Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Асқазан мен ұлтабардың ойық жарасын емдеу жолдарының негіздері.



Асқазан мен ұлтабардың ойық жарасын емдеу жолдарының негіздері.

Асқазан сөлінің қышқылдығын төмендету ойық жараның жазылуын тездетеді. Н2-гистамин рецепторларының тежегіштері (циметидин, ранитидин, фамотидин және низатидин) асқазанның шырышты қабығында іргелік жасушаларына гистаминнің әсерін бөгеп асқазан сөліне протондар мен хлоридтердің түсуін азайтады. Бірақ бұл топ дәрілердің ішінде циметидиннің еркектерде импотенция, олигоспермия және гинекомастия дамытатын жағымсыз әсерін есте сақтау қажет.

Іргелік жасушаларда тұз қышқылы өндірілуінде Н++ -АТФаза ферментінің маңызы үлкен болғандықтан осы ферментті тежейтін дәрі-дәрмектер (омепразол, лансопрозол, рабепрозол т.б.) асқазан сөлінің қышқылдығын азайтып, ойық жараның тез жазылуына әкеледі.

Сонымен бірге, тұз қышқылының өндірілуін тежейтін простагландиндердің препараттары (мизопростол), әсіресе ұлтабардың ойық жарасы кезінде жақсы емдік әсер етеді.

Асқазан мен ұлтабардың ойық жарасы дамуында НеІісоЬасtег руlоrі-дің маңызына байланысты бұл дертті кешенді емдеу шараларына антибиотиктер (амоксициллин, азитромицин, тетрациклин т.б.) енгізілуі қажет.

Висмуттың үшкалий дицитраты, гастрофарм, сукральфат т.б. асқазанның шырышты қабығының репарациялық қабілетін көтереді.

Асқазан сөлінде тұз қышқылының көбеюі кезбе жүйкенің артық қоздырылуынан ацетилхолиннің әсерінен болғандықтан асқазан мен ұлтабардың ойық жара ауруын емдеу үшін холинергиялық рецепторларды дәрі-дәрмектермен (холиноблокаторлармен) тежеу, кейде хирургиялық оташылық жасап, асқазанға келетін кезбе жүйкенің тармақтарын кесу қолданылады. Осындай операцияны «сұрыпталған ваготомия» дейді.

Бұл келтірілген емшаралар негізінен ойық жара дамуына әкелетін жергілікті жасушалардың қызметтері бұзылыстарын оңалтуға ғана бағытталған. Ал, асқазан мен ұлтабардың ойық жара ауруы тұтас организмнің жүйелік реттелулерінің бұзылыстары мен орталық жүйке жүйесі қызметтерінің өзара қатынастары өзгерістерінен байланысты екенін естен шығармау қажет. Сондықтан бұл дертті емдеу дұрыс емдәм тағайындау, бейдәстүрлік емдеу және психотерапия әдістерін қолдану арқылы кешенді түрде болғаны жөн. Бүгінгі күнге дейін сұйық және жұмсақ нәзік тағам қабылдаудан бұл емдәмнің ойық жараны жазатыны әлі дәлелденген жоқ. Науқас тек диспепсия туындататын тағамдардан аулақ болғаны дұрыс. Тым кеш тамақтану да зиянды. Өйткені ол түн ортасында ұйықтап жатқанда, науқастың дәрі қабылдауға мүмкіндігі жоқ уақытында, тұз қышқылы өндірілуін арттырып жібереді.

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.