәкірттердің жас ерекшеліктерімен қатар дербес ерекшеліктерін ескере отырып барлығына ортақ бір тиімді қарым-қатынастық жүйені қалыптастыруға жұмыстанады.

Мұғалімдерге аса жауапты іс жүктелген. Мұғалімдерге баланың мінез-қүлқының, дуниетанымының, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы, жалпы олардың өсіп дамуының ең маңызды кезеңі сеніп тапсырылған.

 

2.2. Мұғалім еңбегінің профессиограммасы – мұғалім тұлғасының моделі ретінде.Адамзат тарихындамұғалім тұлғасына қойылатын талаптар қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени жағдайларға байланысты өзгеріп отырған. Мұғалімдердің моральдық-психологиялық, этикалық сапалары туралы ойлар шығыс философы Әбу Насыр Әл-Фараби еңбектеріндегі айырықша көңіл аударылған мәселелердің бірі. Ол мұғалім бойында шыншылдық, шәкірттеріне де, өзіне де талап қоя алушылық, ықыластылық, қаталдық, күш-жігер және педагогикалық такт сияқты қасиеттердің сақталуын қажет деп санаған. Әл-Фараби ұстаздың мінез-құлық нормасы қандай болуы жайлы былай деп жазады: «..ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру – ұстаздың қадірін кетіреді. Оның берген сабағы мен ғылымға шәкірті селқос қарайтын болады».

Педагогика ғылымының негізін қалаушы Я.А.Коменский (XVIIғ.) «Мұғалімдергеең тамаша міндет жүктелген, күн астында одан жоғары тұрған еш нәрсе жоқ» - дей отырып, балаларды оқыту-тәрбиелеу барысында мұғалімдерден табиғатқа сәйкестілік және дидактикалық принциптердің орындалуын талап еткен.

Педагогика тарихында мұғалім тұлғасына қойылатын талаптар А.Дистервег, К.А.Гельвеций, К.Д.Ушинский, П.Ф.Каптерев, А.С.Макаренко, Ы.Алтынсарин, М.Жұмабаев, В.А.Сухомлинский сынды белгілі педагогтар еңбектерінде ерекше қарастырылады. 

П.Ф.Каптерев мұғалімдердің адамгершілік қадір-қасиеттерінің маңыздылығына көңіл бөле отырып, оқыту мен тәрбиелеу үрдістерінің тұтас жүргізілуі барысында «оқыта отырып тәрбиелеу, тәрбиелей отырып оқыту» қағидасының сақталуын талап етеді.

Мұғалім тұлғасына қойылатын талаптардың күрделенуіне байланысты педагогикалық теорияда профессиографиялық тұрғыдан зерттеулер орын ала бастады. Осы бағытта арнайы зерттеулермен айналысқан ғалымдар Ф.Н.Гоноболин, Н.В.Кузьмина, А.И.Щербаков, В.А.Сластенин, Ю.С.Алферов, Е.И.Антипова т.б. болды.

В.А. Сластенин мұғалім тұлғасына қойылатын талаптар жүйесін оның педагогикалық еңбекке кәсіби даярлығы ретінде қарастырады. Ол даярлықтың құрамына мұғалімнің психологиялық, физиологиялық, даярлықтарымен қатар ғылыми-теориялық және практикалық құзыреттілігін жатқызады. В.А.Сластениннің пікірінше: «Мұғалім профессиограммасы мамандықтың паспорты ретінде оның квалификациялық сипаттамаларын, яғни қоғамдық-саяси, әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық білімдерінің көлемдерін және ғылыми негізделген ара-қатынастарын, сонымен қатар болашақ мұғалімге қажетті педагогикалық, әдістемелік іскерліктер мен дағдыларды қамтуы қажет».Профессиограмма – мұғалімнің, оқытушының, сынып жетекшісінің, педагогтың идеалды үлгісі, эталоны, моделі.

В.А.Сластенин ұсынған мұғалім профессиограммасында ол педагогикалық кәсіптің жалпы сипатын және жеке мамандыққа байланысты сипаттарын қарастыра отырып 4 бөліктен тұратын мұғалімнің профессиограммасын береді:

1) Мұғалімнің қасиеті мен сипаттамасы. Бұған ол мұғалімдердің идеялық, кәсіптік-педогогикалық, танымдық бағыттылығын жатқызады.

2) Мұғалімнің психологиялық-педагогикалық дайындығынақойылатын талаптар. Мұнда ол мұғалімдердің білім, білік және дағдыларын біріктіре қарастырады.

3) Арнайы даярлықтың көлемі мен құрамы. Бұл тарау болашақ мұғалімдердің шеберлік деңгейінде еңбектенуі үшін қажет болатын жалпы ғылыми негізде дайындық көлемі мен арнайы даярлықтың қалыптасатын нақты білім, білік және дағдыны біріктіреді.

4) Мамандық бойынша әдістемелік жағынан даярлық мазмұны. Бұған мұғалімге қойылатын жалпы әдістемелік талаптар және жеке пән мұғалімдеріне қойылатын арнайы әдістемелік талаптар еңгізілген.

Қазіргі кезде мұғалім профессиограммасын құруда үлкен тәжірибе жинақталған. Мұғалім тұлғасына қойылатын талаптарды үш үлкен кешенге бөліп қарастыруға болады: жалпыадамзаттық сапалары; кәсіби-педагогикалық қасиеттері; арнайы пән бойынша білім, білік, дағдылары.

Педагогтың білімі, білігі, іскерлігі және тұлғалық қасиеттеріне қойылатын минималды талаптар жүйесі ретінде педагогикалық іс-әрекеттің кәсіби стандарты құрастырылады. Қазақстан Республикасында мұғалімдердің кәсіби еңбекке сәйкестілігін, кәсіби өсу деңгейіне қойылатын талаптар жүйесі ретінде педагогтың кәсіби стандарты әзірленген. Кәсіби стандартты әзірлеу мақсаты-педагогқа қажетті іскерлік пен дағдылар, білімдер мен құзыреттерді сипаттау. Бұл стандарт бойынша мұғалімдердің санаттары өзгертіледі, мұғалімдердің еңбек функцияларының даму деңгейлері анықталатын болады. Педагогтың кәсіби стандартында бес еңбек функциясы анықталған: оқыту, тәрбиелеу,әдістемелік,зерттеу,әлеуметтік-коммуникативтік.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы»заңында педагогтардың негізгі құқықтары мен міндеттері анықталған. Аталған заңның 7-тарауының

50-51-баптарында педагог қызметкердің мәртебесі, құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі анықталған.

 

2.3.Мұғалімнің кәсіби іс-әрекетінің сипаттамасы.Іс-әрекет ұғымы ғылымаралық ұғымдар қатарына жатады, себебі ол педагогика, психология, әлеуметтану, философия, мәдениеттану сияқты көптеген әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың зерттеу нысандарының бірі. Кез келген жеке тұлғатек өзінің белсенді іс-әрекеті арқылы ғана дамитыны белгілі. Сондықтан адамтану ғылымдарының барлығы өз тұрғысынан адам санасы мен іс-әрекеттін зерттеуге тырысады.

Психологиялық тұрғыдан қарастырғанда,іс-әрекет-адамның қоршаған дүниемен белсенді қарым-қатынаста болуы арқылы өзін субъектілік позицияға қоюы ретінде қарастырылады. Педагогикалық көзқарастар бойынша, іс-әрекет – қоғамдық және жеке тұлғалық маңызды нәтиже беретін бір мақсатқа бағытталған белсенділік. Өзіндік жеке іс-әрекеттері арқылы адам басқа әлеуметтік іс-әрекеттерге араласады. Іс-әрекеттің құрылымына мотив, мақсат, құрал, іс-қимылдар, нәтиже, бағалау сияқты компоненттері кіреді .

Педагогикалық-психологиялық ғылымдар саласында іс-әрекет теориясының дамуынаС.Л.Рубинштейн, А.Н.Леонтьев,П.Я.Гальперин т.с.с. психологтардың зерттеулері негіз болған. Іс-әрекет компоненттері бір-бірімен тығыз байланыста болып біртұтас жүйені құрайды. Бұл жүйедегі компоненттер өзара бірі-біріне тәуелді, олардың кез келген компонентін алып тастасақ,  толыққанды атқарылған іс-әрекет болуы мүмкін емес. Әрбір компонент өзіндік маңызды рөл атқарады.

А.Н.Леонтьевтің пікірінше, мақсаткез келген іс-әрекеттің жүйе құрастырушы компоненті болып табылады. Шынымен, мақсатсыз іс-әрекет болуы екіталай. Әр адамның алдына қойған жақын және алыс мақсаттары болады. Мотив деген компоненттің ішіне адам үшін маңызды рухани, материалдық, әлеуметтік, табиғи-биологиялық қажеттіліктері кіреді.

Іс-қимылдар, операциялар – іс-әрекеттің негізгі компоненттерінің бірі. Кез келген іс-әрекет  жүйелі түрде орындалатын түрлі іс-қимылдар тізбегінен құралады. Мысалы тұру, жүру, отыру, көтеру, әкелу, ашу, жабу, жүгіру сияқты қимылдар мен қатар қарау, тыңдау, есту, оқу, талдау, тұжырымдау т.с.с. ойлау операциялары да бар. 

Іс-әрекет мақсатына қарай құралдар таңдалады. Құралдардың өзіндік ерекше орын алатыны белгілі. Олардың өзі іс-әрекет мақсатына байланысты таңдалып еңбек құралдары, ойын құралдары, тіл құралдары, оқыту құралдары т.с.с. бөлінеді.

Іс-әрекет нәтижесі деген компонент тұлға үшін маңызды компоненттердің бірі. Жоғарыда аталып келе жатқан компоненттердің барлығы осы нәтижеге қол жеткізуге бағытталған.

Бағалау компоненті – іс-әрекет мақсатына жетудің өлшемі. Тұлға орындаған іс-әрекетінің табысты немесе табыссыз аяқталғанына баға береді.

Білім беру саласындағы іс-әрекеттік тұрғыдан қарау теориясы сана мен іс-әрекеттің бірлігі деген психологиялық теорияға негізделеді. Бұл теорияны түбегейлі меңгеру болашақ мұғалімдер үшін өте маңызды.

Адамдардың іс-әрекеттері мазмұнына, орындалу сипаттарына, кәсіптеріне байланысты бірнеше түрлерге бөлінеді. Адамның шұғылданатын кәсібінебайланысты іс-әрекеттер медициналық, педагогикалық, конструкторлық, инженерлік, бухгалтерлік, т.с.с. түрлерге бөлінеді.

Мазмұны жағынан іс-әрекеттерді: танымдық (қоршаған әлем туралы білімдермен қарулану, дүниені танып білу); зерттеушілік (белгісіз құбылыстарды зерттеу үдерісі); коммуникативтік (қарым-қатынас орната алу, тіл табыса алу үдерістері); білім берушілік (басқаларға білім беруүрдісі);өзгертушілік (қоғамды, өзін жетілдіру үдерісі) болып ажыратылады.

Әртүрлі белгілеріне қарап педагогика-психология ғылымдарында іс-әрекеттің негізгі түрлері ретінде: ойын, қарым-қатынас, еңбек, оқу іс-әрекеттері қарастырылады. 

Қазіргі қоғамда мыңдаған еңбек түрлері бар. Тұлғаға қойылатын талаптар жиынтығымен сипатталатын еңбек іс-әрекетінің белгілі бір түрін, адамның дене және рухани күшінің шектеулі бір саласын кәсіпдеп атайды. Мамандық–берілген кәсіптің бір түрі. Мысалы, мұғалімдік кәсіппен айналысатын адамдар көп, солардың ішінде кейбіреулері информатика мамандығын, кейбіреулері тіл және әдебиет, тарих сияқты мамандықтарды меңгереді. Мамандықтарына байланысты информатика пәнінің, тіл мен әдебиет пәнінің, тарих пәнінің мұғалімдері деп аталады. Сонда кәсіп деген ұғымның ауқымы мамандық ұғымымен салыстырғанда кеңірек екені байқалады.

Жоғарыда аталып отырған іс-әрекет түрлерінің ішінде педагогикалық іс-әрекеттің алатын орны ерекше. XX ғасырдың 1950-1970жылдыры көптеген ғылыми-педагогикалық зерттеулер мұғалім мамандығының қырсырын, педагогикалық іс-әрекет ерекшеліктерін жан-жақты талдауға бағытталды: педагогикалық іс-әрекеттің құрылымы (Н.В.Кузьмина, А.И.Щербаков т.б.); педагогикалық техника (Ю.П.Азаров т.б.); мұғалім профессиограммасы (В.А.Сластенин, О.А.Абдуллина т.б.).

«Педагогикалық іс-әрекет» деген ұғымның көпқырлылығы мұғалімнің атқаратын негізгі міндеттер тізбегінен-ақ байқалады: хабарлау, оқыту, дамыту, тәрбиелеу, зерттеу, болжау, қалыптастыру, құрастыру т.б.

Педагогикалық сөздіктерде педагогикалық іс-әрекет – үлкендердің өскелең ұрпақты экономикалық, саяси, адамгершілік, әлеуметтік, мақсаттарға сай өзіндік белсенді іс-әрекетке дайындаудағы қоғамға пайдалы іс-әрекеттің түрі ретінде қарастырылады.

Педагогикалық іс-әрекет – педагогикалық үдерісте жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеп, дамытуға, өздерін өздері іске асыруға және еркін шығармашылық тұрғыдан өздерін таныта алуларына қолайлы жағдай жасауға бағытталған кәсіби іс-әрекет. Педагогикалық іс-әрекеттің субъектісі –мұғалім. Ал мұғалім іс-әрекетінің объектісі–тұтас педагогикалық үдеріс болып табылады. Тұтас педагогикалық үдеріс теориясы бойынша оның өзара тығыз байланысқан негізгі компоненттері ретінде педагог, оқушы, мақсат, міндет, мазмұн, құрал, форма, әдіс-тәсілдер, тапсырма, нәтиже болып табылады.

Педагогикалық іс-әрекеттің негізгі ерекшеліктері:

1. Мақсаты қоғам мақсатымен анықталады.

2. Басқа іс-әрекеттерді басқаруға бағытталған іс-әрекет (мета-іс-әрекет).

3. Іс-әрекет субъект-субъектілік және субъект-объектілік сипатта болады.

4. Тұлғаның дамуы мен қалыптасуы бойынша жүргізілген педагогикалық іс-әрекеттің  нәтижелері болашақта ғана айқындалады.

 

2.4.Мұғалімнің кәсіби маңызды қасиеттері.Педагогикалық іс-әрекет нәтижесінің табысты болуы мұғалімнің тұлғалық қасиеттерімен де тығыз байланысты болып келеді. Мұғалімдердің кәсіби маңызды қасиеттерін зерттеумен айналысқан педагогтар: А.К.Маркова, Л.М.Митина, Н.В.Кузьмина, В.П.Симонов, Н.Д.Хмель, К.С.Успанов, А.А.Молдажанова т.б.

Мұғалімнің қызметі өте күрделі, әрі көп салалы. Мұғалім оқушының жеке басының дамуын, қалыптасуын, оған тәрбие беру және оқыту үрдісін басқарады. Осындай маңызды іске жауапты болғандықтан мұғалімнен жан-жақты терең ғылыми білім, жоғары педагогикалық шеберлік, саяси-моральдық қасиет, табанды ерік-жігер, парасатты мінез-құлық талап етіледі.

Мұғалімдердің кәсіби маңызды сапаларына  мынадай негізгі қасиеттер кіреді:оқушыларға деген сүйіспеншілігі,педагогикалық үдерістіжүйелі жүргізе алуы,бақылағыштығы,педагогикалық құбылыстарға талдау жасай алуы,педагогикалық ойлаудың қалыптасуы,қарым-қатынас жасай алуы,ұжымшылдығы, шығармашылығы және т.б.

Мұғалім - өскелең ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін және рухани әлемін қалыптастырушы, сонымен қатар ол халқымыздың болашағы болып саналатын балалар тәрбиесіне жауапты қоғамның сенімді өкілі. Осындай ізгі де қиын кәсіп мұғалімдерден тұрақты шығармашылықты, ойдың тынымсыз жұмысын, орасан зор жан жомарттығын, балаларға деген сүйіспеншілікті, іске шексіз адалдыкты талап етеді.

Қазіргі заман мұғалімі қызметіндегі ең басты ерекшеліктердің бірі -жастарға рухани тұрғыдан ықпал жасауды күшейту, сол арқылы еліміздің нағыз белсенді азаматтарын, еңбеккерлерін, отан қорғаушыларын тәрбиелеп шығару. Бұл үшін мұғалім табиғат, қоғам, саясат, өнер, адам, айнала қоршаған дүние туралы ең жаңа ғылыми біліммен қаруланған болуы керек.

Мұғалімнің балаға шынайы сезіммен, құрметпен қарауы балада мұғалімге деген сыйластық сезімін тудырады. Сондықтан мұғалімнің жалпы мәдениетінің жоғары дәрежеде болуы, оның интеллектуалдық мүмкіндігі, ой-өрісінің кеңдігі, рухани байлығы тұтас педагогикалық үдерісті тиімді ұйымдастыруға зор ықпал жасайды.

Мұғалім профессиограммасынегізінде  маманның бұл кәсіпке жарамдылығын немесе жарамсыздығын анықтауға болады. Адамның педагогикалық қызметке жарамдылығы теориялық білімнің молдығында ғана емес, сол білімді үздіксіз дамытып отыруында, нақты педагогикалық үрдіс жағдайына бейімдей алуында. Сонымен қатар мұғалімнің өз білімдерін педагогикалық қызметтің мақсатымен, әдістерімен, нақты жағдайларымен байланыстыра, ұштастыра білу шеберлігі шешуші көрсеткіш болып табылады.

Мұғалім тұлғасын сипаттайтын негізгі кәсіби маңызды қасиеттері оның педагогикалық әдебінің көрсеткіші де болып табылады. Тәжірибелі педагог И.Е.Синицаның пікірінше,  педагогикалық әдеп әр мұғалімнің жас мөлшеріне, темпераментіне, мінез-құлқына байланысты келеді. Педагогикалық әдеп – мұғалімнің ізденісінің нәтижесі.

Сонымен қатар зерттеушілердің пікірінше эмпатия ұғымы да мұғалімнің кәсіби маңызды қасиеттерінің бірі болып саналады. Эмпатия – мұғалімнің оқушылардың психикалық жағдайын, көңіл-күйлерін түсінуі, өзін басқа адамның орнына қоя алуы.

Мұғалім - өз пәнін оқытудың әдістерін жете игерген, шығармашылық еңбек ететін, педагогикалық шеберлігін үнемі жетілдіріп отыратын адам. Мұғалім еңбегінің нәтижелілігі оның табиғи дарындылығында дейтін пікірлер де бар. Сөз жоқ, дарындылық, аса қабілеттілік қай мамандықта болмасын кездеседі. Бірақ адам мамандық ерекшелігімен дүниеге келмейтіні ақиқат. Педагогикалық шеберлік– кейбіреулерге ғана берілген табиғат сыйы емес, ол үздіксіз ізденудің, өзін-өзі үнемі кәсіби жетілдірудің және өзінің қалаған мамандығына деген құштарлығынан туындайтын іс-әрекеттер жиынтығы.

 

2.5.Мұғалімнің педагогикалық іс-әрекетінің стильдері.Мұғалімнің іс-әрекет стилі деп оның кәсіби іс-әрекет түрлерін орындауындағы көрініс табатын әдіс-тәсілдердің тұрақты жүйесін атайды. Әр мұғалімнің іс-әрекетінде оның жеке тұлғалық ерекшеліктеріне, құндылық бағдарына немесе өзіндік ұстанымдарына байланысты қалыптасып қалған стильдері болады.

Жалпы қарастырғанда мұғалімдердің педагогикалық іс-әрекет стильдері төмендегідей факторлардың әсеріне байланысты қалыптасуы мүмкін: а) іс-әрекет түріне, іс-әрекет ерекшеліктеріне; б) іс-әрекетке қатысатын субъектілер (оқушылар) ерекшеліктеріне; в) мүғалімнің даралық-психологиялық ерекшеліктеріне.

Мұғалім тәжірибесінде орын алатын педагогикалық қарым-қа-тынастың түрлерімен қатар оның негізгі стильдерін білу маңызды.Педагогикалық іс-әрекет стилі-педагогтың өз шәкірттерімен әрекеттесуінің дербес-психологиялық ерекшеліктері. Әр мұғалімнің балалармен қарым-қатынас орнатуында өзіне ғана тән ерекшеліктеріне байланысты оқушылар сыныбында әр түрлі психологиялық ахуал орын алады.

Педагогика, психология, әлеуметтану ғылымдарында педагогикалық іс-әрекеттің мынандай стильдері топтастырылған: авторитарлық, либералдық, демократиялық.

1. Педагогикалық іс-әрекеттіңавторитарлық стилінде мұғалім оқушылардың қызығушылықтарын ескерусіз өзі ғана шешім қабылдайды, оқушылардың пікірлері маңызды болып есептелмейді, олар тек мұғалімнің айтқанын, нұсқауларын орындаушылар ретінде қабылданады.

2. Педагогикалық іс-әрекеттіңлибералдық стилінде мұғалім өз бетінше шешім қабылдаудан бас тартып, жауапкершілікті әріптестеріне, оқушыларға ысырады. Мұғалім тек оқыту үдерісімен  шектеліп балалардың тәрбиесіне көп көңіл аудармайды, оқушыларды өз беттерінше жібереді. Бұндай қарым-қатынас стилі бойынша жұмыс істейтін мұғалімдердің сыныбында үлгерім де, тәртіп те қанағаттанарлықсыз болады.

3. Педагогикалық іс-әрекеттіңдемократиялық стилінде оқушы мен мұғалім педагогикалық қарым-қатынастың тең құқылы субъектілері ретінде қарастырылады. Оқушылар мен мұғалім ынтымақтастық қарым-қатынаста болады, оқушылардың жеке пікірлері есепке алынып, олардың белсенділігі, шығармашылығы жоғары бағаланады. Өзара қарым-қатынастары кеңес беру, ақыл айту, өтініш, сенім арту сияқты формалар арқылы іске асырылады.

В.А.Кан-Калик мұғалім мен оқушылар арасындағы қарым-қатынастың мынандай топтамасын анықтап көрсетеді:

1. Бірлескен шығармашылық іс-әрекетке әуестену негізіндегі қарым-қатынас (мұғалім оқушыларды шығармашылыққа ынталандырады, балалар мұғалім соңынан қалмайды).

2. Достық ықылас негізінде құрылған педагогикалық қарым-қатынас (мұғалім оқушының ересек жолдасы ретінде қарым-қатынаста болады, татулық, достық қатынас орнайды).

3. Дистанциялық қарым-қатынас (түрлі әлеуметтік роль атқаруларына байланысты оқушы мен мұғалім арасында нақты дистанция сақталады, мұғалімнің жетекші ролі орын алады).

4. Қорқыту арқылы қарым-қатынас орнату (мұғалімнің өктемдігі басым болады, балалар үнемі мұғалімнің ұрсуынан үрейленіп жүреді).

5. Балалармен жұмыс істеген кезде әзіл-қалжыңға негізделген қарым-қатынас (балаларға ұнау үшін жас мұғалімдер қалжыңдасып сөйлеуді ұстанады, бірақ бұл дұрыс нәтижеге жеткізбейді).

6. Мұғалім шәкірттер алдында өзінің артықшылығын көрсетуге бағытталған қарым-қатынас (мұғалім тек өзінің беделімен ғана айналысады, үнемі өзінің балалардан жоғары екенін дәлелдеуге тырысады).

Кейінгі жылдары педагогикалық іс-әрекет стильдерін зерттеуде түрлі критерийлер анықталуда. Аса көп таралған іс-әрекет стилін анықтауда мұғалім бағыттылығы негізге алынып қарастырылады: мұғалімнің оқыту үдерісіне бағытталуы, мұғалімнің оқыту үрдісіне және нәтижесіне бағытталуы, мұғалімнің психологиялық ерекшелігіне байланысты.

Осы аталған бағыттылықтар негізінде мынандай стильдер топтамасы анықталған:

а) эмоционалды-импровизиациялық стиль (мұғалім үшін оқыту үдерісіне, оның жылдамдығы, интуицияға негізделуі маңызды, оқу материалын бекітуге аз көңіл бөлінеді).

б) эмоционалды-әдістемелік стиль (мұғалімнің оқыту үдерісіне және оқыту нәтижесіне бағытталуы, оқытуды жоспарлауға, оқу материалын саралауға, бақылап, бағалауға аса мән береді).

в) пайымдаушылық-импровизациялық стиль (оқыту үдерісіне және оқыту нәтижесіне бағытталуы, дәстүрлі оқыту әдістерін қолдану, жұмыс жылдамдығы баяу).

г) пайымдаушылық-әдістемелік стиль (оқыту нәтижесі ғана маңызды, жоспралау, оқыту құралдары мен тәсілдерін пайдаланудағы консервативтілік, жаңашылдықтың жетіспеушілігі).

Педагогикалық іс-әрекет стильдері оның нәтижесінің табысты немесе табыссыз болуына әсер етеді. Мұғалім стиліне қарай оның оқушылар арасындағы, ұжымдағы беделі артады немесе төмендейді, оқытатын оқушыларының білім, білік, дағдылары жоғарылайды немесе төмендейді, сондай-ақ өзінің жеке «Мен»жүйесінің дамуы не дамымай қалуы орын алады. Сондықтан әр мұғалім үшін өзінің педагогикалық іс-әрекет стильдерінің маңызын жақсы түсінуі абзал. Әр жас мұғалім өзінің дербес ерекшеліктеріне, мүмкіндіктеріне, қабілеттеріне байланысты педагогикалық қарым-қатынастың өзіндік стилін қалыптастырады. Қарым-қатынастың өзіндік стилін қалыптастыру үшін ең алдымен жас маман өзінің психологиялық ерекшеліктерін, құндылық бағдарын, ішкі қабілеттерін, шығармашылық әлеуетін арнайы зерттеп білуі қажет. Мұғалімнің педагогиалық қабілеттерін зерттеуге арналған диагностикалық әдістемелердің түрлері психологиялық әдебиеттерде жеткілікті.

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.