Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Іріңді аурулардан сақтандыру және жара іріңдеуінің алдын алу.



Іріңді аурулардан сақтандыру және жара іріңдеуінің алдын алу.

Іріңді аурулардың алдын алу мен сақтандыруда табысқа жету келесі жағдайларды орындаумен анықталады:

1. Шағын жарақаттарды (микротравма) өндіріс орындарындағы және емдеу мекемелеріндегі сауықтыру мен хирургиялық бөлімдерінде қабылдап, өңдеп, байлам салу, т.б.

2. Халыққа жедел хирургиялық көмек ұйымдастыру.

3.Тұрғындардың санитарлық-гигиеналық шараларды игерудегі жағдайы мен деңгейі.

       Соңғы жылдары іріңді аурулардың саны азайды, ал бұл өте үлкен маңызды мәселе болып саналады. Өйткені, іріңдеудің алдын алу үшін кішкентай зақымдалған жерді бірден тез өңдеумен, тазарту қажет. Жұмыс орындарындағы өндірістік жабдықтар мен үй шаруасындағы құрал-саймандар тері мен кілегей қабатының ұзақ зақымдалуын азайтатындай дайындықта болуы керек. Жұмыс кезінде қолдың таза болғаны дұрыс. Бірқатар өндірістерде жұмыскерлердің қолдарын жұмыс алдында тұрақты тексеріп, зақымдалуын анықтап, оларды бірден йод тұнбасымен залалсыздандырып, сүлгі салып, таңудың маңызы зор. Мұндай шараларды кеңінен еңгізу қолдың іріңді ауруларының бірден азаюына жеткізеді.

Жедел хирургиялық жәрдемді ұйымдастыру. Жараның іріңді асқынуларының алдын алу үшін жарақат алғандарға жылдам жәрдемді ұйымдастырудың маңызы зор. Денсаулық мекемелеріндегі мамандар және жедел жәрдем қызметкерлері өндірісте әртүрлі оқыс жағдайлардағы жарақаттарда алғашқы жан-жақты көмекті көрсетеді, қан кетуді тоқтатады, жараға асептикалық сүлгі қойып, байлам салады да, науқасты хирургиялық бөлімдерге жеткізеді. Онда қажет болған жағдайда алғашқы хирургиялық жараны өңдеу операциясын жүргізеді. Хирургиялық жолмен бүкіл ласталған, зақымдалған ұлпаларды, мүшені тазартады, қан ағуды тоқтатып, қажетіне қарай жара бойына тігіс салады. Мұнымен жарадағы іріңді асқынудың ертерек алдын алу жүйесі түсіндіріледі.

       Жарақаттанған адамда санитарлық-гигиеналық жағдайдың деңгейі, киімінің және терісінің тазалығы, ластығы іріңді аурудың дамуына бірден-бір әсерін тигізуі мүмкін.

       Адамдардың неғұрлым жоғарғы мәдениет деңгейі мен материалдық жағдайы іріңді аурулардың дамуына мүмкіншілік бермейді.

       Операциялық жаралардың іріңдеуінің алдын алу үшін асептиканың барлық заңдылық ерекшеліктерін қатаң сақтау қажет. Тек нәзік анатомиялық операция жасау ғана жараны іріңдеуден сақтандырудың қажетті әдісі болып табылады. Мұндай анатомиялық заңдылықпен операция жүргізген хирургтардың жасаған жұмыстарында ұлпалар мен мүшелер өте аз жарақатталады, қан ағуы мүлдем тоқтатылады. Осыған байланысты операциядан соң асқынулар болмайды немесе аз мөлшерде болады.

       Ал керісінше, кейбір хирургтарда операциялық көмектен соң зақымдалу, қан кету, іріңдеу, т.б. асқынулар жиі орын алады. Хирург неғұрлым құралмен жұмыс істесе, соғұрлым операциялық жараның ластанып, инфекциялық залалдану мүмкіндігі өте аз болады.

       Операциялық жараны инфекциядан сақтандыру үшін операциялық алаңда шаш пен қылшықтар болмауы керек, йод және спиртпен сүртіп тазартады, ал кесілетін шеттерін залалсыз сүлгі жапқыштармен (салфетка) жабу керек. Қазіргі уақытта кез келген жарада антибиотиктерді бірден қолдана бермейді, тіпті кейбір операцияда пенициллинді қолдану асқынуға әкеп соқтырады.

Жұмсақ тіндердегі жедел іріңді инфекцияны емдеудің негізгі заңдылықтары.

       Іріңді инфекциямен ауыратын адамды емдеуде, оның ауырлығына байланысты бірқатар ерекшеліктері болады. Бір байқауға болатыны, ең жақсы нәтиже беретін әдіс, ол тек жүйелі аралас (комплексный) хирургиялық жетілдірілген емдеу тәсілі болып табылады. Антибиотиктерді қолдана отырып жүйелі аралас және хирургиялық емдеу жұмыстарын жүргізеді. Хиругиялық инфекциямен ауыратын науқастарға жергілікті және жалпы емдеу тәсілдерін пайдаланады.

       І. Жергілікті емдеу тәсілдері жарадағы құбылыстардың кезеңіне, сатысына және олардың ағымына байланысты қолданылады:

a) жарадағы құбылыстың жай, баяу ағымы кезінде оны қарқынды жылдамдату;

б) жарадағы құбылыстың дамуы күшейгенде баяулату;

в) асқынуды, іріңдеуді, қан кетуді, т.б. болдырмау;

г) улану (токсикоз) құбылыстарын азайтуға негіздеу;

Жергілікті емдеу тәсілдері жарадағы құбылыстың даму сатысына байланысты жүргізіледі:

1. Ісініп домбығу (инфильтрация) кезеңінде жылу көзін, кварц, соллюксті, магнит-тоқ өрісін қолданған пайдалы, тыныштық сақтау керек, кейде жарақаттанған аймаққа жергілікті суық қолдану керек (гипотермия);

2. Іріңдік қалыптасқан (абсцесс) кезеңінде іріңді ошақты дұрыс жарып, тілу керек, кейде іріңнің жақсы ағымы үшін екі-үш тілік (контрапертура) салуды қажет етеді;

3. Сіңу, сорылу (рассасывание) кезеңінде – жазылу кезеңіне көмектескен жөн;

4.Аяқ-қолда тыныштық қалыптастыру, құрсаулап бекіту (иммобилизация), іріңді инфекцияның таралып, тасымалдану әрекетін тежеу;

5. А.В.Вишневский бойынша новокаиндық тежеу яғни новокаин ертіндісін 0,25%-0,5% – 30-100 мл. қабыну ошағының астына және айналасына еңгізу. Новокаин ертіндісіне гентамицин, кефзол, т.б. антибиотиктерді қосады. Бұл кезде қабыну ошақ аймағының шеткері жүйке рецепторларынан орталыққа тарайтын сезімнің (импульс) үзілуімен қатар, новокаин ертіндісі жеңіл қоздырғыш ретінде қабыну ошағы аймағындағы қоректік (трофика) құбылысты жетілдіруде және қайтадан қалыптастыруда біршама әсерін тигізеді;

6. Жараны күту, білте-сүлгіні (тампон), өткізгіштерді қолдануды жарадағы құбылыс кезеңімен сәйкес пайдалану керек.

Жарадағы құбылыстың І- сулану кезеңінде әртүрлі антисептиктер қолданылады (ас тұзы мен ферменттердің қоюландырылған (гипертонический)) ертіндісіне малынған білте-сүлгіні, хлоргексидин, диоксидин, бисептол, метрид, сутегінің қос тотығы ертіндісі, т.б.), жарадағы сұйықты сору әдісі, жетілдірілген жабық антибактериалды өткізгіш, Редон жүйесі қойылуы керек.

ІІ- сусыздану кезеңінде – майлы (левомиколь, фурациллин, т.б.) сүлгі-байламдар салынады;

7. Зақымдалған аймақтың қызметін, көлемін, терең жараларды қалыпқа келтіруге аса көңіл бөлген жөн.

Уақытымен және жүйелі жүргізілген емдік физкультура - зақымдалған аяқ-қол қызметін қалыптастырады және науқасты мүгедектіктен сақтандырады.

Антисептиктердің (калий перманганат) әлсіз ертіндісін және ыстық ванналарды қолдану зақымдалған аймақтың қызметін қалыптастыруда жақсы ықпалды көмек көрсетеді. Мұндай ванна саусақтардың, буындардың, басқа да жерлердің қимыл-әрекетін, қозғалыстарын қайтадан жетілдіруге өте пайдалы болады.

8. Іріңді сыртқа шығару – пункция жасап, іріңді сорып алу және оны операцияда кесіп, ағызу, өткізгіштер-түтіктер (дренаждар) арқылы жүзеге асыру. Барлық жағдайларда іріңді ағызғаннан кейін антисептиктерді тамырдан және жергілікті жарадан қолданады. Жалпы емдеу жүйесі кез келген жергілікті іріңдеу құбылысы кезінде ағзаның, дененің әсерлі жауабына сәйкес келеді. Сондықтан, жалпы жетілдірілген емдеу шарасын жүргізу керек.

Жалпы шаралардан мыналар қолданылады:

1. Науқастың гигиеналық жағдайы оны сауықтыруға маңызды рөл атқаратынын еске салған жөн. Егер ауа мен күн әрбір сау адамға өте қажет болса, онда іріңді аурумен ауыратын адамға олар одан да көп қажет. Бұл науқастар үшін ең жарық бөлмелер бөлінуі қажет. Іріңді науқасты жиі жуындыру керек, ал ауыр науқастарды шарап немесе камфорлы спиртпен сүртеді.

2. Тамақтандыру үлкен рөл атқарады. Тамақты жиі және аздап беріп отыру керек. Ол жақсы дайындалған, С витаминіне бай болуы керек. Іріңді аурумен ауыратын адамдар іріңмен бірге көп нәруыздар жоғалтады. Сондықтан нәруызға бай тамақ берілуі керек. Қызуы бар науқастар көп терлейді, терең тыныс алады. Сондықтан, денеден көп сұйықтық жоғалтады. Бұл жоғалған сұйықтықтың көлемін сусыздануды дамытпас үшін қалпына келтіру керек. Егер науқастың ауруына байланысты су ішуге тиым салынбаған болса, қанша су ішсе де ішек арқылы сұйықтықтармен токсиндердің сыртқа шығуы қалыптасады, ішкі улану деңгейі төмендейді.

3. Төсек тартып жататын ауруларда ішек жиырылуының әлсіздігі (атония) болады, сондықтан ішектің қызметін аурулар орындықта отырғанда, қимылдағанда, жүргенде қадағалау керек.

4. Қоздырғыштар сезімтал болған антибиотиктерді қолдану керек (ципролет, зинацеф, гентамицин, кефзол, ампициллин, т.б.).

 5. Іріңді инфекцияның ауыр ағымы кезінде белок жетіспегенде қан, плазма керек (альбумин, протеин, плазма, қаналмастырғыш сұйықтар-гидролизин, желатиноль, изогем, инфузол, альвезин, интралипид, т.б.)

6. Қорғаныш күшін жетілдіру үшін қан құю керек, жақсы тамақ, күтім, гаммаглобулин, тималин, метилурацил, пентоксил, т.б. еңгізу керек.

7. Ағзаның иммунизациясы да үлкен роль атқарады: а)белсенді иммунизация стафилококктық зақымдануға қарсы жүргізіледі, б) иммунды сарысуларды қолдана отырып – баяу (пассивный) иммунизациялауды пайдаланады.

8. Аутогемотерапия – бұлшық етке аурудың өз қанын еңгізу, венадан алынған 5-10 мл. 2 күн сайын, көбінесе гентамицин, кефзол тағы осындай антибиотиктердің біреуімен қоса қолданылады.

9. Ішкі уланумен (интоксикация) күресу үшін сұйықтықтар еңгізу керек (5%, 10%, 20%, 40% глюкоза, физиологиялық ертінді, Рингер, 4% бикарбонат натрий ертіндісі, гемодез, изогем, инфузол, реополиглюкин, альбумин т.б.).

10. ҚҰКШС – қанды ұсақкүлгін шұғыласымен сәулелендіру (УФОК), қанды және іріңді ошақты лазер шұғыласымен сәулендіру (ВЛОК), гемо және лимфосорбиия, жоғарғы қысымдағы оттегі (ГБО), плазмаферез, электро-магнит өрісі.

11. Залалды микробтарға қарсы антисептиктер мен антибиотиктер қолданылады: метрид –100 мл вена бойымен, 1-2 рет, ципролет –100 мл вена бойымен, 1-2 рет, диоксидин 0,5% - 30-40 мл вена бойымен, 1-2 рет, зинацеф, цефамизин, цефазолин, кефзол, гентамицин, линкомицин, мондол, т.б.

12. Физиотерапия, магнитті – тоқ өрісі, т.б., іріңді хирургиялық инфекциялардың қалыптасу кезеңдеріне сай жүйелі жетілдіргіш қосалқы тәсілдерді қарқынды қолдану керек.

    «Сепсис», «септицемия» атауларын тура мағынада аударғанда «Іріңді қан» деген мағынаны білдіреді, ол қандағы шіріткіш бактериялардың тіршілігінде бөлінетін улы заттардың, шірінді тін бөліктерінің, т.б. қан құрамындағы және айналысындағы әсірінен пайда болады.

    Сепсис ауыр инфекциялы сырқаттар тобына жатады. Бұдан біраз жылдар бұрын осындай қауіпті сепсистік жағдайлар 60-80% болатын. Антибиотиктерді қолданудың арқасында қауіпті жағдайлар біраз дерлік төмендетілді (15-20%). Сепсистің қоздырғыштары қатарына әр түрлі стафилакокк, стрептококк, пневмококк, гонококк, ішек таяқшалары, анаэробты қоздырғыштар және әр түрлі араласқан  микробтар жатады. Сепсистің негізгі қоздырғышын үш түрлі микробтар құрайды: стафилококк, стрептококк, ішек таяқшалары және аралас қоздырғыштар.

   Сепсис ауруының негізгі клиникалық сипат көрінісі қоздырғыштардың әр түрлілігіне қарамастан өзіндік ерекшелігімен анықталады. Сепсистің айқын клиникалық-анатомиялық жиілігі жоқ және инкубациялық мерзімі де айқын емес, қалыптасу мерзімі бірнеше сағаттан бірнеше аптаға дейін, кейбір жағдайларда созылмалы сепсисте бірнеше айлардан, бірнеше жылдарға дейін созылады.

   Сепсистің пайда болу себептері: ауыр, ашық, аралас жарақаттар; операциядан кейінгі – перитонит, плеврит, артрит, менингит, т.б.; қоздырғыштардың қанмен жайылуы, оқ жарақатынан болған остеомиелит, шектелген, жайылған іріңдіктер, шиқан, сыздауық, және т.б. сепсисті тудыруы мүмкін; ангина, ішкі құлақ қабынуы, бронхит, өкпе қабынуы, т.б. сепсис көзі болып табылады; белгісіз себепті (криптогенный) сепсис.

  Бұлардан басқа сепсистің жеке ошағының қалыптасқан орнына қарай былай бөлінеді: тіс-жақ сүйектен дамитын сепсис (одонтогенный), урологиялық немесе уросепсис, бала туудан соң (послеродовой), гинекологиялық, құлақішілік (отогенный), кіндіктік, т.б. 

  Жергілікті сепсис ошағын лимфа және қан айналысы жолдарында бақылауға болады. Инфекцияның лимфа жүйесінде таралуы лимфаденит және лимфангитқа, ал вена бойынша таралуы іріңді тромбофлебитке әкеп соғады.

  Қан айналысы арқылы инфекцияның таралуы науқастың денесінде қатты дірілдеу, қалтырау, әлсіздену, бас айналу, лоқсу, т.б. көріністермен айырықша басталады. Бұл кезде қоздырғыштар көптеп қанға түседі де, ішкі мүшелерде, қуыстарда іріңдіктер қалыптастырады - аппендектомиядан кейінгі бауыр, көкбауыр іріңдігі, т.б.

  Кейде бұл сепсистің пайда болу себептері белгілі бола бермейді және бір жағдайларда инфекциялық құбылыс жергілікті болып қала береді де жайылған әсерлі әрекет тудырады. Ал, кейде қоздырғыштардың денеге кіруінен тосыннан «найзағайдай» қалыптасқан сепсис адамды өлімге ұшыратуы кездеседі.

  Сепсис ағымының әр түрлі болуы қоздырғыштардың және ағзалардың өзара әсерлесу әрекеттерімен айқындалатыны сөзсіз. Тура айтқанда сепсисті тудыратын микробтардың түрі, олардың уыттылық (вируленттік) қасиеті және қоздырғыштардың биологиялық жағдайы мен олардың қабілеттілігі үлкен мағынаны білдіреді.

  Сепсис мәселесі негізінен иммунологиялық құбылыс болып табылады яғни бұл сепсиспен жаңа туған нәрестелер, жүкті әйелдер, диабет, зоб аурулары бар немесе операциядан, күйіктен, т.б. зат алмасуы мен иммундық жүйесі бұзылған адамдар науқастанатыны айқындалады.

  Паталогиялық анатомиясы. Сепсистің патологиялық анатомия тұрғысынан анықталуы тері жамылғысының және ішкі мүшелердегі өзгерістер жиынтығымен сипатталады. Теріде көгерген теңбіл нүкте түрінде, кейде нүкте, кейде әрең білінетін мәрмәр, кейде ірі дақ түрінде бөртпелер байқалады.

  Сепсис пайда болғаннан бастап зақымдалған жердегі жара құрғай бастайды, ол түсті фибринозды қабықпен жабылады (жаралы сепсис). Көкбауыр екі-үш есе ұлғаяды, өте былбыр, жыртылғыш, кескенде көптеген торша – ұлнершектер шығады. Бұл белгілер сепсиске ұшыраған көкбауырдың бойындағы өзгерістерге негізделген. Сепсисте қан құрамы уланып, ыдырауға байланысты, сұйылып кетеді. Жүрек өте былбыр, миокард әлсіреп, эпикард, эндокард қабаттарына қан жыйылуы байқалады. Бауыр бойында сепсистік қабыну, ісіну болуы мүмкін. Бұл кезде Глиссон қапшығының бойында лейкоцитарлық қабыну, өліеттену ошақтары байқалады. Бүйректе эпителий түтікшелерінің беріштеніп өзгерген көрінісі мен бүйрек қарыншаларының қатарын көруге болады. Бүйрек орналасқан аймақта жергілікті ісіну, томпайып көтерілу, қызу, ауырсыну, т.б. пайда болады. Кейде зәрмен бірге ұйыған қан кесектері анықталады. Жұмсақ ми қабаттары мен заттарының немесе жамылғыларының ісінуі, іріңдеуі байқалады.

  Сепсистің жіктелуі. Клиникалық, клиникалық-анатомиялық және бактериологиялық түрлерге бөлінеді.

Клиникалық ағымына қарай сепсистің түрлері: өте жедел (молниеносный); жедел (острый); жеделдеу (подострый); қайталамалы (рецидивный); созылмалы (хронический) түрі бірнеше айлар, тіпті жылдарға созылуы мүмкін, олардың ағымы сепсис ошақтарының дамуымен байланысты болатын асқынулар беруі мүмкін.

  Клиникалық-анатомиялық тұрғыдан 3 негізгі түрі бар: септицемия, септикопиемия және сепсистік эндокардит.

  Септицемияда бірінші орында іріңді қоздырғыштардан бөлінген улы заттар мен дене ағзаларының улануы қалыптасады.

  Септикопиемияда қоздырғыштар іріңді ошақтан тұрақты түрде қанға түседі де, әр түрлі дене мүшелерінде іріңдік көздерін қалыптастырады.

  Сепсиситің жайылып – таралу қабілеті әр түрлі. Көп жағдайларда операция кезінде белгілі бір мүшенің іріңдеп зақымдалуын көруге болады. Мысалы: өкпенің, бауырдың, т.б. Септикопиемияда таралу кезінде 2-3-5 мүшелер т.б. зақымдалуы мүмкін.

  Бұл сепсистің осы түріне тән көрініс. Септикопиемияда қоздырғыштардың кіру қақпасындағы іріңді тромбофлебиттің дамуы тек іріңді ошақ көздерінен бөлек байқалады.

  Іріңдеудің таралған ошақтары өзінің даму табиғаты бойынша өте қатерлі болғанымен көбінесе өздігінен жазылады. Бірақ, сепсистік зақымдалудың шектелмеген түрінде қан мен лимфа арқылы іріңді қоздырғыштардың плевра қуысына, өкпеге, т.б. өтіп кетуіне немесе ол аймақтарда екінші кезектегі іріңдіктер дамуына әкеп соғады.

   Бактериологиялық жіктелуі. Қоздырғышына байланысты сепсистің мынандай түрлері бар: стафилококкты, стрептококкты, пневмококкты, гонококкты, колибациллярлы, анаэробты және араласқан. Стафилококкты сепсис өте ертеде анықталған, ал казіргі уақытта ол өте жиі кездеседі немесе септикопиемия түрінде өтеді және ішкі мүшелерге таралып жайылады. Көбінесе ол іріңді тромбофлебитке, остеомиелитке, т.б. ұласады. Стафилококкты сепсистің негізгі ошағының бірі шиқан, сыздауық, т.б. болып табылады. Стрептококкты сепсис ол да біраз дерлік кездеседі. Сепсистің бұл түрі жедел және тосын «найзағай» тәрізді өтеді. Ол күрделі жаралардың асқынуынан пайда болуы мүмкін. Пневмококкты сепсис стафилококкты сепсис сияқты 25%-ға дейін таралып – жайылады, кейде іріңді менингит, т.б.с. сияқты асқынулар болуы мүмкін. Сепсистің көзі болып кейде зәр шығару жолдарының іріңдеп қабыну өзгерістері жатады.

  Инфекцияның денеге ену жолдарына: ішектер, өт жолдары, іш қуысы, т.б. жатады. Сепсис септицемия тәрізді өте жиі өтеді, ал септикопиемия түрінде сирегірек кездеседі. Сирек кездесетін сепсистің бактериологиялық түріне анаэробты сепсис жатады. Ал газды шіру және іріңдеу көбінесе асқынған жарадан, операциядан соң, әсіресе емхана мен ауруханадан сыртта жүргізілген аборттан соң кездеседі. Бірақ есте сақтайтын жәйт, өлген адамның қанынан бактериялардың табылуы сепсистің көрсеткіші болмауы да мүмкін.

  Сепсистің клиникалық ағымы оның клиникалық көрініс ерекшеліктеріне байланысты әр түрлі болады. Септицемияға күшті ішкі улану тән келеді. Зақымдалудан болған сепсисте: бірде әлсіздік, діріл пайда болады, дене қызуы көтеріледі, қимыл-қозғалыс тежеледі, қан мен зәр құрамында улы, қышқыл заттар артады. Септицемияның клиникалық көрінісі септикопиемияға қарағанда жедел және айқын сипатталады. Бұл кезде теріде көгерген бөртпелер пайда болады. Дене қызуы үнемі жоғары, 40°С.

  Септикопиемия біз айтып кеткендей таралып-жайылып, іріңдік қалыптастыратын сепсистің бір түрі болғандықтан, бұл іріңді таралудың пайда болуы науқастың жалпы жағдайын және анық дене қызуын айқындайды. Егерде іріңдік ошақтан улы заттар мен микробтардың қан және лимфаға үздіксіз таралуы байқалса онда дене қызуы өте жоғары сипат алады. Таралма іріңдіктер тері асты және бұлшық ет аралығында орналасса, онда ірің сұйығы көбейеді. Септикопиемия жедел (10-20 күн), кейде одан ұзағырақ (2-3 айға) мерзімге созылуы мүмкін. Кейбір жағдайда егер оның созылмалы ағымы болса, онда іріңді таралу-жайылу ошақтары 6 айда бір-екі рет байқалуы мүмкін.       Егер тоңып қалтырау, дірілдеу болса және дене қызуы жоғарласа, онда бұл қандағы улы заттардың және залалды қоздырғыштардың көп мөлшерде екенін көрсетеді. Кейінірек тері мен көз ақтығының сары түске боялуы байқалады.

  Аурудың сыртқы келбеті – бозарған, жүдеген, көздері түсіңкі немесе «Гиппократ беті» байқалады. Науқастардың ешқандай көңіл – күйі болмайды, ұйықтай алмайды, кейде есіру, есін жоғалту, сандырақтау, қозу болады. Дене қызуы әр түрлі сипат алады: үнемі жоғары, ырғақты, үнемі төмен немесе жиі қайталану болады.

Жүрек – қан тамыр жүйесі. Тамыр соғуы (пульс) әлсіз және жиірек, дененің қызу деңгейіне сәйкес емес болып келеді. Сонымен қатар қан қысымы төмендейді, әсіресе сырқаттың ауыр кезеңді ағымында пульс жиілеп 1 минутта 120-140 рет соғады. Жүректің соғу дыбыстары (тоны) естілмейді, кейде ретсіз, ырғақсыз шулар байқалады.

  Тыныс алу жолдарында бронхит немесе бронхопневмония, кейде олар іріңді плевритке ұласуы мүмкін. Тыныс алу жиіленеді, ал асқазан-ішек жолдарында асқазан сөлі қышқылдығының төмендеуін атап өтуге болады. Авитаминоз дамиды, науқас еттен арылып, жүдеп, жедел арықтау орын алады. Қанда эритроциттердің төмендеуі мен ішкі улануға байланысты гипохромды қаназдылық, т.б. байқалады.

  Сепсиспен ауыратын адамдарда сырқаттың ұзақтығы әр түрлі – бірнеше күннен, бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Ал егер сепсис созылмалы болса денеде авитаминоз, белоктық және су-тұз жетіспеушілігі айқын байқалады. Жедел найзағай тәрізді сепсисте бұл көріністер дамып, қалыптасып үлгермейді.

  Сепсисті анықтау тәсілдері - клиникалық көрініс, УДЗ, рентген, томография, бактериологиялық, биохимиялық, т.б. зеріттеулер нәтижесінде қойылады. Есте сақтайтын жәйт, қанда іріңді сепсис қоздырғыштарын табу оңайға соқпайды. Белгісіз сепсис кезінде сырқаттың диагнозын анықтау үшін туберкулез, гепатит, адамның иммунды тапшылық вирусы – АИТВ (ВИЧ) және басқада жедел жалпы инфекциялық аурулар сипатымен салыстыру арқылы жүргізіледі.

Сепсисті емдеу жолдары.        Сепсиспен ауыратын адамға жалпы жүйелі емдеу шаралары жүргізіледі: құрамында бактерияларға қарсы әсерлі тиімді антибиотиктер мен антисептиктер, жалпы күшейткіштер, қарқынды хирургиялық емдеу әдістері және де зақымданған мүше мен жүйелерге жетілдіргіш әсер ететін жалпы тәсілдерді қолданады. Бұл әдістердің барлығы бір-бірін толықтырып тұрады және олардың кері әсерлері болмауы қажет.

  1980-2000 жж. сепсистің алғашқы күндерінде бактериологиялық сынақ қортындысы белгісіз кездерде тамыр арқылы тәулігіне 2 рет 500-1500 мг кефзол немесе зинацеф 750 мг немесе ципролет 500-1000 мг немесе гентамицин 160 мг құю жүйесі арқылы 0,9%-150-250 мл физиологиялық ертіндісімен бірге еңгізілді. Осыдан кейін тек антибиотикограмма бойынша қандай антибиотикке қандай микробтың сезімталдығы анықталды, тек сол бойынша ғана белгіленген антибиотикті 5-6 күн аралығында қолдану негізгі шарт болып саналды (ампициллин, канамицин, цефамизин, цефазолин, мономицин, мондол, зинацеф, эритромицин, кефзол, ципролет, антисептиктер – диоксидин, метрид, бисептол т,б.).

  Хирургиялық емдеу жолдары – Сепсиспен ауыратын науқастарға жақсы күтім көрсетілуі тиіс. Әсіресе оның жүрек – қан тамыр жүйесі жағдайына үлкен назар аудару керек. Осы мақсатпен еуфиллин, корглюкон, новокаин-амид, лидокаин, строфантин, т.б. қолданылады. Жүрекке сепсис ағымының соңынан да бақылау жасау керек, өйткені кейінгі кезеңдерінде жүрекке күш түскеннен соң жүрек әлсіздігі түрінде немесе септикалық миокардит, эндокардит, эндомиокардит, т.б. асқынулар болуы мүмкін.   Сепсисті емдеуде негізгі іс - шаралар мыналармен күрес жүргізу үшін бағытталады:

1.    Адамның тәуліктік суды қажет етуі – 3 литр, ал ас тұзы –15,0 болуы керек,

Науқасқа 0,9% физиологиялық ертіндінің литрін немесе Рингер ертіндісі не болмаса арнайы дайындалған электролиттер, 4% натрийлы бикорбонат (сода) ертінділері (1,5-2-4 литр) тағайындалады. Электролиттер құрамында: K, Na, Ca, Mg және т.б. тұздар кіреді. Сонымен қатар 5%, 10%, 20%, 40% глюкоза, 6-8 ед инсулинмен, қан алмастырғыштар – инфузол, изогем, реополиглюкин, желатиноль, гидролизин, гемодез тағайындалады, ақуыздар – плазма, жас мұздатылған плазма, альбумин, т.б. Науқасқа құнарлы тамақтар да беріледі (шырын, сорпа, сүт, кефир, айран, ақірімшік, жеміс – жидектер, салат, ет тағамдары т.б.).

2.    Ақуыздық тапшылыққа (гипопротеинемия) қарсы күрес-егер науқасқа аурудың сипатына қарай ас қабылдау кестесі бойынша руқсат етілсе ақуызға мол тағамдар берілуі тиіс, немесе аз уақыт сақталған жас қанды, ақуызды, алмастырғыштарды, плазма, жас мұздатылған плазма, альбумин, протеин т.б. құйылуы керек. Стафилококқа, стрептококқа қарсы құрамында қарсы денелер бар арнайы плазмалар, гаммаглобулин, интерферрон, вакциндер, тималин, т.б. құю керек. Егер сепсистің жедел даму кезеңінде науқас сезімталдығы жоғары болса, қанның жеке бөліктерін қолданған дұрыс (эритроциттік тұнба, қан сарысуы немесе плазма, жас мұздатылған плазма, альбумин, протеин, т.б.).

3.    Науқастың күш-қуат қабілетін, қан және иммундық жүйелерін, зат алмасуды қарқынды жетілдіру қажет. Қан және плазма құрамындағы улы токсиндер мен заттарды азайтып, денені усыздандыру үшін – плазмаферез, гемофильтрация, гемосорбция, ЖҚО, ксенобауыр, ксенокөкбауыр, т.б. қолданылады.

4.    Сепсисте асқазан-ішек жолдарының қызымет – құрылысының бұзылыстарынан сақтандыру шараларын жүргізк қажет

5.    Егер терінің қоректік бұзылыстары болса, тұра алмайтын науқастырды аунатып, бұрылып қырынан жатуына көмектесу керек және денесін әтірмен, этил, құмырсқа немесе камфорлы спиртпен сүртіп, таза ұстау керек. Төсек – жаймалар қыртыссыз дұрыс салынып, таза болу керек. Мұның бәрі ауыр науқастарда ойылу, жауырлануға қарсы жүргізілетін емдеу гимнастикасы, т.б. сақтандыру шаралары болып табылады.

6.    Соңғы жылдары сепсиспен күресу үшін кортикостероидты гормондар қолданыла бастады (кортизон, АКТГ). Кортикостероидтар ішкі және сыртқы әрекеттердің төменгі деңгейдегі әсерлері арқылы өзгерістердің дамуын тоқтатады.

  Сақтандыру шаралары - негізгі мақсат сепсистің алдын алу. Ең алдымен жергілікті қабыну ұрдістеріне дұрыс емдеу тәсілдерін жүргізу керек, жарақатқа, күйікке, т.б. әуел бастан лайықты емдеу шаралары қолданылуы тиіс. Сепсистің урологиялық, жүктіліктен кейінгі, отогенді, тонзилогенді, белгісіз (криптогенный) сепсис сияқты түрлері жоғарғы курстарда және соған сәйкес кафедралардағы программа бойынша арнаулы лекция мен тәжірибиелік сабақтарда кеңінен таныстырылады.

Балалардағы сепсис. Балалар ағзаларының иммундық және қорғаушы қызыметінің толық жетіспеушілігіне байланысты сепсиске өте ерте жаста шалдығады және оның ағымы өте ауыр түрде өтеді. ХХ ғасырдың 50 жылдарынан бастап антибиотикке тұрақты штаммдардың таралуына байланысты стафилококкты сепсистің саны өте көбейе бастады.

   Стафилококкты инфекцияның көп таралуының негізігі себептері: баланың анасымен жиі байланысы, ауалық, тамшылық қоздырғыштардың әртүрлі жолдар арқылы немесе қандай да бір заттардан жұғуы мүмкін. Кішкентай балаларда инфекцияның ену қақпасы болып кіндік жаралары, терісі, тыныс алу жолдары жатады.     Клиникалық ағымына байланысты ерте жастағы балаларда сепсисті екі түрге бөледі: септицемия және септикопиемия. Ал одан үлкенірек жастағы балаларда сепсистің 3-ші түрі – арықтау, жүдеу байқалады.

Анықтау, тексеру тәсілдері: балалар сепсисі өте ауыр болып табылады. Антибиотиктермен емдеу тәсілі тікелей қан тамыры арқылы тәулігіне 2-3 рет 5-6 күн қайталанып жасалынуы керек. Егерде бала өмірінің алғашқы апталарында сепсистің бірінші кезеңінің көріністері айқынырақ болмаса және ұзақ уақытқа дейін жазылмаған кіндік жарасы көрінетін болса, онда тек сепсис туралы ой тоқтату керек.

  Емделуі: Инфекциямен күресу, антибиотиктерді таңдау және тиімді түрде қолдану арқылы жүзеге асырылады. Екі антибиотик бір-бірінің әсерлерін толықтырады. Дисбактериоз немесе кандидомикоздан сақтандыру үшін нистатин тағайындалады. Жергілікті ошақтарды хирургиялық әдіспен алып тастау керек. Гаммаглобулин еңгізу де тиімді болып саналады (1 дозасы-3 – 4 күнде). Науқастарға альбумин, протеин, құрамында стафилококк, стрептококкқа қарсы денелер бар (антистафилококковая, антистрептококковая) плазма, вакцина, қан құю керек (250-300 мл-ден 2 рет аптасына (5-6 рет), аутогемотерапия қолдануға болады (бұлшық етке 8-10 мл 2 реттен аптасына, барлығы 6 рет). Лейкопенияда 0,015 пентоксил, метацил, метилурацил тағайындалады, күніне 3 рет немесе тималин, женьшень, элеутерококк, пантокрин, қан құрамын толықтырғыш – темір тотығының тұздарымен толықтырылған дәрілер (феррум-лек, ранферрон, гемсинерал, т.б.) беріледі.

  Егер аллергиялық қозу жоғарласа: димедрол 0,005 мг 3 реттен, гемодез 250 мл, реополиглюкин 250 мл, т.б. тамырдан жіберуге болады, тиімді тағамдар ішуі, витаминдер А,В,С,Е берілуі тиіс, жиі таза ауада жүруі, жиірек бөлме ауасын тазарту қажет.

  Сепсиспен ауырған балалардың бойында ұзақ уақыт бойы айнымалы (37-38°С) дене қызуы (субфебрильный) сақталады. Кейде бауыры ісініп, ұлғаяды, өкпе қабынуы қайталанып отырады. Сондықтан, сепсиспен ауырған балаларды 1-1,5 жыл арасында емханаларға тіркеуді қадағалап, жалпы жүйелі емдеуді жүргізу қажет. Бұл, сепсистен қалыптасатын әртүрлі асқынулардың алдын алу шараларының өзекті мәселесі болып саналады.

 

· Иллюстрациялы материалдар:

Слайдтар:

Слайд 1. Жіктелуі.

Слайд 2. Жергілікті және жалпы өзгерістердің қалыптасуы

Слайд 3. Іріңді сыртқа шығару – пункция

Слайд 4. Инфекцияның таралу жолдары

Слайд 5. Сепсис жіктелуі.

Слайд 6. Сепсис түрлері

Слайд 7. Гинекологиялық сепсис

Слайд 8. Балалардағы сепсис

Слайдтар – суреттер:

Слайд – суреттер: Инфекциялық ошақтың көлемін анықтау

Слайд – суреттер: Аутодермопластика

Слайд – суреттер: Қан құю ережелері

Кестелер:

Кесте: Дерматом аппараты

Кесте: Инфекцияның дәрежелері

Кесте: Инфекцияның асқынулары

Кесте: Антибиотиктерді таңдау

Кесте: Қанды залалсыздандыруға тексеру.

Кесте: Сепсистің жіктелуі, ерекшеліктері

Кесте: Жедел сепсис – ерекшеліктері

Кесте: Созылмалы сепсис – ерекшеліктері

Кесте: Сепсистің клиникалық сипаты

Кесте: Сепсисте жүргізілетін анықтау, емдеу тәсілдері

Кесте: Сепсисте жүргізілетін жалпы және жергілікті хирургиялық емдеу тәсілдері

· Әдебиеттер:

1. Гостищев В.К. Общая хирургия. -М.: Медицина, 2001. -663 с.

2. Гостищев, В.К. Инфекции в хирургии:Руководство для врачей/В. К. Гостищев.- М. : ГЭОТАР- Медиа, 2007.- 768с              

3. Абаев Ю.К. Справочник хирурга.Раны и раневая инфекция.-Ростов-на-Дону.:Феникс, 2006.-428 с. 

4. Гостищев В. К. Общая хирургия:Учебник.-М.: ГЭОТАР-МЕД,2003.-220 с.

5. Гостищев В.К. Общая хирургия:Учебник.- Изд. 3-е,перераб. и доп.-М.:ГЭОТАР-МЕД, 2004.-608 с.  

6. Стручков, В.И. Хирургическая инфекция: Руководство для врачей.-2-е изд., перераб. и доп -М.:Медицина,1991.-560 с.

7. Костюченко А.Л., Бельских А.Н., Тулупов А.Н. Интенсивная терапия послеоперационной раневой инфекции и сепсиса.- СПб: Фолиант, 2000.-448с.

8. Хирургические инфекции / Под ред Ерюхина И.А.-СПб.: Питер,2003.- 40 с.

9. Петров С.В. Общая хирургия:Учебник для вузов с компакт- диском.-3-е изд.,перераб.и доп.-М.:ГЭОТАР-Медиа,2005.-768 с.          

10. Нартайлаков М.А. Общая хирургия:Учеб. пособие для медвузов.- Ростов-на-Дону: Феникс, 2006.-256 с.             

11. Чернов В.Н. Общая хирургия.-Ростов-на-Дону:МарТ, 2004.-256 с.       

12. Плечев В.В., Мурысев Е.И. Профилактика гнойных осложнений в хирургии. -М.: Триада-Х,2003.-310с.

 

 

· Бақылау сұрақтары:

1. Сепсис анықтамасы

2. Аурудың этиопатогенезі мен патоморфологиясы

3. Негізгі клиникалық көріністер мен оладың генезі

4. Сепсис ажыратпа диагнозының принциптері

5. Сепсис емдеу принциптері мен негізгі препараттар тобы, гемостатикалық мақсатта 

  қолданылатын

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.